Сапалық есептерді шығарудың схемасы мынадай: Есептердің шартын оқу, оның шартындағы барлық терминдерді анықтау (мағынасын түсіну); Талдаудың аналитика-синтетикалық тізбегін құру; Алынған жауапты оның физикалық мағынасымен түсіндіру. Сапалық есептерді шығару әдістеріне қарай оларды екі негізгі топқа ажыратамыз: 1.Қарапайым сапалық есептер: оларды шешу бір физикалық заңдылыққа негізделеді, мұнда ой-қорыту тізбегі қарапайым. 2.Күрделі сапалық есептер: бұл бірнеше қарапайым есептердің комбинациясы немесе жиынтығы болып келеді. Оларды шешуде біршама күрделі ой-қорыту тізбегін құруға тура келеді және бірнеше физикалық заңдылықтар талданады. Мысалы сұрақ есептерін қарастырайық: Бірінші мысал: Неліктен сүрініп кеткен адам алға қарай құлайды? Бұл есептегі басты мәселе инерция құбылысы болып табылады. Сондықтан бұл есепті шешуде ой қорыту тізбегі инерция құбылысын сипаттайтын физикалық заң негізінде құрылады. Қарастырылған жағдайда бұл - Ньютонның бірінші - иерция заңы. Есепті шығару барысында оқушылар заңның негізгі тұжырымдамасын еске түсіреді. Инерция заңын есепке қолдана отырып, мынадай қорытынды жасайды: сүрінген кезде адамның алға қарай құлау себебі қандай да бір кедергінің салдарынан сүрінген аяғы тоқтайды, ал дененің басқа бөлігі инерция бойынша алға қарай қозғалуын жалғастырады. Сұрақ есептерде физикалық формулалармен өрнектелетін әртүрлі тәуелділіктер де қолданылуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |