Р. Әлмұханова, Е. Раушанов, Е. Омарханов Қазақ Әдебиеті


«Пәтер іздеп жүр едік...» әңгімесі туралы



Pdf көрінісі
бет24/76
Дата18.10.2023
өлшемі7,03 Mb.
#186331
түріОқулық
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   76
Байланысты:
Kazak adabietijar (1)

«Пәтер іздеп жүр едік...» әңгімесі туралы
Ерболат Әбікенұлының осы 
шығармасы енген «Министр» жинағы 2014 жылы «Таңбалы» баспасынан 
жеке адамдардың қолдауымен жарық көрді. Оның бұл әңгімесі студент 
кезде, яғни университеттің төртінші курсында оқып жүргенінде жазыл-
ған. Оқырман қауымның, жазушылар мен зерттеушілердің назарына бір-
ден ілініп, оң бағасын алды.
Әңгімеде пәтерді жалға берушілердің өзге ұлт өкілдері екені айтыл-
ған, дегенмен оқырман мұны нақты бір ұлтқа қатысты қабылдамауы 
керек. Өйткені шығарманы жазудағы негізгі мақсат – ұлт араздығын 
тудыру үшін емес, жалпы, жергілікті халықтың, соның ішінде жас-
тардың пәтер жалдауға мәжбүр болғанын айту, нарыққа көшкен өтпелі 
кезеңдегі бір қиындықты жеткізу үшін жинақты ой ретінде қабылдау 
дұрыс болады. 
ПӘТЕР ІЗДЕП ЖҮР ЕДІК...
(Әңгіме. Басы)
Алматыны алты айналып, жетім бұрышты жеті айналғанда, өкшем 
опырылып түсті. Енді маймақ жүріске бастым, аяғым ауырды деп, келін-
шегім отыра кетті. Пәтер іздеп жүр едік... 
Құмырсқаның илеуінше қайнаған жетім бұрыштан бізге лайық пәтер 
табылмады. Табылмады емес, табылды-ау, әкесінің құнын сұрайды, тіпті, 
делдал саған қарайтын емес, сөйлесу үшін де кезекке тұрады екенсің.
– Пәтер бар ма, апай?
– Бір қыз керек.
– Пәтер бар ма, ағай?
– Бір жігіт керек.
– Апа, пәтер керек еді.
– Екі қыз керек.
– Келіншегім екеуміз тұрсақ бола ма?
– Болмайды, келіншегіңнің қасына бір қыз қос, өзің басқасын жалда.
– Пәтер керек еді.
– Жас отау керек.
– Біз жас отаумыз, – қуанып кетіппін, дауысым шәңк етіп шықты.
– Онда естіп ал, елу мың теңгеден, жүз елу мың теңге үш айдың ақша-
сын алдын ала тапсырасың.
– Бөліп тапсырса ше?
– Онда барыңдар ары.


91
Сасқанымнан келіншегіме қарадым, маған жаны ашыған болу керек, 
естісе де, естімеген боп тұр. Аппақ бетінің ұшына аздап қан шапши қа-
лыпты, көзінен мұң байқалады, қасынан алыс тұруға тырысып, тағы бір 
маклерге қарай жүгірдім.
– «Шаңырақта» бір үй бар, жас отбасын тұрғызады, – деді қара келін-
шек. Кеудемдегі өшіп бара жатқан үміт оты жарқ еткендей болды.
– Қанша болады?
– Он мың теңге, үш бөлмелі жаңа үй.
– Шаңырақ алыс па? – дедім келіншегіме бұрылып.
– Өте алыс қой...
– Амал жоқ, шамамыз соған жетеді, үш бөлмелі үй болса, болады екен.
– Жарайды, келістік.
– Тауып берген ақысына мың теңге төлейсіңдер.
– Мінеки, мың теңгеңіз.
Қалыңдығы бір елі, тозығы жеткен, іші шимайға толы дәптеріне үңіле 
түсті.
– Мынау – телефоны мен аты-жөні. Сұлушаш тәте жіберді дейсіңдер.
– Қожайынмен бірге тұрмайтынымыз қандай жақсы болды, – деді келін-
шегім жол-жөнекей құлағыма сыбырлап, бұрынғы жәбір-жапаны ұмытқан 
адамдай өте көңілді, жымың-жымың етеді, еріксіз жымиып күлген бол-
дым.
Қолым дірілдеп, ішімнен иманымды үйіре түсіп, телефон құлағын бұра-
дым. Ар жағынан ер адамның барылдаған жуан дауысы шықты.
– Алло, кім?
– Алло, ассалаумағаликум, Сәкен аға ма екен?
– Иә, мен.
– Сұлушаш тәте жіберді. Пәтер іздеп жүр едік…
– Қайдағы пәтер, өткізіп жібергенбіз үш күн бұрын.
– Сұлушаш тәте он мың теңгеге үш бөлмелі пәтер бар деген болатын.
– Он мың теңгеге тауық кепе де жалдай алмайсың, бауырым, – деді де, 
телефон тұтқасын тастай салды.
Ашудан жарылардай мелшиіп тұрдым да қалдым.
– Әкеңнің-ай, делдал алдапты, – дедім келіншегіме.
– Не деген опасыз адам еді?! – дейді келіншегім дауысы дірілдеп.
Жұлым-жұлымы шыққан маршрутканың ішіне есіктен ытқып шығар-
дай сығылып, әрең сыйдық та, қонақтаған тауықтай бір-бір аяғымызды 
көтеріп, тұра қалдық. Маршрутка қиралаңдап, жетім бұрышқа қарай тар-
тып келеді. Ойым – әлгі алдамшы әйелді тауып алып, сазайын тарттыру. 


92
Ең болмағанда, қолымда жүрген туфли өкшесімен маңдайдан тарс еткізу. 
Ызадан булыққаным сонша – ішімнен тынып әрең келем, жол бойы келін-
шегім екеуміз бірауыз үн қатысқан жоқпыз. Массаждан шыққан адамдай 
қиралаңдап жеттік, ақыры. Делдал әйел сужұқпастың өзі екен, біздің қай-
тып келетінімізді білгендей, тайып тұрыпты.
Барахолкадан бір-ақ шықтық. Көше бойымен әр дарбазаға жалтақтай 
қарап, барлап келемін. Бір кезде пәтер жалдаймын деген жазу көзіме 
шоқтай басылды. Қуанғаннан айқайлап жібере жаздап, бетімді шымшып, 
өзімді әрең тежедім. Қожайын ұйғыр әйел екен, бізді суық қарсы алды.
Айнадай жарқыраған жап-жаңа үйдің қарсы алдындағы тозығы жеткен 
үлкен үйдің іші жын сасыған қараңғы дәліз екен. Артынан еріп келеміз. 
Таусылып болмайтын бұрылмасы көп дәліздің түбіне барып, бір-ақ тірелдік. 
Ең соңғы бөлме, ең соңғы үмітім. Көзім сәл үйірлескендей болды. Қоян 
екеш қоян да інін дәл бұлай қаза алмас-ау, сірә?! Қыртыс есікті шалқалай 
ашты, үш аттап, төрге жеттім, құлашымды жайып едім, саусақтарымның 
ұшы қабырғаға тиді. Сол жақ бұрышқа ұзынынан екі төсек қойылыпты. Тө-
сек емес, үсті-үстіне қиюластырып, кірпіші, шөркесі аралас бірдемелердің 
үстіне жатқызып қоя салған тақтай екен. Сол тақтай төсектің біреуінің тең 
жартысы есіктің артындағы үйді бөлген кездегі бетон қабырға мен тақтай 
қабырғаның арасындағы бос аралыққа кептеліп кіргізіліпті. Егер осы қуыс 
болмаса, бір ғана төсек сыятындай. Үш метр үйге төрт метр төсек, әне, 
солай сыйып тұр. Оған кір-кір, мақтасы салбырап, тозығы жеткен матрас 
төселіпті. Өртенген әлде май тамғаны белгісіз, кейбір жерлері сарғышта-
нып кеткен. Оң жақ түпкі бұрышқа бойы жерден әрең асатын кішкентай 
үстел қойылыпты. Ырғап көріп едім, билеп тұр. Енді байқадым, үлкен бір 
залды келсін-келмесін, иттің ұясындай қылып сансыз бөлмелерге бөліпті. 
Тақтаймен бөлсе, бірсәрі. Қыртыспен қиюластыра беріпті. Соның керегеге 
тірелген соңғы қуысы бізге бұйырып тұр. Саңылауларының ар жағында пә-
тершілердің қарасы анық көрінеді. Сол сәт арғы беттен сәбидің шырқырап 
жылаған ащы үні естілді. Қыртыс қабырғаның үстіңгі жағы төбеге бір қа-
рыс жетпей қалыпты да, сол ашық аралыққа небары жалғыз ғана шырақ 
орнатыпты. Арғы жақ пен бергі жақ сол жалғыз шыраққа тәуелді. Егер 
шырақ сөнсе, екі жақ та жарықсыз қалайын деп тұр.
Есік жақ қабырға да итеріп қалсаң, құлап түсердей, қаусап, әрең тұр. 
Бірақ ол оң жақ қабырға сияқты ашық емес, сәл де болса, жиі шегеленіпті. 
Опырылған оң жақ тоқал өкшемен еденді ақырын теуіп көріп едім, ескі 
төсеніштің шаңы бұрқ етіп, балағыма шапшыды. Шамасы, бізден бұрын 
аяқкиімін шешуді білмейтін біреулер тұрған тәрізді.


93
– Қоныс жайлы болсын, – деген дауысқа жалт қарасам, ақ күмістей 
ұзын сақалы кеудесін жапқан қария қарап тұр екен, қапелімде сасқалақ-
тап қалдым.
– Бірге болсын, ата, – деппін.
– Е-е, балам, менсінбей тұрсың-ау, ә! «Ер жігіт бір терінің ішінде неше 
арып, неше семіреді». Біз де жүрміз ғой! – деді солқ-солқ күліп. Осы арада 
қожайын әйел килігіп кетті.
– Алсаңдар осы үй бос, он мың теңге, қарап тұратын уақыт жоқ, тез 
шешіңдер.
Келіншегім маған қарады, мен келіншегіме қарадым. Екеуімізде де үн 
жоқ. Қария күлімсіреп: «Әй, балаларым-ай!» – деп, басын шайқап қояды.
– Аяғым ісіп кетті, жетім бұрышқа енді бармай-ақ қояйықшы. Өкшем 
ойылып қалды-ау деймін, удай ашып тұрғаны.
– Келістік, – дедім. Аузымнан осы сөз қалай шыққанын да сезбей қал-
дым. Артынша елден қай жеріміз артық, өзіміз сияқты қазақтар екен ғой 
осында пәтер жалдап жүрген, – деп қоям күбірлеп. Өзімді-өзім жұбатқан 
түрім.
– Мына үйде бір нәрсе жетіспейді, – деді келіншегім, аналар кеткесін 
сылқ-сылқ күліп. – Бір нәрсе жоқ.
– Бір нәрсе?! Бір нәрсе ғана емес, бұл үйде ештеңе жоқ.
– Бір нәрсе ғана жоқ.
– Телевизор ма?
– Жоқ.
– Айна...
– Қойшы, айна біздің не теңіміз? Өзің соқырмысың? Көзіңді ашып қа-
расайшы.
– Өзің айтшы ал.
Кенет жарық сөнді де, үйдің іші қараңғылыққа шома қалды.
– Өй, жарыққа не болды? – деп, едәуір сасқалақтап қалдым.
– Мен өшірдім, – дейді келіншегім сыңғырлап.
– Жындымысың, жақ шырақты.
– Не нәрсе жоқ екенін тапсаң, жағам.
– Бәрі жоқ бұл үйде. Ештеңе жоқ.
– Әдейі істеп тұрсың ба әлде соған да миың жетпей тұр ма?
– Бала қорқады, жарықты жағыңдар, – деген еркек дауысы шықты 
қыртыс қабырғаның ар жағынан.
– Терезе жоқ, – деген әйел дауысы шықты қыртыс қабырғаның арғы 
жағынан. Шырақ жарқ етіп жана қалды.


94
– Терезе жоқ дейді?
– Иә, терезе жоқ, – деді келіншегім.
– Терезе жоқ, – деп, қарқылдап күлді ер мен әйел.
– Терезесі жоқ үй де болады екен-ау, ә?!
Қырсықтың көкесін жатарда көрдік, екі адам еркін айнала алмайтын 
куықтай бөлме, ермек етерлік дәнеңе жоқ. Жалғыз шырақты жағып-сөнді-
ру құқы бізден бұрын келгендіктен, көршімізде болды. Сол себепті жа-
рықты сөндіруге бата алмадық. Ерте ұйықтайын десек, біреу-міреу қыр-
тыстың саңлауларынан сығалап тұрған секілденді де, киімімізді шешуден 
арландық. Астымызға бірдеңе салып, бүктетіліп жата кетуге еден тым лас 
екен. Оның үстіне егеуқұйрық талап кететін түрі бар. Амалсыз бір төсекке 
қырымызбен қысылысып жаттық. Мен келіншегіме суық тиіп қалмасын 
деп, түпкірге жаттым. Келіншегім әле-сәле қозғалып қояды. Тар төсекке 
сыймай жатқанын сезіп, өзім шет жаққа алмастым. 
Ұйқы келер емес, жалмауыздың жалғыз көзіндей жарқыраған шырағы 
құрғыр көзімді талдырып жіберді. Көршінің жас нәрестесі жағы талмайтын 
жылауықтың өзі екен. Қарсы бөлмеде жатқан ақсақал күрк-күрк жөтеледі…
Бөлмелер бөлек-бөлек болғанымен, ауасы ортақ екен. Терезенің пайда-
сын енді білдім. Мүңкіген иіс кеңсірігімді ашытып барады. …Сөйтіп жа-
тып ұйықтап кетіппін...
Қай мезгіл екенін білмеймін, ояна қалсам, терге малшынып жатыр екем. 
Қайда жатқаным есіме түсіп, көңілім ортайып қалды. Уақыт өткізу үшін 
тамақтан кейін мұрнымыз терши отырып, екі шәугім шай ішкен едік, 
сол қысып барады. Еріксіз далаға шығуға тура келді. Сипалап жүріп, жа-
рықтың түймесін әрең тауып, жасқана жақтым. Бір бұрышқа маңдайым-
ды, бір бұрышқа тіземді соғып жүріп, бұлың-бұлың дәлізбен далаға әрең 
шықтым. «Уф!» – деп, кең тыныстап, рақаттанып қалдым. Дәретхананы 
үйден едәуір алысқа салыпты. Солай аттай беріп едім, тайыншадай екі 
төбет тұра атылды. «Өлген жерім осы ма?» – деп ойлап үлгергенім жоқ, 
тілеуіңді бергір, ұйғыр қатын ол екеуін білектей шынжырмен мықтап бай-
лаған екен. Төбеттердің күркіреген дауысына арқаланып, малақайдай-ма-
лақайдай бес-алты қанден қосыла шәуілдеді. Солардан қашқан беті жан 
дәрменім қалмай, дәретханаға бір-ақ сүңгідім. Қайтарда да иттен қашқан 
мысықтың күйін кешіп жүріп, үйге әрең жеттім. Қандендерден оншалық 
қорықпадым, ит үрсе, есім шығатын әдетім бар еді, әсіресе, шәуілдеген 
дауыстан қатты мазасыздандым.
Тәтті ұйқы құшағында жатқан жерімнен келіншегім қатты жұлқып оя-
тып жіберді, үйдің іші тастай қараңғы.


95
– Тұр деймін түс болды, тұр тез, – деп, есімді шығарды.
– Сонша ерте оятатын, не күн туды басыңа?
– Ертесі несі, түс болды.
– Онда шырақты жақсаңшы.
– Тоқ жоқ, күндіз өшіріп тастайды екен.
Басымды жастықтан жұлып ала сала, далаға жүгіре шықсам, Күн дәл 
төбеге таяп қапты.
Кешке пәтерімізге өте жақын бір досым келді. Бұл біз бас құрап, үй бол-
ғалы келген тұңғыш қонақ еді. Сол себепті, бір жағынан, қуансақ, бір жа-
ғынан, қатты қысылдық. Сыртқа шай қайнатқалы шыққан келіншегімнің 
қасына барып едім, қайнап тұрған еттің көбігін сүзіп жатыр екен.
– Етті қайдан алдың? – дедім таңданып.
– Көрші әйелден қарызға сұрап алдым.
– Ұят-ай!
– Ұялмай-ақ қой, бірер күннен соң, ауылдан ағам келеді, телефонмен 
сөйлестім, ет әкелетінін айтты.
Досым: «Екі адамның арасына есі кеткен түседі» деп, қоярда-қоймай, 
шабаданның үстіне жайғасты. Келіншегім екеуміз төсекке отырдық. Дас-
тарқанның үсті едәуір жайнап кеткен екен. Мен келіншегімнің мұндай 
тағамдарды қайда сақтап, қайдан әкеле қойғанына таңмын. Табақ толы 
етті жағалап, енді ауыз тие бергенде, қыртыс есікті біреу жұлқып ашты. 
Қожайын әйел екен. Ашулы, дүрсе қоя берді.
– Мынау кім? – Қатар атып тұрыстық.
– Досым еді, тәте.
– Сендер жас отаумыз, басқа ешкіміміз жоқ деген едіңдер, енді үшеу бо-
лып алыпсындар. Мен сендерді білем, көбейіп аласыңдар. Үйді қоқсытып 
жіберіпсіңдер…
– Қашан шектім мен, темекі шекпеймін, – демекші болып едім, досым 
білегімнен тартып қалып, үндеме деген сыңай танытты.
– Сізге тамақтан кейін барып, түсіндірейін деп отырғам, ақшасын берем 
ғой.
– Қадірлеріңді кетіргенше, сөйтпейсіндер ме баяғыда! – есікті тарс 
еткізіп жапты да, бұлқан-талқан болып шығып кетті.
Досымнан ұялып, кірерге тесік таппай тұрмын. Келіншегім сыр білдір-
мегенсіп, жымиып күліп қояды. Досым иығымнан қағып жұбатқандай 
болды. Қожайынға ақша апарған кезде бір кеңдеу ескі темір төсек берді. 
Досымды соған жатқыздым. Торы салбырап, құйрығы жерге тиді.
«Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді», біз де қараңғы пәтерге үйір-
лесе бастадық. Таңертең тастай қараңғы пәтерде шалбарымның қайда тұр-


96
ғанын, жейдемді қайда ілгенімді, аяқкиімімнің қай жерде жатқанын ой-
ланбай-ақ, табатын болдым. Тіпті, шалқалап жатқан беті қиналмай, қол 
созсам болды, қуықтай пәтердің қай жерінде болса да, іздеген дүниемді 
оңай бас салам.
Бұл күндері ел ауылдан туысым келетін болды деп, қуанса, мен туы-
сым келетін болды деп, қорқатын болдым. Әуел десеңіз, дәл мынандай 
кезде әкем мен шешемнің келуін де қаламайтын едім. Бұл менің жалғыз 
қорқынышым. Қайнағам келсе қайттім, ойбай, ұят болды-ау! Қайсы тө-
секке жатқызам деп, сарыуайымға салындым. Телефонмен сөйлескенде, 
«Адресін айтқан соң, өзім тауып барамын» деген еді. Бір күні кеште ойла-
маған жерден жаңбырлатып жетіп келмесі бар ма, лашығымызды көріп, 
шошып кетті. Есіктен төрге дейін көзі шарасынан шыға жаздап, үрейле-
не көз жүгіртті. Шай ішіп отырмыз, шабаданның мен қозғалған кездегі 
қаудырлаған дыбысынан басқа тырс еткен дыбыс шықпайды, ешкімде үн 
жоқ.
– Шай ішіңіз, аға, – деймін қайнағама жалпақтап, іштей шайды аз ішсе 
екен деп тілеймін, түзге шығу бұл үйде қиямет екенін қайнағам, байғұс, 
қайдан білсін! Ештеңе ойламастан сораптап отыр. Бір кезде үйдің төбесінен 
тамшы тама бастады. Отқа қақтаса да, тер шықпайтын тандырдай денемді 
суық тер басты. Себепсіз ыржақтай бердім, ауылдың әңгімесін сұраған бо-
лып сөзге тарттым, жарытып ештеңе айтпайды. Әдетте, ауыз-аузына жұқ-
пайтын шешеннің нақ өзі еді, енді ұртына су толтырып алғандай-ақ үнсіз 
отыр. Тамшының тамғанын пайдаланып, терлеп, жыбырлатып әкетіп бара 
жатқан желкемнің терін әкесін танытып отырып сүртіп тастадым. «Қа-
йыршыға жел қарсы» деп, енді дастарқанға тамшы тама бастады, тамған 
сайын жүрегіме біреу ине пісіп-пісіп алғандай күй кештім. «Қайнағамның 
ыдысына тамшы тамыза көрме» деп, Алладан іштей тілей бергенім сол-ақ 
екен, кесенің дәл қасына тамшысы түскірдің тамып-ақ кеткені. «Тамыза 
көрме» деп, іштей бәйек боп мен отырмын. Әне бір тамшы ернеуін сүріп те 
өтті. Әне тамып та кетті қайнағамның шыныдағы шайына. Маңдайымнан 
сұп-суық тер бұрқ ете қалды. «Тер ыстық болушы еді, осындай да суық 
тер болады екен-ау!» деп таңғаламын. «Басқа шыныға құяйық» деп, қай-
нағамның шынысына қолымды соза беріп едім, ол: «Керегі жоқ», – деп, 
шайды сылқ еткізіп іше салды. Ашуланғаны ма, жоқ, бізді ұялтпау үшін 
солай істеді ме, ол жағын білмедім. Енді қайнағама қарайтын менде бет 
жоқ. 
– Бұрын тамшы тамбаушы еді, не болды екен, ә? – деп, ұялғаннан төбе-
ге қарап едім, келіншегім:


97
– Біз келгелі жаңбыр бірінші рет жауды ғой, – деп, түйеден түскендей 
дүңк еткізді. 
Бетіне жалт қарадым. Қысылғанда менің сөзімді сөйлемегені қалай, 
дауысында діріл бар. Жүзі бұлт бүркеген күндей күреңіте қалыпты. Көзінің 
үсті домбығып, ұзын кірпіктерінің ұшынан мөлдір тамшы ыршығалы тұр.
– Әнеугүні жауған секілді еді ғой, – дедім мыңқылдап. Жауап болмады. 
Бұрын шыны көрмеген адамдай шыныны қолыма алып, сипалап, үңіле 
бердім. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алып», сол сәт дастарқанның 
екі шетінен екі тарақан пайда болды да, қарама-қарсы жорғалай жөнелді. 
Келіншегім шөгіп барады. Тарақан, құдды, соғыс майданына жекпе-жек-
ке шыққан хас батырдай екпіндеп келді де, бір-біріне тұмсық түйістірді. 
Бір-біріне айбар шекті… Қайнағам теріс қарады. Әйелім бетін басты. Мен 
күйіп-жанып бара жаттым. Тамағым кеберси берді, құрт малтап отыр едім, 
сол құрт өңешіме тығылып қалғандай, сөйлесем, дыбысым шықпайтындай 
сезілді.
Мен қолмен ұстап, көзбен көруге болмайтын, өмірімде тап болмаған 
тылсым бір бақытсыздық күй кешудемін. Қайнағам тұнжырап, келін-
шегім жылап отыр, оған жаным ашыды. Ай мен күндей жарқыраған сұлу 
келіншек, ешкімнің қолы жетпеген, менің ғана қолым жеткен сұлу келін-
шек, үріп ауызға салардай аппақ сұлу келіншек көз алдымда жылап отыр. 
Мен оны жылату үшін алып па едім?! Оның көз жасы менің жүрегіме, 
жүрегімнің ішіндегі өзекке тамшылап жатқандай.
Келіншегім тамақ жасауға сыртқа беттеді. Үйдің іші үй емес, төбесі 
түсіп құлазыған ескі моладай қаңырады. Жалғыздың күйін кешіп, мен 
қалдым. Қайнағамның бетіне қарауға дәтім шыдамады. Келіншегім бейне 
бір алыс сапарға кеткендей сағындым да қалдым. Бір сылтау тауып, мен 
де сыртқа атылдым. Қазан-аяқ жақта әбігерленіп жатқан келіншегімнің 
қасына бардым. Жылап тұр екен. Ту сыртынан қапсыра кұшақтай алдым, 
жақтыртпаған адамдай бұлқынды. Мен де жылап жіберіппін, көз жасым 
желкесіне тамып жатты. Келіншегім қарсылық көрсетпеді. Мұрнын пыс-
пыс тартып, ыдысын жуып, жылап тұр.
– Ана қатынға бар. Тез, пәле салады, – деді өксіп.
– Үйінде жоқ, – дедім мен де өксік аралас.
– Жаңа келді.
Тұра жүгірдім, қараңғыда біреу өте шыққандай болып еді, қожайын 
әйел екен. Қайқаңдап ұшып барады. Біздің есікке таяп қалыпты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   76




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет