ПС. Тақырыбы: Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы және ежелгі металлургия кезеңіндегі көшпелілер. 1.Тарихи үдерісті кезеңдерге бөлу.Адамның шығу тегі теориясы және адамзаттың алғаш пайда болған жері мәселесі. Белгілі бір әлеуметтік-экономикалық формацияның дамуына байланысты адамзат тарихы ұзақ-ұзақ кезеңдерге бөлінеді. Археологияда кезеңдендірудің өзіндік әдісі жасалған, оған сәйкес адамзат тарихы тас, қола, темір және ортағасырлар дәуірлеріне бөлінеді.
Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы ең алғашқы кезеңі. Ғылыми зерттеулерге қарағанда алғашқы қауымдық құрылыстың дамуы барлық жерде бірдей болған. Елімізде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстар өткен өмірдің даму тарихының алғашқы кезеңдерін ашып, дүние жүзілік адам қоғамының зерттелуіне өз үлестерін қосуда. Қазақстан жерінде алғашқы адамдардың тастан жасалған құрал-саймандары, қоныс-жайлары табылып отыр. Бұл архео-логиялық ескерткіштер Қазақстандағы алғашқы қауымдық құрылыстың болғандығын дәлелдейді.
Адамның алғашқы еңбек құралдары тастан жасалған. Сондықтан да аса ұзаққа созылған алғашқы тарихи кезең – тас дәуірі деп аталады. Тас дәуірі мынадай 3 кезеңге бөлінеді:
Палеолит – ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін).
Мезолит – орта тас дәуірі (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар).
Неолит – жаңа тас дәуірі (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар).
Өз кезегінде палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді: 1) ерте палеолит (б.з.б. 2,5 млн. – 140 мың жылдықтар); 2) орта палеолит (б.з.б. 140 – 40 мың жылдықтар); 3) кейінгі палеолит (б.з.б. 40 – 12 мың жылдықтар).
Соңғы жылдары бұл схемаға кейбір өзгерістер енгізілді. Бірқатар авторлардың пікірі бойынша: олар палеолитті екі дәуірге – ерте және кейінгі дәуірге бөліп, мустье мен кейінгі палеолит арасына меже қояды. Бұл кезеңдеу бойынша ерте палеолит үш ірі дәуірге бөлінеді: олдувэй дәуірі (б.з.д. 2,6 млн. – 700 мың жыл), ашель дәуірі (б.з.д. 700 – 150-120 мың жылдықтар) және мустьер дәуірі (б.з.д. 150-120 – 30-25 мың жылдықтар). Кейінгі палеолит б.з.д. 30-25 – 12-10 мың жылдықтарды қамтиды.
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамның іздері ерте палеолит дәуіріне жатады. Ежелгі адамның қалдықтары әзірше табылған жоқ, бірақ олардың мекен-жай, тұрақтары табылып, зерттелуде. Адамдардың қоныстануына қолайлы жердің бірі Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау жотасы болды. Осы жерден тастан жасалған ең көне еңбек құралдары табылды. Көне тас дәуірінің алғашқы кезеңінің ескерткіштері Қазақстанның оңтүстігінен, Арыстанды өзенінің бойынан Қызылтау, Тәңірқазған, Бөріқазған, Тоқалы және Ақкөл деген жерлерінен табылған. Шу өзенінің оң жағындағы Қазанғап шатқалынан осы дәуірге жататын ескерткіш табылды. Қарасу тұрағынан тастан жасалған 15 мыңға жуық заттар табылған.
Орталық Қазақстанда ежелгі палеолит адамы оңтүстікке қарағанда кешірек пайда болған. Ол көбінесе Балқаштың солтүстік жағалауын мекендеді. Бұл жерден сол уақыттағы адамдар тұрағы көбірек табылды.
Ерте палеолит кезінде адам тасты жару үшін екінші тасты пайдаланған – оларды бір-біріне соғатын болған. Мұндай тәсілді жарып түсіру техникасы яғни малтатас мәдениеті деп атап кеткен, өйткені шикізат ретінде көбінесе өзен малтатастары пайдаланылған. Ерте палеолитте адамдар тасты жару үшін жұмыр тас қолданды. Дайындалған құрал кейін шапқыш ретінде қолданылды. Бұл кезде қол шапқы қарудың аса оңтайлы, кең тараған түрі болды. Орта палеолит (мустьер) кезеңінде тас өңдеу әдістері жетілдіріле бастады. Енді еңбек құралдарын дөңгелек өзек тастан (нуклеус) жасау әдісі кең тарады. Сол кездегі қарулардың негізгі түрлері тілгіштер мен қырғыштар болды. Бұл кезеңде адам ағаш бұтағын бір-біріне үйкей отырып немесе шақпақ тастарды ұрып ұшқын шығарып, от алуды үйренді. Алғашқы діни сенім қалыптасты. Мустьерліктер өлген адамның аяғын бүгіп, бір қырымен жатқызып жерлеген. Өмір мен өлім туралы түсінік, өлгендерге құрметпен қарау белгілері пайда бола бастаған. Ежелгі адамдардың ұйымы – үлкен қауым орта палеолитте қалыптасты.
Кейінгі палеолит біздің заманымызға дейінгі 40 мың жылдан 12 мың жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұл – адамзаттың жердің барша климаттық зоналарына тарап қоныстанған және нәсілдер мен нәсілдік топтардың құрылған кезі. Осы дәуірде дене бітімі қазіргі адамдарға ұқсас адамдар («саналы адам») қалыптасты. Мұндай адамның сүйегі бірінші рет Франциядағы Кро-Маньон үңгірінен табылғандықтан, оны кроманьондық деп атайды. Бұл кезеңде пышақ тіліктер, қырғыштар т.б. тас құралдары пайдаланылды. Қарулар жетілдірілді. Аң аулауда найза лақтырғыш қолданылды.
Қоғамдық қатынастар жетіліп, адамдардың бірлескен ұйымының түрі – рулық қауым қалыптаса бастады. Оларда мықты аналық рулық қауым қарым-қатынасы орнады.
Оңтүстік Қазақстаннан бірқатар кейінгі палеолиттік ескерткіштер табылды. Олардың ішіндегі ден қоярлығы Шолаққорған қалашығының батыс жағынан табылған Ащысай тұрағы. Орталық Қазақстандағы Батпақ тұрағынан ірі қырғыш тастар мен сүңгінің ұштары табылды. Үшінші Қарабас көмбесінен 172 порфириттен жасалған заттар табылды. Шығыс Қазақстанда Қанай, Свинчатка, Үңгір және Ново-Никольское тұрақтары белгілі.
Кейінгі палеолит кезеңін мезолит (Б.з.д. 12-5 мыңжылдықтар) алмастырды. Бұл кезең аз зерттелген. Сондықтан Қазақстан жерінен табылған ескерткіштер де сирек. Бұл кезеңде жебелі садақ пен бумеранг дүниеге келді. Қазба жұмыстары кезінде садақ жебесінің доғал және домалақ ұштары да табылды. Олар терісі бағалы аңдардың терісін бүлдірмей аулау үшін қолданылды. Сондай-ақ уланған немесе өртегіш жебелер кеңінен пайдаланылды. Тас өңдеу әдісі де жетілді. Пышақ тәрізді тілгіштер басқа құралдардың бәрін ығыстырып шығарды. Адамдар тас тілгіштерге ағаштан қолға ұстайтын сап орнатуды үйренді. Балық аулау кең тарады.
Сөйтіп, қорыта келгенде, тас дәуірінде адамның пайда болуы, қалыптасуы және алғашқы адамдардың Қазақстан аумағына қоныс аударуы мен игере бастауы үрдісі жүрді.