2. Ұлы даладағы энеолит және қола дәуірі. Қазақстандағы қола дәуірінің ескерткіштері. Қола дәуірі б.з.б. 2800 жыл – б.з.б. 900 жыл аралығын қамтиды.. Өндіріске металл құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды. Қола мыс пен қалайының қосындысынан алынған. Қоладан жасалған бұйымдар тас және мыс еңбек құралдарын біртіндеп ығыстырды. Еуразия даласындағы қола дәуірінің жетістіктері андрон мәдениеті деп аталады. Себебі қола дәуірінің алғашқы ескерткіштері Андроново селосы (Сібір, Ачинск қаласы) маңынан табылған. Андрон тектес қола мәдениеті таралған аумақ: Орал (Жайық) өзені, Енисей өзені, Батыс Сібір, Памир таулары. Қола дәуіріндегі үйлер екі түрлі болды: жартылай жертөле және жер бетіне салынған үй. Үйдің жанына мал қамайтын қора салынған. Андрондықтар төрт түлік малдың барлық түрін өсірген. Ғалымдар Cолтүстік және Батыс Қазақстан аймағынан 80-нен астам қоныстарды тапқан. Олардың кейбірін ертедегі алғашқы қалалар деуге болады. Қостанай облысы мен Челябі облысының шекарасынан ескі қала – Арқайым табылды. Мал өсіру отырықшылық, бақташылық түрінде болған Өзен аңғарларындағы тайпалар жерді тесемен өңдеген, жылқы, сиыр, қой, ешкі өсірген. Андрондықтардың қоныстарынан егіншілік құралдары – дән тартатын диірмен, жер өңдеуге арналған тесе, мыс пен қола орақтар табылды. Металл кеніштері Зыряновск, Жезқазған, Қарқаралы, Ақшатаудан табылды. Қаныш Сәтбаевтың мәліметі бойынша, Жезқазғаннан 1 млн тонна кен өндіріліп, одан 100 мың тонна мыс қорытылған. Нарым мен Қалба (Шығыс Қазақстан) кен орнында 1100 тонна қалайы шығарылған. Орталық Қазақстан аумағынан қола дәуіріне жататын 30 қоныс, 150 оба зерттелді. Петровка мен Боголюбов қоныстары (Солтүстік Қазақстан) орлармен, дуалдармен қоршалған. Адамдарды жерлегенде басын батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратқан. Андрондықтар табиғат күштеріне табынған. Қола дәуіріндегі тасқа салынған суреттер Таңбалы, Жасыбай, Хантау жерлерінен табылған. Бұл суреттерде жабайы бұқа, қос өркешті түйелер, билеген адамдар салынған.
Энеолит (мыс-тас) дәуірі б.з.б. 3000-2800 жылдар аралығын қамтиды. (2011 жылғы баспада энеолит б.з.б. 3000-1800 жылдар деп көрсетілген). Бұдан 7 мың жыл бұрын адамдар мыс өңдеуді үйреніп, мыстан жасалған құралдар өндіріске енгізілді. Бірақ металл тас құралдар қолданыстан мүлдем шығарылып тасталған жоқ. Қазақстан аумағында мыс-тас ғасырындағы екі тұрақ зерттелді. Ол энеолиттік ескерткіштер: Ботай (Солтүстік Қазақстан) және Шебір (Маңғыстау) тұрақтары. Энеолит дәуіріндегі ерекше ескерткіш – Солтүстік Қазақстандағы Ботай тұрағы (б.з.б. 3-2 мың жылдық). Ол 15 гектар жерді алып жатыр. Тұрақтан қабырғалары жануарлар терісімен қапталған 158 үйдің орны табылды. Жылқы сүйектері көп табылды. Ботайлықтар жылқыны қолға үйреткен. Сонымен бірге бұлан, елік, аю, ит, қабанның сүйектері де кездеседі. Тұрақтан садақ ұштары, найзалар, балталар, пышақтар, ине мен біздер табылған. Маңғыстау жеріндегі Шебір тұрағынан саз балшықтан жасалған, түбі жұмыртқа тәрізді ыдыстар табылды. Шебірліктер теңіз моллюскаларының қабықтарынан моншақ жасаған. Олар негізінен аң аулаумен айналысқан. Энеолит дәуірінде қоғамда екі ірі өзгеріс орын алды. Еңбек бөлінісі пайда болды және аталық ру үстемдігі қалыптасты. Ең алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісі – шаруашылықтың егіншілік пен мал шаруашылығы болып бөлінуі.