Публицистикалық шығармашылық негіздері


ҚАЗАҚ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ТҮРІ РЕТІНДЕ



бет15/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25

ҚАЗАҚ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ТҮРІ РЕТІНДЕ

ДАМУЫ

Кеңес дәуіріндегі публицистика
Біздің түсінігімізде публицистика – өз кезеңіндегі қоғам-дық өмірдің өзекті проблемаларын, құбылыстарын және процестерін жедел түрде көрсететін шығармашылықтың бір түрі, және оның өзіндік ерекшелігі – саяси тұрғыдан күштілігі мен жанды бейнелілігінде, ал басты әлеуметтік міндеті-адамдардың қоғамдық пікірін қалыптастыру, оқырманның (тыңдаушының, көрерменнің) сана-сезіміне және мінез-құлқы-на белсенді түрде әсер ету, сөйтіп көпшіліктің саналы іс-сезімі-не және мінез-құлқына белсенді түрде әсер ету, сөйтіп көпші-ліктің саналы іс-қимылын ояту болып табылады [177,25-26].

ХХ-ғасыр басы қазақ даласында да қат-қабат өзгерістер кезеңі болды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың өршуінен болған күйзеліс, ұлт-азаттық көтерілістер, патша үкіметінің құлауы, Уақытша үкіметтің билікке келуі, “Алаш” автономиясының құрылуы, осы саяси дүмпулердің процесі 1917 жылғы күздегі Қазан төңкерісіне алып келді. Петроградта болған зор саяси төңкеріс бұрынғы Ресей империясының кең территориясының түкпір-түкпіріне жайыла бастады. “Орталықта болған Қазан төңкерісінің шеруі ұлан-байтақ Қазақстан жерінде адам айтқысыз таптық зорлық-зомбылық жолымен жүрді. 1917 жылғы қараша – 1918 жылғы қаңтар аралығында өткен сайлау қазақ еңбекшілерінің басым көпшілігі “Алаш” партиясының бағдарламалық талаптарын қолдайтынын көрсетті. Жетісу губерниясында “Алаш” партиясының блогы сайлаушылар даусының 57,5 процентін алды. “Алаш” партиясы Семей уезінде (85,6%), Торғай, Орал губернияларында (75%) бұдан да басым жеңіске жетті. Сайлау нәтижесінің көрсеткеніндей, “Алаш” партиясы өкімет билігі жолындағы күресте боль-шевиктерге елеулі оппозиция болды” [180, 46-47 бб.].

Бірақ орталық билік большевиктер қолында болғандықтан Қазақ даласының әр аймағында күшпен Кеңес өкіметі орнай бастады. 1917 жылы 1 қарашада Ташкентте, 1917 жылдың аяғында Торғай облысында, 1917 жылғы желтоқсанның аяғында Көкшетауда, 1918 жылғы ақпанның 16-сынан 17-сіне қараған түні Семейде, 1918 жылғы наурыз айының ішінде бүкіл Жетісу облысында Кеңес өкіметі жеңіп шықты.

Кеңес өкіметі елді басқару үшін алдымен жергілікті аймақтардағы ұлттық мәселеге, баспасөзді дамытуға баса көңіл бөлді. Мәселен, кеңестік биліктің алғашқы жылдарындағы партия шешімдерінің бірінде: “в) развить у себя прессу, школу, театр, клубное дело и вообще культурно-просветительные учреждения на родном языке” [181, с. 559], – деп атап көрсетілді.

Сөйтіп ел-елде, жер-жерде кеңестік саясатты мықтап жүргізуге бағытталған көптеген басылымдар шығарыла бастады. Верныйда “Мұсылман жұмысшыларының біріккен одағы” 1917 жылдың 13 декабрінде “Садақ” атты сықақ журналын, Ақмоладағы “Жас қазақ” ұйымы 1917-1918 жылдары “Айна” деген журналдың бір нөмірін және “Тіршілік” газетін, Шығыс Қазақстанда 1918 жылы 10 апрельден бастап “Голос Алтая” газетін, Орынборда 1918 жылдың 3 апрелінен “Қазақ мұңы” газетін, Жетісуда 1918 жылы 8 мартта “Заря свободы” газетін шығару қолға алынды. Мұнан кейін де “Жетісу ісші халық мұхбірі” (1918), “Дұрыстық жолы” (1919), “Мұғалім” (1919), “Қазақ тілі” (1919), Кирревком органы “Ұшқын” (1919) атты басылымдар оқырманға жол тартты. Бұл аталған газет-журналдар негізінен Кеңестік саясатты жүргізуде басты құралға айналды. Дегенмен де кейбір басылымдар беттерінде (“Дұрыстық жолы”, “Қазақ тілі”) қазақ халқының мүддесін басым қорғаған жарияланымдар басылды.

Қазан төңкерісінен кейін “Қазақ”, “Алаш”, “Сарыарқа”, “Бірлік туы”, “Жас азамат” газеттері мен “Абай” журналы ұлтшылдық туын көтерген басылымдар ретінде айыпталып, большевиктердің күшімен біртіндеп жабыла бастады. Олардың орнына жер-жерде Кеңес өкіметінің саясатын жүргізетін мерзімді басылымдар бірінен соң бірі шығып жатты. Алашорда үкіметі таратылды. Қазақ даласында бар билікті Кеңес өкіметі өз қолына алды. Дәл осы кезде қазақ зиялыларының алдында екі түрлі жол тұрды. Бірі-саясаттан мүлдем іргені аулақ салу да, екіншісі – жаңа саясатпен айналыса жүріп, панасыз әрі көшбасшысыз қалған ұлт болашағына қызмет ету. Алаштың ардақ тұтқан азаматтарының көпшілігі 1919 жылы 5 сәуірдегі өкіметтің “кешірімімен” [182, 9 б.] екінші жолға түсуге мәжбүр болады. Бұл туралы М.Әуезов өзінің “Қазақ оқығандарына ашық хатында” айқын жазды: “Қазақ оқығаны екі жарылатын замандар әлі туған жоқ… Қазіргі күнде қай қалада болса да мекеме атаулыда үйіліп, қақтығып, арызын жеткізе алмай көзін сүзіп жүрген қазақ көп. Өзге уақыттардан осы күнде олардың арыздары, мұңдары тіпті көп… Сонымен бүгінгі мекеме атаулыда бос қалып жүрген қазақтардың мұң-мұқтажын орындау керек. Қашып, бұғудың ешбір себебі жоқ. Қазақ оқығанының Совет үкіметіне істеген ешбір жазығы жоқ. Совет үкіметі үлкен жазығы бар адамдарды да қатарына кіріп пайдалы қызметімді істеймін десе, қумайды.

Егер қазақ оқығандары Совет үкіметінің қабағынан қорқып қашса, айтатын сөзіміз осы; оқығанның қайсысы болса да азғантай пайда келтіре аларлығы болса, тезінен қала-қалаға келіп қызметке кіруіне керек”[183]. Сөйтіп ол өзінің ашық хатында төңкерістен кейінгі қазақ жайлы көрсетіп қана қоймайды, барша оқығандарды қиын-қыстау сәтте бірлікке, ынтымаққа шақырады. “Кеңес үкіметі” деп тұрып, қалың қазақ елінің, тұтас қазақ ұлтының қамын ойлауға тура келетін заман туғандығын жеткізеді. Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, т.б. алғашқылар болып сол жолға түсті де. Олар төңкерістен кейін шыққан газеттер төңірегіне топтасып, ұлт болашағы үшін қызметке кірісіп кетті.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында шыққан басылым-дардың бәрі де большевиктік жолға түсті, партиялық нұсқауларды жүзеге асыруды мақсат тұтты. Олардың негізгі мақсаты - қазақ халқына кеңес өкіметінің саясатын түсіндіру, партия сөзін жеткізу болды. Ал жергілікті ұлтты ойландырып – толғандыратын көптеген проблемалық мәселелер, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің озық үлгілерін насихаттау екінші кезекке сырылып тасталды.

Қазан төңкерісінен кейін алғашқы жылдардағы (1917-1925) қазақ баспасөзінің тарихын зерттеушілердің бірі С.Н.Имашев сол кездегі жергілікті партиялық баспасөз туралы былай дейді:

“К концу 1923 года сеть местной партийной печати характеризовалась следующими данными:

Количество всех газет – 21

из них на русском языке – 14

на казахском языке – 6

на татарском и башкирском языке – 1;

разовый тираж всех газет – 26620;

из них на русском языке – 17470

на казахском языке – 8650

на татарском и башкирском языке – 500” [184].

Бұл деректерден аңғаратынымыз – партиялық басылым-дардың басым көпшілігі орыс тілінде шыққандығы. Ал қарапайым қазақ оқырманына арналған газеттердің аздығы.

Кеңес мемлекетінің басшысы В.И.Ленин Қазақстанды полиграфиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне тікелей араласты. Ол 1920 жылдың 4 июнінде В.В.Воровскийге жазған хатында: “Қырғыз (қазақ - Б.Ж.) жолдастар әріп құйғыш, баспахана және қағаз алуға көмек сұрайды. Оларды қабылдап, барынша көмектесуді өте-мөте сұраймын” [185, 317 б.], – деп жазды.

Ондай көмек көрсетілді де.

“…Мәдени қордан республикада баспа ісі мен баспасөзді дамыту үшін едәуір қаржы бөлінді. 1925 жылы қазақ газет-терінің саны он екіге дейін өсті. Журналдар (“Қызыл Қазақстан”, “Пионер”, “Таң” т.б.) жарық көрді. Қырғыз мемле-кеттік баспасы тек бір жылдың ішінде ғана қазақ тілінде 200-ге тарта әр түрлі кітаптар мен кітапшалар шығарды” [186, 205 б.].

Қазақ тіліндегі газеттер ашылып, көбейе бастады. 1921 жылы Орынборда “Еңбекші Қазақ” (қазіргі “Социалистік Қазақстан”), 1922 жылы “Жас қайрат” (қазіргі “Лениншіл жас”) газеттері, “Әйел теңдігі” (қазіргі “Қазақстан әйелдері”) журналы шықты. Сондай-ақ Ақмола, Семей, Петропавл, Орал, Алматы, Ақтөбе, Қостанай т.б. қалаларда қазақ тілінде газеттер шыға бастады.

Қазақстанның өзіндік полиграфиялық базасы қалыптасып, газет-журналдар саны өсе түсті. Алғашқы жылдарда шыққан газет журналдар қатары “Ақ жол” (1920-1925), “Актюбинский вестник” (1918), “Ауыл” (1923-1930), “Беднота” (1920-1921), “Бой за коммунизм” (1919-1920), “Большевик” (1920-1921), “Бостандық туы” (1921-1928), “Бұқара” (1920-1921), “Бухтар-минская жизнь” (1921), “Вестник Семиреченского трудового народа” (1919), “Власть труда” (1921-1922), “Вольное слово” (1918), “Вперед” (1924), т.б. басылымдармен молықты. Бұл газет-журналдардың бәріне тән ерекшелік – олар “партиялық басылымдар” деген ат алды. Қазақ даласында “партиялық баспасөз”, “партиялық публицистика” деген ұғымдар қалып-таса бастады. Кеңестік дәуірдегі қазақ баспасөзінің тарихы, кеңестік журналистиканың теориясы мәселелері Х.Бекхожин-нің, Б.Кенжебаевтың, Т.Амандосовтың, С.Имашевтің, Ә.Ыды-рысовтың, Т.Қожакеевтің, Ш.Елеукеновтің, Г.Колосовтың, Ә.Хасеновтың, К.Мұхаметқалиевтің, Ш.Жамансариннің, Т.Кәкішевтің, М.Арғынбаевтың, М.Барманқұловтың, Н.Ома-шевтің, Ә.Қалмырзаевтың, С.Қозыбаевтың, Ю.Крикуновтың, З.Тұрарбековтің, С.Матвиенконың, Р.Ыдырысовтың, Қ.Әбіл-даевтың, Т.Ыдырысовтың, т.б. зерттеулері мен монография-ларында, кітаптарында әр кезең қырынан зерттелді.

Кеңестік дәуірде газет-журналдардың көбеюімен бірге қазақ публицистикасының өрісі кеңейіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Бұл кезеңдегі публицистикаға кеңестік кезеңнің саясаты, орыс публицистикасының дамуы ерекше әсер етті. Соның нәтижесінде публицистикадағы пішіндік, жанрлық жаңашылдық белгілер айқын көрініс бере бастады.

Оның үстіне Кеңес өкіметі публицистердің алдына нақты міндет қойып берді. Мәселен, “Революция күндерінде” деп аталған мақаласында В.И.Лениннің публицистикаға берген анықтамасы мен көрсеткен функциясы бүкіл елдегі қалам ұстаған қауымға жөн сілтегені – өмірде болған тарихи шындық. Онда былай жазылған болатын: “Біз публицистердің үнемі істейтін ісін істеуге тиіспіз – кәзіргі заманның тарихын жасауға тиіспіз және оны жазғанда біз өзіміздің күнделікті өмірді жазуымыз оқиға болып жатқан жердегі қозғалысқа тікелей қатысушылар мен батыр-пролетарларға шамадан кел-генше көмек беретіндей етіп жазуға тырысуға тиіспіз, – оны жазғанда қозғалысты кеңейтуге, күрестің барынша аз күш жұмсалып, барынша көп және барынша берік нәтижелер бере алатын құралдарын, тәсілдері мен әдістерін саналы түрде таң-дап алуға жәрдемдесетіндей етіп жазуға тиіспіз” [187, 96 б.].

Бұл сөздер кеңес өкіметі жылдарындағы публицистердің басты бағдаршамына айналды. Сол бағытта насихат, үгіт жұмыстары жанданып, публицистиканы коммунистік қалыпқа салып, саяси күрестің негізгі құралына айналдыру – бірінші кезекке шығарылды.

Төңкерістен кейінгі жылдардағы қалыптасқан ерекше жағдай туралы профессорлар Б.Кенжебаев пен Т.Қожакеевтің мына тұжырымдары да сол кездегі публицистика туралы ой өрбітуімізге жол ашады: “Жиырмасыншы жылдары қазақ тілінде кітаптар бастыру, газет, журналдар шығару жұмысы қалыпты жолға қойылып, барынша күшейді. Бұл қазақ халқы-ның революциядан кейінгі көптеген тарихи табыстарының бірі, әрі көрнектісі, әрі аса маңыздысы болды.

Осы жағдайларға байланысты жиырмасыншы жылдары қазақтың ақын-жазушылары, баспасөз қызметкерлері – журна-листер көбейді. Олар өздерінің салт-санасы, саяси, жалпы білімі, мамандық, шеберлік жағынан да өсті. Партиялық советтік журналист болып қалыптасты.

Қазақтың жиырмасыншы жылдары шыққан көрнекті ақын – жазушылары түгелдей дерлік газет, журналдар айналасынан өрбіді, өздерінің алғашқы қадамдарын газет қызметінен бастады” [188, 26-27 бб.].



Ал баспасөз тарихын қопарып зерттеген Х.Бекхожин: “Еңбекші қазақ” газеті қазақтың әдеби тілінің, көркем әдебиетінің дамуына көмектесті, қазақтың ақын, жазушылары Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Асқар Тоқмағамбетов және басқалары “Еңбекші қазақ” газетінде тәрбиеленді, өздерін халыққа осы газет арқылы танытты” [189, 94 б.], – деп 20-жылдардағы жеке бір газеттің өзінің ірі тұлғалардың тәрбие мектебіне айналғанын тілге тиек етеді. Кеңестік дәуірдің 20-шы, 30-шы жылдарындағы қазақ публицистикасы негізінен үш бағытта дамып, өркендегеніне толық негіз бар. Оның біріншісі – Кеңестік саясаттың күшті ықпалының нәтижесінде дамыған қоғамдық-саяси бағыт. Бұл бағыттың көшбасында тұрған – ірі қайраткер Сәкен Сейфуллин. Сондықтан да Сәкеннің қоғамдық-саяси бағыттағы публицистикасын жан-жақты талдап, қарастыруға талпындық. Екінші бағыт - қазақ халқының ауыз әдебиетінің кәусарынан қанып ішкен, кестелі де шұрайлы қазақ тілінің байлығы мен әуезділігін қатар астастырған көркемдік бағыт. Бұл бағытта өзінің тұтас мектебін қалыптастырып кеткен – шебер публицист Жүсіпбек Аймауытов. Сол себепті Жүсіпбектің кеңестік басылымдар беттерінде жарық көрген көркем публицистикасының ішкі иірімдеріне үңілуге тырыстық. Үшінші бағыт – қоғамдағы келеңсіз жайттардың бет-пердесін ашып берген сыншылдық, сатиралық бағыт. Осы бағытта өз заманында өндірте жазған, кеңестік қоғамның көлеңкелі жақтарын, юмор мен сатираны қолдана отырып, айқын көрсетіп берген – Бейімбет Майлин. Бейімбеттің оқшаулары мен фельетондарын, сын мақалаларын ғылыми тұрғыдан қарастырып, түйінді тұжырымдарға келдік.
Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-саяси

бағыттағы публицистикасы
Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап, газет ісіне белсене араласып, публицистика саласында көп қалам тербегендердің бірі – Сәкен Сейфуллин болды. Оның публицистикадағы қалам алысы 1913 жылы “Айқап” жур-налында жарияланған “Омбының центрально-фельдшерская школасы” /А-п. 1913, №21/, мақаласымен басталған еді. Мұнан кейін “Айқапта” “Манап” драмасы туралы” /А-п. 1914, №23/, сын мақаласы басылып, “Жайлауда қымыз ішу” /А-п. 1915, №1/, “Туған жерім өз елім” /А-п. 1914, №11/ деген өлеңдері жарияланған болатын. 1916 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген Сәкен тәжірибелі публицист Рахымжан Дүйсенбаевпен бірлесіп, 1917 жылдан Ақмолада “Тіршілік” газетін шығара бастады. “Тіршілік” – Кеңес өкіметі саясатын жақтаған алғашқы басылымдардың бірі еді. Бұл жөнінде зерттеуші С.Н.Имашев: “1918 жылдың басында Ақмола уезіндегі революциялық комитеттің органына айналған “Тіршілік” газеті Совет үкіметі үшін халықты күреске жұмылдыруда орасан зор жұмыстар атқарды. “Тіршіліктің” шығуына аса көрнекті қазақ жазушысы, сол кезде Ақмола Совдепінің мүшесі болған С.Сейфуллин қатысты. Газетке жариялау үшін ол Совет үкіметінің “Россия мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына” деген белгілі үндеуін аударды” [184, 49 б.], – деген пікір айтты. “Тіршілік” газетінің негізгі жүгін көтерген Сәкен болды. “Сәкеннің журналистік қызметі 1917 жылдың апрель айында Ақмолада шыққан “Тіршілік” газетінен басталады. Ол газет тек бірнеше рет қана шықты. Оның ресми редакторы басқа кісі болды (Аты аталмай тұрған – Рахымжан Дүйсенбаев – Б.Ж.). Ал іс жүзінде газеттің редакторы, жаны, жүйке тамыры Сәкен болды, негізгі мақалаларын Сәкен жазды. Сонымен Сәкен өзінің журналистік қабілетін танытты” [188, 24 б.].

Шын мәнінде “Тіршіліктің” бетінде Сәкеннің мақала, өлеңдері жарық көрді. Әсіресе оның “Күзетші иттер” атты өлеңмен жазылған памфлеті үлкен резонанс туғызды. Кейіннен өзінің “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында Сәкен бұл памфлеттің ішкі мазмұны туралы былай деп жазды: “Менің “Тіршіліктің” бір нөмірінде басқан “Күзетші иттер” деген өлеңіме комитеттің төр ағасы Құсайын Қожамбердіұлы едәуір шамданып жүрді. Бірақ не қылсын? Комитет елден ақша жинамақ болды. Байдан да жеті жарым сом, кедейден де жеті жарым сомнан… Өздерінің батагөйлері, мың-мың жылқылы байлар – Сағынай-дың Нұрмағамбеті, Олжабайлардан да жеті жарым жарым сом, Ақмоладағы жатақ Балақаннан да жеті жарым сом…

Әрине біз бұған қарсы тұрдық. “Тіршілік” арқылы да, әсіресе ауызша сөз жүргізіп, комитетке жөнді ақша бергізбедік” [190, 79 б.].

“Тіршілік” газеті С.Сейфуллиннің публицистік қаламы ұшталып, әлеуметтік көзқарасының қалыптасуында үлкен тәжірибе мектебі болды.

1921 жылы 15 сентябрьден бастап тұңғыш кеңестік журнал “Қызыл Қазақстан” шығарыла бастады. Журнал бетінде Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешу” романының алғашқы тарау-лары мен бірнеше публицистикалық мақалалары жарияланды. Профессор Т.Қожакеев: “1922-24 жылдары С.Сейфуллин “Қызыл Қазақстан” журналына да көп мақалалар жазды. Мұнда “Аштардың рухтары”, “Эсер партиясы һәм олардың айыптылары туралы билік”, “Октябрь һәм ұлт мәселесі”, “Иван мен Мырзабек”, “Әдебиет һәм оның бағыттары”, “Әдебиет һәм оның ағымдары”, “Биылғы Совет сайлаулары”, “Ленин һәм оянып келе жатқан Күншығыс” деген мақалалары басылды” [160, 146 б.] – десе, зерттеуші Т.Ыдырысов: “1923-1924 жылдарда С.Сейфуллиннің “Биылғы совет сайлаулары”, “Қазіргі саяси хал һәм Октябрь революциясының 6 жылдығы”, “Өткен істердің қорытындылары және алдағы істердің бағдары” мақалалары жарияланды”[191, 183 б.], – деп жазды.

“Қазіргі саяси хал һәм Октябрь революциясының 6 жылдығы” деген публицистикалық мақаласында төңкерістен кейінгі елдегі жағдаймен, тіпті әлемдегі саяси ахуалмен оқырманды таныстырады. “1923 жылдың 7-ноябрінде Ұлы Октябрь төңкерісіне 6 жыл толады. Сол ұлы төңкеріске, ұлы өзгеріске 6 жыл толған қарсаңындағы жер жүзінің жалпы саяси жайы, оның бер жағында Европа елдерінің саяси жайы тасыған теңіздің ортасындағы қалтылдаған жеңіл қайық сияқты… Қазіргі Европадағы байлардың, төрелердің халдері “өте қауіпті, өте қорқынышты, өте тынышсыз”. Қазір Европадағы байлар мен олардың үкіметтері жанталасып өздерінің байлықтарын, үкіметтерін қолдарынан шығармауға аласұруда” /ҚҚ. 1923, №22/, – деп Сәкен – публицист Европадағы жағдайдың шиеленіскен, бай, кедей боп тартысқан жағдайын көрсетеді. Публицистика – дәуір үні екендігін білеміз. Кеңес-тік, большевиктік заманда Сәкен-публицист өз қоғамынан оқшаулана алмайды. Сол кезеңнің, сол дәуірдің тамырының солқылын, жүрегінің соғысын танытты. Ал алып кеңестік режимге қарсы сөйлеу – өлімге бара бар еді. Сәкен – публи-цист Кеңес өкіметінің жақсы саясатын да көре білді, әрі қазақ халқы үшін басқа жолдың жоқтығын алғашқылардың бірі болып тез түсінді. Кеңес саясатын жақтай отырып, ұлтқа қызмет еткісі келген публицист ойлары оның “Қызыл Қазақстанда” жарияланған “Октябрь һәм ұлт” мақаласында көрініс тапты.

“Россияда әр ұлттың автономиясы құрыла бастады. Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Татарстан, Қалмақ, Украина, Белорусь, Қырғыз, Азербайжан, Дағыстан һәм басқа автономиялар құрылып, бәрін де коммунистер жобасымен совет үкіметтері жасалып, бәрі құрасып орталық үкімет Мәскеуде болып жалпы Россиялық бірдейлік негізіне құрылған құрамалы Советті (кеңесті) республикасы болды.

Мұндай үкімет жасау, қазіргідей тәртіп жасап іс жүргізу коммунизмнің түпкі мақсатына бару үшін жасап отырған жол. Басқа түрлі үкімет жасалса, басқа тәртіппен іс жүргізілсе, коммунизмнің түпкі мақсаты, жер дүниеге бірдейлік, туыс-қандық, махаббат, бақыт орнатуы қиын” [192, 231 б.], – деп кеңес өкіметінің түпкі мақсатын жұртқа түсіндіреді.

“Бірдейлік деген не? Мен қалайша жалпы жұмыскер-лермен бірдейлесемін, мен бұл малды, бұл дәрежені одан тартып алып па едім дейді бай мен төре. Кәпір-мұсылман бірдей болады, бұлай болушы ма еді дейді тағы молдалар” [192, 231 б.], – деп шын мәніндегі Қазақ даласындағы ел түсінігін айқын жазады. Ұлттардың бәрін тең праволы ету жөніндегі кеңес саясатына Сәкен басында сенді. Оның саяси алдамшылық, өзгермелі қайшылықтарын кеш түсінді. Ол үшін Сәкен кінәлі емес. Кінәлі сол кездегі саясат, сол кездегі қоғам. Бізге маңыздысы – Сәкен шығармалары заман шындығын шырайын шығарып жеткізіп бергендігі.

“Қызыл Қазақстанда” Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешу” романынан үзінділер басылғанын айттық. Бұл шығарма туралы да көптеген ой-пікірлер бар. Біз оның публицистикалық сипатына тоқталамыз.

Публицистикалық шығармаларда фактілер деректер қаз-қалпында пайдаланылады, ал көркем шығармада фактілер шартты түрде қолданылады. “Публицистикаға нақтылық тән болса, көркем әдебиетке шарттылық тән” [31, 147 б.].

Автордың оқиғаларды суреттегенде белгілі бір хроноло-гиялық тәртіппен жүйелі түрде дәлме-дәл әңгімелеуі жағынан тарихи мемуарлық романға келеді. Ал оқиғаның болған жері, қатысушы кейіпкерлердің аты-жөні өзгеріссіз, дәл өмірдің өзіндегідей қаз-қалпында берілуі – публицистикаға тән белгілер. Осы жайларды ескере отырып профессор С.Қирабаев: “Тар жол, тайғақ кешу” романының тууы жаңа көтеріліп, дамып келе жатқан жас қазақ совет әдебиетін жаңа бір белеске көтеріп тастады. Және жанры жағынан да әдеттегі романдай емес, тарихи-автобиографиялық белгілерді де қоса қамтып, публицистикалық (астын сызған біз – Б.Ж.) шығармалардың бастамасы болды” [193, 296 б.], – деп атап көрсеткен екен.

Академик – жазушы Ғ.Мүсірепов романның маңызы туралы: “Жікшілдіктің, құр айқайдың негізінде “Тар жол, тайғақ кешуді” ешкім толық бағалаған жоқ. Бірақ Сәкеннің бұл еңбегі ешкімнің жамандағанынан бағасын жоятын емес, келешекте де үлкен мәні бар еңбек” [194], – деп орынды бағалады. Ал профессор Қ.Жұмалиев “Тар жол, тайғақ кешудің” жанрын таба алмай әуреленгендерді сынға ала отырып: “…мәселе оның жанрында емес, еңбекшілер жұртына келтірген пайдасында, шындықты көрсете алуында. Сондықтан бұл кітап тек әдебиетте емес, бүкіл Қазақстан тарихында үлкен орын алады” [195], – деп түйінді ой атты. Осы тұлғала-рымыздың пікірлерін топшылай келгенде, “Тар жол, тайғақ кешу” романы бір жағынан тарихи – мемуарлық шығарма десек, екінші жағынан публицистикалық белгілерге бай публицистикалық роман деуге толық негіз бар. Себебі бұл еңбекте автор очеркті де, мемуарды да, публицистиканы да, саяси сатираны да шебер тоғыстырып, тарихи документтер мен фактілерді ұтымды пайдаланған. Сәкеннің 20-жылдары туған бұл публицистикалық романы – қазақ публицистикасының тар аясын кеңейткен, көкжиегін ұлғайтқан шығарма, әрі қалай десек те, кеңестік кезеңнің жемісі, төңкерістен кейінгі аласапыран уақыттың шежіресі.

“Бұдан бұрынғы “Ұшқын” мен “Еңбек туының” жалғасы ретінде Ұлы Октябрь социалистік революциясының төрт жылдық мерекесі күні – 1921 жылы 7 ноябрьде Орынборда Қазақстан Өлкелік партия комитеті мен Қазақстан Орталық Атқару комитетінің органы "Еңбекші қазақтың“ бірінші нөмірі шықты. Құрамында С.Сейфуллин (редактор), С.Мұқанов, А.Сегізбаев және басқалар болған бірінші редколлегия құрылды” [189, 90-91 бб.], – деп жазды профессор Х.Бекхожин.

Сәкен “Ұшқынға” да ат салысты, “Ғабдолла тірі екен!” деген мақала жариялап, онда Омбы абақтысына қамалған досы, елін сүйген азамат Абдолла Асылбековтің тірі екенін естіп, жүрегі жарыла қуанады. “Ұшқын” “Еңбек туы” болып жалғасқанда да Сәкеннің атақты “Жас қазақ марсельезасы” тұңғыш осында басылады. “Советтік Россияның жайы”, “Совет өкіметі һәм оның дұшпандары”, т.б. мақалалары жарық көреді.

Сәкеннің публицист ретіндегі бейнесі “Еңбекшіл қазақ” газетінің редакторы болған кезінен бастап тұлғалана түсті. Ол 1922 жылдың күзінен бастап 1924 жылдың көктеміне дейін орталық республикалық басылымның басында болды. “…Тек 1922 жылдың аяғы мен 1923 жылда 60-тан аса мақала жариялаған. Олардың ішінде “Қазақ халқының төмен тобының азаматтарына” , “Қазақ жұмыскер, кедейлері газет, журнал оқулары керек”, “Баспасөз майданында”, “Баспасөзді күшейту жұмысы”, “Қазақстан баспасөздері”, “Оқушы жастарға үлгі”, “Екі мейрам”, “Газетке не жазу керек” сияқты мақалаларында баспасөзді тарату, алдыру, оқу, оған қатысу, оның маңызы, мақсаты туралы орынды ойлар қозғаған” [160, 144 б.].

1923 жылы “Еңбекші қазақ” газетінде жарияланған “Баспасөзді күшейту жұмысы” мақаласында автор қазақ баспасөзінің жағдайымен таныстырады. “Революция болып патша тақтан түскен соң Қазақстанның әр жерінде газет, журнал шыға бастайды. Бұл газет, журналдар күні бүгінге дейін түрлі себептермен нашар шығып келді” [192, 334 б.], – деп баспасөз шығарудағы кемшіліктердің себептерін ашуға тырысады. Басты себеп – қаражат тапшылығы, оқушы қауым-ның аздығы мен жергілікті жерлерден газетке жазушылардың жетіспеушілігі екенін нақты дәлелдермен көрсетеді. “Алдымен баспасөзді үкімет тарапынан қаражатпен қамтамасыз ету керек, сосын елден газетке үзбей хабар, сөз жазып тұратын кісілер болсын. Қаладағы іс басында жүрген еңбекшіл тобының азаматтары газетке үзбей сөз жазып тұратын болсын”[192, 336 б.], – деп ел-елдегі тілшілердің газетке тартылуына баса назар аударады. Сәкен баспасөз туралы көпшіліктің пікірін қалыптастыруға күш салады. “Қазақ еңбекшісі! Газет оқымасаң меңіреу, құлақсыз саңыраусың! Әр үкіметтің, әр қауымның, әр таптың ойы, істемек ісінің аңғары, жобасы газеттерге түсіп отырады… Енді сілкініп газет оқу керек, қазақ кедейі қатардан қалма” [192, 336 б.], – деп қалың жұрттың көкірегіне білім жарығын газет арқылы түсіндіруді мақсат тұтады. “Еңбекшіл қазақ” бетінде жарияланған “Қазақ жұмыскер кедейлері газет-журнал оқулары керек” мақала-сында, жоғарыдағы ойды өрбіте түседі. “Адамзатқа екі түрлі ас керек: біреуі-тәніне, біреуі-рухына. Рухына керектің үлкені газет, журнал, кітап оқу. Газет оқыған адамның білімі дүниеге, тұрмысқа көзқарасы бірте-бірте кеңейе бермек, маңайында болып жатқан істердің не екенін, маңайында сапырылысып әрекет етіп жатқан адамдардың кім екенін, һәм өзінің кім екенін білмек” [192, 293 б.], – деп оқырман санасын ояту мақсатында үндеу тастайды.

“Еңбекшіл Қазақ” газетінің редакторы, әрі “Қызыл Қазақстан” журналының редколлегия мүшесі бола жүріп, Сәкен Сейфуллин шаруашылық – экономика тақырыбында да көптеген мақалалар жазды. Бұлардың көбі елдің экономикалық сауатын ашудағы баспасөздің рөлін күшейте түсті. “Қазақ шаруашылығы”, “Қазақ қаласы”, “Екібас заводында”, “Қазақ кедейіне фабрика керек”, “Ұшу бізге қажет”, “Кооперацияны күшейту керек” мақалаларында, тақырыбынан көрініп тұрғандай, өндіріс пен экономиканың түрлі саласындағы проблемаларын қозғады. Ал “Қызыл Қазақстан” журналында жарық көрген “Өткен істердің қорытындысы, һәм алдағы істердің бағдары”, “Қазақстанның Орталық кеңес комитетінің 3-ші жалпы жиналысының істеген істерінің қорытындысы” атты көлемді мақала, кеңейтілген есептерінде бүкіл республи-каның жалпы экономикалық жағдайына кеңінен тоқталып, өзінің біліктілігін танытады. Мәселен “Қызыл Қазақстанның” 1923 жылғы 24-нөмірінде жарияланған “Өткен істердің қорытындылары, һәм алдағы істердің бағдары” мақаласында қазақ даласындағы ауыр экономикалық ахуал баяндалады. “Қазақстанның бірінші жалпы кеңесі болып, үкіметі жасалғаннан бері тұрмыс жүзінде, тіршілік майданында талай уақиғаларды бастан кешірді. Германия соғысынан бері, сол соғыстың әсерінен және жұттың һәм түрлі індеттің әсерінен күйзеле бастаған қазақтың шаруашылығы Семей һәм Ақмола губернияларынан басқа губернияларының бәрінде жылмағай қанжылаған ақсүйек жұтқа шалынды, адам баласы көп көрмеген ашаршылыққа ұшырады.

Бұл әсіресе, 1921-1922 жылдар арасында, қазақ республикасының құрылғанына бір жыл толған шамада орын алды. Жалпы Қазақстан осы 5-6 жылдың ішінде бұрынғы малдың 80 процентінен айырылды” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп ашаршылық нәубетінің түпкі себептерін іздейді. Қазақ басына түскен тауқыметтен арылу жолдарын шарқ ұрып іздейді. Қазақстанда болған азамат соғысы мен 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәубетінен негізінен жергілікті ұлт өкілдері зардап шекті. 1918 жылы 1, 2 миллион адам, ал 1922 жылы 2 миллион адам аштық зардабын шекті, мыңдаған балалар қорғансыз, панасыз қалды [196, 43 б.]. Сәкен – публицист елдегі ауыр ахуалға жаны ауыра отырып, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіреді. “Осындай жағдайда халыққа ең қажетті:

Оқу – білім алу.

Халық шарушылығын оңдау

Халықтың денсаулығын қорғау – сияқты шаралар дамымай кенже қалды” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп проблемаларды батыл көтереді. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін, тұралап қалған ел экономикасын даму жолына бағыттау үшін өз ойларын ортаға салады. “Міне, біздің ендігі ілгері істердің бағыты қандай? Ол мынандай:

Тез арада Қазақстан халқын жалпы отырықшы қылу, сөйтіп өнер-білім істеріне жалпы еңбекші халықты жұмыла кіргізу.

Оқу істерін нығайтып, көркейте беру, тез арада қызметкерлер даярлау.

Халықты саудагер – қуларға жем қылмау үшін өзара ұйымдастыру кооперациясын құрғызып, ортақ дүкендер ашқызып, халықтың сататын, һәм сатып алатын нәрселерін сол ортақ дүкен арқылы өткізу.

Осының алдындағы тоқталып, бүлініп қалған заводтарды және кәсіп дүкендерін бірте-бірте жүргізіп жіберу.

Және қазақ жастарын іс істеп, іскерлік ісіне үйретіп, өз міндетін өзіне таныту, міне осы.

Міне, біздің Қазақстан үкіметінің қазіргі алдында тұрған зор міндеттері, мойнына артқан зор жүктері, тарихи жүктері” /ҚҚ. 1923, №23/, – деп нақты даму бағыттарын, дағдарыстан шығудың жолдарын айқындап береді. Сәкен – публицистің ел дамуында, халықты іске жұмылдыруда өз кезеңінде бағдарламалық рөл атқарған мақалалары көп. Өзі ел басқару ісіне араласа жүріп, экономикалық даму ең басты мәселе екенін үнемі назарда ұстады. Бұл оның “Қазақстанның Орталық Кеңес комитетінің 3-ші жалпы жиналысының қорытындылары” деген кеңейтілген есебінен де айқын көрініс табады. Онда Сәкен жиналыста не мәселе қаралғандығын жұртқа таныстыра отырып, сол бағыттарда іс атқарып, қайрат қылуға барша қауымды шақырады:

“1. Қазақстанның Орталық Кеңес комитеті басқармасының істеген істері туралы баяндамасы.

2. 1923-24 жылғы ауыл шаруашылығына түскен бірыңғай жалғыз салықты қалай жинау туралы баяндама.

3. Ақша - қазына комиссариатының баяндамасы.

4. Ақмола губерниясының кеңес комитетінің істеген істері туралы баяндамасы.

5. Қазақстан республикасын жаңадан аудандау туралы баяндама.

6. Биылғы егіннің жиылуына қарсы сауда-саттық туралы баяндама.

7. Қазақстанда әуе кемесін жүргізу туралы баяндама.

8. Қазақстан мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы баяндама” /ҚҚ. 1923, №19/. Автор осы аталған мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, жұртшы-лықты негізгі істермен таныстырады. Мәселен, қазақ даласын қайта аудандаудың маңызын былайша тұжырымдайды: “Губерния қалып енді алап болмақ. Алап губерниядан көлемі аз болмақ. Бір губерниядан екі-үш алап бөлініп шықпақ. Екінші уезд қалып, орнына аудан болмақ. Аудан (район) уезден көлемі кем. Бұл да бір жерде отырып ауданды, елді билеуге, басқаруға қолайлы, ықшамды болу үшін жасалып отырған нұсқа. Үшінші, болыс бұрынғы болыстардан көлемі зор болмақ, бұрынғы екі-үш болысты қосып, бір болыс қылмақ. Бұл шығынды азайтып, билеуге, басқаруға, болыс мекемесін бұрынғыдай дәйексіз, маңызсыз қылмай, байсалды, күшті қылу үшін жасалып отырған іс” /ҚҚ. 1923, №19/.

Тағы бір тұста: “Бір шеті мен бір шеті атан түйемен алты айлық жол, от арба, темір жол жоқ, пароход – кеме жүретін өзен дариялары жоқ Қазақстанда қатынасу, хабарласу үшін – аэроплан, әуе кемесінің керек екендігіне шек жоқ” /ҚҚ. 1923, №19/, – деп тың проблема көтереді.

Публицист бұл ойын “Ұшу бізге қажет”, “Аэропланнан құр қалмайық” деген проблемалық мақалаларында, одан әрі өрбітіп, кең толғайды. Сонау 20-жылдары Сәкен – публицист көтерген проблема өз нәтижесін бергендігін бүгінгі өмір дәлелдеп отыр.

Қазақ тілінде кеңес істерін жүргізу туралы кеңес шешімін қуана құптайды. Аса маңызды бұл мәселе төңірегінде Сәкен – публицист “Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізу керек”, “Заң комиссариатына теңеліңдер” деген мақалаларын жазып, заң комиссариатында қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу тәжірибесінен үйренуге шақырады.

Сәкен публицистикасының ағартушылық функциясы ерекше болды. Ол оқу-ағарту мәселелеріне арнап, барлығы 50-ге тарта ірілі-ұсақты мақалалар жазды. 1921-1925 жылдар аралығында “Әр қазақтың жадында оқу болсын”, “Зор міндет”, “Барлық күш оқуға”, “Қазақ арасында сауатсыздықты жою” мақалаларында тек үндеу, шақырумен ғана шектеліп қалмай, кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында нақтылы жүзеге асып жатқан істерді көрсете отырып, оқу-білімнің басты мәселе-лердің бірі екендігін алға тартты. “Еңбекшіл қазақ” газетінде шыққан “Екі мың Орынборда” мақаласы соның дәлелі. Автор мұнда Қазақстан астанасы Орынбор қаласында екі мың қазақ жасының түрлі оқу орындарында білім алып жүргеніне жүрек-жарды қуанышын білдіреді. “Екі мың жас! Бұл Қазақстан тарихында өнер-білім ретінде болмаған іс. Патшаның заманында күллі Қазақстанда екі мың түгіл екі жүз бала оқыған уақыт болмаған еді. Енді міне, еңбекшіл халықтың өз үкіметінің заманында бір қалада екі мың жас оқып жүр” [197, 273 б.], – деп кеңестік оқу-білім саясатының артықшылығын, мұны дер кезінде пайдалану керектігін түсіндіреді.

Сәкен – публицист оқу-ағарту саласындағы жетістіктерді көрсетумен бірге, орын алып отырған кемшіліктерді де сынға алады. “Оқу-білім майданында” деген сын мақаласында тіл, жаңа термин мәселесіне назар аударады. Публицист Білім кеңесінің жұмысындағы самарқаулықты сынайды: “Білім” кеңесінің құрылғанына көп болды. Бір – екі рет газет, журнал бетінде біраз істеген істері туралы ғана мағлұмат ретінде сөздер басылды. Бұдан басқа жұрттың, көпшіліктің талқысына салған ешбір мәселесі көрінген жоқ. Оқу кітаптары жоқ, емлесі жоқ, жаңа кіргізілген сөздердің мәселелері баспасөздің майданына, талқыға түсіп отыруы керек еді. Білім кеңесі үйтпейді” /Е-л Қ. 1924, 24 март/, Сәкен – публицист кемшіліктерді жіпке тізіп, құр сын айтып қана қоймайды, қайта не істеу керектігіне тиісті адамдардың көңілін аударады.

“Қазіргі зор мәселе – жаңа сөздер мен жаңа жазу һәм кітап… Және қаралатын мәселелерді күн бұрын жариялау керек. Мәселелерді және баспасөз майданына салып отыру керек” /Е-л Қ. 1924, 24 март/, – деп газет бетінде талқыға салу арқылы қазақ тілінің, емле, термин, оқу кітаптарын шығару туралы мәселелердің шешімін табуға болатындығын баса айтады.

Сонымен Сәкен – публицист қазақ публицистикасының дамып, өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға. Қаламгер өзінің бүкіл саналы ғұмырында, 1913 жыл мен 1937 жылдың аралы-ғында 200-ден астам публицистикалық шығармалар жазып, өзі өмір сүрген уақыттың жарқын шежіресін жасады. Ол Қазақстандағы саяси ахуал, сыртқы жағдай, халық шаруа-шылығын көтеру, отырықшы болу, қала салу, егіншілікпен айналысу, өндірісті дамыту, кооперацияға бірігу, әуе қатына-сын жолға қою, оқу-білім, өнер, әдебиет, баспасөз, т.б. келелі тақырыптарға қалам тартты. Қандай мәселені болса да, зерттеп, даярлап барып жазу, заманындағы ең маңызды жайтқа назар аудару, проблемалардың шешімін табу, қарапайым жұртқа түсінікті тілмен жазу, негізгі міндеттерді санамалап тұрып көрсетіп беру, жетістіктермен бірге кемшіліктерге де көңіл бөліп отыру, елдегі жастарға үлкен сенім арту сияқты белгілер Сәкен Сейфуллин – публицистикасын айқындайтын өзгешеліктер десе де болады. Ал Сәкен публицистикасының басты ерекшелігі – оның қаламынан туған қай шығармада бол-сын, нағыз қайраткерлік қасиеттің көрініс табуы дер едік. Сә-кеннің өлең, поэма, прозалық шығармаларында да публицис-тикалық белгілер мол. Ол - өз алдына бөлек әңгіме арқауы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет