Орындаған: Рахымбаева Ж.С.
Тақырыбы: «Ж.Дәдебаев және М.Әуезов»
Көрнекті әдебиет зерттеушісі Жанғара Дәдебаев – қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес қосқан ғалымдардың бірі. Оның әдебиет тарихы, әдебиет теориясы мен әдебиет сыны туралы еңбектері, ғылыми-танымдық мақалалары, зерттеулері – тұжырымды пікір һәм парасатты пайымдарымен ерекшеленеді. Зерделі зерттеушінің, әсіресе, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармашылық шеберханасы жөніндегі зерттеулері өміршең мұра. Мәселен, әдебиетшінің «Қазіргі қазақ тарихи прозасындағы М.Әуезов дәстүрі», «Әдеби шығарма», «Қазақ тарихи романы: дәстүр мен жаңашылдық», «Шымырлап бойға жайылған», «Ғабиден Мұстафин», «Мұхтар Әуезов», «Өмір шындығы және көркемдік шешім», «Бөлтірік Әлменұлы және қазақ шешендік өнері», «М.Әуезов шығармашылығы», «Атыңнан айналайын Әулие ата», «Әдеби шығармашылық», «Жазушы еңбегі», «Қазіргі қазақ әдебиеті: Лекциялар курсы», «Талас аңыздары», «Адам ата», «Менің университетім: зерттеулер мен зерделеулер», «Адам және заман», «Тақырып және идея», «Тараз өлкесі: монографиялық пайымдаулар, ойлар мен толғаныстар», «Абайдың антропологизмі», «Шешендік өнер теориясының негіздері» сынды зерттеулері әдебиеттану ғылымының қолданыс аясын кеңейткен еңбектер қатарынан берік орын алды.
Әдебиетші-ғалым Жанғара Дәдебаевтың ғылыми зерттеулерінің негізгі бөлігі жазушының шығармашылық лабораториясы мен тарихи роман табиғатын зерттеуге арналған. Ғалымның «Жазушы еңбегі» (Алматы, 2001 жыл) кітабында жазушы еңбегінің ерекшеліктері, басты кезеңдері мен сатылары туралы сөз қозғалады. Қаламгердің шығармашылық процесі нысанаға алынып, жазушының өмір шындығынан өнер туындысын жасау шеберлігі зерделенеді. Зерттеудің негізгі өзегі – халықтың тарихи өткен дәуірінің шындықтарының әдеби шығарма құрылымында көрініс табу жолдары, жазушы еңбегі мен әдеби шығармашылық процесс жайы. Еңбекте автор шетел мен қазақ әдебиеттанушыларының тарихи роман жанрына қатысты принциптерін негізге алады.
«Жазушы еңбегі» зерттеуі – «Жазушы еңбегі және көркемдік қиял», «Жазушы еңбегі және тарих шындығы», «Жазушы еңбегі және халық мәдениеті», «Жазушы еңбегі және халық әдебиеті», «Жазушы еңбегі және әдеби мұра» атты бес тарауға бөлінген академиялық күрделі зерттеу.
Алғашқы бөлімде «Тоныкөк» пен «Күлтегін» сияқты әдебиеттің ежелгі мұраларының көркемдік деңгейі мен авторлардың шығармашылығына тоқталады. Алдымен түркі халқының тарихында ақылы дариядай шалқыған дана кеңесші Тоныкөктің парасатты терең мәнге ие сөздерінің сырын оның заманымен, түркілердің тарихымен байланыстыра жазады. Патшаларға адал қызмет еткен Тоныкөк ақын-жырау ретінде де көпшілікке танылған. Демек әдебиеттің тарихы туралы сөз еткенде ежелгі әдебиеттің көрнекті өкілі Тоныкөктің шығармашылығына тоқталатынымыз белгілі. Бұл орайда автор көне түркі мәдениетінің белді өкілінің өмірі мен шығармашылық мұрасына ерекше мән беруді жөн көрген: «...Құлпытастағы әр сөзде осындай терең мән, бай мағына бар. Оларды сараптай келе, сөз иесінің ел тарихындағы ең басты, тарихи маңызды оқиғалар мен ел тағдырына, халық болашағына қатысты ұлы өсиеттерін ғана қашап жазуды дұрыс көрген талғамы, қалауы болғанына көз жеткізуге болады. Бұдан ескерткіш авторының, сөз иесінің өмір құбылыстарын таңдап-талғауында, сараптап-саралауында шығармашылық талап жатқанын аңғару қиын емес. Басқаша айтқанда, бұл жерде шығармашылық еңбектің ерекшеліктері көрініс тапқаны байқалады. Могилянның басындағы құлпытастағы жазу туралы да, «Күлтегін», «Тоныкөк» әдеби ескерткіштері туралы да осыны айту дұрыс: шығармашылық еңбек процесі, жазушы еңбектерінің сатылары мен ерекшеліктері, сөз иесінің өмір шындығынан өнер туындысын жасау жолдары туралы ой осы ескерткіштерден бастау алады». Әдебиет зерттеушісі аталған әдеби ескерткіш авторларының өмір шындығы мен тарихи оқиғаларды жинақтау, суреттеу, образ жасау шеберлігі шығармашылық ойлау мен еңбектің үздік деңгейін танытатыны жайлы баяндайды.
Бұл тарауда автор Мұхаммед Хайдар Дулатидың шығармашылығына да талдау жүргізеді. Ежелгі әдебиетіміздің көрнекті өкілінің әдеби мұрасы мен жеке шығармашылық тұлғасы бұрын-соңды тереңнен зерттеліп көрмеген. Ж.Дәдебаев бұл тұрғыдан тың деректер келтіріп әдебиеттануға жаңа бағыт бергені анық. Мәселен, әдебиетші өмір шындығын тану мен түсіну үшін қаламгердің талант табиғаты мен таным деңгейі үлкен қызмет атқаратыны туралы тұжырым ұсынады: «Талант пен таным толық келісім, шын жарасым тапқан жағдайда ғана жазушы еңбегі жемісті болмақ. Мұның кейбір басты нәтижелері қазақ тарихи прозасының әуелгі үлгісі қатарына жататын Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» атты дилогиясында көрініс тапқан».
Әдебиет тарихы бойынша оқу құралдарында ежелгі әдебиет жайында сөз болғанда көбіне М.Дулатидың өмірбаяны қысқаша айтылып, «Тарих-и Рашиди» туындысын жалпы шолу жасалынады. Ал «Жазушы еңбегінде» оқырман Мұхаммед Хайдар Дулатидың шығармашылық биографиясымен толық таныса алады, сонымен қатар оның тарихи туындысының жазылуы туралы мазмұнды ақпарат ала алады. Мәселен, автор болашақ тарихшының жастай жетім қалып, тағдыр тауқыметін көп көргені мен зейін де зерделі болып ер жеткені жайлы жазады. Әдебиетші М.Дулатиды тума талант ретінде таныстырады. Бұндай тұжырымды әдебиет зерттеушісі тарихи тұлғаның өмір баянына мұқият талдау мен зерттеу жүргізу нәтижесінде айтып отырғаны белгілі. Ол үшін зерттеуші әйгілі «Бабырнама» еңбегін пайланғаны сілтемеден көрсетілген. М.Дулатидың шығармашылық жолының даңғыл болуына әсер еткен қасиет хақында былай делінеді: «Еңбек пен ақыл екеуі екі жақтан сүйемесе, кісінің алған білімінде де, талантында да баян болмайды. М.Х.Дулатидың жас кезінен-ақ осы қасиеттер оның жолын ашып, баянды бағытқа бастады. Ақыл мен қайрат, жүректен шығып жатқан мұндай асыл қасиеттердің ішінде табиғи талант, білуге, тануға деген іңкәр тілектің жарығы, аса аяулы қызмет атқарған еді. Еңбек пен ақыл қолдамаса, әрине, талант талайсыз, тайғақ келеді. Еңбек пен ақылдан қолдау тапқан жағдайда ғана оның жұлдызы жанып, бағы ашылады. М.Х.Дулатидың танымына тән телегей теңіз кеңдік пен тереңдіктің қайнар көзінде таланттың еңбек пен ақылдан қолдау тапқан осындай жарастығы жатыр».
«Жазушы еңбегі және тарихи шындығы» тарауында автор қазақ романыының көркемдік құрылымы, тарихи шындық, көркемдік шындық ұғымдарын қарастырады. Қазақ романының көркемдік жүйесінде, идеялық, тақырыптық болмысында тарихи шындықтың атқаратын қызметіне тоқталады. Бұл тарауда жазушының тарихи деректерді өнер туындысын жасау барысында пайдалануы, сұрыптауы, көркемдеуі туралы мол мағлұмат берілген. Автор аталған мәселелерді дәлелді де дәйекті түрде түсіндіру мақсатында М.Әуезовтің «Абай жолы», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», Ә.Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң», М.Мағауиннің «Аласапыран», С.Сматевтың «Елім-ай» атты тарихи романдарға талдау жасайды.
Әдебиетші-ғалым «Абай жолының» төрт томы да өмірдегі болған тарихи оқиғаларға негізделгенін жаза отырып, М.Әуезовтің тарихи құжаттар, хаттар, деректер, фактілерді жинақтау мен екшеу шеберлігі жөнінде пікір білдірген. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов эпопеяда суреттеліп отырған кезеңнің тарихи тынысын шынайы таныту мақсатында өмір шындықтарын қолданған. Бұл ретте, әдебиет зерттеушісі шығармадағы Құнанбай, Бөжей, Оразбайдың образын ашу үшін қаламгердің өмір шындықтарын арнайы іздегені туралы баян етеді. Ж. Дәдебаев М.Әуезовтің шығармашылық шеберханасына шолу жасап, жазушы пайдаланған архивтік құжаттар мен эпистолярлық мұралардан үзінді ұсынады. Бұндай тиянақты зерттеу эпопеяның тарихи шындықтан туғанын дәлелдеп қана қоймай, ұлы қаламгердің шығармашылық ізденісі мен ұстанымы туралы ақпарат береді. Сонымен қатар автор М.Әуезов «Абай жолында» өмір шындықтарын пайдалану мақсатын Л.М.Әуезова, З.Ахметов зерттеулеріне сүйене отырып анықтап, тұжырымдайды.
Абай образы – тарихи образ. Ұлы ақынның даналығы мен өмірлік көзқарасын, биік руханиятын, жылы жүрегін оқырманға сенімді түрде суреттеу үшін жазушы тарихи шындықты ұтымды пайдалануды көздеген. Бұл жөнінде әдебиетші былай деп жазады: «Борсақ жерін зорлықпен алу, Бөжейді сабау, т.т. – осылардың қайсысы да әке мен бала қарым-қатынасының айқын қайшылықты сипат алып, Абайдың өмірге, қоршаған ортаға көзқарасының қалыптасуына қызмет етеді. Бұл ретте тарихта болған оқиғаларды мезгілі жағынан Абайдың дәуіріне жақындатып, Абайдың көз алдынан өткізіп суреттеу эпопеяның көркемдік сапасын арттырған суреткерлік үлкен парасатты танытса керек».
«Жазушы еңбегі және тарих шындығы» тарауының қорытынды сөзінде қазақ романының жетістігі, жазушылардың шеберлігі мен парасаты жайында тұшымды ойлар білдіреді: «Жазушының өмірде болған, нақты ақиқат құбылыстарды ғана суреттеп қана қоймай, қажет болған жағдайда, құбылыстың мәніне тереңдеп барып, оны жан-жақты ашып көрсету мақсатында, ақиқат деректер беретін шындықты өз мұратына орай өзгерген немесе толықтырылған түрде пайдалануы елеулі көркемдік нәтиже береді. Жазушының ойлау парасаты мен шеберлігі жоғары суреткерлік тұрғы биігінде тоғысып, парасат – шеберлікпен, шеберлік парасат байлығымен ұштасқанда, әдеби шығармаға қойылар басты шарт – тарих шындығы мен жазушы еңбегі арасында әсем келісім, көркемдік жарасым салтанат құрады».
«Жазушы еңбегі және халық мәдениеті» атты үшінші тарауда қазақ романының көркемдік құрылымында халықтың дәстүрлі мәдениетіне тән әдеп өлшемдерінің көрініс табуы мен оның шығармадағы қызметі туралы сөз етіледі. Автор тарихи туындыларда дәстүрлі мәдениет өлшемдері тартыс желісі, мінез даралаудың, образ жасаудың басты құралы қызметін атқарумен қатар, шығармада көрініс тапқан кезеңнің рухани бейнесін жасауға атсалысады деп тұжырымдайды.
Әдебиетші Жанғара Дәдебаев М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында аталатын дәстүрлі мәдениет үлгілеріне тоқталады. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, дәстүрі, салты, әдебі мен әдеті М.Әуезов қаламының қуаты арқылы жаңа тынысқа ие болды деп баға береді. Сонымен қатар зерттеуші М.Әуезов творчествосы және қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мәселесі ғылыми тұрғыдан арнайы зерттеуді талап ететін тақырып екенін ескертеді.
Әдебиет зерттеушісі жазушының тарихи-этнографиялық шындықты желі етіп алады да, суреттеліп отырған көрініске нақты сипат береді және кейіпкер мінезінің қырларын шынайы ашуды мақсат етеді. Жанғара Дәдебаев суреткер халықтың дәстүрлі мәдениет үлгілерін көркем әдебиет шындығына айналдыру процесінде түрлі амал-тәсілдерді қолдануы туралы ой өрбітеді: «...Бұл орайда автор бір емес, бірнеше мұраттың үдесінен қатар шығуды көздейді. Солардың ішінде типтік характер жасау мақсаты ерекше дараланады. Автордың суреткерлік, жазушылық әрекетінде тарихи-этнографиялық шындық та, суреткерлік, бейнелік те өзара үйлесе келіп характер жасауға қызмет етеді. Соның нәтижесінде өмір деректері характер байлығымен ұштасады да, жазушының көркемдік- поэтикалық әлемін ұлттық мағынамен, халықтық мазмұнымен байыта түседі».
«Жазушы еңбегі және халық әдебиеті» тарауында әдебиетші қазіргі қазақ романының көркемдік-идеялық құрылым жүйесінде халық әдебиеті үлгілерінің қызметіне назар аударады. Бұнда халық әдебиетінің үлгілерін жазушы образ сомдау, тақырып пен идея арнасында, тіл мен стиль тінінде қолданады деген тұжырым жасалады. Зерттеуші-ғалым тарихи фольклордың халық өмірінің шындығын танитын басты құрал екеніне тоқталып өтеді. Зерттеуші Мұхтар Әуезовтің «Абай жолында» халық ақындарын кейіпкер ретінде енгізу мақсатын түсіндіреді. Мәселен, Барлас, Садақ, Қадырбай, Шүмек сынды ақындардың кейіпкер ретінде эпопея желісіне кіріктірілуі Абайдың ақындық танымын, шығармашылық ортасын шынайы етіп суреттеу мақсатында жүзеге асқан ұтымды амал екені баяндалады. Сонымен қатар автор Абайдың жастық кезеңі мен Тоғжанға деген ыстық махаббатын барша мұңы мен қуанышын шынайы дәл суреттеуге ықпал еткен халық әдебиетінің үлгісі – «Топайкөк» әніне тоқталады: «Топайкөк» әнінсіз алтыбақандағы Абай мен Тоғжанның мұңын да, қуанышын да мұңшалық терең, әсерлі, мұншалық әсем, сезімді ашу мүмкін болмағандай еді. Абай мен Тоғжан бір-біріне айта алмай келген, бірақ бір-біріне айтқысы келетін, бірінен-бірі ести алмай келген, бірақ бірінен-бірі естігісі келетін шындық сыр – бәрі алтыбақан үстінде «Топайкөк» әні болып шырқалады».
Осылайша Ж.Дәдебаев М.Әуезовтің өмір құбылыстарын суреттеу барысында халық әдебиеті үлгілерін қолдану жолдары, жинақтау, сараптау мен сұрыптау шеберлігіне айрықша назар аударып, бұның қазіргі қазақ романының көркемдік жүйесін танудағы атқаратын рөліне тоқталады.
Бұл тарауда әдебиетші І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, С.Сматаев, С.Жүнісов сынды көркемсөз зергерлерінің шығармаларында көрініс тапқан халық әдебиетінің үлгілеріне шолу жасайды. Оның сюжет құраушы фактор қызметін атқарып қана қоймай, сонымен қатар үлкен идеялық түйінді, жазушы толғанысын таныту қызметін де атқаратынын атап өтеді. Сөз соңында әдебиетші қазіргі роман аңыз, жыр, миф желілері арқылы өмір құбылыстарын көркемдік игерудің жаңа формасын тапты деген қорытындыға келеді.
Ғылыми еңбектің «Жазушы еңбегі және әдеби мұра» атты соңғы бөлімінде өмір құбылыстарын танытатын әдеби мұраның үлгілері туралы сөз қозғалады. Автор М.Әуезовтің шығармашылық шеберханасына тоқтала отырып, жазушының ұлы туындысындағы әдеби мұраларға талдау жүргізеді. Бұнда алдымен әр жазушы шығармашылық тұлғаның бейнесін суреттеу үшін оның өмірбаянына тиянақты зерттеу жүргізеді делінеді. Бұл тұрғыда М.Әуезовтің жетістігін еріксіз мойындайды. Жазушы роман-эпопеяда ақынның творчестволық әлемін, ақындық қасиеті мен қабілетін нанымды суреттеу мақсатында Абай өлеңдерінен үзінді келтіргенін атап өтеді. Мәселен, ұлы ақынның ғашығана арнап шығарған «Білектей арқасында өрген бұрым», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңдерінің тарихын сөз етіп, романда көрініс табу себебін байыптайды. Автор былайша тұжырым жасайды: «М.Әуезов творчествосының, әсіресе «Абай жолының» үздік көркемдік сапаға иеленуінің басты бір сыры автордың әдеби мұра үлгілеріне сүйене отырып, адам жанының шындығын шынайы суреттеудегі жазушының творчестволық еркіндігінің, психологиялық талдау өнерінің, «жан диалектикасын» ашу шеберлігінің осындай айрықша мәнді, мағыналы, жасаппаздық сипатында». Әдебиетші өнерпаз тұлғаның бейнесін жасауда қаламгер оның көркем туындыларына арқау болған өмір шындығы мен шығармашылық толғаныстарын зерттеп, саралап суреттеуі міндеті екенін атап өтеді. Әдеби деректің қызметі жөнінде былайша түйіндейді: «Әдеби дерек көркем шығарма құрылымында адамның мінезін ашып, ойлау табиғатын таныту құралы болумен қатар, сюжеттік желінің белгілі кезеңдернің оқиғалық өзегін қиялмен ойлап табудың, конфликт тудырудың да басты негізі қызметін атқарады».
Қорытындылай келгенде, әдебиетші-ғалым Жанғара Дәдебаевтың шығармашылығы тарихи роман табиғаты мен жазушының шығармашылық шеберханасының сырын талдауға бағытталған. Ізденімпаз тұлға бұрын-соңды зерттелмеген мәселелерді танып-білуде батылдық танытып, қазақ романдарына байыпты зерттеу жүргізген. Өмір құбылыстарының әдеби туындыда әр түрлі формаға ие болып көрініс табуы хақында маңызды тұжырымдар ұсынған. Ж.Дәдебаев еңбектері болашақта қазақ прозасының үлгілерін зерттеп, тануға көмек беретін тағылымды құрал екені күмәнсіз.
Бүгін ұлттық әдебиеттану ғылымында академиялық мектеп қалыптастырған, әдебиетші-мамандар даярлау шеберханасының жөн-жосығы мен жоспарын, бағдарламасын түзген, “Абайтану” институтын ашып, Бас ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты отыз томнан асатын академиялық еңбек құрастырған; әдеби-теориялық оқу құралдары мен зерттеулердің авторы профессор Жанғара Дәдебаев жетпіс жасқа толып отыр. Ғалымның деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына табыс тілейміз.
http://m.adebiportal.kz/kz/news/view/20872
Достарыңызбен бөлісу: |