Публицистикалық шығармашылық негіздері


Отыншы Әлжановтың публицистикасы



бет17/56
Дата07.09.2022
өлшемі2,01 Mb.
#148925
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   56
Байланысты:
ZhakypB-публикалы0-шы5арма

Отыншы Әлжановтың публицистикасы

“Дала уалаятының газетіне” жиі жазып араласқан автор-дың бірі – Отыншы Әлжанов. Отыншы Әлжанов – ХІХ ғасыр-дағы қазақтың ірі қалам қайраткері, қоғам өміріндегі аса маңызды мәселелерді баспасөз бетінде үзбей көтеріп отырған көрнекті публицист. “ол 1873 жылы 12 тамызда Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысына қараған №6 ауылда (қазіргі Ақсуат ауданында) туған. 1882 жылы Зайсан қаласындағы ер балаларға арналған бастауыш орыс-қазақ училищесіне оқуға қабылданып, оны 1887 жылы бітірген. Сол жылы Омбы қалалық мұғалімдер семинариясына емтихан тапсырып, оны 1890 жылы бітірген. Омбы округтік сотында бірнеше жыл тілмәш болып, Көкпекті қаласындағы мектепте басшылық қызмет атқарады. Сол кездерден бастап оқыту ісімен бірге, саясатпен де айналысады. Өзі туып-өскен Зайсан, Тарбағатай өңірлері мен оқыған және қызмет істеген Омбы, Ақмола өлкелерінің ел арасындағы сақталған ауыз әдебиет үлгілерін жинау барысында қазақ еліне үкімет тарапынан жүргізіліп отырған әділетсіздікті, озбырлықты өз көзімен көреді. Көргендерін қазақ және орыс тіліндегі басылымдарда жариялайды…” [143, 11-12 бб.].


1894 жылы “Дала уалаятының газетінің” 36-нөмірінде Отыншы Әлжановтың “Бақсылар, дуаналар” атты танымдық мақаласы жарияланды. Бұл тақырыпқа сонау 1862-1863 жылдары Шоқан Уәлиханов қалам тартып еді. Шоқанның “Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары туралы” мақаласын Н.И.Веселовский 1904 жылы тұңғыш жариялаған болатын. Бұл мақаласында Шоқан қазақтардың наным, сенімдеріне жан-жақты тоқталып, тәңірі, шаман, отқа табыну сияқты ұғымдарға ғылыми дәйекті тұжырымдар айтқан болатын. Мәселен, шамандық туралы ол былай деген екен: “Шаманы почитались как люди, покровительствуемые небом и духами. Шаман – человек, одаренный волшебством и знанием, выше других, он поэт, музыкант, прорицатель и вместе с тем врач.
Киргизы (қазахи – Б.Ж.) шамана называют бахши [баксы], что по монгольский значить учитель, уйгуры бахшами называют своих грамотников, туркмены этим именем зовут своих певцов. Команы называли шамана кам, так называют его и теперь сибирские татары” [144, 302 б.]. Отыншы Әлжанов-тың мақаласы да қазақ арасындағы бақсылықтың алатын орны, оған сол кездегі көзқарас туралы тартымды жазылған. Кейбір баяндаулары Шоқан ойымен үндес, сарындас келіп жатады. Мәселен, “Бұрынғы өтіп кеткен шаман заманынан біздің қазақ халқының ойлаған ойында, ғұмырында әр түрлі рәсім қалды. Кәріп болып жүрген уақытта біздің қазақтар көп құдайлар бар, бұлардың бастығы тәңір деген деп білуші еді…
…Сол уақытта құдайлардың таңдап алған адамдары бақсылар деп білуші еді. Және сол уақытта төрелерден соңғы бақсы еді. Бақсылар тасаттық шалған малдарды бауыздап жүріп дәрігерлік қылушы еді. Бақсылардың сол күнгі қыла-тұғын нәрселері осы күнге шейін қалды” /ДУГ. 1894, №36/, – деп жазады. Мақалада бақсылардың “бұлтты күні ашу шақырып, құрыстап талып қалатыны”, “ән салып, дамылсыз өлеңдер айтып құдайға һәм дию, пері жындарға жалбары-натыны”, “сый берсе шәкірттеріне бата беретіні”, “қобызы, асасы, немесе домбырасы болатыны”, “Қорқыттың күйін, басқа да жын шақыратын күйлерді үйреніп алатыны”, “қара қой сойғызып, өкпесімен науқасты қағатыны, терісімен орап, немесе жалаңаштап шидің ішіне отырғызып, 40 шелек қайнаған жылы су құятыны”, “41 құмалақ салатыны”, т.б. қасиеттерін кеңінен толғай әңгімелей отырып, бақсылықтың ерекшеліктерін дәл көрсете білген. Кейінгі кездерде бақсылар-ға қазақтар көп иланбайтынын да жазған. “Шайқы-Бұрқы піріне табынатын” дуаналардың ерекшелігін де қызықты баяндайды. Жалпы бұл мақала аударылып “Киргизская степная газета” бетінде де жарияланады. Автор өзі көрген, ел ішіндегі наным-сенімдер туралы тартымды танымдық мақала тудырған. Шоқанның мақаласындай ғылыми тұжырым, талдауларға бар-мағанмен, ел ішінде бақсылық туралы айтылатын әңгімелердің басын құрастырып, жазып шыққан. Бір назар аударатын жайт – ХІХ ғасырдың аяғындағы халықтың бақсылыққа көзқарасы көрініс тапқан. Көп жұрт сенбейді, бақсылықты намыс көреді, күлкі етеді /ДУГ. 1894, №36/,– деп жазады автор.
1895 жылғы газеттің 11, 12 нөмірлерінде қазақ елінің әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойын сауықтары туралы этнографиялық мәліметтер беретін “Қырдағы Рамазан айт” мақаласы жария-ланды. Бұл мақаланың да танымдық қыры мол. Әсіресе діни тақырыпты қозғағандығымен өзгешеленеді. Сондай-ақ мұнда қазақ халқының әдет-ғұрпы үлгілі баяндалады.
Мұсылмандықтың бес парызы туралы айтылуы, ораза айт мерекесін қырдағы қазақтардың тойлау рәсімдерінің жазылуы-ның тағылымдық жағы бар. “Айт деген сөз арабша қуаныш деген сөз-дүр. Ораза айт яғни оразаның қуанышы жыл сайын 11 я 12 күн ерте келіп тұрады” /ДУГ. 1895, №11, 12/, – деп басталған мақаланың құрылымындағы тартымды тұстары – айтты қазақтардың қалай тойлайтындығы туралы баяндалған.
Айтқа бауырсақ, шелпек нан, қымыз, айран даярланатыны, жаңа ай туғандығын көргендері ерекше қуаныш, бозбалалар-дың жүйрік аттарын жаратуы, жұрттың ерекше жасанып киінуі – бәрі-бәрі айтқа әзірліктің айқын көрінісін жайып салады. “Адамдардың сөйлескені, аттарының кісінеп, дүрсілдегені, түйелердің бақырғаны, қойлардың маңырап, иттердің үргенінің бәрі қосылып таңғажайып болып күңіреніп кетеді. Бұл күңі-ренгені алыс жайларға естіліп қазақтардың бек шаттық, қуаныштарын білгізеді…” /ДУГ. 1895, №11, 12/.
Намаз оқылады, бұдан соң шалдар шалдармен, бозбалалар бозбалалармен, қыздар қыздармен, жас келіншектермен жүріседі, топтанып ауыл-ауылды қыдырады – осының бәрі мәре-сәре қазақ халқының бәйге, балуан күрес, қыз қуу, көкпар сияқты ұлттық ойындарының әрқайсысының қалай өтетіндігі, шарттары мен талаптары, алатын жүлделеріне шейін жан-жақты көрсетіледі. “Мұндай тамашалар үш күн я мұнан да көбірек болады” /ДУГ. 1895, №11, 12/, – деп тамамдайды. Мақаланың қысқаша мазмұны осы. О.Әлжановтың айт мере-кесінің ертеде қалай тойланатындығын жазған мақаласынан бүгінгі күнде де алар тәлім, үйренерлік жайттар көп. Өсер ұрпақ өткеннің жақсысынан өнеге алып отырса керек. Дәл осы тұрғыдан келгенде, Әлжанов жазғаны - өмірдің өзінен алынған өміршең туынды деп бағалауымыз керек.
Публицист-Әлжанов әр мақаласында қоғамдағы болып жатқан әр түрлі оқиғаны нысан етіп, содан түйін, тұжырым жасайды. Өзінің автор ретіндегі ұсыныстарын білдіреді. “Же-тімдерге жәрдем қылмақтың мәслихаты” атты проблемалық мақаласында адам баласымен бірге жасап келе жатқан жетімдік проблемасына назар салады. Автор, “Қазақтар, О, рахымды жақсы адамдар!” /ДУГ. 1895, №13/ – деп барша қауыммен ақылдасады, кеңеседі, ой тастайды. Қазақ ішінде жүрген жетім балалардың ауыр тағдыры туралы толғанады. Публицистің ойынша, ауыл-ауылда қаңғырып жүрген, мал бағып жүрген, ата-анасы жоқ, қамқоры жоқ, ішерге асы, киерге киімі жоқ балалар бар. Соларды шетке қақпай ішке тарту керектігін айтады. Әйтпесе, олардан көргенді жақсы азамат шықпайды. Олар ұрлыққа, алдаушылыққа, жаман жолға түседі. Сондықтан да Россияның шаһарларындағы, басқа да алдыңғы қатардағы елдердегі сияқты жетім балалардың басын қосатын қамқорлық орталықтарын, қайырымдылық ұйымда-рын ашу керектігін мәселе етіп қояды. Оларға киіз үй беріп, соның ішінде жақсы молдаларды тартып ақысыз оқытса, жақсы алтыншы, күмісші, зергер, үйші, етікшілерді тартып сол өнерлерге үйретсе, жетім балалардан жақсы адамдар шығар еді /ДУГ. 1895, №13/, – деген нақты ұсыныс пікірін білдірген. Шын мәнінде бұл проблема қазіргі күнде де бар. Сонау ХІХ ғасырдың аяғында Әлжанов – публицист көтерген проблема әлі де күн тәртібінде тұр.
Газеттің 1895 жылғы 46 нөмірінде “Қазақтардың медресе ашқандары” атты проблемалық корреспонденциясы шыққан. Автор Омбы оязының бес би-болысы әрбір елден бір-бір медресе ашып, орысша, қазақша балаларын оқытқалы жатқанын естіп қатты қуанады. Сол қуанышымен қалың қазақ қауымымен бөліседі. “Байқап қарасақ, бұл Омбы оязының қазақтарының бұл ісі бірінші, бек жақсы жаһұт көрінеді. Кім-кімге болса да осы заманда өнер, ғылымнан артық нәрсе болмас. Өнер, ғылым білген кісі азбайды да тозбайды. Қай жерде қай уақытта болса да өнерпаз, ғылымы бар адамдар күнін көреді. Сол себепті біздер қазақ халқымызға ақыл қылып айтамыз, медресе салып, балаларын оқуға беруге. Қарындастар, ақыл тоқтатып қараңыздар, оқу білген жақсы ма, жоқ оқу білмей ақымақ болып жүрген жақсы ма?” /ДУГ. 1895, №46/ – деп оқырманның өзіне ойлы сұрақ қояды. Осы сұрақта үлкен мән бар. Публицист заман сауалын қоя отырып, бүкіл қазақты оқу-білімге үндеп, медресе салуға шақырады. Публицистің әр сөзінде мән-маңыз бар. “Шығатын шығынына қарамаңдар. Мал, дәулет ғылыммен табылады” /ДУГ. 1895, №46/, – деген байыпты, көпті көрген ақыл иесінің өсиетін айтады. Ал осындай шақырулар мен ойлы ұсыныстар дәл сол кезеңде керек еді. Публицистика қоғамдық пікір қалыптас-тырып қана қоймайды, нағыз публицистика іс-қимыл, әрекетке бастайды, – деген теориялық тұжырымдар дәл осындай мысалдарға айтылса қажет.
“Мал дертінің уақытында қазақтардың нанғыштығы” /ДУГ. 1895, №48/ мақаласында – қазақтардың көне наным-сенімдерін сынға алады. Малға топалаң, мәлік, жамандат індеттері келгенде қыр қазақтары ауызбен айтса жеткізгісіз, пайдасыз ырымдар жасағанының дұрыс емес екендігін ескертеді. Одан да мал фельдшерлеріне хабар беріп, дәрігердің айтқанын орындау керектігіне ақыл-кеңес береді.
“Ғылымға қарай тағы бір қадам” атты корреспонденция-сында да – көпшілікті оқу-білімге шақырады. “Өткен декабрьде Семейден отыз шақырым тұратын Ақкөл – Қызылкөл қаласында қазақ, ноғай болып бір медресе ашты. Онда балалар орысша, мұсылманша оқиды. Мұны байқау керек, Семей облысының ішінде орысша оқитын мұсылман медресесінің әуелі бұл, мұнан басқа жоқ” /ДУГ. 1896, №3/, – деп қуана хабарлайды. Әрі қарай осындай медреселерге дәріс оқитын молдалардың жоқтығын мәселе етіп көтереді. Оған шешім ретінде жоғарғы ұлықтар көмегін сұрайды. Және Омбыдағы учительский семинариядан бала оқытатын моллалар дайындап қазақ ауылдарына жіберсе деген өтініш айтады. Отыншы Әлжанов – өз көзі көрген проблеманы айтып қоя салмайды. Сол мәселені шешудің нақты жолдарын да көрсетеді. Бұл оқығаны мол, көргені көп, білікті, білімді публицистің жазу тәсілін аңғартады.
“Қазақ балаларын тәрбиелемек турасынан өсиет әңгіме-лер” атты көлемді мақаласында Отыншы Әлжанов қазақ ішін-дегі бала тәрбиесінің жеткіліксіздігін сынайды. “Нәрестелік пен кәміл толық жастық арасын тәрбие уақыты деп білеміз” /ДУГ. 1898, №13/, – деген тұжырымды ой айта отырып, егер мал күтіп, ата-анасын, өзінен үлкендерді сыйлап, құрметтеп, рәсімдер, заңдар бойынша жөн-жосық білсе болды – қазақтар бала тәрбиесі бітті деп есептейтінінің дұрыс еместігін көрсетеді. Ал әйел балалар мал сауып, тамақ даярлап, киім тігіп, үйді жығып һәм тігуін білсе, бұлардың да тәрбиесі бітті деп санау дұрыс еместігін айтады.
“Жас бала ұрпақпен тең. Жақсы жердің топырағына түскен ұрық өсіп-өніп шығады. Тастау, топырағы жаман жерге түскен ұрық күйіп, кеміп, қурап қалады. Баланың ата-анасы топырағы жақсы жермен тең, бала жерге шашқан ұрықпен тең” /ДУГ. 1898, №13/,– деп қазір де құнды, ескеруге тұрарлық бағалы пікірлер төгеді. Тәрбиенің: “дене тәрбиесі, әдеп-инабат тәрбиесі һәм ақыл-өнер тәрбиесі, дін”, – деп 3-ке бөлінетініне көпшіліктің назарын аударады, баланы жас кезінен осы үш тарапта тәрбиелеп өсіру керектігін, олар – ел болашағы екендігіне көңіл аударады. Мақаланың лейтмотиві – “Заманың түлкі болса, құм арлан тазы болып шалып қал” деп біздің бір мақалымыз айтады. Заманымыз жылдан-жылға тарылып, өрісіміз қысқарып, тынысымыз тарылып нашар болып бара жатырмыз, байқап қарасақ заманымыз түлкі болды. Мұны құм арлан тазы болып шалу керек. Қалайша?! Ғылымқор, өнерпаз, айлакер адам – құм арлан тазы. Кел қазақтар, балаларымызды жақсылап тәрбиелеп өсіріп, бұларды оқытайық!” – деп дүниенің кілті – оқу-білім екендігін тағы да жұрт есіне салады. Кезінде “Кел, балалар оқылық!” – деген Ыбырай ұранымен, “Ғылым таппай мақтанба!” деген Абай идеясымен сарындас нұрлы жол, жарқын болашақтың жол бастаушысының бірі – публицист О.Әлжанов екендігіне тағы көз жеткізгендей боламыз. Отыншы екі тілге бірдей жүйрік, білікті қаламгер болған. Өзі еңбекқор, көп жазады, жиі ізденеді. Оның “Билердің бітімдері. Бір үлкен съездегі билер ережесі”, “Мал дауы һәм бас кететін іс. Ереже” сияқты бүкіл елге арналған қаулы, құжаттарды қазақша-орысша жариялауы да елді басқарудағы газет рөлін көтереді. Сондай-ақ ережелердің әр бабына түсініктеме беріп отыруы қазақ даласындағы ел басқарудан, ұлттық құқықтық ілімнен білімінің зор екендігін көрсетеді
О.Әлжанов қазақ даласындағы әйел теңсіздігі мәселесін газет бетінде бірнеше мәрте көтерді. Оның “Қазақ қыздары”, “Осы уақыттағы қазақ ұрғашыларының көрген күнінің қайғы-қапалықта өткенінің баяны” мақалалары бір-бірімен мазмұн-дас, сарындас, идеялас публицистикалық шығармалар. “Қазақ қыздары” мақаласында ел ішіндегі қазақ қыздарының ауыр жағдайы, тұрмысқа ықтиярсыз шығатындығы, ата-анасының айтқанына көніп не жас балаға, не жасы ұлғайған шалға күйеуге шығатындығы сөз болады. Ал екінші мақалада қазақ әйелінің өмірі қорлық, зорлықпен өтетіні, өз сүйген жігітіне тұрмысқа шыға алмай бүкіл өмірі қуғында, қамауда өтетіні баяндалады. Осы себептен Дала уалаятындағы облыстардың әр түрлі мекемелеріне құдалық, неке турасынан арыздың көп түсетіндігі де тілге тиек болады. Қазақ қыздары іштей қайғы-қапасын өлеңмен сыртқа шығаратынына көптеген зар өлеңдер-дің текстерін келтіріп, көтеріп отырған мәселені нақты жыр жолдарымен аша түседі.
“Қазақ қызының бар арманы:// Дүниеде армансыз болар едік,// Күйеуге тиіп кетсек көңілімізбен”,– болып келеді.
“Ата-анам мал үшін мені сатқан,// Баласын іштен шыққан зар жылатқан” /ДУГ. 1894, №33, 34, 35/,– деген жолдарда да қазақ қызының ықтиярсыз тағдыры, ауыр халі жатыр.
О.Әлжанов жер-жерді аралап, ел аузынан ескі әдебиет үлгілерін жинаған. Оны құр жинап қоймай, ертегі, аңыз, әңгіме, хикая түрінде өңдеп жазып, газет бетінде жариялаған. “Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз”, (1897. №13, 14, 18) “Танабай һәм Бабыр” (1897, №40-43) “Едігенің төресі” (1900, №47) “Байғыз” (1899, №30-40), “Қарға баласын “аппағым” дер, кірпікшешен баласын “жұмсағым” дер” (1899, №13), ”Төрешіден қалмайды айтушыдан қалады” (1899, №49), “Тақ Сүлеймен” (1899, №5, 6), “Құдайдың нақ сүйетін құлы” (1900, №17), “Түлкі мен тырна хикаясы” (1900, №48), “Біреу жамандық қылды деп өзің жамандық қылма, өз жамандығың өзіңе жетер” (1901, №11, 13), “Алдаркөсе мен жылан” (1901, №14), “Қарынбайдың хикаяты” (1894, №17), “Толағай һәм Бөрітастаған деген таулар турасынан бұрынғыдан қалған сөздер” (1894, №29), т.б. ертегі, аңыз, хикаяларда астарлап болса да заман шындығы айтылады. Бұл шығармалардың тәрбиелік, тағылымдық мәні өз құнын жоймақ емес. “Қазақтарға пайдалы кітаптар” (1894, №39) атты мақала-рецензияда Катаринскийдің “Букварь для киргиз”, “Первоначальный учебник русского языка для киргиз”, “Краткий русско-киргизский словарь” деген кітаптарына және Алтынсаринның “Қазақ хрестоматиясына” тоқталып, осы кітаптардың берер пайдасы туралы өз ойларын ортаға салады. Редакция тарапынан қысқаша түсінік беріліп, “господин Әлжанов. Ильминскийдің кітабын айтпай кетіпті” деп сын айтылыпты. Қалай десек те, ел ішінде жүріп, ел қамын ойлаған, ірі қоғамдық-саяси мәселелерді батыл жазған Отыншы Әлжанов – өз заманының озып туған публицисі екендігіне ешкім күмән келтірмесе керек. О.Әлжанов – газетке шыққан мақалаларына “А.О”, “О.А-ов”, “Найман”, “Орта жүз”, “Жазушы Әлжанов”, “Бабайбүркіт” деген бүркеншік аттарды пайдаланып қол қойғаны да белгілі болып отыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет