Зарқын Тайшыбай, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің профессоры
Петропавл — губерния орталығы
“Ресей патшасы Николай Романовтың тақтан тайдырылғаны туралы хабар Петропавлға 1917 жылғы наурыздың 1-і күні жеткен. Ертеңінде мұндай шұғыл өзгерісті түсіне алмаған халық қала көшелеріне шықты. Алып-қашпа әңгіме тарады, Петроградтағы оқиғаларды әркім өзінше бағалады. Шағын-шағын саяси топтардың өкілдері жұрт алдына шығып, сәуегейсіді. Мысалы, қалалық дума патша құлағанымен, оның орнына келесі бір Романов, атап айтқанда, Михаил отыратын шығар деп те үміттенген көрінеді. Бұл қауесет тегін де емес еді. ІІ Николай патшаның тақтан өз еркімен кету туралы манифесінде солай жазылғаны рас.
Жеке билік жойылғаннан кейін саяси ұйымдар, әсіресе, социал-революционерлер Ресей астанасындағы төңкерісті қолдап, Петропавлда демократиялық билік орнатуға кірісті. 1917 жылғы 3 наурызда жергілікті “Приишимье” газетінде эсерлердің (СР – социалист-революцияшылдар партиясы деген тіркестің ықшам түрі. – З.Т.) халыққа арнаған үндеуі жарық көрді. Онда “елде болып жатқан оқиғаларға сабырмен қарау керектігі, бүліншілік бастамау” туралы айтылды. Ертеңінде, яғни 4 наурыз күні қалалық дума қоғамдық қауіпсіздік сақтау мақсатында құрама комитет құрды. Уездік съезге дейінгі билік органына Черемисинов, Казанцев, Нагаткин сияқты ірі көпестер, оңшыл эсерлер мен РСДРП меньшевик қанатының өкілдері кірді.
1917 жылғы 14 наурызда Петропавл жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі құрылды. Оның құрамында да саяси ұйымдардың өкілі басым болмады, сан жағынан көзге түскені эсерлер еді. Павлуцкий деген большевик хатшылыққа сайланыпты, бірақ кейін ол да кеңес құрамынан қуылған.
Назар аударарлық жағдай – бұл кеңестің құрамында қазақ жоқ. Тіпті, Ресейдің орталық аудандарындағы өзгерістер қазақ халқына тікелей қатысы болмаған оқиғалар сияқты еді. Тек Алаш қайраткерлері қазақ халқының тәуелсіздік алуына мүмкіндік беретін тарихи жағдай туды деп есептеді. Ал кейін де айтылып жүргендей, 1917 жылғы наурыздан қазан төңкерісіне дейінгі аралықта “қазақтан шыққан большевиктер немесе революционерлер” деген түсініктер түп-түгел ойдан шығарылған. Мұндай аңыздарды қазан төңкерісін жеке саяси топтар ғана жасаған жоқ, халық, оның ішінде отарлау езгісіндегі халықтар жасапты деген жел-буаз идеология құрастырған.
Мысалы, 1917 жылғы 14 сәуірде Петропавлдың уақытша уездік атқару комитетінің құрамын өзгерту туралы мәселе қараған жиналыс болды. Оған қала сыртындағы қазақ және орыс ауылдарынан өкілдер қатысты.
Жиналыста Ресей патшасы тақтан түскенімен, уақытша үкімет жергілікті билікті жұртшылыққа бермей жатқандығына наразылық білдірілді. Осы жиналыста ғана уездік кеңес деп аталатын басқару органының құрамы қазақтармен де толықтырылды. Атап айтқанда, Полудин болысынан: Күсемісов Салмақбай, Жұмабаев Мәди, Қуанышев Дәулет Өсербайұлы, Тайынша болысынан Сағынаев Қожахмет, Мөңкесор болысынан Әлімбаев Аманжол, Петропавл қаласынан Тілеулин Жұмағали және Сарытомар отырықшы (жатақтар) болысынан Абдолла Шанықов кеңес құрамына енді.
Петропавл уездік атқару комитетінің төрағасы болып диқан-шаруа Николай Бычков, оған орынбасарлыққа қойма меңгерушісі Быков пен ұсақ қарыз инспекторы Медведев, хатшылыққа 33-ші полктің солдаты Одушев сайланды. Осы жиында уездік атқару комитетінің мүшелігіне қазақтардан Ғалиасқар Қуанышев пен Жұмағали Тілеулин сайланды.
Жаңарып, қайта толықтырылған атқару комитетінің бұл құрамы да қазақтарға теңдік бере қоймағандықтан, 1917 жылғы 4 маусымда Петропавлда уездік қазақ комитеті жеке билік органы ретінде дербес бөлініп шықты. Оның төрағалығына Ғалиасқар Қуанышев сайланды.
Осылайша, үкіметсіз қалған Ресей империясының әр аймағында, оның ішінде орталығы әлі Омбы, бірақ негізгі тірегі Петропавл болған Ақмола облысында да биліктің кімнің қолында болуы керектігі шешілмей жатты. Алаш көсемдерінің ұйытқы болуымен қазақ емес ұлт өкілдерінің атқару комитеттерімен қатар, жарыса қазақ комитеттері де құрыла басталды.
1917 жылғы 30 тамызда Петропавл кеңесі 12 адамнан Әскери-төңкеріс комитетін (военревком) құрды. Оның құрамында 3 большевик, 4 солшыл эсер, 3 меньшевик-интернационалист және 3 эсер болды, бірде-бір қазақ жоқ.
Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның ХХ ғасырдағы алғашқы үлгісі РСФСР-дің жаңа үкіметінің 1919 жылғы 10 шілдедегі «Қырғыз (Қазақ) өлкесінің автономиясы туралы» декретінен басталады. Ал ол құрылғанша Қазвоенревком деген уақытша билік құрылды. Осы құжатқа байланысты 1919 жылғы 23 қарашада Петропавл уездік ревкомы, ал 8 желтоқсанда Ақмола және Семей уездік ревкомдары құрылды. Жер-жерде ауылдық және болыстық ревкомдар құру науқаны басталды. Міне, Қызылжарды Кеңестік Қазақ республикасының қарашаңырағы дейтініміз, сондықтан.
Ресейдің ең жоғарғы билік дәргөйінде Қазақ автономиялы Советтік Социалистік республикасын құру туралы жалпыға мәлім құжат 1920 жылғы 20 тамызда қабылданды. Мұнда Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл уездері және Омбы уезінің бір бөлігі Қазақ автономиясы деген дербес шаңырақтың астына қосылғаны туралы анық жазылды.
1920 жылдың қазан айында Омбыда ұлт істері жөніндегі Сібір бөлімі құрылды. Осы бөлімнің 1921 жылғы ақпан айында өткізілген кеңесіне орыс емес ұлттардан 23 адам, яғни 5 бурят, 3 қазақ... қатысты. Солардың біреуі Мағжан Жұмабаев болатын.
1921 жылғы 21 сәуір күні Петропавл қаласындағы Луначарский атындағы театр үйінде Петропавл қала-уездік ІІ партия конференциясы болды. Конференция төралқасына сайланған жеті адамның ішінде жергілікті коммунистерден Айсарин мен Бейсенев бар. Қазақ автономиялы республикасының құрамында Ақмола губерниясын құрған және губерниялық партия ұйымы мен губревкомның ұйымдасқанын жариялаған осы конференция болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысының, оның ішінде Петропавл уезінің Ресей мемлекетінен бөлініп, Қазақ республикасының құрамына енген күнін ол дәл осы 1921 жылғы 21 сәуір деп салтанатты түрде атап өтуге болады. Тіпті, тәуелсіз Қазақстанның құрамына Петропавл қаласының, облыс аймағының, қазіргі Ақмола және Қарағанды облыстарының кірген күні осы. 1921 жылғы 28 сәуір күні Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С.Меңдешевтің “Петропавл қаласының еңбекші жұртшылығына” деген Үндеухаты “Бостандық туы” және “Мир труда” газеттеріне басылып шықты.
Билеуші партия жиынын Орынбордағы Қазақ облыстық партия комитеті атынан Қазақстан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары Смағұл Сәдуақасов құттықтады. Сол мінбеден “Қазақ республикасы және қазақтар арасындағы жұмыс туралы” баяндама жасады.
Жаңа құрылған губерниядағы бүкіл әкімшілік билік Әбдірахман Әйтиев басқарған губерниялық төңкеріс комитетіне берілді. Оның құрамына Барлебен, Коротков, Сабыр Шарипов, Иванов және Абдолла Асылбеков сайланды.
Ақмола губерниясы 37 мың шаршы шақырымды, яғни Қызылжардан Шу өзеніне дейін, кейінгі Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағын алып жатты. Сондықтан ғой, Мәскеуден шығатын “Известия” газеті “Бұрынғы уездік деңгейдегі ғана шағын қала Петропавл ұлан-байтақ губернияның орталығы болды” деп жариялады.
1921 жылғы 11 қыркүйек күні кешкі сағат бесте Петропавлда губерния кеңестерінің тұңғыш құрылтай съезі болды. Съезді Әбдірахман Әйтиев ашты. Съезге қатысушыларды Қазақ Орталық атқару комитеті атынан Смағұл Сәдуақасов құттықтады. Мұрағатта сақталған хаттамада Смағұлдың сөздерінің қысқаша мазмұны тезис түрінде беріліпті, сірә, алдын ала дайындалған жазбаша мәтіні болмағанға ұқсайды: “Қыр баласы өзін ғана, малын ғана ойлап еркімен жүрген шақта, Ресейдің отаршыл билігінің шеңгеліне тап болып еді... Енді бас еркі өзінде, өз елін өзі билейтін болады...”, – деп бастаған екен. Осылайша, Ақмола губерниялық атқару комитеті билікке кірісті. Жаңа сайланатын атқару комитетінің міндетін С. Сәдуақасов былай белгілеп берді: “Төңкеріс комитетінен атқару комитетіне ауысу – заңды уақыт талабы. Әскери-төңкеріс тәртібінен бас тарту керек. Жеке-дара билеп-төстеуге жол берілмесін”.
Ақмола губерниялық атқару комитеті сайланды. Әйтиев – төраға, Шумский – оның орынбасары және экономика комиссиясының төрағасы, Патрикеев – азық-түлік комиссары, Бейсенев – әкімшілік кеңестің төрағасы, Қазыбеков – іс басқарушы. Атқару комитеттің құрамына С.Шәріпов, Ғ.Тоқжанов, Ж.Тілеулин, кандидаттығына Ж.Жәнібеков сайланды.
Дәл сол күннен бастап осы аймаққа билік жүргізіп келген Омбыдағы Сібір ревкомы жанында 1920 жылдың 14 қазанында құрылған Қазақстан өкілдігі қызметін тоқтатты.
1932 жылы губерниялық бөлініс жойылып, Петропавл Қарағанды облысының бас қаласы болып келді де, 1936 жылдың күзінде Солтүстік Қазақстан облысының орталығы деп аталды.
// Солтүстік Қазақстан. - 2016. - 18 маусым
Достарыңызбен бөлісу: |