Жоғары білім беру жүйесіндегі инновациялық үдерістер. ХХ соңы мен ХХІ ғасырдың басы қазақстандық білім беру жүйесіндегі қарқынды реформалар кезеңі болды. Бұл білім сапасына қойылатын талаптардың өзгерісіне байланысты сыртқы факторлардың әсерінен, сонымен бірге даму тенденциясын туындататын ішкі қарама-қайшылықтар әрекеті әсерінен болды. Қазіргі қоғамға өз бетінше әрекет ете алатын, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтын, шығармашыл, өз дамуын құндылық ретінде түсінетін, үздіксіз білім ала алатын және оған дайын адамдар қажет. 2006 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен «Сегіздіктен құрылған топ» саммитінің «ХХІ ғасырдағы инновациялық қоғамға арналған білім» атты қорытынды құжатында «білім беру адамзат дамуының негізі ретінде инновацияны қажетсінеді», - деп көрсеткен. Қазақстандық білім беру жүйесіндегі өзгерістер енгізудің қажеттілігі нормативті-құқықтық құжаттарда да көрініс тапқан. Инновациялық іс-әрекеттегі көптеген шектеулерге жол бермей, оны өзгертуге деген қажеттіліктің туындауы білім беру жүйесінде кең ауқымды инновациялық қозғалысты тудырды.
ХХІ ғасырдағы білім берудегі ерекшеліктердің бірі оның интеграциялық сипаты болып табылады. Болон үдерісі аясында ұлттық білім беру жүйелері әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануда. Қазақстандық педагогикалық ғылым мен тәжірибе білім беру мазмұнын өзгерту арқылы интеграциялық үдерісті ескере отырып мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз ету жағдайы мен мүмкіндіктерін іздестіру үстінде.
Оқытушы тұлғасы, оның кәсіби біліктілігі, рухани байлығы ЖОО-дағы оқу-тәрбие үдерісінің тиімділігін қамтамасыз етудегі маңызды жағдай болып табылады. Оқытушының тұлғалық және кәсіби маңызды сапасы қалыптастыру мәселесі психологиялық-педагогикалық зерттеулерде өз маңыздылығын жоғалтпайды.
Барлық деңгейдегі педагогтардың инновациялық іс-әрекетке даярлығын қалыптастыру стратегиясын тұлғаны дамыту және өзін-өзі дамыту тұжырымдамасы анықтайды. Жаңа білім беру парадигмасын жүзеге асыру жағдайы ақпаратты жылдам әрі сапалы талдай білу, маңыздылығын бөліп алу, мазмұнын жариялау және өз білімін тәжірибелік әрекетте қолдана білу қабілеттерін қалыптастыруды талап етеді.
ЖОО оқытушысының кәсіби әрекетіндегі инновациялық сипаты Болон үдерісін жүзеге асыру талаптарын ескеруді қажетсінеді.
Сонымен бірге, біртұтас педагогикалық үдерісті атап өткен жөн, ондағы басты ұстаным: оқыта отырып – тәрбиелеймін, тәрбиелей отырып – оқытамын. Жаһандану үдерістері тұлғаның адамгершілігін қалыптастыру мәселесін шеттеткен емес.
Жаңа жағдайда оқытушылар жастардың құқықтық-азаматтық, моральды-этикалық, адамгершілікті-эстетикалық тәрбиесі мен олардың салауатты өмір салтын ұстануы секілді ушыққан мәселелер туралы да ойлануы керек.
Инновациялық білім беру үдерісінің бастапқы құндылықтар жүйесі ретіндегі түсінік оны рухани өндіріс ретінде сипаттайды, ал оның өнімі тек жаңа білім, құндылықтарды меңгеру емес, сонымен қатар оқушылардың шынайы күші мен әрекеттік қабілеттіліктерін ашу болып табылады. Білім берудегі инновациялар әлеуметтік маңызды құндылықтарға негізделеді, олар: адам, өмір, еңбек, Отан.
Қазіргі таңда педагогикалық үдерісті ұйымдастырудағы әлемдік педагогикалық мәдениеттің гуманистік құндылықтары мен дәстүрлеріне бағытталу қажеттілігі айқын көрініс табуда. Оқытушы шеберлігі оқыту үдерісін үлгілей отырып оның мазмұнына инновациялық астарын қоса білуінде және кері әсерлерге тойтарыс бере отырып, оқушылар бойында этикалық мінез-құлық, адамгершілік сипаттарды қалыптастыру үшін жағымды жағдай жасайды.