Калиакпарова А.Р., Асенова А.О.
Жасөспірімдермен мұражайға саяхат
7 «А», 5 «А» сыныптар
Мектепішілік тәрбие жұмысының жоспарына сәйкес 25 ақпан күні Семей қаласының «№32 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ 7 «А» сынып оқушылары жетекшісі А.Р. Калиакпаровамен және 5 «А» сынып оқушылары жетекшісі А.О.Асеновалармен қаламыздың «Абай» атындағы мұражайға саяхатқа барды. Мақсаты: Оқушыларға тарихи тұлға Абай Құнанбаев жайлы мағлұмат беру; оқушылардың ой-өрістерін, танымдық қабілеттерін арттыру, Абай шығармашылығын оқи отырып, халықтық педагогика үлгісінде туған өлке тарихына деген қызығушылығын қолдау және дамыту; оқушылардың бойында ата-бабаларына деген құрмет сезімді және өзінің туып-өскен жеріне деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.
Саяхатқа барған оқушылар саны – 30. Мемориялдық музей қызметкерлері оқушыларды жылы шұрай танытып, қарсы алды. Саяхат барысында оқушылар “Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” деп жырлаған Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұматтар алды.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, деп Абай өзі туралы айтқандай оқушылар ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы өмір сүрген кездегі тұрмыс-тіршілігі, ертедегі қазақи тұрмыс жағдайын, Жидебайда тұрған үйінің макетіндегі жихаз, ыдыс-аяқ, т.б. көріп, жақын танысты.
Қысқаша өмір баяны Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы (Өскенбайұлы) Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады. Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез. Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды. Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді. Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты. Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді.
Мемориялда шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өскен Абайдың осы кезеңіне арналған бөлмені аралаған шәкірттер кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. шығармаларымен танысқаны туралы көптеген мағлұматтар алды. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқыған Абайдың еңбектерін көрді. Соның арқасында дүниетанымдары кеңейіп, білімдерін шыңдай түсті.
Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болып, олардың дауын даулап, мұңын жоқтағанын, өлеңдерінде жырлаған. Экскурсовод Абай өлеңдерін оқығанда оқушылар хормен қостай жөнелді.
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.
Жасы отыздан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды. 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді. Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор. Абайтанудың білгірі М. Әуезовтің атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды.
Абай оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді. Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.
Абай өлеңдері бай философиялық, күрескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей – теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті.
«Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» - Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында.
Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.
Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастырған ақын шәкірттері туралы да оқушылар көп мағлұмат алды.
Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.
Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.
Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды. Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.
Абай музейінен шыққан оқушылар рухани байып, ой өрістері кеңейіп қалды.
Семей қаласы.
Достарыңызбен бөлісу: |