Қазақстандағы табиғи қорларды тиімді пайдалану республиканың даму болашағы үшін маңызы зор. Алайда аумақты игеруге қатаң табиғат жағдайлары кедергі келтіреді. Табиғи қорларды игеру мәселесі табиғатты қорғаудың түйінді мәселелерін де туғызады. Табиғи қорларды игерудегі жіберілген қателіктер табиғаттың қай қоры болмасын таусылмайды деген жаңсақ ұғымның үстем болуына байланысты болды. Осының салдарынан табиғаттағы тепе-теңдік бұзылды. Мұны су қорын пайдалану мысалынан айқын көруге болады.Республика үшін су қорын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Өйткені дамып келе жатқан өнеркәсіп пен суармалы егіншілік алқаптарының ұлғаюы суды көп қажет етеді.