Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында туған.Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы. Ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ - мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде, құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші беріпті. Торғайда, Орынборда білім алғаннан кейін Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және сонда 1917 жылға дейін болады. Өзінің сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, оның жұмысына жетекшілік етті. Ресейде патша билігі құлағаннан кейін қазақ жерінде Алашорда үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, оларға қарсы шықты. 1921-1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Ресейдің солтүстік обылыстарына жер аударылады.Кейіннен босап шығып, бірақ 1937 жылы қайтадан қамауға алынып, атылған . Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі әрі публицист ғалым, аудармашы. Ол 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 – ауылында дүниеге келген. Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып, медресеге оқуға берген. Ол онда оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепті оқып шығады. 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезінде–ақ саяси талас-тартысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты.Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша үкіметі билігі жылдарында қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды, сол үшін Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырды. Кеңес үкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті, сол себептен 1937 жылы ату жазасына кесілген.
Достарыңызбен бөлісу: |