Тақырып 4. Кәсіпорынның негізгі капиталы
1 Кәсіпорынның негізгі қорларының экономикалық мәні, олардың құрамы және құрылымы
2 Негізгі қорлардың амортизациясы және тозуы
3 Негізгі капиталды пайдалану көрсеткіштері
Негізгі қорлар (негізгі капитал) - өндіріс үрдісінде ұзақ уақыт бойы қызмет ететін және осы уақыт ішінде өздерінің натуралды-заттық формасын сақтап, өз құнын дайын өнімге тозу мөлшеріне байланысты бөлшектеп, біртіндеп амортизациялық аударымдар түрінде аударатын өндірістік, материалды-заттық құндылықтар жиынтығы. Негізгі қорлар негізгі өндірістік және негізгі өндірістік емес қорлар деп екіге бөледі (сурет 2).
Негізгі өндірістік қорларға өндірістік үрдіске тікелей қатысатын (қондырғылар, станоктар және т.б.) немесе өндірістік үрдіске қажетті жағдайлар туғызатын (өндірістік құрылыстар, ғимараттар және т.б.) негізгі қорлар жатады. Негізгі өндірістік емес қорлар – бұл ұйым балансындағы тұрғын үйлер, бала-бақшалар мен спорт клубтары, және т.б. мәдени-тұрмыстық сипаттағы объектілер.
Негізгі қорлар иелеріне байланысты сол ұйымға немесе басқа шаруашылық органына жататын жеке меншік және жалға алу құқында уақытша пайдаланылатын жалға алынған негізгі қорлар деп бөлінеді.
Негізгі қорлардың жеке топтарының ара қатынасы (пайыз есебінде) қорлар құрылымын құрайды. Негізгі қорлар құрылымы салалық, өндірістік, технологиялық, өспелі деп бөлінеді.
Салалық құрылым өнеркәсіп бойынша негізгі қорлардың жиынтық баланстық құнындағы өнеркәсіп салалары бойынша негізгі қорлар құнының үлестік салмағымен сипатталады.
Өндірістік құрылым – негізгі қорлардың әр тобының немесе әр элементінің жалпы құнындағы үлестік салмағымен сипатталады.
Технологиялық құрылым – негізгі қорлардың нақты тобының ішіндегі әр түрінің үлесін көрсетеді.
Өспелі құрылым – негізгі қорлардың түрлі өспелі топтарының олардың жалпы құнындағы үлестік салмағымен сипатталады.
Негізгі қорлардың ерекшелігі - өндіріс үрдісінде бірнеше рет пайдаланылуы, бірақ олардың әрекет ету уақытының нақты шектеулері тозумен сипатталады. Негізгі қорлардың тозуының екі түрі бар: физикалық және моралды.
Физикалық тозу – бұл табиғат күшінің, еңбек үрдісінің және басқа да факторлардың әсерінен объектінің механикалық, физикалық, химиялық және басқа да қасиеттерінің өзгерісі, экономикалық тұрғыдан қарастырғанда бұл негізгі қорлардың өздерінің бастапқы тұтыну құнын біртіндеп жоюы.
Физикалық тозу негізгі қорлардың өндірістік үрдіске әрекет етуінде де және оның әрекет етпегенінде де (сыртқы орта әсерінен бұзылуы, атмосфералық әсер, коррозия) жүзеге асады. Негізгі қорлардың физикалық тозуын анықтау үшін есептеудің екі тәсілі қолданылады – жұмыс көлемі бойынша және қызмет ету мерзімі бойынша.
Қорларды жаңартуға байланысты шығындарды жабудың негізгі көздері ұйымның жеке меншік қаржылары. Олар негізгі қорлардың қызмет көрсету кезеңі ішінде амортизациялық аударымдар түрінде жинақталады.
Амортизация - негізгі қорлар құнының бір бөлігін өнімді өндіруге кеткен шығындарға қосу арқылы негізгі қорлардың тозуын ақшалай төлеу. Содан, амортизация - негізгі қорлардың физикалық және моралды тозуларын ақшалай көрсету.
Амортизация үрдісі – бұл негізгі қорлардың қызмет көрсету кезеңі ішінде өз құнын өндірілетін өнімге біртіндеп ауыстыруы және осы құнды пайдаланылған негізгі қорлардың орнын толықтыру үшін қолдану деп түсіндіруге болады. Өнім құрамына ауыстырылған негізгі қорлар құны өндіріс сферасынан өтіп, айналым сферасына түседі. Өнім өткізілгеннен кейін негізгі қордың ауыстырылған құнына сәйкес ақшалай сомасының бір бөлігі амортизациялық қорға түседі. Амортизациялық қор тозған негізгі қорлардың орнына жаңа негізгі қорларды сатып алу үшін пайдаланылады.
Негізгі өндірістік қорларды пайдалануды сипаттау үшін түрлі көрсеткіштер қолданылады, оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады: жеке және жалпылама көрсеткіштер. Жеке көрсеткіштер көп жағдайда кәсіпорындардағы немесе оның бөлімшелеріндегі негізгі қорлардың пайдаланылуын сипаттайды. Жалпылама көрсеткіштер шаруашылықтың барлық деңгейіндегі – кәсіпорындардағы, салалар мен толықтай халық шаруашылығындағы негізгі қорларды пайдалануды сипаттау үшін қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |