Педагогика – кең ауқымды ғылым. Оның шұғылданатын оқу жəне тəрбие мəні мен олардың барша байланыстарын жеке бір ғылым шеңберінде қамту мүмкін емес. Педагогика дамудың ұзақ жолын басынан кешіріп, көптеген білімдер жинақтап, бүгінгі күнде ғылыми білімдердің кең тармақты жүйесіне айналып отыр. Сондықтан бүгінгі педагогиканы тəрбие жөніндегі ғылымдар жүйесі деп атаған дұрыстау келеді.
Педагогиканың ірге тасы- философия, дəлірек айтсақ, тəрбие проблемаларымен арнайы шұғылданатын оның тəрбие философиясы тармағы. Тəрбие философиясы өз алдына білім саласы ретінде тəрбиелік практикада əртүрлі философиялық жүйе идеяларын пайдаланады. Философия – педагогикаға танымның жалпы бағыт- бағдарын, педагогикалық құбылыстар мен процестерді зерттеудің əдіс- тəсілдерін көрсетеді. Сондықтан да, философияны оның біртұтас жəне жүйелік, құрылымдық талдау əдістерімен бірге педагогиканың əдіснамалық негізі деп атау қабылданған.
Қоғамдық құбылыс ретінде тəрбие дамуы мен педагогикалық білімдердің өткен жолын педагогика тарихы зерттейді. Өткенді түсіне отырып, болашаққа көз тігеміз. Бастан кешіргенді зерттеу жəне оны бүгінгімен салыстыру осы заманғы құбылыстардың негізгі даму кезеңдерін нақтылаумен бірге бұрынғы қателерді қайталаудан сақтандырады.Педагогика жүйесі келесі салаларды қамтиды: жалпы педагогика; жас кезеңдер педагогикасы; əлеуметтік педагогика; арнайы педагогика.
Жалпы педагогика – адам тəрбиесі заңдылықтарын зерттеп, барша типтегі тəрбиелік мекемелердегі оқу-тəрбие процесінің жалпы негіздерін теориялық тұрғыдан қарастыратын іргелі ғылыми пəн. Қалыптасқан дəстүр бойынша жалпы педагогика төрт бөлімнен тұрады. 1) оқу-тəрбие процесінің негіздері; 2) дидактика (оқу теориясы); 3) тəрбие теориясы; 4) мектеп тану. Жас кезеңдер педагогикасы педагогиканың мектепке дейінгі жəне мектептік жүйелерін өз алдына бөліктеп қарастырады. Олар өсіп келе жатқан əулеттің белгілі жас тобына байланысты оқу-тəрбие іс-əрекеттері ерекшеліктерін бейнелейтін тəрбие заңдылықтарын зерттейді. Бүгінгі күнде жас кезеңдер педагогикасы орта білім берудің барша жүйесін қамтиды. əрқилы жас топтарында немесе оқу-тəрбие мекемелеріндегі тəрбие айырмашылықтарын танытушы дербес педагогикалық салалар
пайда болуда. Олардың ішінде қазіргі күнде өз алдына пəн ретінде оқылатындары – мектепке дейінгі педагогика, кəсіби техникалық мектептер педагогикасы, өндірістік педагогика, ұзақтан оқыту педагогикасы жəне т.б.
Ғылыми пəндер ішінде ересектердің педагогикалық проблемаларымен айналысып, қарқынды даму жолына түскен – жоғары мектеп педагогикасы. Оның міндеттері- барша деңгейдегі ресми, ресми емес тіркелген жоғарғы оқу орындарында жүріп жатқан оқу-тəрбие процесінің заңдылықтарын ашып беру, қазіргі ауыспалы кезеңде жоғары білім алудың арнайы проблемаларын зерттеу, жоғары технологиялық жəне компьютерлік оқу жүйелерінің принциптерімен таныстыру. Дипломнан соңғы білім педагогикасы еңбек педагогикасымен тығыз байланыста мамандық көтеру, сонымен бірге нарықтық экономикаға орай көкейкесті болып тұрған халық шаруашылығының əртүрлі салаларында қызмет етіп жатқан жұмысшылардың қайта мамандану, егделік жасқа келгенде жаңа білімдерді, жаңа кəсіпті игеру мəселелерімен шұғылданады. Арнайы жағдайларда өтетін тəрбие процестер ерекшелігін əскери педагогика зерттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |