Пәннің ОҚУ-Әдістемелік кешені "Отандық тарихтың қазіргі заман теориялық – методолгиялық іргелі мәселелері " пәні бойынша «6М020300»- тарих мамандығына арналған ОҚУ-Әдістемелік материалдары


Тақырып . ХVIII ғасырдағы Қазақстандағы демографиялық үдерістер



бет8/17
Дата04.01.2022
өлшемі1,53 Mb.
#10938
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17
7 Тақырып . ХVIII ғасырдағы Қазақстандағы демографиялық үдерістер.

Жоспар. 1 Демографиялық үдерістер қазақстандық тарихнамада



Мақсаты. Қазақстандағы демаграфиялық үрдістерді түбегейлі зерттеп, көленкелі тұсын жарыққа шығару

Қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық және демографиялық тарихы проблемаларын зерттеу

Ресей  өзінің жаңа аумақтармен бірге көшпелі және отырықшы қанша халық санына ие болғанын, олардың өмірінің экономикалық-саяси және құқықтық жақтарының негізі мен ерекшеліктері қандай екенін және қазақ халқының негізін құрайтын басқа да мәселелерді мықтап анықтап алуға тырысты. Аудандардың экономикалық тұрғыдан әлеуетті мүмкіндіктерін анықтауға айқын міндеттер қойылып, И.К. Кириллов бастаған алғашқы мекемелердің бірі 1734 жылы құрылды. Ол Орынбор экспедициясы деп аталды. Оған қатысушылардың есептері — XVIII ғасыр тарихы бойынша аса құнды деректер көзі.

XIX ғасырдың 60-жылдарындағы үш жүз бойынша қазақ халқының саны туралы алғаш жарияланған мәліметтер А. И. Левшинде бар, ол 2,5 миллионнан - 3 миллионға дейін деген цифр келтіреді.[1]

XIX ғасырда бұл мәселелермен статистикалық комитеттердің қатысушылары: Сібір ведомствосы бойынша — М. Красовский, Орта жүз бойынша — М. Кузьминский, Бөкей Ордасыбойынша — Я. Ханыков, Бөкей Ордасы мен Кіші жүз бойынша — И. Бларамберг, Сібір ведомствосы мен Орта жүз бойынша, сондай-ақ Томск және Тобыл губерниялары мен басқа жерлерде көшіп жүретін қазақтар бойынша Ю.А. Гагемейстер арнайы айналысты.[2]

Жаңадан иеленген аумақты мекендейтін халықтың тарихы мен сол кездегі жай-күйіне деген ынта-ықылас қазақтар туралы жалпы еңбектердің пайда болғанын көрсетеді. С. Броневский, В. Вельяминов-Зернов, А. Гейне, В. Григорьев, И. Завалишин, Л. Мейер, И. Казанцев, Н. Зеланд, Р. Игнатьев, Н. Гродеков, П. Румянцев және тағы басқалардын еңбектері солардың қатарына жатады. 

Қазақтар туралы олардың тарихынан, әлеуметтік құрылымынан, тұрмысынан, рухани өмірінен, салық төлеуі мен әдет-ғұрпынан бастап алуан түрлі мәліметтер бар жалпы еңбектермен қатар қазақ қоғамының саяси, экономикалық, құқықтық жақтары мен мәдениеттің түрлі тақырыптарының жекелеген мәселелерін арнайы және тереңдетіп көрсететін еңбектер де аз емес. Олардың бір бөлігі мерзімді басылымда жарияланған, ал басылымдар ауқымы қазақ халқына деген ынта-ықыласты және ол жөнінде көбірек те кеңірек білуге құштарлықты көрсетеді. XIX ғасырдағы тарихнаманың тағы бір айтулы ерекшелігі Қазақстан туралы басылымдарға қазақ қоғамы өмірінің әр түрлі жақтары туралы назар аударарлық материал жариялаған қазақ зиялылары өкілдерінің тартылуы болды.

Кітаптар мен мақалалардың едәуір көп бөлігінде қазақтардың шаруашылық қызметінің негізі - көшпелі мал шаруашылығымен айналысуы туралы айтылады. Қазақтардың шаруашылығын Мұхамед-Ғалий Тәукиннің жан-жақты суреттеуі ерекше ынта-ықылас туғызады. Н. Васильев Түркістан жағдайындағы көшпелі шаруашылықтың ерекшеліктері мен оның егінші қоныстанушылармен байланысын суреттеген. Ә. Бөкейхановтан, М. Шормановтан, А. Алекторовтан, В. Герннен қазақтардың тұрмысы мен мінез-құлқы, жаңа жағдайларда шаруашылықтың дәстүрлі әдістерін жүргізу қиыншылықтары және оған бейімделуге тырысушылық жөнінде қызықты сипаттамалар табамыз. А. Добросмыслов пен Диваевтыңеңбектерінде Торғай облысының мал шаруашылығы туралы бірегей материал бар.[13][14][15][16][17][18][19]

XIX ғасырдың басында қазақтар Қазақстанның оңтүстігінде, бұрын да егіншілік, оның үстіне суармалы егіншілік болған Сырдария, Талас, Сарысу, Іле бойында ғана айналысып қойған жоқ, негізінен Орал, Торғай, Елек, Ор, Ертіс өзендері бойында егіншіліктің жаңа ошақтары пайда болды. М. Венюков[20] Қазақстанда болған соң «Орта және Ұлы орда» қазақтары - номадтар, бірақ көбісі Алтай, Тарбағатай, Қалба жотасы, Жоңғар және Іле Алатауы өзендерінің бойында егіншілікпен айналысады деп жазды. Егер XIX ғасырдың бірінші ширегінде егіншілікпен негізінен жатақтар, кедей егіншілер айналысса, ғасырдың ортасына қарай егіншілік, соның ішінде шөп шабу қазақ ауылының неғұрлым ауқатты топтарының да ісіне айналады, егіншіліктің ұсақ мал шаруашылығынан артықшылығы айқын бола түседі. Егіншілік пен соған байланысты проблемаларды бейнелейтін осы және басқа факторларды Т. Сейдалин, А. Алекторов, Л. Чермак және басқалар ашып көрсетеді.[21]

XVIII ғасырдың соңғы ширегінен бастап патша өкіметі Қазақстанда хан билігін жойып, әкімшілік реформа жүргізуге ниеттенді. Бұл үрдіс әсіресе 1822— 24 жылдары, «Сібір қазақтары туралы жарғы» мен «Орынбор қазақтары туралы жарғы» бекітілген кезде ерекше белсенді жүргізілді, олар арқылы хан билігі жойылып, Орта жүз және Ұлы жүздің бір бөлігі сыртқы округтерге бөлінді, ал Кіші жүзде дистанциялық жүйе енгізілді. Қазақстан аумағының ішкі отарға айналдырылуына қарай Ресей 1867—68 жылдардағы Уақытша ережелер арқылы қазақтарды басқару және бағындыру жүйесін бір ізге келтірді (Қазақстанның оңтүстігін жаулап алғаннан кейін). Әкімшілік өзгерістермен бірге қазақтардың құқықтық және сот жүйесінде елеулі өзгерістер болды. Қазақтардың дағдылы құқығының қолданылу аясы күрт қысқарды, Ресей құқығы басым мәнге ие болып, ол 1886, 1891 жылдардағы Ережелермен түпкілікті баянды етілді. Өлкенің бүкіл жер қоры үстемдік етіп келген Шыңғыс ұрпақтары хан-сұлтан тегінің қолынан алынып, Ресей империясының меншігіне көшті.

Замандастары құқықтық нормаларға Ресей отарлауының барлық кезеңдерінде тұрақты назар аударып отырды. М. Шорманов, Ә. Бөкейханов, Ж. Ақбаев, И. Ибрагимов, Д. Самоквасов,Г. Загряжский, А. Крахалев, П. Маковецкий, Н. Максимов, И. Крафт, А. Добросмыслов, А. Мякутин және тағы басқалардың еңбектері деректі материалдың молдығымен ерекшеленеді.

Жарияланымдардың едәуір көпшілігінде қазақтардың тұрмысы, қоғамдық әлеуметтік құрылымы, сауда және қазақтардың негізінен алғанда, мал шаруашылығының шикізаты негізінде кәсіпшілікпен айналысуы көрсетілді.

XIX ғасырдың 2-жартысынан бастап шаруалардың әуелі бей-берекет түрде болып, сонан соң өкімет орындары бақылауға алған қоныс аудару үрдісі XX ғасырдың басындағы жарияланымдардан жеке көрініс тапты. Өлкені отарлаудың құрамдас бөлігі - орыс шаруаларың Қазақстанға қоныс аудару саясаты кең ауқым алды. Аграрлық қатынастарды, егіншіліктің дамуы мен қоныс аудару ісін неғұрлым егжей-тегжейлі зерттеуді кеңестік кезең тарихшылары, негізінен алғанда 50-жылдарда бастады. Бұл мәселелермен Ә. Тұрсынбаев(Қазақстандағы қоныс аударушы-шаруалар тарихынан. А., 1950), П. Верещагин (Патша өкіметінің Түркістан өлкесінің Сырдария облысындағы қоныстандыру саясаты. М., 1950) айналысты, П. Шарова, ]]О. Ваганова]], А. Геллер және басқалар мақалалар жазды. Зерттеушілер қоныс аударушылардың шыққан аудандарын, олардың әлеуметтік-экономикалық тұрпатын анықтады, байырғы халықтан жердің жаппай тартып алынуы зерттеліп, қоныстандырудың салдары айқындалды. Самодержавиенің мақсаттарын жүзеге асыру жолында 1907 жылғы қазақтарды жерге орналастыру жөніндегі кеңес манызды шара болды, ол Ф.А. Щербинаның 1896-1902 жылдар ішіндегі экспедициясының деректерімен келіспей, егістік жердің отарлық қорын анықтау үшін жаңа тексеріс жүргізуді талап етті. Столыпин саясаты егжей-тегжейлі зерттеліп, бүкіл Қазақстан аумағындағы тартып алынған жер көлемі анықталды.

Тарихнаманың қарастырылып отырған кезеңі мен тарихшылардың кейінгі жылдардағы еңбектері үшін Орта Азия мен Қазақстанның қазанға дейінгі кезеңдегі тарихына арналған Біріккен ғылыми сессияның (Материалдары..., Ташкент, 1955) айқындаушы маңызы болды. Сессияда әзірленген ұсыныстар «Қазақ ССРтарихының» (1-т., А., 1957) және Е. Бекмаханов (Империализм кезеңіндегі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастар. А., 1957), С. Зиманов (XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қоғамдық құрылысы. А., 1958), С. Толыбеков (XVII—XIX ғасырлардағы қазақтардың қоғамдық-экономикалық құрылысы. А., 1959) жазған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы монографиялардың негізіне алынды.

Е.Б. Бекмаханов сұлтандар, билер, қожалар мен молдалар, байлар, тархандар, батырлар санаттары жөніндегі әлеуметтік өзгерістердің серпінін зерттеді. Бұл орайда, автордың анықтағанындай, соңғы екі санат (тархандар мен батырлар) XIX ғасырдың орта шеніне қарай өзінің экономикалық ықпалын жоғалтып, іс жүзінде өздерінің жеке әлеуметтік топ ретінде өмір сүруін тоқтатқан. Бай шаруашылығының мәніне өз көзқарастарын қорғай келіп, автор ғалымдармен екі бағыт бойынша айтысты: бір жағынан, С. Толыбековтің, С. Зимановтың байлардың XIX ғасырдан көп бұрын болғаны туралы пайымдауларына қарсы шығып, бұл көзқарасты сынаржақ деп санады; екінші жағынан, Е. Федоров пен А. Якуниннің Қазақстан экономикасындағы капиталистік қатынастарды асыра бағалап, бай шаруашылығында кедейленген ауылдастарының тегін еңбегін «туыстық көмек» түрімен пайдалану фактілерін елемеген қағидаларына қарсы шықты. Е. Бекмаханов қазақ ауылында патриархаттық-рулық тұрмыс сарқыншақтары сақталып, феодалдық өндіріс әдісі үстемдік еткенін дәлелдеді.

С. Толыбеков пен С. Зимановтың монографиялары Қазақстанда дәстүрлі қатынастар үстем болған кезеңдегі қазақ халқының әлеуметтік құрылымы мен шаруашылық қызметін зерттеуге үлкен үлес қосты. Олар қазақтың мал шаруашылығы жағдайындағы өндіргіш күштерді зерттеп, негізгі өндіріс құрал-жабдықтарын иелену ерекшелігін анықтады, тәуелдік нысандарын және старшындардың рулық институттарды өз мүдделеріне пайдалану принциптерін ашып көрсетті.

Ғалымдар Ресейде капитализмнің дамуы кезеңінде, әсіресе реформадан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қанаушылар тобының құрылымы алуан түрлі әлеуметтік топтар жүйесі болғанын, отарлаушы өкімет қызметке тартқан сұлтандардың, мал мен құнарлы жайылымдарды немесе ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды иеленуші байлардың, ауылдағы сот билігін өз қолында сақтап қалған билердің, міндетіне қарамағындағы ауылдардан салық жинау кіріп, жергілікті шенеуніктік аппаратқа айналған старшындардың мүдделері тығыз ұштасып кеткенін көрсетті. Қанаушылардың әлеуметтік топтарын негізгі өндіруші қазақ шаруаларына көзқарас біріктірді. Оның үстіне мұнда қанаудың ескі нысандары жаңаларымен ұштасып жатты. Бір ерекшелігі, қоғамның үстем таптарының аты аталған әлеуметтік топтарының ешқайсысы материалдық өндіріске қатыспады.

Қазақ старшындарының билігінде жайылымдар сақталып қалды; олар көп мөлшерде мал жинады; көшпелі қауым мүшелерін өз дегеніне көндіріп отырды. Сондықтан көшпелі және жартылай көшпелі ұжымдарға капитализмнің ену реформадан кейінгі кезеңде заңды құбылыс болып, 1917 жылға дейін Қазақстанда капитализм дамуының жалпы үрдісінің аяқталмағанын анықтап берді. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы аграрлық тарих ең көкейкесті және күрделі проблема қатарында қалып келді. Онымен Л. Әуезова, С. Сүндетов, В. Черников, А. Гинсбург және басқалар айналысты. Ресейдегі капитализм кезеңіндегі Қазақстанның аграрлық тарихының түйінді проблемалары Б. Сүлейменов(XIX ғасырдың соңғы үштен бірі - XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы аграрлық мәселе. А., 1963) пен П. Г. Галузоның (1867—1914 жылдардағы Қазақстанның оңтүстігіндегі аграрлық қатынастар. А., 1965)еңбектерінде зерттелді.

Б. Сүлейменов монографиясының хронологиялық шеңбері 40 жылды (1867—1907) қамтиды. Онда самодержавиенің аграрлық саясатының мәні және помещиктер мен буржуазияның айқындамалары ашып көрсетіліп, қазақ ауылының отырықшылану тарихы мен әлеуметтік-шаруашылық құрылысына талдау жасалған. Автор ауылда тұрақты тұрғын үйлер және мал ұстайтын қора-қопсы салу күшейе түскенін атап айтты, 1867—68 жылдардағы реформалар нәтижесінде құрылған әкімшілік ауыл мен шаруашылық ауыл арасындағы айырманы көрсетіп, олардағы қанаудың нысандары мен әдістерін қарастырған. Қазақ ауылындағы капитализмнің таралу және халықтың жіктелу дәрежесін анықтау кезінде Б. Сүлейменов екі санатты: шаруашылықтағы мал саны мен жалдама жұмысшылар санын басшылыққа алады. Ол патриархаттық-феодалдық қатынастардың өміршеңдігі себепті ауыл кедейлері едәуір дәрежеде «рулық көмек» түрінде қаналып отырғанын атап өтті.

П.Г. Галузода Қазақстанның оңтүстігіндегі аграрлық қатынастар неғұрлым кең көлемді хронологиялық шеңберде, статистикалық үлкен материал негізінде берілген. Қоныс аударушылардың рөлін және соның салдарынан жер алаптарының қайта бөлінуін бағалағанда автор бұл үрдіс қазақ егіншілігінің дамуына, қазақтардың отырықшы шаруашылыққа көшуіне тежеу болғанын негізге алған. Автор өлкені әскери-феодалдық басқару аппаратының рөлін мықтап көрсетіп, патша өкіметінің аграрлық заңдарына егжей-тегжейлі сипаттама берген. Ауылдағы мүліктік теңсіздік пен жіктелісті қарастыра келіп, автор «қазақтарда егіншіліктің кен дамығаны сонша, олардың шаруашылығы сол кездің өзінде-ақ малшы-егінші бағыттағы үлгіге жақындады, ал ерекшелігі ауылдағы ірі байлық иелері жалдама еңбекті пайдаланатын кулактар тұрпаттас байлардан сараланбады десе де болады» деген тұжырым жасайды.

Монографияда өлкені қазақтардың отарлауына, Жетісу қазақ әскерінің тарихына едәуір орын берілген. Патша өкіметініңқоныстандыру саясатын автор екі кезеңге бөледі: XIX ғасырда Жетісуға және Сырдария облысына шаруалар стратегиялық және әскери-саяси мақсат-мүддемен қоныс аударылса, XX ғасырда кедей және орта шаруалардың жер үшін күресін әлсірету мақсатында олар Ресейден көп мөлшерде көшірілді. Самодержавиеніңқоныстандыру саясатының салдарынан, - деп санайды автор, - көшпелі (мал өсіруші) және отырықшы (егінші) шаруашылық тереңдағдарыс кезеңіне ұшырады. Ол «өндіргіш күштердің орасан көп күйзелгенін, шаруалардың ерекше қатты қайыршыланғанын» жазады. Алайда біздің ойымызша, ең бастысы - қазақтар шаруашылығының қайта құрылуы тездетілді ме, ол мал шаруашылығынан малшы-егінші шаруашылыққа ұласты ма - осыларды анықтау керек болатын. Осы сұраққа объективті жауап алғаннан кейін ғана біз бүкіл қоныстандыру саясаты мен жалпы алғанда оның нәтижелеріне неғұрлым дәл баға бере аламыз.

П. Г. Галузо Ресейден қоныс аударушы — шаруалардың Қазақстанның оңтүстігіне орналастырылғанға дейінгі мүліктік жағдайын, олардың жайғасқаннан кейінгі саралануын, шаруашылығының түр-сипаты мен қоныс аударушылар поселкелеріндегі қанаушылық қатынастарды зерттеді. Автор мынадай үзілді-кесілді тұжырым жасайды: «Егіншілік техникасы жөнінен, — деп жазады ол, — қоныс аударушылар жергілікті шаруалардан, атап айтқанда, қазақтардан озып кеткен жоқ. Олар ауыл шаруашылығында капитализмнің дамуы, капиталдың индустриялық нысандарының тууы жөнінен де олардан озып кеткен жоқ» (269-6.). Бұдан әрі «...ауыл шаруашылығында капитализм орыс поселкелеріне қарағанда, қазақ ауылдарында неғұрлым дамыған еді» деген пікірге келеді. Автор өз пікірінің көпшілік зерттеушілердің тұжырымдарына қайшы келетінін білді, алайда өз көзқарастарын қортады.

Тұжырымдарындағы елеулі айырмашылықтарға қарамастан, Б. Сүлейменов пен П. Г. Галузо қоныстандыру мәселесін XIX—XX ғасырдың басындағы Ресей экономикасына тән өзгерістермен өзара тығыз байланыста алып қарады; қоныс аудару мәселесін Еуропалық Ресейдегі аграрлық төңкеріс жағдайында ғана шешуге болады деген қорытындының куатталуы сондықтан. 1970 жылдардың аяғында Қазақстан дамуының аграрлық проблемаларына ден кою әлсіреп кетті және тарихнамадағы бұл жағдай бүгінгі таңға да тән болып отыр.

Е. Ділмұхамедов пен Ф. Маликовтің, Е. Бекмұхамедовтын, М. Тұрсынованың, Г. Есенғалиеваның, М. Асылбековтің, Ц. Фридманның еңбектері өнеркәсіп пен көлікті, сауданы және қаржы саясатын Қазақстанда пролетариаттыңқалыптасу проблемасымен тығыз байланыста алып зерттеудегі елеулі жетістіктерді дәлелдейді.[22] Өлкені отарлау жағдайының мәні тау-кен өнеркәсібінде мейлінше толық көрінді. Е. Ділмұхамедов пен Ф. Маликов бұл саланың реформадан кейінгі уақыттағы даму ерекшелігін, оның өсу қиыншылықтарын қарастырған. Авторлар мұрағат материалдары негізінде XX ғасырдың басында кен-зауыт және мұнай өнеркәсібіне монополистік шетел капиталының енуін, Спасск мыс рудалары акционерлік қоғамының, Атбасар мыс кеніштері акционерлік қоғамының, Риддер және Қазақ кен-өнеркәсіп қоғамы мен басқаларының тарихын зерделей білді.

Авторлар кен өндіру өнеркәсібінде жұмысшы кадрлардың қалыптасу ерекшеліктерін және олардың революциялық күресін көрсетуді өздерінің басты міндеті деп білді. Алайда авторлар Қазақстанда жұмысшы санының өсуі деректемелеріне көбірек қатысты материалды баяндаған. Олар мұны қазақ шаруаларының жіктелуі, табыс іздеп кетушілердің көбеюі нәтижесінде, майдагерлердің жұмысшылар қатарына ауысуынан, Орал мен Сібір зауыттарынан жұмысшылардың келуінен, кедейленген мещандар есебінен болды деп біледі. Авторлар 1838, 1870,1895 жылдардағы жұмысшылар жалдау туралы алғашқы заңдарды атаған; өкініштісі, олар фабрика заңдарының мазмұнын ашып көрсетпеген. Олардың шамамен есептеп шығарған деректері бойынша, бұл өнеркәсіптегі жұмысшылар саны 1860-1880 жылдармен салыстырғанда, XX ғасырдың басында 2-3 есе өскен. Бірақ бұл цифрлар сенімді емес, өйткені олар әр түрлі жылдардағы әр түрлі деректерден құрастырылған. Ауыл шаруашылық шикізатын ұқсатумен айналысатын барлық жұмысшыларды өнеркәсіп пролетариатына қосып есептеу мүмкіндігі де күдік келтіреді. Егер, мысалы, Сырдария облысының деректеріне қарағанда, онда 1906 жылы 900 кәсіпорында небәрі 2000-дай адам жұмыс істеген, мұндай кәсіпорындарды фабрикалар, ал олардың жұмыскерлерін пролетарлар деп атауға бола қоймас. Авторлардың еңбегіндегі өнеркәсіп пролетариатына әлеуметтік-экономикалық сипаттаманың айқын болмауы, сондай-ақ өнеркәсіп жұмысшыларының жалпы санын да (6,5 мың), салалар бойынша да есептеулердің негізіне алынған әр түрлі мұрағат материалдары мұқият тексеруді қажет етеді.

Е. Ділмұхамедов небәрі жүз жылдан аспайтын уақыт мөлшерінде (1814— 1917) Қазақстанда руда және көмір кен орындарының ашылу, түсті металлургия мен кен ісінің даму тарихын зерттеді. Онда экспедициялардың ұйымдастырылуы мен кен-зауыт кәсіпорындарының ашылуы туралы мәліметтер, кәсіпкерлердің белгілі бір кен орындарын сатып алуын ресімдеу кезінде жасалған құжаттар, руда мен көмір өндіру, металл балқыту технологиясы туралы мәліметтер, рудниктер мен кеніштердің техникалық-экономикалық көрсеткіштері, зауыттар мен рудниктердегі еңбек өнімділігі туралы деректер бар, Қазақстанның кен өндіру өнеркәсібіндегі жұмысшылардың саны мен ұлттық құрамы қарастырылған. Қазақстанның 1917 жылға дейін тарихы аз зерттелген аудандарының бірі — Маңғыстау, сондықтан М. Тұрсынованың монографиясы белгілі бір дәрежеде өзіне назар аударуды қажет етеді. Автор XIX ғасырдың бірінші жартысында көшіп жүруге мүмкіндігі болмаған қазақ отбасыларының қалайша отырықшылыққа көшіп, балық аулаумен айналысуға мәжбүр болғанын, артельдерге біріккенін және XIX ғасырдың екінші жартысында балық аулауды ғана емес, сонымен қатар оны өңдеу мен сатуды да өздерінің қолына шоғырландырған балық өнеркәсіпшілерінің оларды біртіндеп қалайша қаратып алғанын көрсеткен. Автор артельдердің саны мен ұлттық құрамы туралы мәліметтер беріп, қазақтар мен орыстарды ауыр жағдайдың езгіге салушыларға қарсы бірлескен күреске қалай біріктіргенін көрсетеді. Қазақ өлкесін экономикалық игерудің маңызды жағы көлік байланысын дамыту, ең алдымен темір жолдар салу болды.

М. Асылбеков зерттеген мәселелер кешенінде революцияға дейінгі Қазақстанның экономикасына темір жолдардың жасаған ықпалы мен оны Ресей империализмнің шикізаттық шылауына айналдыру және сонымен бірге коммуникациялар жасаудың объективті оң нәтижелері көрсетілген. Автор темір жолдар салу кезінде қазақтардың жер алқаптарының тартып алынуын және сонымен бірге жолдардағы жүк айналымының ұлғаюы, олардың бойында егіншіліктің дамуын, ауыл шаруашылық өнімдерінің өлке шегінен әкетілуін дәлелдейтін фактілер келтіреді. Ауылдағы патриархаттық-феодалдық қатынастардың ыдырауына және қазақтар шаруашылығына тауар-ақша қатынастарының енуіне себепші бола отырып, — деп жазады автор, — темір жол желілері табыс іздеп кетушілік пен жалдама еңбектің өрістеуіне әкеп соқты.

Олар Қазақстандағы қоныс аударушылық қозғалысты, қала халқының өсуін, өлкеде біршама ірі елді мекендердің, темір жол станцияларының пайда болуын тездетті, олар экономикалық, саяси және мәдени өмірдің ошақтарына айналды, ақырында, негізгі жол тораптары бойында өңдеуші өнеркәсіптің дамуына және соның нәтижесінде жұмысшы кадрлардың қалыптасуына себепші болды. М. Асылбеков жергілікті өндірістік маңызы бар Троицк, Екібастұз, Спасск Қарағанды, Риддер темір жолдарының құрылысы туралы құнды ғылыми материал жинаған.

Зерттеулерден Дала өлкесінің бүкіл экономикасы сияқты, революцияға дейінгі Қазақстанның аумағында қатынас жолдарының да нашар дамып, оның біркелкі болмағаны, кең-байтақ кеңістіктің бір-бірімен байланыс жасалмағаны көрінеді. Мұны мына цифрлардан көруге болады: 1917 жылы өлкенің 1000 шаршы шақырымына — небәрі бір шақырымдай, бұл ретте Сырдария облысында - 1127 шақырым, Торғайда — 932, Оралда - 310, Семейде — 236, Ақмолада - 178 шақырымнан келген, Жетісу облысында бірде-бір шақырым темір жол болмаған. М. Асылбеков XIX ғасырдың 70-жылдарынан бастап, 1913 жылға дейінгі теміржолшылар кадрларының қалыптасу тарихын зерттеді. Қатынас жолдары министрлігінің деректері сияқты бағалы да аз зерттелген деректерге жүгіне отырып, автор Қазақстандағы темір жол жұмысшылары мен қызметшілерінің жалпы санын тұңғыш рет 21700 адамнан астам етіп шығарды. Соғыс жылдарында Семей және Жетісу темір жолдарының салынуына байланысты теміржолшылардың жалпы саны 23 мың адамнан астам болды.

Сонымен қатар М. Асылбеков жұмысшылар мен қызметшілер санының арақатынасын да қарастырып, темір жол жұмысшыларының өнеркәсіп орындарында жұмыс істеуінің ұзақтығы мен ұлттық құрамын ашып көрсетті. Ол келтірген кестеден Қазан революциясының қарсаңында Қазақстанның темір жолдарында 19,5 мың жұмысшы, 3,5 мың қызметші еңбек еткені көрінеді. Өз кезегінде, жұмысшылар тұрақты, уақытша жұмыс істеушілер мен күндік жұмыскерлер санатына бөлінген. Паровоз машинистері, олардың көмекшілері, кочегарлар, кондукторлар, жолсеріктер, стрелочниктер, жол күзетшілері, қолөнер жұмысшыларының бір бөлігі тұрақты жұмыс істеушілер санатында болды, олар шамамен 55 пайыз болатын.Орынбор—Ташкент темір жолындағы қазақ жұмысшылар — 70 пайызға дейін жетті, басқа жолдарда 20% болды, олардың жалпы саны 1917 жылы 5000 адамға жетті.



Революцияға дейінгі Қазақстанның өнеркәсіп жұмысшылары туралы соңғы монографиялық еңбектердің бірі - С. Игібаевтың кітабы (Игібаев С. 1861—1917 жылдардағы революцияға дейінгі Қазақстанның өнеркәсіп жұмысшылары. А., 1991). Онда өнеркәсіптің құрылымы: пайда болуы, басқарылуы, кәсіпкерлер құрамы, өнеркәсіптің егіншілікпен байланысы, өнеркәсіптің өңдеуші, алтын, көмір өндіруші және басқа салалары бойынша жұмысшылардың саны, құрамы және орналастырылуы; жұмысшылардың жағдайы және тап күресінің нысандары қарастырылған. Бірқатар мәселелер жаңа тұрғыдан қойылып, түсіндіріледі. Мысалы, автор мыналарды: XIX ғасырдың 80-жылдарынан бастап жұмысшылардың рудниктерден қашуын, ұжымдасып шағым беруді; іздестіру басқармасының келісімшарт талаптарын орындамауы себепті жұмыс істеуден көрінеу бас тартуын, Зайсан уезіндегі, Өскемен, Семей облыстарындағы, Күршімдегі және Алтайдағы ереуілдер мен толқуларды және XX ғасырдың басынан — наразылық білдіру нысаны ретінде кеңінен таралған стачкаларды атап көрсетеді. С. Игібаевтың еңбегі деректемелерді кең көлемде келтіріп жазылған және мазмұны жағынан Қазақстандағы жұмысшы табының тарихына ғылыми-зерттеу кезеңін таптық тұрғыдан қараумен аяқтайды. Кеңестік тарихнамада жаңа туып келе жатқан жұмысшы табының әлеуметтік-экономикалық тарихы, әдетте, оның саяси тарихымен етене бірлікте қарастырылды. Осы проблема бойынша 1960-70-жылдарда жарияланған еңбектерде социал-демократиялық, ең алдымен, марксистік идеяларды таратуға зор көңіл бөлінді. Жұмысшы қозғалысы жаңа ғана пайда болған ұлттық аудандарда, соның ішінде Қазақстанда зерттеушілер өздігінен білім алу үйірмелерін немесе ең тәуір дегенде, студент жастардың социал-демократиялық бағыттағы топтары мен үйірмелерін көбінесе марксистік ұйымдар деп көрсетті. Өлкедегі революциялық қозғалыста большевизм пайда болған кезден бастап-ақ пролетариаттың авангардтық рөлін, большевиктер партиясының, оның ұйымының басшылық рөлін ашып көрсетуге күш салынды (қараңыз: Лениндік пролетарлық интернационализм идеяларының салтанат құруы. А., 1974; Қазақстан Компартиясы тарихы очерктері. А., 1963 және басқа еңбектер). Отар елдерде шетел капиталын өзі үшін ғана тиімді салаға салып, оның жергілікті өндірісті дамытуды тежегені, сол үшін дәстүрлі қатынастарды тоқтатып тастағаны мәлім. XIX—XX ғасырдың басы шебінде ол Қазақстан аумағына, негізінен алғанда кен өндіру және мұнай өнеркәсібіне белсенді түрде ене бастады. Ц.Л. Фридманның еңбектерінде Қазақстандағы шетел капиталының тарихын зерттеу нысанасы етіп алынды. Автор өлкеге шетел капиталының енуін зерделей келіп, оның үлес салмағы жалпы Ресеймен салыстырғанда Қазақстанда жоғары болғанын анықтады. 1917 жылғы қазан айының қарсаңында Қазақстан өнеркәсібінде құрылған акционерлік қоғамдардың нақты капиталының жалпы сомасы 100 млн сомға жуық болды. Автордың деректері бойынша, орыс капиталы сол соманың ширегіндей ғана болып, төрттен үшінен астамы шетелдіктер үлесіне тиген, оның үстіне ағылшын капиталы үстем жағдайда болған. Ол аса бай кен орындарын сатып алуға капиталистердің болмашы шығын жұмсағаны туралы және шетелдік синдикаттардың алыпсатарлық сипаты туралы мәліметтер келтірген. Негізгі капитал өсуіне талдау жасау автордың Орыс—Азия корпорациясы, Риддер кен-өнеркәсіп қоғамы және басқа да бірлестіктер сияқты ірі концессиялардың тойымсыздық мақсаттары мен барынша тонаушылық мәнін көрсетуге, ал ірі акционерлік қоғамдардың құжаттарын зерттеу оның қомақты кредит алу мақсатымен капиталистер жасаған бірқатар айла-шарғыларды ашып көрсетуіне мүмкіндік берді. Патша самодержавиесі бастапқы байлық жинаудың айуандық әдістерін байқамаған сынай көрсетіп, ол әдістер Қазан революциясына дейін шетел капиталына да өзгеріссіз қалдырылып келді. Орал—Жем ауданының мұнай байлығын пайдалану кезінде де нақ осындай жағдай байқалды. Халықаралық қаржы топтары мен биржаларға өлкенің мұнай байлығы төңірегінде даңғаза жасалғанымен, мәселе оларды ендіруге келіп тірелген кезде қаржы капиталы тым мардымсыз болып шықты, қаржыгерлер қаржы шығаруға асықпай, дұрысын айтқанда, өте сақтық білдірді, - деп жазады автор. Бұл орайда 20-дан астам кен орны барланғанымен, мұнай негізінен Доссор мен Макатта өндірілді. Артта қалған және нашар дамыған елдерге әкелінген ағылшын, француз және басқа да шетел капиталының «өркениеттендіру міндеті» сонымен тынды. Ц.Л. Фридманның еңбектерінде Қазақстанда шаруашылық дамуының табиғи барысының салдарынан, бұл профестің етене туындауынан пайда болмай, сырттан келген капитал жасаған кең және кен-зауыт өнеркәсібінің тұтас алғанда Қазақстанның бүкіл экономикасымен байланысы өте нашар жекелеген өнеркәсіп ошақтары, жан-жағынан капитализмге дейінгі қатынастар үстем болған мешеу шаруашылықтар қоршаған жекелеген өнеркәсіп «аралшықтары» түрінде болғаны атап көрсетілді. Ал егер солай болса, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және өзге де қоғамдық даму факторларына бұл «аралшықтардың» ықпалы болды ма? Ц.Л. Фридман мынадай бір факторды ғана атап өткен: капиталистердің дегеніне қарамастан, олар құрған кәсіпорындар жергілікті фабрика-зауыт пролетариатының өсуіне себепші болды.

Ц.Л. Фридман назар аударған экономикалық тарихтың тағы бір тақырыбы Қазақстандағы банк капиталының кредит жүйесі мен жұмыс істеу механизмі болды. Бұл орайда ол Қазақстандағы банк капиталының сауда-өсімқорлықпен ұштасуы және өзара астасып жатуы, біріншісінің ұсақ ауыл шаруашылық шикізатын өндірушілерді қанаудың жергілікті қарапайым және капитализмге дейінгі нысандарына сіңісуі сияқты ерекшелігін де ескерді. Ол Мемлекеттік банктің Оралдағы (1876), Петропавлдағы (1881), Семейдегі (1887), Омбыдағы (1895), Верныйдағы (1912), Семей облысының Қоянды кентіндегі (1894) бөлімшелерінің қызметіне сипаттама беріп, бірқатар акционерлік және коммерциялық банктердің, әсіресе Сібірсауда банкінің жұмыс істеу фактісін атап өткен. Өлкенің сауда-өнеркәсіптік дамуына талдау жасау оның Қазақстанда өнеркәсіп буржуазиясы сауда буржуазиясынан бөлінбеген және негізінен алғанда мұнда саудаға малмен, мал өнімдерімен және астықпен несие беру басым болды деп бұрын айтылған қағиданы растауына мүмкіндік берді. Сонымен бірге, — деп көрсетеді автор, — мұнда биржалық ұйымдар құрыла бастады, солар арқылы жаппай өндірілетін өнімдерді белгілі үлгі, стандарттар немесе техникалық сипаттамалар бойынша жаппай өткізу жүзеге асырылған (Омбы және Петропавл биржалары). Алайда өлкенің экономикалық өмірінде өсімқорлық әлі де оте маңызды фактор болып қала берді. Қазақстанның тарихнамасында Ц.Л. Фридман жергілікті коммерциялық банктердің (өзара кредит қоғамының және қалалық қоғамдық банктердің) қызметіне, ұсақ кредит пен оның түрлеріне, кредит кооперативтеріне, жинақ кассаларына және т.б. тұңғыш рет талдау жасады. Ол келтірген материалдар мен есептеулер банктер арқылы әкелінген капиталдар Қазақстанда, негізінен алғанда, қызмет көрсету саласында қолданылған деп тұжырымдауға мүмкіндік береді. Банк кредиті өсімқорлық несиенің алуан түрлі нысандарын ығыстырып шығаратын деңгейге әлі де жете қоймаған-ды. Соғыс алдындағы жылдарда ғана банктердің салымшылары арасында қазақтардан шыққан сауда буржуазиясының өкілдері пайда бола бастады. Кредит-банк жүйесі патша өкіметінің отаршылдық саясатының мүдделеріне қызмет етті, ал Қазақстанның еңбекші бұқарасы бұрынғы әскери-феодалдық қанаудың бай-феодалдар мен сауда-өсімқорлық қанаумен ұштасқан әдістерін ғана емес, сонымен қатар монополистік капитализмге тән отаршылдық қанаудың «жаңа» әдістерін де бастан кешірді. Солай бола тұрса да, жинақталған материал нарықтық қатынастарға көшу жағдайларында кәсіпкерлік дамуының заңдылықтарын, капиталдың бастапқы қорлану үрдісін зерделеуге мүмкіндік береді. Сауда — қазақтардың көрші халықтармен өзара қатынасының ең ежелгі жолы. Ол XVIII-XIX ғасырлар кезінде барынша етек алды. Сауда — экономикам жаңа қатынастар көрінісінің едәуір күшті болып, тауар-ақша қатынастарының Қазақстан аумағында да үстемдік алған саласы.

Еңбектердің көбісі проблемалардың жекелеген жақтарын көрсетуге арналған мақалалар болғанымен, қазақтардың сауда жасауын зерттеу едәуір көп проблемаларды көтерді. Бұлар - В. Шахматов, Б. Сүлейменов, Т. Шойын- баев, Ж. Касымбаев, П. Галузо, Т. Литвинова, С. Сүндетов, Ц. Фридмандар- Дыненбектері. Н. Г. Аполлованың монографиясында (Қазақстанның XVIII- XIX ғасырдың басындағы Ресеймен экономикалық және саяси байланыстары. М., 1960) экономикалық байланыстар шаруашылық сипатымен етене қарастырылды. Мысалы, кеден ведомостарын зерттеу негізінде автор XIX ғасырдың басында-ақ қазақ байларының тауар-ақша қатынастарына кіріп, делдалдық әрекеттермен ғана айналыспай, Орынбор, Петропавд, Троицк және басқа да бекіністер арқылы өз бетімен мал сатумен айналысқанын атап көрсетеді.

Автордың айтуынша, Ресейдің Дала жұртымен сауда жасауға мүдделі болғанын қаруланған керуендер ұйымдастыру, сондай-ақ қазақ сұлтандарының «азиялық» көпестерден баж алуына тыйым салу туралы ережелер шығаруы дәлелдеді. Орыс көпестері әкелетін тауарлардың түр-түрін көрсететін құжаттар да сауданың қаншалықты серпін алғанын байқатады. Рыноктық байланыстар қазақ аулына еніп, байлардың ықпал жасауының басымдығы сақталған жағдайда шаруашылықтардың көпшілігін барған сайын озаясынатарға берді. Н.Г. Аполлова XIX ғасырдың екінші ширегінде-ақ қазақ тауарларының едәуір мөлшері ақшамен сатып алынды және ақша қатынастарының дамуында дала өңірінде орыс астығымен сауда жасау көп рөл атқарды деп пайымдаған. Автордың Қазақстанның солтүстік және шығыс аудандары үшін бүкіл Дала өлкесі бойынша астық әкелінетін Петропавл, Омбы, Семей орталық болған астық саудасына ден қоюы сондықтан. Сөйтіп Н. Г. Аполлованың мұрағат материалдарына негізделген зерттеуі Ресей мен Қазақстанның экономикалық байланыстары көрінісін жасап берді. Тарихнаманың қазіргі кезеңінде тарихшылар өз ізденістерін Қазақстанның өз ішіндегі сауданы және шектес мемлекеттермен өзара тиімді экономикалық қатынастарды неғұрлым терең зерттеуге бағыт алып отыр. Бұған В.З. Ғалиевтің (Керуендер ізімен.А., 1994) және Ж. Қасымбаевтың (Қазақстан—Қытай: XIX—XX ғасырдың басындағы керуен саудасы. А., 1996) дәлел болады. В.З. Ғалиев керуендер мен экспедицияларға қызмет жасаған адамдарға: қазақтар арасынан шыққан тілмаштарға, аудармашыларға, жолбасшыларға көп көңіл бөледі. Бұл делдалдар тілді, іс қағаздарын жасауды, жер бағдарын, қоғамның әдет-ғұрпы мен дәстүрін білуге тиіс болды, яғни істің түпкі нәтижесі көп жағынан солардың орнына сай және даярлығы мол болуына байланысты еді. Автор қазақ тілмаштары мен жолбасшыларының орыс-қазақ, орыс-орта азиялық, орыс-қырғыз қатынастарын орнатуда зор рөл атқарғанын көрсеткен.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет