р/с
|
Кәсіби іс-әрекетке бейімдеу функциялары
|
Кәсіби іс-әрекетке бейімдеу функцияларының сипаттамасы
|
1
|
Диагностикалық
|
Бейімделу үдерісін басқаратын субъектілердің студенттің тұлғасын диагностикалық зерттеу
|
2
|
Болжаушы
|
Студенттің кәсіби оқу орнына бейімделуіне алғашқы және кешенді болжау жасауды іске асыру, бейімделу кезеңіндегі мәселелерді саралау
|
3
|
Оқыту
|
Болашақ кәсіби іс-әрекетіне және жоғары оқу орнындағы жағдайларға табысты көндіге алу және бұл процестің басқаратын оқытушы жұмысының әдіс-тәсілдерімен қамтамасыз етілуі
|
4
|
Дамытушы
|
Бейімделу үдерісін жүйелі басқаруды жүзеге асыратын педагогикалық ортаның және бейімделуші субъектінің шығармашылық дамуы. Бұл жердегі негізгі критерий – студент пен оқытушының дамуы
|
5
|
Бағамдау
|
Оқытушылардың жоғары оқу орнындағы іс-әрекеттің жалпы заңдылықтарын бағамдай алуы, студенттердің бейімделе алу мүмкіншіліктерін, әдіс-тәсілдерін, бейімделудің индивидуалды ерекшеліктерін бағамдауы
|
6
|
Түзетуші
|
Алғашқы және кешенді болжауларға сәйкес студенттердің жеке бір жақтарын түзету. Бейімделуші субъектілер бұл жұмысқа өздері белсенді, саналы қатысулары тиіс
|
7
|
Теңгерушілік
|
Студенттердің жоғары кәсіби оқу орнына табысты бейімделуін анықтайтын дамыған жеке қасиеттерін көрсету, бейімделу кезеңіндегі дағдарыстарды жеңілдететін әдіс-тәсілдерді пайдалану
|
8
|
Ғылыми-әдістемелік
|
Ғылыми-әдістемелік құрылым құру, осы сипатқа ие іс-шаралар кешенін өткізу
|
К.К.Платонов тұлғаның динамикалық құрылымына: тұлғаның бағыттылығын, кәсіби тәжірибені, психикалық процесстердің ерекшеліктері мен биопсихикалық қасиеттерін жатқызады. Биопсихикалық қасиеттерге адамның белгілі бір кәсіпке жарамдылығын анықтайтын тұлғалық ерекшеліктер жатқызылады. Ал, психикалық процесстердің ерекшеліктері тұлғаның когнитивті және эмоционалдық сипаттарымен байланысты болады. Тұлғаның бағыттылығы іс-әрекет мотивациясы мен тұлғаның жалпы бағдары – оның моральдық қасиеттерін, белсенділік деңгейін қамтиды. Тұлғаның тәжірибесіне оның барлық әлеуметтік тәжірибесімен қоса, қалыптасқан кәсіби маңызды сапалары да кіреді [98].
Тұлғаның жоғары кәсіптік жетістіктерін зерттеп, кәсіби маманның қалыптасу сатыларын анықтаған ғалымдардың бірі Е.А.Климов өзінің зерттеуінде маманның қалыптасуын 4 сатыға бөледі. Төмендегі 6-шы суретте Е.А.Климов тарапынан ұсынылған кәсіби маманның қалыптасу сатыларының жіктемесі көрсетілген [99].
Сурет 6 – Е.А.Климов бойынша кәсіби маманның қалыптасу сатылары
Е.А.Климовтың кәсіби маманның қалыптасу сатыларының жіктемесінен кәсіби іс-әрекетке бейімделудің үздіксіздігіне көз жеткізуге болады. Кәсіби маман ретінде қалыптасқаннан кейін де тұлға шеберлік деңгейін (кәсіптік тәжірибенің арту кезеңі), мәртебеге ие болу (әріптестері мен жас мамандарға үлгі алуға тырысатын белгілі маман атану кезеңі) және шәкірт тәрбиелеу (идеясын жалғастырушылар, ізінен еруші шәкірттерінің пайда болған кезеңі) сатыларынан өтеді [99, 42 б].
И.И.Бакулиннің, А.К.Маркованың және Г.С.Михайловтың зерттеулері бойынша, кәсіпті игерудің және шығармашылық деңгейге жетудің ең бастапқы кезеңі мамандыққа бейімделу кезеңінен бастау алады. Сондықтан да, А.К.Маркова мамандықты игеру барысында студенттің кәсібилік деңгейінің қалыптасуының ең басты кезеңі ретінде тұлғаның өз мамандығына бейімделу кезеңін анықтайды. Жоғары оқу орнының студенті кәсіби іс-әрекет барысында бейімделу сатысынан кейін мамандықта өзін-өзі өзектендіру және кәсіпті еркін меңгеру кезеңдерінен өтеді. Кәсіби іс-әрекетке оңтайлы бейімделіп, қажетті білім, іскерлік, дағдыны жинақтаған студент шығармашылық даму деңгейіне жетеді [100, 17 б].
Төмендегі 7-ші суреттен А.К.Маркова бойынша кәсіби іс-әрекетті орындауға қажетті тұлғалық сипаттамалар берілген.
Мотив, мақсат, міндеттер, қажеттілік, қызығушылық, қарым-қатынас, адамның құндылық бағдары, психологиялық ұстаным;
|
Кәсіптік талаптану, кәсіптік өзін-өзі бағалау, маман ретіндегі өзіндік санасы;
|
Адамның еңбек барысы және нәтижесімен қанағаттануы;
|
Эмоция, психикалық қалпы, эмоционалды кейіп;
|
Еңбек жайында психологиялық білім, көзқарас
|
Психологиялық әрекет, қабілет, тәсіл, іскерлік, техника, психотехнология (оның өзіңе және басқаларға әсері)
|
Кәсіптік қабілеттер, кәсіптік білім алу, кәсіптік көтерілуге дайын болу;
|
Кәсіптік ойлау, шығармашылық ойлау, мамандық бойынша тәжірибені молайту мүмкіндігі;
|
Кәсіптік даму, кәсіптік көтерілу жоспарын жүзеге асыру және жобалау іскерлігі;
|
Психологиялық қарама-қарсы көрсеткіштер (мамандыққа мүлдем сәйкес келмейтін психикалық сапалар);
|
Кәсіптік даму, маманның кәсіптік іс-әрекетінің күйзеліс сызығы, оны оңалту жолдары.
|
Сурет 7 – А.К.Маркова бойынша кәсіби іс-әрекетке қажетті тұлғалық сипаттамалар
А.К.Маркова өзінің еңбектерінде кәсіпқойлықтың әртүрлі кезеңдерін қарастырады. Жоғарыдағы суретте көрсетілгендей, жеке тұлғаның негізгі тұлғалық сипаттамаларына тұлғаның кәсіби бағдарын, іс-әрекеттегі мотивтер мен мақсаттарды, шығармашылықтағы қажеттіліктерді, ойлаудың типтерін, кәсіби қабілеттер мен білімдер, мамандық бойынша тәжірибені молайту, кәсіби даму, кәсіби көтерілу жоспарын жүзеге асыру және т.б жатқызады.
А.К.Маркова кәсібилік мәселесіне де тоқталып, оның екі жағын бөліп көрсетеді. Біріншісі, тұлғаның кәсіптік іс-әрекетінің мотивациялық жағы, екіншісі операционалды жағы. Алғашқысы қандай мотивтер адамды итермелейді, қандай құндылық бағдар негізгі болып саналады, кәсіптік іс-әрекет оның өмірінде қандай орын алады, қандай мақсаттарға жетуге итермелейді, өзінің еңбегімен ол қаншалықты қанағаттанады және т.б типтегі сұрақтардың жауаптарын қамтиды. Ал, екіншісі қойылған мақсаттарға ол қандай әдіс-тәсілдер арқылы жетеді, қандай технологиялар мен жаңалықтарды қолданады, қандай білімдерді, іскерліктерді, дағдыларды басшылыққа алады, қандай ойлау операциялары мен қабілеттерді пайдаланады және т.б сұрақтардың төңірегіндегі мәселелерді қарастырады [101, 29 б].
Финляндия ғалымдарының кәсіби іс-әрекетке бейімдеу үдерісін зерттеу нәтижелері бойынша жас мамандарды 4 топқа жіктеуге болады:
Алған кәсіби білімге жұмыстың сәйкес келуі және жұмыстың қыр-сырына тезірек икемделу;
Жұмыстың түрі алған кәсіби білімге сәйкес келмейді, еңбек іс- әрекетінде тұрақсыздық байқалады.
Оқу кезінде бірнеше сала бойынша білім алынады, алайда еңбек іс-әрекеті нақты алған білім саласы бойынша жүзеге асады.
4. Оқу кезінде бірнеше сала бойынша білім алынады, алайда еңбек іс-әрекетінде тұрақсыздық орын алып, жұмыс таңдау жағы қиынға соғады [102, 5 б].
Финдік ғалымдар әлем елдерінің көбісінде кездесетін мәселені алға тартып отыр. Әрбір студенттің болашақ кәсібін дұрыс таңдауы, оны меңгеруге бар күшін салуы және болашақта да өз саласында қызмет етуі маңызды. Алайда, соңғы жылдары кең өріс алған үрдістің бірі – жастардың мамандық бойынша жұмыс істемеуі, өзін әртүрлі салада сынап көріп, кәсіби қызметін жиі ауыстыруы, тұрақсыздыққа тап болуы. Бұл жан-жақты зерделеуді және әртүрлі аспектілер бойынша талдауды қажет ететін үлкен бір мәселе. Біз қарастырып отырған жоғары оқу орындарындағы студенттерді кәсіби іс-әрекетке оңтайлы бейімдеу мәселесі де аталып өтілген үрдістің дұрыс шешілуіне ықпал ететін маңызды факторлардың қатарына кіреді. Ал, кәсіби іс-әрекетке бейімдеудің ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, психологиялық, операционалдық аспектілерінен бөлек, физиологиялық ерекшеліктердің де қарастырылуы қазіргі білім беру жүйесінің көкейкесті мәселесі саналады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықтың жалпы мәдениетін тәрбиелеу қазіргі қоғамның маңызды міндеттемесі десек болады. Студенттің ақыл-ой жұмысы оқу материалын игеруден, яғни білімді жинақтап, интеллектуалды-эмоционалдық саланы дамытудан тұрады. Денсаулық пен білім бір-бірімен тығыз байланысты. Студент қаншалықты дені сау болса, оқу соғұрлым нәтижелі болады, әйтпесе оқытудың түпкі мақсаты өзінің шынайы мәні мен құндылығын жоғалтады. Студенттің кәсіби білікті маман атануы оның денсаулығы мен физиологиялық дамуына тікелей тәуелді десек болады.
Демек, студeнттeрдің кәсіби іс-әрeкeткe бeйімдeлуін жүзeгe aсырудa oның физиoлoгиялық aспeктісінің eскeрілуі маңызды. Жoғaры oқу oрнындa психoсoмaтикaлық жәнe стрeсстік жaғдaйлaрдың aлдын aлу бoлaшaқ мaмaндaрдың кәсіби іс-әрeкeткe oңтaйлы бeйімдeлуін қaмтaмaсыз eтe oтырып, кәсіби білікті мaмaндaрды дaярлaуғa мүмкіндіктер жaсaйды.
Физиология және психология саласының мамандарының көзқарасы бойынша, жоғары оқу орнындағы оқу үдерісінің құрылымы мен шарттары орта мектептердікімен салыстырғанда едәуір күрделене түседі: оқу жүктемесінің көлемі ұлғаяды, оқыту формалары мен әдістері өзгереді, білім алушыға қойылатын педагогикалық талаптар мен жауапкершілік артады. Осыған байланысты, жоғары кәсіптік білім беру жүйесінің маңызды міндеттемесі ретінде студенттерді университеттің оқу жүктемесіне бейімдеу мәселесі алдыңғы орынға шығады.
Жоғары оқу орнындағы оқыту жүйесінің күрделенуі, оқытудың жалпы бағдарламасының өзгеруі студенттердің бейімделу жүйесіне, психикалық және соматикалық денсаулық жағдайына тікелей әсерін тигізеді. Уақыттың тапшылығы жағдайында үлкен көлемдегі ақпаратты қабылдау және өңдеумен байланысты функционалдық ауытқулардың дамуы, жұмыстың көп бөлігін кешкі және түнгі уақытта орындау, сондай-ақ созылмалы эмоционалды-стресстік жағдайлар студенттердің жоғары оқу орнына бейімделу үдерісін біршама қиындата түседі және кей жағдайда жүйке бұзылуларына да әкеліп соғады [46, 25 б].
Бейімделу құбылысының физиологиялық және психологиялық жағын зерттеу ХХ ғасырдың басында И.П.Павлов [103], Н.Е. Введенский [104], А.А.Ухтомский [105], В.М.Бехтерев [106] сияқты көрнекті ғалымдардың жұмыстарының арқасында бастау алды. Осы аталған зерттеушілер ағзаның өзін-өзі реттейтін рефлекстік жүйе ретіндегі тұжырымдамасын жасап шықты.
Осы ең алғашқы физиологиялық тұжырымдар В.Кеннонның [107] гомеостаз туралы еңбектерінде жалғасын тауып, ары қарай А.Д.Сперанскийдің [108] жүйке трофиясы туралы, Л.А.Орбелидің [109] симпатоадренальды жүйенің адаптациялық-трофикалық әсері туралы, Г.Сельенің [110] жалпы адаптация синдромы, П.К.Анохиннің функционалды жүйелер туралы теорияларының пайда болуына жол ашып берді. Ғалымдар тарапынан, ағзаны табиғи, өндірістік және тұрмыстық жағдайларға бейімделуін білдіретін халықаралық термин ретінде «адаптация» (яғни бейімделу) термині қабылданды.
Кәсіби іс-әрекетке бейімделудің физиологиялық ерекшеліктерін қарастырған ғалымдардың бірі К.Р.Брагинаның еңбектерінде бейімделу үдерісі үш кезең арқылы түсіндіріледі. Бірінші курста студенттің әлеуметтік рөлі өзгереді, сұраныстары мен құндылықтар жүйесін түзеп, жоғарғы мектептің қатаң талаптарына сай бейімделіп, өзінің мінез-құлқын икемдейді, жаңа ұжымда өзара қарым-қатынас орнату (басқа қалалардан келгендерге – тұрмысын орнықтыру) қажеттіліктері пайда болады [111].
Жеке тұлғаның жүйкелік-психикалық бейімделу деңгейіне адамның психикалық денсаулық жағдайы мен жаңа жағдайлардағы іс-әрекеттерді жүзеге асыруға қажетті психикалық қысым дәрежесі жатады. Бұл туралы тұжырымдарды физиология, медицина салаларынан бөлек, тұлғаның құрылымы мен даму ерекшеліктерін зерделеген ғылыми еңбектерден де табуға болады.
Э.С.Геворкян, Э.В.Даян, С.С.Григорянның 2002-шы жылы жарық көрген еңбектеріне сүйенетін болсақ, студенттердің интеллектуалды белсенділігін мидың жүйке жасушаларының энергия алмасуының жағдайы, олардың ерекше биоэлектрлік белсенділігі, мидағы қан айналымы тұрғысынан қарастыра отырып, негізгі стрессті жүйке-психикалық сфера бастан кешіретіндігін атап өткен жөн. Соңғысы ағзадағы патологиялық бұзылулардың дамуына ықпал ететін, жүйкелік бұзылуларға әкелетін ақпараттың шамадан тыс көптігімен, кезең-кезеңімен қайталанатын психикалық тітіркенулермен және созылмалы эмоционалды-стресстік жағдайлармен байланысты келеді [112, 12 б].
Интеллектуалды іс-әрекетке бейімделу ерекшеліктерін зерттей отырып, А.А.Силаев, А.Г.Смирнова тұлғалық сипаттамалар мен ағымдағы психикалық жағдай студенттердің ақыл-ой іс-әрекетін қайта құрудың жетекші компоненті екендігін көрсетіп, адаптациялық өзгерістердің бағыты мен сипатын анықтады. Ал, М.Ш.Халидова бейімделудің бастапқы кезеңдерінде білім алушыларда невротизмнің жоғары деңгейі байқалатындығын және ол стресстік жағдайда невротикалық симптомдардың пайда болуына әкеп соқтыратындығын дәлелдеді [44, 25 б].
П.И.Сидоров пен А.В.Парняков сияқты мамандардың пікірінше, студенттердің кәсіби іс-әрекетке бейімделуі белгілі бір деңгейдегі спецификалық ерекшеліктер жиынтығына ие. Ол ерекшеліктерге студенттердің уақыттың жетіспеушілігі жағдайында әр түрлі ақпаратты қабылдау және өңдеу әрекеттерін, оқу жылының алғашқы айларында жүйке-психикалық стресс жағдайының жиі пайда болуын, күн тәртібінің дұрыс реттелмеуін және т.б. жатқызуға болады. Осы жағдайлар студент жастардың психикалық денсаулығына ғана емес, сонымен қатар соматикалық денсаулығына да өз ықпалын тигізеді [113, 49 б].
Е.И.Огареваның зерттеу жұмыстары бойынша университетте ойдағыдай оқу және мамандықты игеру жалпы білім беретін мектепте алынған білімнің берік қорын талап етеді. Бірақ, оның өзі көп жағдайда жеткіліксіз болады, өйткені, жоғары оқу орнындағы жағдайға бейімделу үшін студенттердің жеке психофизиологиялық сипаттарының болуы маңызды [114].
Бірқатар авторлардың көзқарасы бойынша (Л.Ф.Мирзаянова, Т.И.Каральчук [115], Е.В.Осипчукова [116], О.В.Буховцева [117] және т.б) жоғары оқу орнындағы оқу жағдайына бейімделу күрделі мәселе болып табылады. Сондықтан да, студенттердің оқу орнының әлеуметтік-мәдени ортасына бейімделуіне қажетті жағдйларды жасау және оны психофизиологиялық жағынан қолдау талап етіледі.
ХХ ғасырдың 80-шы жылдарындағы Е.Г. Щукинаның еңбектеріне талдау жасайтын болсақ, студенттердің интеллектуалды немесе оқу қызметі негізінен оның ақыл-ой қабілетімен байланысты болады, яғни белгіленген уақыт шектері мен өнімділік параметрлері шеңберінде нақты әрекеттерді орындау қабілетіне негізделеді. Оған арнайы білім, іскерлік, дағдының, сондай-ақ адамның белгілі бір тұлғалық және психофизиологиялық қасиеттері мен сипаттамаларының болуы жатады [118, 109 б].
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында Ф.З.Меерсон, М.Г.Пшенникова, К.В. Судаков, Е.А. Юматов тарапынан алынған зерттеу нәтижелеріне сүйенетін болсақ, физиологиялық жағынан студенттің ағзасына ең жоғары қысым мен күш емтихан немесе сынақ тапсыру кезінде түсетіндігіне көз жеткіземіз. Емтихандар мен сынақтардан өту организмнің барлық бейімделгіш күштерін іске қосқан кезде стресстік жағдай туғызады, бұл автономды және эндокриндік жүйелердің, эмоционалдық сфераның шамадан тыс жүктемелеріне әкелуі мүмкін және нәтижесінде психосоматикалық аурулардың пайда болуының дәнекері бола алады. Сонымен, А.С.Фаустов пен Ю.В. Щербатых өз жұмыстарында емтиханға дайындық кезінде импульс, қан қысымының жиі ауытқуы (жоғарылауы немесе төмендеуі) және пульстің математикалық анализінің негізгі көрсеткіштері байқалатынын атап өтеді [119, 72 б].
Жеке тұлғаның физиологиялық даму мәселелері шетелдік Poropat A.E. [120], Miller G.E., Cohen S., Doyle W.J. [121], Wolf M., McNamara J.M. [122] Roberts B.W., Jackson J.J. [123] ғалымдар тарапынан бірқатар бағыттар бойынша зерттелген. Осы аталған зерттеушілердің еңбектерінен жеке тұлғаның мінез-құлқына бақылау жасау, тұлғаның жүрек-қан тамыр, нейроэндокриндік және иммундық жүйелерінің даму ерекшеліктері, сонымен қатар тұлғаның әлеуметтену үдерісінде ағзасында болатын физиологиялық өзгерістер т.б туралы маңызды зерттеу нәтижелерін табуға болады.
Студенттердің оқу іс-әрекетіне бейімделу үдерісін ұзақ мерзімді бақылау негізінде Г.Н.Сердюковская, А.Г.Сухарев, Е.М.Белостоцкая психофизиологиялық бейімделу процесіне организмнің функционалдық жағдайы, конституция типі және психо-эмоционалды жағдайлары әсер ететіндігін анықтады. Зерттеушілер оқу үдерісіне бейімделудің төрт деңгейін ұсынады: қанағаттанарлық, функционалдық қысым, қанағаттанарлықсыз және сәтсіздік [124].
Өмірдің жаңа жағдайларына бейімделу реакциясы ішкі ортаның салыстырмалы динамикалық тұрақтылығын қолдайды және ағзаның жаңадан пайда болған факторлармен өзара әрекеттесуін қамтамасыз ететін барлық органдар мен жүйелердің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Бірқатар авторлардың пікірі бойынша, бейімделудің күрделі процесі белгілі бір деңгейде басқарылады (Л.Т.Антонова, И.Н. Сердюковская, Н.А. Агаджанян, Н.В. Руженкова, Ю.П. Старшинов, О.В. Бирюкова). Қоршаған орта немесе оның кез-келген маңызды компоненттері өзгерген кезде дененің гомеостаздың сәйкес параметрлерін өзгертуге мәжбүр болатынын ескеру қажет болады [125].
Адамның бейімделуі жұмыс істейтін органдар мен жүйелердің өзара әрекеттесуін анықтайтын өзін-өзі ұйымдастыру процестерін жүзеге асырудың генетикалық анықталған қабілетіне негізделген. Бұл функционалды бейімделу резервтерінің жоғары қозғалғыштығы мен икемділігі, функционалды жүйелердің жоғары деңгейдегі жүйелерге бірігу қабілеті арқылы ерекшеленеді. Олар физиологиялық реакциялардың тепе-теңдігін сақтай отырып, организмнің өзгеріп отыратын қоршаған орта жағдайларына бейімделуін толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді [126].
Ф.З.Меерсон пікірінше, «индивидуалды (фенотиптік) бейімделу процесінде адам есте сақтау қабілеттері мен дағдыларының резервтерін дайындайды. Осылайша, организмнің генетикалық бағдарламасы алдын-ала қалыптасқан бейімделуді емес, қоршаған орта факторларының кешенінің әсеріне жауап ретінде өмірлік бейімделу реакцияларын мақсатты түрде тиімді жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады [65, 129 б].
Бейімделудің физиологиялық механизмдерінің иерархиялық маңыздылығы туралы сұрақтарды шешу үшін бірқатар авторлар, бір жағынан, ақпараттық фактордың маңыздылығы мен меншікті салмағының артуымен байланысты жағдайларды атап көрсетеді, екінші жағынан, адам әрекеті әрқашан әлеуметтік сипатта болады және оның мақсатты бағыты адаптациялық қорғаныс реакцияларының мақсатты бағдарларынан күрт ерекшеленуі мүмкін [38, 16 б].
Бұл қоршаған ортаның өзгеріп отыратын жағдайларына төзімділік механизмдерін қалыптастырудағы психофизиологиялық факторлар рөлінің артуына ғана емес, сонымен қатар реакциялардың қарама-қарсы мақсаттарды қамтамасыз етуге бағытталған бейімделу процесінде пайда болуы мүмкін екендігіне әкеледі, яғни биологиялық құрылым ретінде және қоғам мүшесі ретінде қайшылықтар тудыруы мүмкін [44, 17 б].
Адамның бейімделуін қалыптастыруда әлеуметтік-психологиялық факторлардың да орны ерекше. Олар әсер ету қарқындылығымен, әлеуметтік маңыздылығымен, организмге әсер етудің жаңашылдығымен ерекшеленеді. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мәселесі әлеуметтік ортада қабылдану және осы ортада өзін мойындату, яғни маңызды болу қажеттіліктерін қанағаттандыру үдерістеріне әсер ететін әлеуметтік факторларды зерттеу негізінде қарастырылады. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру көп жағдайда бір-бірін түсінісу арқылы ынтымақтасу қабілеттерін дамытуға және сөйлеуін жетілдіру арқылы қарым-қатынасқа түсу, тіл табысу қабілеттерін дамытуға ықпал жасайды.
Әлеуметтендіру мәселесі тұлғалық өсу ерекшелігімен тығыз байланысты. Тұлғалық өсу мәселесі адамның өз-өзін және өзінің ішкі әлемін тану, өзінің эстетикасын және өз орнын, өз стилін, өз-өзін жетілдіру тәсілдерін табу қажеттіліктерін қанағаттандыру үдерісіне ықпал ететін тұлғаның басым қасиеттері мен сапаларын зерттеу негізінде қарастырылады. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру көп жағдайда, есте сақтау мен оның қызметтерін қалыптастыру және жетілдіру арқылы бәсекелік қабілеттің дамуына және қиялын басқара отырып, өз тұлғасын бағыттау қабілетінің дамуына ықпал жасайды.
Адамның өзін-өзі және өзінің ішкі әлемін тану, өзінің эстетикасын және өз орнын, өз стилін, өз-өзін жетілдіру тәсілдерін табу қажеттіліктерін қанағаттандыру үдерісіне ықпал ететін тұлғаның басым қасиеттері мен сапаларын зерттеу негізінде қарастырылады. Осы қажеттіліктерді қанағаттандыру көп жағдайда, есте сақтау мен оның қызметтерін қалыптастыру және жетілдіру арқылы бәсекелік қабілеттің дамуына және қиялын басқара отырып, өз тұлғасын бағыттау қабілетінің дамуына ықпал жасайды.
Сонымен қатар, бейімделу үдерісін зерттеуде мінез-құлық адаптациялық реакцияларының қалыптасуы және олардың жеке физиологиялық жүйелердің ғана емес, бүкіл организмнің жұмыс істеу деңгейіне әсер етуі маңызды. Бұған жүрек ырғағы жұмысының теориялық аспектілері туралы Н.И.Шлык пен Р.М.Баевскийдің зерттеулері [127], Л.М. Aбoлиннің тұлғалық эмоционалды тұрақтылығының психологиялық тетіктері туралы [128] және М.В. Aлeксaндрoвтың гипоксияның адамның бас миының белсенділігіне әсері туралы зерттеу жұмыстары арқылы көз жеткізуге болады [129].
Адаптацияның психикалық деңгейі – бұл адамға тән ең жоғарғы бейімделу деңгейі. Ол туралы негізгі теориялық тұжырымдар мен эксперименттік зерттеу нәтижелері A.В.Мeдвeдeвтің «ЖОО-да кәсіптік даярлау үдерісінде студенттердің психологиялық денсаулығын дамытудың әлеуметтік-психологиялық аспектілері» атты еңбегінде және т.б. психологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарында қарастырылған [130].
Зерттеу негізінде дәлелденгендей, интеллектуалдық және эмоционалдық өзгерістер адамның физиологиялық жағдайына тікелей әсерін тигізеді. Адамның ұзақ мерзімді бейімделу кезіндегі психикалық және вегетативтік заңдылықтарын зерделеу мәселесі бірқатар ресейлік ғалымдардың еңбектерінде де (В.П. Казначеев, К.В. Судаков, Н.А. Агажанян, М.А.Багрий) көрініс табады [44, 9 б].
Б.Х.Варданян бойынша, кәсіпке даярлау жағдайында студенттердің бейімделуінің тиімділігі жеке даму барысында қалыптасқан адаптациялық механизмдердің қоршаған ортаның өзгеретін жағдайларына сәйкестігіне байланысты болады [131].
Осыған байланысты, бейімделу үдерісі бұзылуының жалпы себептеріне: дамудың алғашқы кезеңдерінде тұлғаның өмір сүруге қажетті дағдыларының жеткіліксіз қалыптасуы және әлеуметтік ұстанымдар мен рөлдерді дұрыс меңгермеуі; тұлғаның әлеуметтенуіне қатысатын ақыл-ой, белсенділік деңгейінің, мотивациясының, қызығушылықтары және басқа да сапаларының, өзін-өзі бағалаудың төмендігі т.б. жатады және олар субъектінің жаңа ортаға бейімделу қабілетінің жеткіліксіздігіне алып келеді.
Е.Г.Щукинаның келтірген мәліметтері бойынша, ЖОО студенттерінің 77% -ында әлеуметтік-психологиялық дезадаптация белгілері байқалады, оның ішінде 37% - депрессиялық тенденциялар және 20% - нейротизация белгілері. Студенттердің арасында жиі кездесетін шағымдарға: жеке қабілеттеріне деген сенімсіздік, өзін-өзі бағалаудың төмендігі, қорқыныш сезімі және үлгерімнің төмендеуі т.б атап өтуге болады. Кейбір студенттер университет жағдайына қиын бейімделеді, арнайы пәндерді меңгеруде және кәсіби өзін-өзі анықтауда қиындықтарға тап болады [118, 32 б].
П.И.Сидоров, И.А.Новикова, А.Г.Соловьев 2002 жылы университет студенттерінің денсаулық жағдайы мен үлгерімін зерттей келе, жеке тұлғаның жағымсыз сипаттамаларының (депрессия, ашуланшақтық және реактивті агрессивтілік) оқыту динамикасындағы ықпалы жоғарылайды деген қорытындыға келді. Мазасыздық пен эмоционалды ыңғайсыздықтың жоғарылауы табысты оқу іс-әрекеті үшін өте қолайсыз. Осы тектес психоәлеуметтік жағдайлар зейін, есте сақтау және ойлау, қабылдау т.б когнитивті психикалық процестерге теріс ықпал етеді [132].
Кәсіби іс-әрекетке бейімделуде әр курс өзіндік ерекшеліктерге сәйкес жүзеге асады. Екінші курста құндылықтарды қайта бағалау, мамандық таңдауын қайта ойластыру мәселелері орын алады. Үшінші және төртінші курс дағдарысының ерекшелігі болашақта жұмысқа орналасу, таңдап алынған мамандықтың төңірегінде жұмыстың және кәсіби жетілудің келешегін ойластырумен байланысты болады. Кәсіби іс-әрекетке бейімделудің физиологиялық аспектісі тұрғысынан студенттердегі физикалық және психикалық денсаулық қорының жоқтығы әрбір кезеңде невротикалық бұзылулардың және бейімделудегі ауытқулардың дамуына әкеліп соғады.
Төменгі курстағы студенттердің бейімделу тетіктерін зерттеудің маңыздылығын ескере отырып, көптеген авторлар екі бейімделу кезеңінің жалпы және спецификалық сипаттамаларын анықтауға көңіл бөледі: университеттегі оқудың бастапқы кезеңі (оқудың бірінші және екінші жылдары) және «кәсіби қалыптасу» кезеңі (оқудың үшінші және төртінші жылдары.
Т.Г.Хамаганова және т.б авторлардың көзқарасы бойынша оқудың алғашқы жылында «оқушы стереотипі» бұзылып, жаңа «студент стереотипі» пайда болады. Сонымен қатар, негізгі жүктеме адамның орталық жүйке жүйесіне түседі, өйткені оқу қызметі тек есте сақтау, зейін және ойлау үдерісіне қысым түсумен ғана емес, жалпы ағзаға қосымша қысым түсуімен байланысты болады. Бұл ағзаның кейбір функционалдық резервтерінің үнемсіз ысырап болуына әкелуі мүмкін [133].
Н.В. Кудрявцеваның зерттеулеріне сүйенсек, физикалық белсенділіктің жеткіліксіздігі, ең алдымен, жүйке жасушаларында энергия қорының төмендеуіне, иммундық қорғаныс деңгейіне, сондай-ақ студенттер қатарында остеохондроз, сколиоз сияқты аурулардың жоғарылауына әкеп соғады [134].
Елімізде соңғы уақыттарда, студент жастардың өмір сүру салтының белгілі бір аспектілерін қарастыратын бірқатар еңбектер жарық көрді. Алайда, студенттердің жоғары оқу орны жағдайына бейімделуінің физиологиялық ерекшеліктерін қарастыратын зерттеу жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз деңгейде.
Жоғары оқу орны жағдайында студент жастардың денсаулығына әсер ететін факторларды анықтау, денсаулықты нығайту жолдарын қарастыру, кәсіби бейімделудің физиологиялық аспектілерін зерделеу – адами капитал сапасын арттырып, салауатты жастардың қатарын көбейтетіндігін ескеру қажет.
Жоғары кәсіби білім беру жүйесінің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – студенттерді салауатты өмір салтын ұстауға ынталандыру үшін жағдай жасау. Бұл өз кезегінде, ағзаның университеттегі оқу жағдайына тиімді бейімделуіне негіз болады. Осы мәселені кешенді түрде шешу университетте білім алып жатқан студенттердің денсаулығын сақтауға және нығайтуға, елдің жоғары әл-ауқатын құру үшін жоғары кәсіби мамандар даярлауға мүмкіндік береді [135, 4933 б].
Жоғарыда айтылғандай, студенттерді кәсіби іс-әрекетке бейімдеудің физиологиялық, психологиялық, әлеуметтік, ақпараттық және т.б аспектілерінің барлығы бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне әсер етеді. Жоғары оқу орны студентінің негізгі іс-әрекеті оқумен байланысты десек, онда олардың ақыл-ой әрекеті мен психологиялық денсаулығына ықпал ететін физиологиялық факторларды зерттеудің қажеттілігі алдыңғы орынға шығады. Осылайша, жоғары оқу орнының студенттерін физиологиялық тұрғыдан кәсіби іс-әрекетке бейімдеу генезисі келесі тақырыптарда жалғасын тауып, арадағы сабақтастық пен бірізділік сақталады.
1.3 Студенттердің ақыл-ой әрекеті мен психологиялық денсаулығына ықпал ететін физиологиялық факторлар
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты бойынша айналысатын ұйымдардың жұмысының тиімділігінің тағы бір маңызды көрсеткіші – жастардың психикалық саулығы сапасын арттыру. Студенттердің ақыл-ой іс-әрекеті мен психологиялық саулығы олардың физиологиялық дамуының көрсеткіші болып табылады. Өйткені, адамның физиологиялық және психологиялық дамуы бір-бірімен өте тығыз байланысты және бірінің жұмысының нашарлауы екіншісінің жұмысына теріс ықпалын тигізеді.
Қазіргі уақытта адамзат ақпараттық қоғам жағдайында өмір сүруде. Түрлі цифрлық құралдар, атап айтқанда, планшет, гаджеттер, смарт құрылғылар адам өмірін бір жағынан жеңілдеткенімен, екінші жағынан физикалық белсенділігінің төмендеуіне, көз ауруларының пайда болуына, омыртқаның қисаюына, жастардың бойындағы агрессивтіліктің артуына ықпал жасауда. Бұны студенттің кәсіби-іс-әрекетке бейімделуінің ақпараттық аспектісі ретінде қарастыруға болады. Өйткені, студент жастардың психикалық және физикалық саулығының нашарлауына әлеуметтік желілердің де ықпалы көп. Күні бойы телефонға телміріп отыру жастардың физикалық белсенділігін төмендетіп, тірек-қимыл, қан айналымы, сондай-ақ ас қорыту жүйелерінің дамуына да зиянын тигізуде.
2020 жылғы 7 шiлдесінде қабылданған ҚР-ның Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексінде: «психикалық денсаулық» - әрбір адам өзінің жеке әлеуетін іске асыра алатын, әдеттегі өмірлік күйзелістерді жеңе алатын, нәтижелі және жемісті жұмыс істей алатын, сондай-ақ өз қоғамдастығының өміріне үлес қоса алатын салауаттылықтың жай-күйі» ретінде анықталады [51].
Адамның виртуалды әлемде өмір сүруі, агрессивті көріністерге толы ақпараттарды тұтынуы, қоғамнан, жан-жағынан оқшаулануы – студент жастар арасында да психикалық аурулардың артуына себеп болуда. Сонымен қатар, әлеуметтік салыстыру және кибербуллинг жасөспірімдер мен студент жастардың өзін-өзі бағалауы мен тұлғааралық қарым-қатынасына теріс ықпал етуде. ДСҰ мәліметтері бойынша, цифрлық құрылғыларды шектен тыс пайдалану жастар арасындағы психикалық аурулардың артуына, ауто-агрессиялы мінез-құлықтың дамуына, сондай-ақ суицидтік әрекеттердің көбеюіне әкеп соғуда. Эмпирикалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазіргі уақытта жасөспірімдер мен студент жастардың 20 пайызында психикалық ауытқулар немесе түрлі психологиялық мәселелер кездеседі. Психоневрологиялық ауытқулар дүниежүзі бойынша жастар арасындағы мүгедектіктің жетекші себептерінің бірі ретінде тіркелген.
«Қазақстан жастары – 2020» Ұлттық баяндамасында келтірілген деректер бойынша, елімізде 2015 жылы 14-29 жас аралығындағы 46555 адам есепке алынып, психикалық ауруларға шалдыққан. 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2019 жылы 16 пайызға төмендегенімен, 2020 жылы қайтадан екі есе артқандығы байқалған [136].
Психикалық аурулардың артуы жастар арасындағы суицидтік мінез-құлық пен әрекеттің жоғарылауына әсер етуде, өйткені Қазақстан әлемде өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша үшінші орын алады. Бұл дегеніміз, суицидтік көрсеткіштер бойынша мемлекетіміз Орталық Азияда көш бастап тұр және өлім-жітім саны шекті деңгейден 1,5 есе жоғары дегенді білдіреді. Өз-өзіне қол жұмсаудың нақты бір себептерін көрсету қиын, тек соған алып келетін ортақ сипаттамалар жиынтығы мен психологиялық және биоәлеуметтік факторларды ғана келтіруге болады. Психикалық саулықтың нашарлауына мазасыздық, күйзеліс, әлеуметтік өмір сүру жағдайының төмендігі, психологиялық жарақаттар, отбасындағы мәселелер, тұлғааралық қарым-қатынастағы қиындықтар, жалғызсырау және т.б себеп-салдарларды атап өтуге болады.
Республикамыз бойынша жастардың психикалық саулығын арттыруға кедергі жасайтын тағы бір фактор – стигматизация. Қоғамда психологиялық көмекке қатысты әртүрлі қисынсыз ойлар қалыптасқан және көп адамдар психологиялық көмек қажет екендігіне, тіпті құзыретті психолог маман тап боларына сеніңкіремейді. Көп отбасыларда теріс фактілерді ұятқа санап, оларды жасыруға тырысу әрекеттері кездеседі, тіпті психологқа жүгінген адамға басқаша көзқараспен қарауы да мүмкін.
Студент жастардың психологиялық және физиологиялық саулығына теріс ықпалын тигізетін аса қауіпті себептердің бірі – адамның психикасына белсенді әсер ететін заттарды тұтынуы. Оларға бір рет қабылдағанда адамның психикалық және тәндік функцияларына, мінез-құлқына әсер ететін, ал ұзақ уақыт тұтынған кезде психикалық және тәндік тәуелділік туғызатын синтетикалық немесе табиғи жолмен алынған заттар (алкоголь, есірткі, психотроптық заттар, олардың аналогтары, басқа да есеңгірететін заттар) жатады.
Студенттік жастағы тұлғаларға жаңа нәрсені байқап көруге деген ұмтылыс, зиянды заттарды тұтынудың салдары туралы жетік білмеу (темегі, алкоголь, есірткі т.б), нонконформизм, еліктегіштік тән. Зиянды бұйымдарға әуестену немесе тәуелділік олардың дамуы мен денсаулық жағдайына теріс ықпалын тигізетіндігін білсе де, осы әрекеттерге баруы мүмкін. Олар дер кезінде жаман әдеттен бас тартқан күннің өзінде, денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп алады. Бұл, өз кезегінде жастардың бойында созылмалы аурулардың пайда болуына жол ашады.
Жоғары оқу орны жағдайында студенттерге қолайсыздық тудыратын барлық факторларды (жүйкелік-психикалық стресс, ұжымдағы кикілжіңдер, оқу жүктемесінің көптігі, психикаға әсер ететін зиянды заттар) өзгерту немесе бақылауда ұстау мүмкін емес. Сондықтан, университеттің оқу-тәрбие үдерісіндегі ерекшеліктерге әрбір студент өзбетімен бейімделуі керек. Ол үшін жоғары оқу орнында студенттердің салауатты өмір салтын ұстануға деген көзқарасын кеңейтіп, ынтасы мен құлшынысын арттыруға, өзіндік ішкі тәртібін қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың орындалуы маңызды. ЖОО жағдайында студенттердің физикалық мүмкіндіктерінің төмендеуі немесе жоғарылауы тікелей олардың кәсіби іс-әрекетке бейімделу сапасына әсерін тигізеді [137].
Әрбір студент өз өміріне өзі жауап беретін жеке тұлға екендігін толық сезінуі тиіс. Өзіндік тәртіп – бұл эмоционалды жағдайға қарамастан адамның өз-өзін әрекет етуге мәжбүрлеу қабілеті. Ол студентті қажет емес нәрседен, мысалы, жаман әдеттен арылуға, сондай-ақ өмірін жақсы жаққа өзгерте алатындығына сенуіне көмектеседі. Жоспарлау, құмарту және мақсат қою жүйесінде өзіндік тәртіп таптырмас құралға айналады.
Психология ғылымында іс-әрекеттің ойын, оқу, еңбек сияқты бірнеше түрлері қарастырылатын болса, солардың ішінде студенттің университетте атқаратын негізгі іс-әрекеті ол – оқу. Студенттердің ақыл-ой әрекетінің дамуы тікелей оның оқу іс-әрекетінің сапасы мен жүйелілігіне, тұлғаның оқу қабілеттеріне байланысты. Оқу қабілеті – адамның білім мазмұнын игеруінің жылдамдығы мен сапасының жеке даралық көрсеткіші. Яғни, ол тұлғаның оқу процесінде жалпы және арнайы білімдерді, біліктер мен дағдыларды әр түрлі қарқынмен және толығымен меңгеру қабілеті [138].
Жалпы, оқу қабілетін – кез-келген материалды меңгеру қабілеті ретінде, ал арнайы оқу қабілетін – оқу материалының жекелеген түрлерін (ғылыми курстардың бөлімдері, өнер түрлері және практикалық іс-әрекеттер) меңгеру қабілеті деп ажыратады. Оқу қабілетінің негізіне – танымдық үдерістердің даму деңгейі (қабылдау, қиял, есте сақтау, ойлау, зейін, сөйлеу), тұлғаның мотивациялық-еріктік және эмоционалды салалары, сондай-ақ олардан туындайтын оқу іс-әрекетінің компоненттерінің дамуы кіреді. Оқу қабілеті белсенді танымның даму деңгейімен ғана емес (субъект өз бетінше танып, игере алады), сонымен бірге «рецептивті» таным деңгейімен де ерекшеленеді, яғни субъект басқа адамның көмегімен білімді өздігінен танып, меңгере алады.
Студенттердің ЖОО-дағы кәсіби оқу іс-әрекетіне бейімделуі білім алушылардан зейіннің тұрақтылығын, ойлаудың нақтылығы мен адекваттылығы, есте сақтаудың ұзақтығы сияқты танымдық белсенділіктерді талап етеді. Танымдық жағынан даму күнделікті сабақ барысында берілетін көлемді ақпараттарды ой елегінен өткізу, жан-жақты талдау және меңгеру үшін қажет болады.
Студенттің оқу қабілеті кез-келген материалды, арнайы – практикалық қызметтің жекелеген түрлеріне, яғни әртүрлі ғылым салаларына қатысты материалдарды игеру қабілеттерінен көрінеді. Эббингауздың зерттеулеріне сүйенсек, жаттап алған материалдың 90%-ы 30 күн ішінде ұмытылса, ал 60% бір сағат ішінде естен шығады. Есте ұзақ сақталуы және қажет кезде қайта жаңғыруы үшін оқу әрекетін жүйелі, әрі бірізді жүзеге асыру қажет.
Оқу қабілетінің көрсеткіштері мен өлшемдеріне келесілер жатады:
1) танымдық мүмкіндіктер (сенсорлық және қабылдау үдерістерінің ерекшеліктері, мнемоникалық, ақыл-ой, сөйлеу);
2) жеке тұлғалық ерекшеліктер (мотивация, өзін-өзі бағалау, эмоционалды көріністер мен қарым-қатынас, студенттің оқылатын материалға, құрдастарына және оқытушыға деген қатынасы);
3) психикалық процестердің барысы мен дамуының жас және даралық ерекшеліктері [139].
Жоғарыда айтылып өтілгендей, психология ғылымы тұрғысынан психикалық құбылыстарды үшке жіктеп қарастырамыз, яғни психикалық үдерістер, психикалық кейіп (қалпы, күй) және психикалық қасиеттер.
Психикалық үдерістерге адамның таным процестері, атап айтқанда түйсінуі, қабылдауы, есі, қиялы және ойлауы жатады. Ал, психикалық кейіп адамның зейінінің шоғырлануы мен шашырауы, көңіл-күйі, эмоциялары мен сезімдері, ерік және т.б жайттарды бейнелейді. Адамның психикалық қасиеттеріне жеке басына тән психологиялық өзгешеліктерді білдіретін темперамент, мінез және қабілет сияқты даралық сипаттары жатады.
Таным үдерістері тұрғысынан бейімделуді түсіндіретін болсақ, сезгіштік – адамның түйсіне алу қабілеті. Сезгіштік табалдырығы – түйсіну қарқыны мен тітіркендіргіштер күші арасындағы психологиялық тәуелділік сипаты. Сезім мүшелерінің сезгіштігі әсер ететін тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделуіне қарай өзгеріп икемделеді. Бұл құбылысты психологияда адаптация деп түсіндіреді. Адаптация – сезім мүшелерінің сезгіштігінің әсер етуші тітіркендіргіштерге біртіндеп бейімделу құбылысы. Негативтік адаптация түйсінудің нашарлауы, анализатор сезгіштігінің төмендеуі. Позитивтік адаптация – әлсіз тітіркендіргішке байланысты сезгіштіктің жоғарылауы немесе алдамшы бейімделушілік болып табылады [140].
«Сенсибилизация» – анализаторлардың бір-біріне әсер етуімен жаттығу арқасында сезгіштіктің жоғарылауы. Егер, адаптация құбылысы талдағыштар сезгіштігінің түрлі жағдайларға орай бәсеңдеуінің көрсеткіші болса, ал сенсибилизация – сезгіштіктің тек артуын ғана көрсететін құбылыс. Сезім мүшелерінің біреуінің әсерінен басқаларының сезгіштігі артып отырады. Әлсіз тітіркендіргіштер өзімен бірге әсер етіп тұрған басқа тітіркендіргіштердің сезгіштігін арттырады. Мысалы, көзге түскен жарық мөлшері оның көру қабілетімен қатар, есту түйсігінің де сезімталдығын арттыруға себеп болады. Көптеген психологиялық зерттеулерде адамның таза ауада жиі демалуы, жеңіл-желпі дене қимылдарын жасауы, беті-қолын салқын сумен сүртінуі көру сезгіштігінің артуына себеп болатындығы анықталған [141].
Синестезия – түйсіну анализаторларына әсер еткен бір тітіркендіргіштің екінші анализаторға тән пайда болуы. Тітіркендіргіштердің сезім мүшелерінің біреуінде ғана түйсік туғызудың орнына, сол сәтте басқа түйсіктердің де пайда болуына әсер етуі [142].
Сезім мүшелерінің бейімделіп, икемделуі түйсіктің кез-келген түрінде кездеседі. Мысалы, көру түйсігінің адаптациясын қарастыратын болсақ, жарық жерден қараңғы жерге кіргенде қарашықтан өтетін жарық мөлшері 17 есеге көбейгендіктен көз қарашығы да 17 есеге ұлғаяды. Қараңғыда көздің көргіштігіне торлы қабықтың шетіне орналасқан таяқшалар күшті әсер етеді. 30-40 минуттан кейін қараңғыдағы көру сезгіштігі 200 мың есе артады. Адаптация құбылысына шеткі жүйке жүйесімен бірге ми қабығы да қатысады. Адаптация тері түйсіктерінде де, әсіресе температуралық түйсіктердің бейімделуі күшті байқалады. Мысалы, судың бірқалыпты салқындығына дене аз уақыт ішінде тез төселеді де, адамның терісі суыққа тітіркенбейтін болады.
Адаптация иіс түйсіктерінде түрлі деңгейде көрінеді. Ауырсыну түйсіктеріндегі адаптация өте әлсіз, ауырсыну организмнің қалыпты жұмысының бұзылғандығын, оның биологиялық рөлін көрсетеді. Адаптация үнемі өзгеріп отыратын сыртқы дүние тітіркендіргіштеріне талдағыштардың қалай да бейімделе алатындығын байқатады. Осылайша, танымдық үдерістердің бейімделу заңдылықтары, тұлғаның кәсіби іс-әрекетке бейімделуінің құрамдас бөлігіне кіреді [141, 42 б].
Жоғары оқу орнында студенттердің кәсіби іс-әрекетке оңтайлы бейімделуінің маңызды психологиялық факторларының бірі ретінде студенттердің жеке даралық ерекшеліктері мен өзін-өзі бағалау деңгейі де қарастырылады. Психологиялық жеке қасиеттері тұрғысынан студенттер ашық, көпшіл, жаңа қарым-қатынасқа бейім немесе керісінше, қарым-қатынаста көбіне оқшаулануды ұнататын, тұйық болып келуі мүмкін.
Тұлғаның психоаналитикалық теориясының негізін салушылардың бірі К.Г. Юнг адамдарды тұлғалық ерекшелігіне қарай екі үлкен топқа бөлген: экстраверттер (сыртқа бағытталған) және интроверттер (ішке бағытталған). Әр тип жағымды да, жағымсыз да белгілі бір сипаттамаларға ие. Интроверсия мен экстраверсияны бағалау тесті жеке тұлғаның айналасындағы әлемді білудің және талдаудың екі негізгі әдісінің біріне бейімділігін, сондай-ақ қарым-қатынаста және ұжымдастар арасында өзін көрсетуге икемділігін анықтауға мүмкіндік береді [143].
Психологияда экстраверттерді – көпшіл адамдар, ал интроверттерді – тұйық деп санау қабылданған. Бірақ, шын мәнінде логикалық экстраверттер мен этикалық интроверттердің қарым-қатынас деңгейі шамамен бірдей. Тек этикалық интроверттер өздерін көпшіл адаммын деп санап, өздерін экстраверт ретінде қабылдайды. Керісінше, логикалық экстраверттер өздерін интроверт ретінде қабылдап, қателесуі мүмкін, өйткені олардың жақын араласатын ортасы шағын.
Этикалық интроверттер, өздерінің интроверт болғанына қарамастан, этикасының арқасында қарым-қатынасқа бейім келеді және әсіресе, формалды және ресми емес адами қарым-қатынастарға бағытталған болады. Өз ортасында олар көпшіл және әңгімешіл болып келеді, кейде тіпті осы ұжымдағы ең белсенді адамға айналуы да мүмкін. Керісінше, логикалық экстроверттер өздерінің экстраверт болғанына қарамастан, бейресми жағдайларда өздерін тұйықтау және байланысқа түсе бермейтін адам ретінде көрсетуі мүмкін. Ал, қызмет саласы ол бөлек әңгіме: мұнда олар белсенді және көптеген адамдармен байланыста бола алады. Экстраверсия – интроверсия белгісін анықтаудағы қателік көбіне осы себептерге байланысты туындайды.
Экстраверт үшін сыртқы әлем – объект, ал экстраверттің өзі – субъект. Экстраверттің назары сыртқы әлем мен оның объектілеріне аударылады. Ол үшін сыртқы әлемнің және оның объектілерінің сапасы маңызды. Экстраверт объектінің сапасын, құрылымын өзгертуге бейім. Сондықтан, экстроверт сыртқы әлемді және оның нысандарын өзгертеді, өйткені экстроверттің көзқарасы олардың сапасына байланысты. Интроверт үшін сыртқы әлем – субъект, ал адамның өзі – объект. Интроверттің назары өзінің жан дүиесіне, ішкі әлеміне бағытталған, онда оның ойлары, сезімдері, түйсінулері, жағдайларымен байланысты басқа объектілермен (соның ішінде адамдармен) қарым-қатынасы көрініс табады. Олар арқылы интроверт сыртқы әлемнің объектілеріне оларға деген өзінің қарым-қатынасы тұрғысынан (дұрыс, жақсы, жағымды, уақытылы) баға береді. Демек, студенттің экстроверт немесе интроверт болуы оның университет ортасына, топтағы қатарластарына тезірек немесе баяу бейімделуіне өз әсерін тигізеді.
Одан бөлек, студенттердің өзінің мүмкіндіктері мен қабілеттерін адекватты бағалауы да маңызды. Адекватты өзін-өзі бағалау кезінде субъект өзінің сәтсіздіктері мен жетістіктеріне шынайы көзбен қарауға ұмтылады, іс жүзінде алдына жүзеге асырылу мүмкіндігі жоғары, қолжетімді мақсаттарды қоюға тырысады. Ол қол жеткізген жетістіктерін бағалауға өзінің өлшемімен ғана қарамайды, сонымен қатар өзге адамдардың, яғни қатарластары мен туыстарының бұған қалай қарайтындығын алдын-ала болжауға тырысады. Басқаша айтқанда, адекватты өзін-өзі бағалау шамадан тыс бағалаусыз, сонымен қатар қарым-қатынасқа, мінез-құлыққа, іс-әрекеттерге, уайымдарға деген артық сыни көзқарассыз үнемі нақты өлшемдерді іздеудің нәтижесі болып табылады. Дәл осындай өзін-өзі бағалау нақты жағдайлар мен ситуацияларда ең тиімдісі десек болады [144].
Өзін-өзі бағалау адамда төмен болуы да мүмкін, яғни жеке тұлғаның нақты мүмкіндіктерінен төмен. Әдетте, бұл өз-өзіне сенімсіздікке, жасқаншақтыққа және батылдықтың болмауына, өз қабілеттерін жүзеге асыра алмауға әкеліп соғады. Мұндай адамдар алдына қиын қол жеткізетін мақсаттарды қоймайды, күнделікті міндеттерді шешумен ғана шектеледі, өздеріне аса сыни көзбен қарайды.
Өзін-өзі жоғары бағалау кезінде адамда өзі туралы, өзінің жеке тұлғасы мен мүмкіндіктерінің идеалды бейнесі туралы, өзгелер мен ортақ іс үшін өзінің құндылығы туралы дұрыс емес көзқарас қалыптасады. Мұндай жағдайларда адам өзіне, өзінің іс-әрекетіне әдеттегідей жоғары баға беру үшін сәтсіздіктерді елемейді. Өзіне деген көзқарасын бұзатын барлық нәрсені эмоционалды тұрғыдан жоққа шығаруға ұмтылады. Адам өзін шынайы бағалаудан қалады. Сондықтан, әділ айтылған ескерту аяқтан шалу сияқты, ал жұмыс нәтижесіне айтылған объективті бағалау – әдейі төмендетіп айтылған сияқты қабылдана бастайды.
Бейімделу жағдайына студенттердің қабілеттері мен мүмкіндіктерін тым жоғары бағалауы да немесе төмен бағалауы да өз кедергісін келтіреді. Өзін-өзі бағалауды кәсіби іс-әрекетке бейімдеу үдерісінде маңызды психологиялық фактор ретінде қарастыру маңызды. Өйткені, жоғары бағалау кезінде алдына қойылған мақсат-міндеттер орындалмаса адамның фрустрация күйіне түсуі немесе төмен бағалау кезінде үнемі күйзелісте болуы студенттердің физиологиялық қажуына алып келуі мүмкін.
Жоғары оқу орны жағдайында адамның күнделікті ақыл-ойға, танымдық үдерістерге түсетін күш пен қысымды көтере алу қабілеті де маңызды рөл ойнайды. Адамның әр сәттегі жұмысқа қабілеттілік деңгейі бірқатар факторлардың, яғни психологиялық, физиологиялық, физикалық әсер етуі мен өзара әрекеттесуі негізінде анықталады [145].
Қалыпты әлеуметтік-гигиеналық жағдайларда өзін-өзі реттеу механизмдерінің теңгерімді іске қосылуының арқасында адам ағзасының функционалдық күйі белгілі бір деңгейде тұрақты жұмыс істейді. Алайда, студенттердегі күнделікті, үздіксіз ақыл-ой және эмоционалдық қысымдар уақыт өткен сайын күшейіп, психоэмоционалды стресске айналуы мүмкін. Бұл жағдай ағзаның реттеу жүйелеріндегі шиеленісті тудырып, студенттердегі бейімделудің бұзылуына және патологиялық үдерістерінің дамуына ықпал жасайды.
Ф.Б.Березин (1988) психикалық бейімделудің үш аспектісін ажыратады:
1) психикалық гомеостаз бен тұрақты мақсатты мінез-құлықты сақтау – психикалық бейімделуге тән;
2) іс-әрекеттің басқа қатысушыларымен адекватты өзара әрекеттесу – әлеуметтік-психологиялық бейімделу;
3) психикалық және физиологиялық бейімделу процестері арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті қамтамасыз ету – психофизиологиялық бейімделу [41, 39 б ].
Ф.Б.Березиннің осы жіктемесіне сәйкес, студенттерді жоғары оқу орнындағы кәсіби іс-әрекетке бейімдеудің психофизиологиялық, психологиялық және әлеуметтік-психологиялық факторларының барлығының бірдей маңыздылығы жоғары екендігіне көз жеткізуге болады.
Адамның зияткерлік қызметке бейімделу тиімділігі психикалық және физиологиялық бейімделу процестері арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін психикалық және вегетативті механизмдердің өзара әрекеттесуімен анықталады. Оқу жүктемелері көбінесе студенттерде дезадаптация процесінің дамуына ықпал етеді. Алайда, бұдан адам ағзасы бірден ауруға ұшырай қоймайды, өйткені функционалдық үйлесімділік органдар мен жүйелердің қалыпты жұмыс істеуі негізінде ұзақ уақыт сақталуы мүмкін [46, 50 б].
Студенттер ағзасының бейімделу мүмкіндіктерін бағалау мәселесінің көкейкестілігі – соңғы жылдары жастар арасындағы функционалдық бұзылыстар мен аурулардың көбеюі туралы ақпараттардың таралуымен түсіндіріледі. Бұл жағдай жас организмге әсер ететін көптеген себептермен, әсіресе, оқу жүктемесінің артуымен түсіндіріледі. Студенттердің жаңа ортадағы ақыл-ой әрекетіне ауысуы эмоционалды-стресстік жағдайларды тудыруы мүмкін және соның салдарынан адам ағзасында әртүрлі деңгейдегі функционалдық бұзылыстар пайда болады. Сол үшін де, психофизиологиялық бейімделу мәселелеріне арналған ғылыми жұмыстарда әртүрлі стресстік жағдайларға төзімділікті болжау әдістерін жүргізуге көп көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн.
Адамның жаңа жағдайдағы өмірге бейімделу процесінде ағзаның адаптациялық және компенсаторлық қабілеттерінің, психикалық және жалпы денсаулығының төмендеу қаупі орын алады. Қалыпты әлеуметтік-экологиялық жағдайларда өзін-өзі реттеудің психофизиологиялық тетіктерінің теңгерімді іске қосылуының арқасында адам ағзасының функционалдық күйі белгілі бір тұрақты деңгейде сақталады.
Бейімделу процесінің қалыптасу ерекшеліктері туралы мәселені қарастыра отырып, көптеген авторлар оның жүруінің әр түрлі фазаларын ажыратады (Ф.З. Меерсон, 1986; Л.К. Гаркави, Е.В. Квакина, М.А. Уколова, 1990; А.Л. Трегубов, 1989; В.И. Медведев, 1998). Тізімдегі зерттеушілердің теориялық ұстанымдарын қорыта келе, бейімделу реакцияларының дамуында келесі кезеңдер анықталған деп қорытынды жасауға болады [44, 18 б].
Төменде 3-ші кестеде бейімделудің кезеңдері мен физиологиялық ерекшеліктері берілген.
Кесте 3 – Бейімделудің кезеңдері мен физиологиялық ерекшеліктері
Достарыңызбен бөлісу: |