Байланысты: Полинезия биогеографиялық облыс Гавай аралдары облыстың тармақтар
Халқы
Полинезиялықтар — Полинезияның және Шығыс Меланезияның кейбір ұсақ аралдарындағы туыстас халықтар тобы. Полинезиялықтарға тонга, самоа, увеа, фунтуна, тувалу, токелау, ниуэ, пукапука, раротонга, рапа, ракаханга, манихики, паулготу, маори, тикопиа, гавайлықтар, т.б. көптеген халықтар жатады. Антропология жағынан полинезиялық өтпелі расаға кіреді. Шығыс австронездік топтың полинезия тілдерінде сөйлейді. Полинезиялықтарда христиан діні жергілікті діни нанымдармен ұштасқан. Кейбір жорамалдар бойынша, Полинезиялықтардың этногенезіне Оңтүстік Америка үндістерінің де ықпалы тиюі мүмкін.
Ғылыми пайымдаулар бойынша Полинезиялықтар Полинезияны б.з.б. 2-мыңжылдықтың соңғы ширегінде қоныстанған. Олар б.з.б. 1200 жылдары Фиджадан Тонгаға, б.з.б. 1000 жылдары Самоа аралына өткен. Б.з. бас кезінде шығыс полинез. мәдениеттің ірі ошағы Маркиз аралдары болды. 5 ғасырда Полинезиялықтар Пасха, Гавай, т.б. аралдарға қоныстанды. Олардың жеке-жеке ұлт болып қалыптасуы 19 — 20 ғасырларда аяқталды. Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия елдерінің отарлауы бұл үрдісті күшейтті.
Полинезиялықтар негізінен егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Шошқа, ит, тауық өсірді. Қолөнермен шұғылданады. Шығыс Полинезияда тас қашау ісі дамыған. Баспаналары төртбұрышты кейде бұрыштары сопақша етіп салынды. Төбесі екі жағынан қиюластырып жабылды. Баспаналарына ағаш, шөптесін өсімдіктер пайдаланылған. Негізінен юбка немесе пандустан жасалған алжапқыш, тапа немесе белге тағатын жапқыш киген. Киген киімдері адамдардың қоғамдағы алатын орындарынан да хабар береді. Әшекей заттар құс қауырсындарынан, гүлдерден, теңіз балшықтарынан жасалып, тағамдары негізінен өсімдіктер мен балықтан әзірленеді. Сусындары кава, т.б. Тамақты жер ошақтарда пісіреді. Полинезиялықтарды көсемдері басқарады, қоғам өмірінде абыздардың рөлі ерекше. Халық арасында бай ауыз әдебиеті, би және муз. фольклоры сақталған. Қазіргі таңда Полинезиялықтардың көпшілігі елге келген туристерге қызмет көрсетумен айналысады. Ауыл шаруашылығы дамуда.