Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық– педагогикалық мінездемесі Төлепбергенов А. М., Кударинова А. С



Дата28.06.2017
өлшемі100,09 Kb.
#20190
Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық– педагогикалық мінездемесі

Төлепбергенов А.М., Кударинова А.С.
Психикалық даму тежелуі мәселесі дүниежүзілік психологтар мен педагогтардың бірден–бір көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Олар кемақылдар қатарына жатпайтын, бірақ білім қорының көлеміне қарай оларды қорытуға жеткілікті икемділіктері болса да алғашқы сыныптарда мектеп бағдарламасын игере алмайды. Психикалық дамуы тежелген балаларды жан – жақты зерттеу 1960 жылдардан басталады: осы жылдары енгізілген міндетті орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының күрделенуі көптеген балалардың сабақ үлгерімін төмендетті. Тіптен кейбіреулері бағдарламаны игере алмады, білім сапасы төмендей бастады [1-4].

Осы кезде шет елдерде оқу үлгерімінің сапасы, білім деңгейін көтеру бағытында ғылыми зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемлекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға ынтасы аз балаларды ғылыми психологиялық, педагогикалық тәсілдермен зерттеу арқылы «оқу қабілеті төмен, оқуда қиындықтар кездесетін», «педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған», «тәртібі бұзылған», «бейімделмеген», «миында болмашы зақымданулары бар» балалар деген топтар айқындала бастады.

Мектеп жасындағы бұл балалардың бәріне тән кемістік–үлгермеушілік. Оның басты себебі: бастауыш сыныптарда анық байқалатын психологиялық әрекеттердің кейбір түрлерінің тежелуі немесе уақытша қалыптаспауы. Бұл ауытқу көбінесе 5–6 жастан 11–12 жас аралығында кездеседі. Олардың кемақылдылықтың жеңіл түрлері кездесетін балалардан ажырату үшін, Сухарева Г.Е «психикалық дамуы тежелген балалар (ПДТБ)», немесе біздің елдегі дефектология саласында қалыптасқан психикалық дамуы тежелген» деген терминді енгізді [5].

Бұл термин осы уақытқа дейін қолданылады. Бұл балалардың интеллектуалды дамуының зақымдану дәрежесі – олигофрения мен интеллектісі қалыпты дамыған балалардың арсындағы аралық орын алады, (яғни, интеллектісі кемақылдылықтан жоғары, ал қалыпты дамыған интеллектіден көп төмен). Психикалық дамудың тежелуі уақытша болуы да мүмкін. Интеллектуалды жетіспеушіліктің туа біткен жеңіл түрлері де болады, осындай түрдегі балалар мен ересек адамдарды конституционалды ақымақтар деп атайды.

Психикалық дамуы тежелген балалардың кемістіктерінің негізгі себептері, психологиялық – педагогикалық мінездемеге тоқталып кетсек.

ПДТ – інің себептері кемақылдылықтың себептеріне ұқсас, бірақ олардың әсері жеңілдеу. Анықталған негізгі этиопатогенетикалық себептерге тоқталсақ:нәрестенің анасының құрсағында дамуы кезеңінің бастапқы немесе соңғы айларында әр түрлі зиянды себептердің оның миына әсер етуі;нәрестенің босануы кезінде сүйегі мен миының жеңіл зақымдануы;бала туғаннан кейін, әсіресе алғашқы айлары мен жылдарда әр түрлі соматикалықнемесе жұқпалы аурулармен ауыру; отбасында дұрыс тәрбие мен күтімге көңіл бөлмеу; психогенді жағдайларының кері әсерінен де пайда болуы мүмкін: бала ата–анасынан айырылғанда, толық эмоционалды қарым–қатынастың болмауынан; жаңа туған нәрестелерді мен жас балалардың тастанды балаларға арналған балалар үйлерінде дұрыс тәрбиеленбеуі; мейірім мен жақсы көріп еркелету – сүйіспеншілік сезімдердің жетіспеуі; сияқты және басқа да зиянды себептер баланың психикасының қалыптасуын тежейді, әсіресе эмоционалды – жігер әрекеттерін төмендетеді, содан барып инфантилизм қалыптасады.

ПДТ балаларды жіктеу тәсілдері.

Қазіргі уақытта балалардың ПДТ жан – жақты клиникалық, психологиялық және педагогикалық бағыттарда зерттелген, оның клиникалық белгілері анықталған.

Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарында Сухарева Г.Е., ВласоваТ.А., Певзнер М.С., Лубовский В.И., Лебединская К.С. жоғарыда көрсетілген топтардағы балалардың бәрінде әр түрлі дәрежеде психикалық функциялардың тек тежелуі ғана болатынын анықтады. Осымен қатар, ПДТ балаларда кездесетін этиопатогенетикалық өзгерістердің сапасы көрсетіледі Ең негізгісі, бұл балалардың орталық жүйке жүйесіндегі өзгерістер күрделі емес, жеңіл, өтпелі екені анықталды. Кейбір жағдайда мида патологиялық өзгерістер тіптен байқалмайды, тек қана оның әрекеті әр түрлі себептердің салдарынан уақытша нашарлайтыны анықталды. [6, 7, 8].

ПДТ бар баланың жеке басын қалыптастыруда эмоционалды (сезімдік) даму дәрежесіне, сонымен қатар нейродинамикалық бұзылуларға (астениялық және церебрастениялық жағдайлар) байланысты М.С. Певзнер мен Т.А. Власова псхикалық дамудың тежелуінің негізгі 2 түрін анықтады [9].

А)Психикалық және псхофизикалық инфантилизм негізіндегі ПДТ (жүкті кезеңдегі баланың орталық жүйке жүйесіне зиянды әсер етумен байланысты).

Б)Баланың өмірінің ерте кезеңінде түрліше патогенді (ауру туғызатын) факторлардың нәтижесінде пайда болған, баланы астениялық және церебастениялық күйге әкелген ПДТ.

Ал К.С.Лебединская клиникалық зерттеулерінің нәтижесінде психикалық дамудың тежелуінің төмендегідей клиникалық түрлері айқындалған:

1.Конституционалды немесе гармониялық инфантилизм түрінде қалыптасатын ПДТ. Бұл топтағы балалардың негізгі клиникалық белгілері эмоциялары мен жігерлік қасиеттерінің тежеліп, жас жағынан көп кіші балаларға тән мінез, еркелеу, қуаныш – реніш, аңқаулық, сенгіштік сияқты психикалық ауытқулар. Керісінше, өз жастарына тән іс–әрекеттерге (оқу, жаттау, ойлану, сапалы іс бітіру, жауапкершілік) ынталары болмайды.

2.Соматогенді ПДТ. Бұл топтағы балалардың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себептері: баланың іштен туа немесе жүре келе жүрек, бүйрек, өкпе ауруларымен жиі ауыруы, созылмалы аурулардың асқынуы, жүйке ауруларының әсері сияқты соматогендік зақымданулар балаларда астениялық жағдайларды қалыптастырады. Осыдан барып, балалардың психикалық тонусы төмендеп, оның дамуы тежеледі. Жиі кездесетін клиникалық белгілері: әлсіздік, дәрменсіздік, қорқақтық, өзіне – өзінің көңілі толмаушылық, жалтақтаушылық. Көптеген балаларда жоғарыда келтірілген кемістіктер отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан, баланы қорқытып, жәбірлеп, ұрып – ұрсып, қорқытып өсіруінен болса, ендігі бір жағдайда ата – ананың баланы қорғаштап, оның айтқанын істеп, шамадан тыс еркелетіп, олардың өз бетімен талаптанып, ойланып, шынығуына тиісті жағдай жасалмағандықтан.

3.Психогенді ПДТ. Бұл топтағы балалардың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себебі: баланың жас кезінде отбасылық жағдайда немесе әр түрлі созылмалы жүйке ауруларының салдарынан психикалық күйзеліске ұшырауы. Баланың эмоционалдық және жігерлік әрекеттері өте төмен. Бала ынжық, өзіне сенімсіз, әр нәрсеге, әр адамға күдікпен қарайды, жалтақтап, сезіктеніп тұрады.

Көрсетілген этиопатогенетикалық өзгерістер негізінде психогенді ПДТ жиі кездесетін түрлері:

1)психиканың тұрақсыздығының себебі – гипоопека (гипо – кем немесе аз деген мағына береді) салдарынан баланың жауапкершілік және сезім әрекеті қалыптаспайды, тәртібі, белсенділігі тежеледі. Пәндерге қызығушылығы төмен, ал білім деңгейінің жеткіліксіздігінен балалар кім не айтса, соған сенеді, көп өзгерістердің мағынасын түсінбейді.

2)«Жанұялық табыну», бұл да аномальды даму варианты, гиперопеканың (гипер – артық, көп деген мағынаны көрсетеді) белгісі – баланы өте еркелетіп тәрбиелеу. Осымен қатар балалардың дербестік, белсенділік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырмайды, сондықтан балада өзімшілдік (эгоцентризм) және дараланушылық (ешкіммен араласа алмайды) белгілері байқалып, жұмыстан, ойланатын ойыннан қашып, үздіксіз көмек пен қамқорлықты тұрақты қажет етуі байқалады.

3)невроз типі бойынша патологиялық даму варианты, ата – аналарынан және басқа отбасы мүшелерінен дөрекілік, қатыгездік, қаталдық көрген балаларда кездеседі. Осыдан барып дербестік, батылсыздық, шамалы белсенділік, жүрексіздік, қорқақтық біліне бастайды.

4)церебральды – органикалық ПДТ. Бұл топтағы балалардың психикалық тежелуінің басты себебі – жоғарғы жүйке жүйесінің әрекетінің жеңіл түрде зақымдануы, немесе бас миының кейбір бөліктеріндегі өтпелі қабыну процесстері. Сондықтан бір қарағанда психикалық тежелу күрделі, кемақылдылыққа ұқсағанымен, мидағы өзгерістер органикалық сипат алмағандықтан бұл патология дер кезінде анықталса, дұрыс, жан – жақты емдеу – түзету әдістері қолданылса балалар уақыт өте келе өз қатарлы дені сау балалармен бірдей дәрежеге жетеді [10].

Сонымен, жоғарыда көрсетілген ПДТ – інің клиникалық түрлерінің жіктелу негізіне этиопатогенетикалық өзгерістер мен олардың әсерінен туындайтын клиникалық белгілер алынған. Бұл өзгерістерді білікті мамандар, медициналық – педагогикалық және психологиялық комиссиялардың мүшелері ғана анықтай алады. Дегенмен, жиі кездесетін белгілеріне тағы бір тоқталайық. Психикалық дамудың тежелуіне тән белгілер:тез жалығу мен шаршаудың әсерінен ынта мен қабілеттің төмендеуі;сезім мен еріктің жетілмеуі;жалпы мәлімет пен елестету қорының шектелуі;сөздік қорының жеткіліксіздігі; интеллектуалды іскерлік, ойлауәдетінің қалыптаспауы;ойын іскерлігінің толық қалыптаспағандығы; қабылдаудың баяулауы; сөйлеу логикалық операциясының ойымен қиылыспауы;ақыл – естің барлық түрлерінің бұзылуы;сенсорлық мәліметтерді қабылдау мен оны түсіну мерзімінің ұзақтығы; өзін – өзі бақылау деңгейінің төмендігі; мектеп жасына келгенде оқу, ойлау операцияларының қалыптаспауы – талдау, жинақтау, салыстыру, қорыту әдістерінің негіздерін түсінбеуі.

Осы өзгерістердің дәрежесіне сай, баланың жасын ескере отырып, оларды әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу, оқыту және түзету жолдарын айқындайды. Нәтижелі арнайы әдістерді қолдану осы балаларға арналған арнайы балалар бақшалары мен мектептерде, мектеп – интернаттарда немесе жалпы мектептердің арнайы түзету сыныптарында дұрыс жолға қойылған.

Психикалық дамудың тежелуі мен кемақылдылықты ажырату тәсілдері (психикалық дамудың тежелуі мен кемақылдылықты ажырату өте күрделі, оны тек компонентті, білімді, жан – жақты хабардар мүшелері бар дәрігерлік – педагогикалық комиссия ғана шеше алады):

А)мұғалімнің көмегін өте жақсы қолданады және көрсетілген әрекет - амалын тапсырмаға ұқсас етіп көшіруге қабілетті;

Б)ПДТ бар балалар оқу техникасын ұғынып, мұғалімнің тапсыруынсыз – ақ қайталап оқуға талпынып, оқығандарын түсінуге тырысады. Кемақыл балалар оқығандарын түсінбейді және қайталап оқығанын айту кезінде ойлары тиянақсыз және қисынсыз болып келеді;

В)фонетикалық және фонетико – фонематикалық талдаудың айрықша бұзылуы, моторикалық әрекеттерінің дамымауы және айналасындағы кеңістікті қабылдауы, жазуының салақтығынан білінеді;

Г)математиканы оқу кезінде сандардың құрамын, есептің ондықтан, жүздіктен ауысуын және т.б. амалдарын меңгеру қиындыққа түседі, бірақ дұрыс көмек болса оны игереді, сондықтан кемақыл балаларды оқытуға қарағанда мұғалімдер тарапынан көрсетілген көмек өте нәтижелі;

Д)сөз қорының аздығы, жеткіліксіздігі және сөйлеудің артикуляторлық аппаратының аз қимылдауына байланысты ПДТ бар балаларға арналған мамандандырылған мектептердегі логопедиялық сабақтардың көмегімен сапалы түзетіледі.

Е)есте сақтаудың барлық түрлерінің жеткіліксіздігі (еркіндік, еріксіздік, уақытша, ұзақ уақытты) ПДТ бар балаларда анықталады. Бірақ мұғалімнің көмегімен берілген тапсырманы ережеге жақын деңгейде орындауға қабілетті, біршама машықтанғаннан кейін есте сақтау жады дами бастайды. Сабаққа ынтасы ұлғаяды, осыдан барып кемақыл балалардан сапалы айырмашылығы барын айтуға болады.

Ж)мектепке барғаннан кейін көп уақыт тәртібі мектепке дейінгі баланыңкіндей, балалық мінездері сақталып қалады, әсіресе іс – әрекеті қалыптаспаған, баяу, оқуға дайындығы жоқ. [11,12, 13, 14].

ПДТ бар балаларды оқыту, түзету–тәрбиелеу жұмыстарының ерекшеліктері:

Мектеп жасына дейінгі балалардың психикалық дамуын жетілдіру негізінде 3 бағытта жүргізіледі:


  • балаларға жан – жақты диагностикалық тексерулер мен мамандарын, консультативтік кеңестерін ұйымдастыру, негізгі зақымданулардың дәрежесін анықтау;

  • емдеу, сауықтыру, әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру;

  • түзету және дамыту бағыттарында арнайы әдістемелерді құрастырып, оларды қолдану.

Бұл жұмыстар негізінен дефектолог мамандардың қатысуымен жүргізілуі тиіс. Мектеп жасындағы психикалық дамуы тежелген балаларды қалыптастыру негізінен осы балаларға арналып жасалған оқу бағдарламасымен жүргізіледі. Оқу жоспары бойынша балалардың танымдық әрекеттерін дамыту, қоршаған ортамен танысу және әр түрлі құбылыстардың себебін және оның өзгерістерін анықтау, тіл дамыту, еңбекке баулу, әр түрлі пәндерді арнайы дидактикалық әдістемелермен игеру қарастырылған.

Негізгілері: жалпы білім беру циклы сабақтарында, сондай – ақ арнайы оқыту кезінде де әр баламен жеке жұмыс жүргізу;түрліше әдіс – тәсілдермен қажудың алдын алу, яғни, ақыл – ой мен тәжірибелік жұмыстарды алмастырып отыру;қызықты және әсемделген дидактикалық заттарды дайындау, көрнекіліктің түрліше әдіс – тәсілдерін қолдану;баланың білім алу іскерлігін барынша белсенді етіп, олардың сөзін дамытатын және оқу іскерлігіне қажетті дағдыны қалыптастыру әдістерін қолдану;дайындық (оқу бағдарламаның нақты бір бөлігін меңгеруге) жұмыстарын жүргізу және қоршаған орта жайлы білімдерін кеңейтуді қамтамасыз ету;оқуда және оқудан тыс кездерде баланың барлық іскерлігінің түрін дер кезінде, қажетті жағдайда сәйкес үздіксіз түзетуіне көңіл аудару [15, 16].

ПДТ бар балаларды жазуға үйрету жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарламаның тарауы бойынша берілген әдістемелік ұсыныс негізінде құрастырылады.

Сонымен, психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық және педагогикалық мінездемесінде өздерінің жас ерекшеліктерінен әлдеқайда төмен ой өрісі мен таным қабілеттері анықталып отыр. Көптеген авторлар нақты осы балалар категориясын зерттей отырып, оның кемақылдылықтан ерекшеліктері бар екендігін дәелдей алды. Оларды дамыту мен түзету жұмыстарымен қамтыса, және ынталандырушы қолдау жасаса, балалардың жалпы білім беру бағдарламасына көшуге мүмкіндіктері болады.


Әдебиеттер:

1 Н.Ә.Назарбаев «Мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары және оларды қамтамасыз ету заңы» Астана 11 шілде 2002 жыл

2 «Қазақстан Республикасының Білім Туралы Заңы №319» 27 шілде 2007 жыл

3 Ұ.Нұрманбетова, Қ.С.Тебенова, Н.Н.Омарова «Мамандыққа кіріспе, (Дефектология)», Қарағанды, ҚарМУ 2006, 264б.

4 М.С. Искакова «Дефектология» негіздері 31б.

5 Қ.С.Тебенова, А.Р.Рымханова «Арнайы психология», Алматы «Дәуір»  264б.



6 М.С.Певзнер. «Об отборе детей с времменной задержкой темпа психического развития  и стойкими церебро-астеническими состояними в специальные классы.» Дефектология 2003 №5 18б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет