Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Мырзалы С.Қ. «Философия», - Алматы: Бастау, 2010.
2. Ғабитов Т. Философия. «Раритет», - Алматы: 2004.
3. Нұрышева Г.Ж. «Философия» – Алматы: Інжу-маржан, 2013.
2 Дәріс Философияның тарихи типтері
Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы. Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс.
Дүниеге көзқарастың негізгі үш формасы бар.
• Мифология
• Дін
• Философия
Тарихи дүниеге деген көзқарастың тұрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз. (mіthos - грек сөзі, - баян, аңыз, logos – грек сөзі, ілім деген мағна береді).
Миф – табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (phantasіa – грек сөзі, -қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әр-түрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар, өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және түсіну іңкәрі – мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.
Миф алғашқы пайда болған қоғамдық сананың формасы ретінде өзінің ішінде болашақта дүниеге келетін өнер, дін, саясат, мораль сияқты құбылыстардың элементтерін бойында сақтайды. Сондықтан мифті ғалымдар қоғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretіsmos – грек сөзі, -қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағна береді). Сонымен бірге, мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.
Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, - сонымен дүниеге деген көзқарас, дүниесезімінің жаңа түрі қоғамға келді. Дін де, мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар бұл құбылыстардың негізгі айырмашылықтары – мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен «о Дүние» бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені, егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.
Дінде ең құдіретті жасампаз - Құдай – табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де адамның жан-дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.
Сенім дегеніміз – белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі - ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді. (scіentіa - латын сөзі, -білім, ғылым, techne- грек сөзі, -өнер, жасай білу, шеберлік, cratos - грек сөзі, -билік).
Ғасырлар бойы жиналып келе жатқан ғылыми деректер жағалай ортадағы білім мен ақыл-ойдың негізіндегі жасалған күрделі өзгерістер діннің ғылымға жақын түрлерін тудырады. Негізінен біз оларды пантеизм және деизм дейміз (pan- грек сөзі, -бәрі, theos - құдай, deus - латын сөзі, -құдай). Пантеизм дегеніміз, табиғаттың өзін Құдай ретінде түсіну. Деизмді алатын болсақ, онда құдай мойындалғанмен, оның рөлі тек Дүниені өзінің құдіретті күші арқылы жаратумен танылады. Жаратылған Дүние әрі-қарай өзіне тән ішкі заңдылықтары арқылы өмір сүре береді.
Діннің дүниеге келуінен бастап оның негізгі қағидаларына күмәнданған атеистік көзқарастар да туды. (atheos - құдайсыз, құдайға қарсы, грек сөзі). Бүгінгі заманда Дүниеге деген атеистік көзқарас ұстаған адамдардың саны да аз емес.
Философия пәнін айқындау үшін, біз бұл ғылымның шығу тарихына көз жіберуіміз керек. Онда біз тарихи өндіргіш күштердің дамуы, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінудің негізінде алғашқы ғылыми түсініктердің пайда болып, мифологиялық және діни көзқарастың бірте-бірте алшақтап, Дүниеге деген ақыл-ойға негізделген білімді тудырғанын атап өтуіміз керек.
Философия дүниеге көзқарас тұрғысында өзінің эволюциялық дамуы жағынан үш кезеңнен өтті.
- космоцентризм;
- теоцентризм;
- антропоцентризм;
Космоцентризм деп қоршаған ортаны, табиғат құбылыстарын тіршілікті жасаушы дүлей, шексіз сыртқы күш – Ғарыш, барлық өзгерістер ғарыштық айналым арқылы жүзеге асады деп түсінетін философиялық көзқарасты айтады (Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, Ежелгі Грекия).
Теоцентризм деп барлық тіршіліктің мәні дүниеден тысқары тұрған тылысым күш – Құдайда деп түсінетін философиялық көзқарас түрін айтады (Ортағасырлық философияға тән).
Антропоцентризм деп адам мәселесін негізгі мәселе деп қарастыратын философиялық көзқарас түрін айтады (Қайта өрлеу, жаңа заман, Қазіргі заман философиялық кезеңдерге тән).
Философия пәнінің қайнар көзі – адам, табиғат, қоршаған орта және т.б.
Ең бірінші философия пәнінің онтологиялық қыр-сырын атап өтуіміз керек (ontos – грек сөзі, барлық, болу; logos – ілім, болмыс жөніндегі ілім).
Болмыс бүкіл шындық дүниені қамтитын шегіне жеткен жалпы ұғым - философиялық категория болып табылады. Болмыс - дегеніміз дүниеде өмір сүретіннің бәрі. Түрліше нәрселер мен құбылыстар арасында байланыстар мен қатынастар бар екенін, болғанын немесе болатынын адамдар ғасырлар бойы байқай келе, олардың бәріне ортақ жалпы қасиетті бейнелендіретін «болмыс» деген жалпы ұғым қорытып шығарылды және болмыстың толып жатқан түрлерін танып білді. «Болмыс» категориясын философияға түңғыш енгізгендердің бірі ертедегі грек философы Парменид болды.
Философия пәнінің екінші үлкен мәселелері – ол оның гносеологиялық жақтары (gnosіs – грек сөзі, -тану, білу).
Гносеология немесе таным теориясы философиялық білімнің бөлігі, танымдық іс - әрекетінің мәні шарттары ұқсас білімге жету жолдарын қарастырады.
Философия пәнінің ажырамас мәселелерінің бірі - ол оның аксиологиялық, яғни, құндылық жақтары, құндылық әлемін сараптау.
Келесі философия пәнінің ең нәзік, күрделі, терең ой, телегей-теңіз сезімдер, рухани толғау тудыратын жағын атап өтуіміз қажет. Ол Дүниенің өзін-өзі танып білу дәрежесіне көтерген ең әсем күш – адам деп есептейтін антропологиялық жағын көрсетеді.
Логика (гр. λογική - «талдауға құрылған», λόγος — «сөз», «сөйлем», «ойлау», «ақыл») — ойлау, оның формалары мен заңдылықтары туралы ғылым. Логика - ойларымызды белгілі бір ретпен - мұқият және батыл түзуімізге көмектесетін ережелерге қатысты ғылым. Логика ғылымы ойлау ережелерін қашан және қалай қолдануымыз қажеттігін анықтайды.
Этика (грек. ethos – дағды, әдет-ғұрып) – зерттеу нысаны мораль, адамның мінез-құлқы болып табылатын ежелгі теориялық пәндердің бірі. Термин және айрықша зерттеу пәні ретінде өз бастауын Аристотель еңбектерінен алады.
Эстетика (грек. aіsthetіkos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан ұғынып-түсіну заңдылықтары туралы, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ғылым. Сондай-ақ, өнерге және әдемілікке, сонымен қатар адамның осы ұғымдар жайлы түсінігіне байланысты ілім.
Әрине, философия пәнінің жоғарыда көрсетілген жақтары бір-бірімен өте тығыз байланысты болып белгілі біртұтас жүйені құрайды. Сонда ғана біз күрделі адам мен дүние арасындағы ең жалпы қарым-қатынастарын толыққанды суреттей аламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |