Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.
94-бап
Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Конституция белгілеген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктеріне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуірде республикалық референдумда қабылданған шешім бойынша белгіленген мерзім ішінде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен Республика Президенті өкілеттігінің қазіргі мерзімі Республика Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданған Республика Парламентінің қаулысымен қысқартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Парламент Мәжілісі бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бір ай ішінде ант береді және жеті жылдан кейін желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізілуге тиіс кезекті Президент сайлауында сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады.
Конституция күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президенті өзі сайланған мерзім аяқталғанға дейін өкілеттігін сақтайды.