Конституцияның негізгі түрлері: 1. Нысаны бойынша: жазылған – мазмұны әріптермен, басқа да белгілермен жазылған мемлекеттің негізгі заңы. Өз кезегінде олар кодификацияланған немесе заңдар жинағы түрінде болуы мүмкін. Жазылмаған – бір құжатқа жинақталмаған, мазмұны жазбашамен қоса ауызша сипаттағы ережелерден де құралған Конституция.
2. Конституцияларды өзгерту және жою әдістеріне қарай: қатты Конституция – ерекше күрделендірілген тәртіппен өзгертіліп, толықтырылатын конституция, жұмсақ Конституция – жай заң қабылдау тәртібінде өзгертіліп, толықтырылатын конституция;
3. Қабылдау тәртібі бойынша: 1) октроированная - сыйғы тартылған конституция, 2) халықтық: референдумда қабылданған конституция; өкілді органмен (Парламентпен) қабылданған конституция; арнайы құрылған органмен қабылданған конституция.
4. Мәні бойынша: шынайы – нормалары өмірде жүзеге асатын, шындыққа сай келетін конституция, шынайы емес – шындықпен үйлеспейтін, ережелері тек жазылған күйде ғана қалатын конституция;
5. Әрекет ету мерзімі бойынша: тұрақты - әрекет етуі шексіз ұзақ мерзімге есептелген конституция, уақытша - әрекеті нақты мерзімге есетелген конституция, т.б.
Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясының дамуы бірнеше кезеңнен өтті. Оның келесідей 3 кезеңін көрсетуге болады:
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан 28 қантар 1993 жылға дейінгі Қазақ ССР Конституциясы кезеңі;
28 қантар 1993 жылдан 30 тамыз 1995 жылға дейінгі аралықты қамтитын тәуелсіз Қазақстанның бірінші Конституциясы кезеңі;
1995 жылдың 30 тамызынан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның екінші Конституциясы.
1993 жылғы Конституцияның қабылдану себептері: ҚР-ның шынайы егемендік фактісін конституциялық тұрғыда бекіту қажеттігі;
адам мен азаматтардың неғұрлым кең құқықтары мен бостандықтарын конституциялық тұрғыда бекемдеу;
экономикалық себеп – меншіктің алуан түрлілігіне негізделген экономикалық жүйені бекіту;
саяси жүйе мен мемлекеттік тетік құрылымында жүріп жатқан сапалық өзгерістерді конституциялық тұрғыда бекіту;
сапалық жағынан өзге құқықтық жүйе жасау.
1993 жылғы Конституцияның кемшіліктері 1995 жылғы Конституцияны қабылдауға себеп болды. 1995 жылғы Конституцияның қабылдану себептері: Орыс тілінің мәртебесін айқындау.
Жерге жеке меншік бекіту мәселесі.
Азаматтық мәселесі.
Жеке адамдардың құқықтары мен бостандықтары жүйесін кеңейту, халықаралық деңгейге көтеру мәселесі.
Жоғары өкілді органның құрылымын жетілдіру және оның құқықтық өкілеттігін айқындап беру.
Үкіметтің мәртебесі мен оның өкілеттігі туралы мәселесі.
Сот жүйесін реформалау.
т.б.
Президенттің ұсынысына сәйкес 1998 жылғы 7 қазанда “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң қабылданды. 1995 жылғы Конституцияға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар сайлау жүйесін жетілдіру, Президенттің өкілеттігі уақытынан бұрын тоқтатылған жағдайда биліктің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Сенат пен Мәжілістің рөлін көтеру, партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттар ретінде саяси партиялардың өкілдерінің Парлдаментке қатысуын кеңейту мәселелеріне байланысты болды. Бұл заң саяси партиялардың да саяси және мемлекеттік өмірдегі, саяси жүйені нығайтудағы рөлін біршама көтерді, олардың халық алдында беделін жоғарылатты, бірінші рет сайлау жүйесіне бара-бар өкілдік қағидасын енгізді.
2007 жылдың 21 мамырында ҚР Конституциясына екінші рет өзгертулер мен толықтырулар енгізген тиісінше заң қабылданды. Конституциялық реформа Негізгі заңымыздың ешбір бөлімін сырт айналып кеткен жоқ, өзгертулер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдеріне енгізілді. ҚР Конституциясына үшінші рет өзгертулер мен толықтырулар 2011 ж. 2 ақпанда енгізілді. ҚР Конституциясын өзгертіп, толықтырған төртінші заң 2017 ж. 10 наурызда қабылданды. Соңғы өзгерту 23.03.2019 жылы енгізілді.