Адамдардың түс таңдауына қарап психологтар олардың мінезін, ішкі жан-дүниесіндегі құбылыстарды болжайды. Киім, автокөлік, жиһазды таңдауда әрқайсымыздың өз талғамымыз бар. Біреулердің бір ғана сүйікті түсі болады. Олар үнемі қандай зат алса да, сол түстегісін іздейді. Сонымен өзіңіздің немесе жаныңыздағылардың мінезін білуге тырысып көріңіз.
Ақ түс адамның аңқаулық, пәктік, албырттықтың мінезінен хабар береді. Көбінесе ақты жастар жөн көреді. Ал бұл түсті ересек жастағы жанның таңдағаны оның өзгеге көмектесуге ынтығып тұратынын аңғартады. Оның қолынан көп нәрсе келеді. Алдына мақсат қойғыш жан. Сонымен қатар ақ түсті киім кигенді қалайтын ересек адамдар қарапайым өмірді қалайды әрі жастық шағын жиі аңсайды.
Қызыл түс тасыған күшті білдіреді. Көбінесе қызуқанды адам киімді осы түстен таңдайды. Албырт, белсенді, тез шешім шығаратындар бір орында отырғанды қаламайды. Өмірден бәрін үйреніп, алға ұмтылғыштар қызылға құмар. Оларды бірқалыптылық тез жалықтырады. Айналасындағылардың қателігіне көз жұмып қарамайды. Шынайылықты жақсы көреді.
Сары түсті еркіндікті қалайтындар және арманы биік, қиялға берілгіштер ұнатады. Олар күтпеген оқиғаларды жақсы көреді. Үнемі ізденісте жүреді. Мұндай мінезді адамдардың маңайында көбінесе әзілге жақын адамдар жүреді. Тың идеяларды талқылып, ой таразысына салғанды жаны қалайтын адамдар өзгені тыңдап, өз пікірін де ұмыт қалдырмайды. Бірақ кейде жауапкершіліктен қашады. Бұл өзін еркін сезінгісі келетін әрекеті.
Алқызыл, қызғылт түс нәзіктіктің белгісі. Көбінесе бұл түсті балалы болуды қалайтын әйелдер ұнатады. Айналасындағылардан қорғанып, тыныш өмірді қалайтын жандар алқызыл түске құмар. Олардың мінездері жұмсақ келеді.
ҚызыЛ қоңыр түсті ұнататындар өмірден мол тәжірбие алған жандар. Оның өз тәртібі бар, ойы кемелденген адам. Бұл түсті қалайтындар байсалды мінезімен тартымды келеді.
Жасыл түсті үйлесімділікті қалайтындар ұнатады. Бұл түс үмітті білдіреді. Жасылды жақсы көретіндер тыныштықты жаны қалайды. Дегенмен көпшілікпен араласқанға құмар. Шыдамды, тым байсалды. Ұжымның арасында өзін көрсеткенді қаламайды. Өйткені өзгелер жомарттығын пайдаланып кетеді деп қорқады.
Қызғылт сары, сарғылт түсті көбінесе көпшіл, үнемі көңілді жүруге тырысып, белсенді өмір салтын ұстанатындар ұнатады. Олар жүрген ортада ұйымдастырушылық қабілетін танытады. Кез келген ортада танымал. Дегенмен мінезі байсалды. Құбылмалылық, жігерсіздігі да бар. Бұл мінезін жеңу үшін әрекет те жасайды. Негізі қызғылт сары, сарғылт түс жастардың түсі.
Күлгін түсті өзінің талғамы орныққан, ақылды екенін сыртқа білдіруге тырысатындар жақсы көреді. Олар жұмыста аса белсенді, әртістік қабілеті бар, ұжымда абыройлы болуға талпынатындар. Олар өзгеге жаны ашығанымен өзін ғана ойлайды. Күлгін түсті қатты ұнататындардың осындай мінезі бар.
Көгілдір, көк түсті киімдерді көп киетіндер сараптама жасаудың шебері. Бірақ бұл мүмкіндігін жасырады. Аталған түсті қалайтындар өте қарапайым келеді. Сезімталдығы да бар. Бірақ іштей қатал мінезі де жоқ емес. Оны өзгелерге аңғартпауға тырысады. Көгілдір түсті жақсы көретіндер өте сақ адамдар.
Қоңыр түсті көбінесе шыдамды, байсалды жандар ұнатады. Ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын адамдар қалайды. Кейде олармен араласқанда ойын анық түсіну мүмкін емес.
Сұр түсті сақ адамдар жақсы көреді. Олар еңбекқор, жұмыста марапатқа ие болмаса да жұмысын тоқтатпай, жалғастыра береді. Сұр түске құмарларға бала күнінде ерекше көңіл бөлінбегенін аңғаруға болады. Сондықтан өзін көрсетуге келгенде тым жасқаншақ. Ол мұны қалыпты жағдай деп түсінеді.
Қара түсті көбіне жұмбақ, құпия болуға тырысатындар жақсы көреді. Олар өзінің ойын көп жерде айтпайды. Жасыруға тырысады. Қара түсті таңдайтындардың шын мәнінде жан-дүниесі бостау келеді дейді психологтар.