Психология пәні Бақылау сұрақтары: Психологияға ғылым ретінде анықтама.
Психология танымдық психикалық үрдістерді зерттейді (оның көмегімен адамдар қоршаған ортаны танып біледі): түйсіктер, қабылдау, ес, ойлау, қиял; ол адамның сезімі мен ерік-қайратын және жеке тұлғаның дара ерекшеліктерін зерттейді; атап айтқанда, темперамент, мінез, қабілеттілік, қажеттілік, қызығуы. Психология ғылымы сонымен қатар адамның іс-әрекетінің ерекшеліктерін зерттейді (дағдылары, әдеттері, еңбек және шығармашылық қызметі, кез-келген іс-әрекеттің қажетті саласы ретінде зейінді қарастырады).
Адам психикасының жануарлар психикасынан сапалық айырмашылығы бар. Адам психиканың ең жоғарғы түрі -сананың болуымен ерекшеленеді. Адам саналы құбылыс болып табылады. Сана адамның мақсатты еңбек қызметінде, іс-әрекеті мен мінез-құлқында аңғарылады. Адам белгілі бір іс-әрекетті орындамастан бұрын, оны ой елегінен өткізеді, алға қойған мақсатқа жетудің жолдары мен тәсілдерін жоспарлайды.
Психикалық өмірдің құбылыстары жан-жақты, бірақ олар бір-бірінен томаға тұйық өмір сүрмейді, бір-бірімен байланысты.
Психология ғылымының ең негізгі міндеттерінің бірі - барлық психикалық құбылыстарды зерттеу және түсіндіру болып табылады, демек, олардың пайда болу, қалыптасу және даму негізіне жататын объективтік заңдылықтарды ашып көрсету. Психикалық өмірдің заңдылықтарын білу, оны оқыту және тәрбие тәжірибесінде пайдалану үшін қажет. Тек қана психикалық үрдістер мен құбылыстардың заңдылықтарын білу және оларға арқа сүйеу, белгілі-бір шәкірттің дара психикалық ерекшеліктерін ескере отырып, оқыту және тәрбие үрдісін дұрыс ұйымдастыруға болады.
Психология ерте заманнан келе жатқан гылым саласының бірі. Оның дүниеге тұңгыш келген жері - Греция.
Пән атының өзі де грек тілінен аударуында психология - жантуралы ғылым (психо - "жан", логос - "ғылым") дегенді аңғартады. Осыдан, жан жөніндегі зерттеулер мен түсініктер психологияның пәндік аймағының кемелденуінде бірінші кезең болды да психология әуел бастан жан туралы ғылым деп танылды. Бірақ бұл жанның не зат екеніне жауап табу оңайға соқпады. Әр тарихи дәуірлерде ғалымдар бұл сөз мағынасын сан қилы түсіндірді. Психика мәніне байланысты көзқарастардың қалыптасуы мен дамуы философияның өзекті мәселесін - материя мен сана, заттық және рухани болмыстардың ара қатынасын - шешуге тәуелді болып келді.