Публицистикалық шығармашылық негіздері


Ғұмар Қарашев публицистикасы



бет27/56
Дата07.09.2022
өлшемі2,01 Mb.
#148925
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   56
Байланысты:
ZhakypB-публикалы0-шы5арма

Ғұмар Қарашев публицистикасы

ХХ ғасыр басындағы басылымдарға белсене араласқан, қоғамдық ой көшбасшыларының бірі – Ғұмар Қарашев болды. Оның “Үльфат”, “Шура”, “Айқап”, “Қазақ”, “Қазақстан”, “Дұрыстық жолы” газет-журналдарына соқталы мәселелерді қозғаған бірнеше мақалалары жарияланды. Көп жылдар коммунистік идеология Ғұмар Қарашев есімін айтуға да, жазуға да тыйым салды. Бірақ оның өз орны бар тұлға екендігі зерттеушілер қаламына 60-шы жылдары іліне бастады. “ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің ең көрнекті қайраткерлерінің бірі – Ғұмар Қарашев… оның творчестволық мұрасы әр алуан, әрі мол. Оның мұрасын соны тудырған дәуірінің күрделі шындығымен байланысты, тұтас күйде алып, сын тұрғысынан қарай талдап тексеру, байыптылықпен игеру қажет” [175, 32-35 бб.], – деп жазылды. 1965 жылы “Қазақ әдебиетінің тарихы” басылымында Москвада 1962 жылы жарық көрген “Философская энциклопедия” атты еңбекте академик С.Зиманов пен ғалым М.Ысмағұлов Ғұмар шығармашылығына оң баға беріп, дұрыс пікір қалыптастырды: “…казахский поэт, публицист (астын сызған біз – Б.Ж.), мыслитель … подвергал критике некоторые догмы ислама, ратовал за реформу школы, призвал к сближению с русским народом…” [176, 457 б.].


1989 жылы ғана Ғ.Қарашевқа тағылған айыптың күші жойылды. Жазықсыз жапа шеккен қайраткер туралы мемлекеттік қорытындыда: “Ғұмар Қарашев (1876-1921) – ХХ ғасырдың басындағы тұлғалы ақын әрі қоғам қайраткері, философ, публицист (астын сызған біз – Б.Ж.). Оның шығармаларында патшалық отарлау саясаты да, өкіметтің екіжүзділігі де, жергілікті үстем таптың надандығы мен топастығы да өлтіре сыналды. Оның өлеңдері өмірдің мәні туралы, болмыстың заңдары туралы, сол кезең дүниесіндегі өз халқының орны туралы философиялық ой-толғамдарға толы…” /СҚ. 1989, 9 желтоқсан/, – деген баға берілді.
Ол медресе ашып, шәкірттерін жаңа жадид тәсілімен оқытқан, ишан, ахун дәрежесін алған діндар адам да болған.
Ғұмар Қарашев өз публицистикасында ғасыр басындағы ең өзекті мәселелерге назар аударды. Мәселен “Ахмет Жанталинге жауап” хатында “Крестьяндардың ата кәсібі – егін. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру… Қала бол деген сөзден мал өсірме деу шықпайды. Орал облыстарындағы қала болуға жазылған қазақ ауылдарынан тұс-тұстан оброчный аталып, мал бағуға жарақты жерлер қалдырып жатыр… Және де мал бағу біздің маңдайымызға жазылып, былайғы кәсіппен тіршілік ете алмаймыз деген дұрыс емес, күні келсе егінменен де, саудаменен де қазақ тіршілік ете алады” /А-п. 1912, №9/, – деп екі зор мәселені қозғайды. Біріншісі – жер мәселесінде ұтылмау, екіншісі – қала салып, жаңа кәсіптерді игеріп, отырықшылыққа бет бұру.
Тағы бір мақаласында “Кең сахарада жайылып өскен біздің қазақ баласына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішінде отарбалар салынып, жолдар ашылған соң, күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады” /Қ-н. 1911, №2/, – деп өркениеттің туған еліне келе бастағанына бір жағынан қуанса, екінші жағынан – бөтен жұрттардың қоныстана бастағанынан қауіптенеді.
“Қазақ” газетінде жарияланған “Бөкейлік керегі” мақала-сында Думада қазақ ахуалын білетін депутаттар болуы керектігін мәселе етіп қояды. Тіпті мұсылман фракциясының бюро мүшесі – жалғыз Әлихан Бөкейханов ғана екенін, сондықтан Ішкі Орда проблемаларын жетік білетін біреу болсын, екеу болсын адам жіберіп “кісі қатарына қосылайық”, – деген пікір айтады. “Себебі біздің Ішкі Орданың жерін тілімдеп иеленіп отырған халықты қуып шығуға бастықта-рымыз құдайдың тар күнінде совещание жасап отыр… Оқу, оқыту деген жағымыз сәулесіз қараңғылықта тұр… Бұлайша уақыт өтпей тұрып өз қамымызды өзіміз жемесек, біздің үшін ешкім қайғы етпес… Бұлай етпесек нәсіл, нәсіп, ұрпағымыздың көз жасына қалғанымыз ғой” /Қ. 1916, 30 июль, №190/, – деген салмақты ойлар айтады.
Зерттеуші З.Тұрарбеков “Қазақстан” атты екі тілді аударма газеттің шығуы туралы кәсіподақ ұйымы жергілікті мұғалімдер Е.Буйрин, С.Меңдешев, Ғ.Қарашев, И.Бейсенов ұсыныстарын қолдап, 1911 жылы алғашқы нөмірі шыққандығын жазған болатын [177, 68 б.]. Осы газеттің алғашқы нөміріндегі мақаласында Ғ.Қарашев баспасөздің рөлі туралы тұжырымды ойлар білдіреді: “Қайғыны, шаттықты бірге, ортақ көрмеген соң бізде ынтымақ жоқ. Ынтымақ болмаған соң күш-қуат та жоқ. Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің байлығымыз! Газет біздің достар алдында көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білгенімізді көрсететін ұстазымыз! Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз! Біз қазақ балаларын бұның қадірін біліп, ортамызда жанған бір шамның сөнбеуіне тілекші болу, аз ақшаны аямай жазылып, алып оқу парыз” /Қ-н. 1911, №1/. Ғұмардың осы айтылған ойлары газет туралы халық ойын кеңейтуге мүмкіндігін берді. Ынтымақ, бірлікке шақырды. Ғ.Қарашевтің осы пікірінде газеттің ғана емес, жалпы публицистиканың бар асыл мұраты көрініс тапқан.
“Қаруы бұ заманның өнер, ғылым…// Құралы өнер, ғылым болса қолда,// Ар намыс дұшпандарға қолдан бермес” [178, 9 б.] – деп, дүниенің көшінен қалмау үшін, ол халықты өнер, ғылым жолына түсуге, отырықшылыққа, газет оқуға шақырады.
“Қазақ” газетінде шыққан “Екі бауырға” /Қ. 1915, №111/, өлеңінде “татар, қазақ” халықтары ынтымақта болу керектігін, қала салудан қазақ қашпау қажеттігін айтып, сол кездегі басты әлеуметтік мәселені көтереді.
Ғұмар газетке “Ғабдолла Мұштақ”, “Оразақай”, “Молда Қазақаев”, “Ағатай Байұлы”, “Ғабдолла Көпжасаров”, “Ғ.М.”, “Ғұмар әл”, “Қараш”, “Қазақ”, “Орда баласы”, т.б. бүркеншік аттармен көп жазып тұрды. Оның “Қазақ” газеті бетінде жарық көрген “Білім жарысы қақында” /Қ. 1913, №31/, “Шарғи мәселе” /Қ. 1914, №50/, “Юсіп Субан баласына ашық хат” /Қ. 1914, №75/, “Астрахан жері” /Қ. 1916, №189/, “Ішкі хабарлар” /Қ. 1917, №234/, “Қазақтың мүфтілікке қосылуы туралы” /Қ. 1917, №245/, “Мекеме шаригиеде қазақ бөлімі” /Қ. 1917, №251/, “Ішкі Орда имамдарына” /Қ. 1918, №260/, т.б. мақалаларында дін, оқу-ағарту, әдет-ғұрып, жер мәселелері сөз болды. Ғұмардың “Аға тұлпар” кітабының, басқа да өлең кітаптарының шыққандығы туралы хабарлар да “Қазақ” газеті бетінде жарияланып отырды. Талантты публицист, ақын Ғ.Қарашевті 45 жасында 1921 жылы ақ гвардияшылар азаптап өлтіргендігі туралы деректер бар: “Из Орды 135, через Уфу Оренбург Кирнаркомпрос. 12 апреля, убит злодейской рукою бандитов киргизский (казахский – Б.Ж.) общественный деятель, много работавшии для нашего народа поэт, дорогой наш коммунист Гумар Карашев” [179].
Бар ғұмырын қазақ халқының бақытты болашағына арнаған Ғ.Қарашев Қазан төңкерісіне сенбеді, Алаш автономиясын қолдады. Кезінде “қазақ буржуазиялық интеллигенциясының үрейі” ретінде бағаланған Ғұмардың:
“Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,// Жауынсыз, құр желдеткен шаңнан қорқам.// Таң туды, мезгіл жетті деп адасып,// Құрылған қараңғыда заңнан қорқам…// Теңгеріп жарлы-байды, құрып ұжмақ,// Теп-тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам…” [153] деген өлең жолдарынан, ақынның төңкеріске сенімсіздікпен қарағанын аңғарамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   56




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет