Саясат дегеніміз мемлекеттің, саяси қайраткердің, саяси партияның және т.б. саяси күштердің мақсатты түрдегі, рационалды іс-әрекеттері. Саяси ғылымда саясат түсінігін айқындаудың негізгі үш тобы бар.
1. Социологиялық айқындамалар тобы. Экономикалық-саясатты экономикалық тұтыныстар, мақсаттар мен мүдделердің іске асуына бағытталған іс-әрекеттер. Социологиялық-саясатты қоғамдық топтар арасындағы өз мақсаттарын іске асыру үшін бақталастық. Құқықтық-саясатты мемлекеттің заңды қорғау, азаматтардың жаратылыстық құқықтарына кепілдік беруге бағытталған іс-әрекеттері деп түсіндіреді. Этникалық-саясатты жалпыға бірдей жеткілікті өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттер дейді.
2. Түпкі өзектілік (субстанция) айқындамалар тобы. Саясат дегеніміз – билікті басып алуға, ұстап тұруға және өз мақсатына жету үшін пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер, яғни билік үшін күрес. Институционалистер-саясатты мемлекет, саяси партиялар іс-әрекеттері мен өзара күресі деп анықтайды. Антропологиялық айқындама-саясатты адамдар арасындағы өркениетті қарым-қатынас формасын ұйымдастыруға бағытталған іс-әрекеттер деп түсіндіреді. Егес-ымыраластық теориясы (М.Дювержье) саясатты бір-бірімен қатал күрес нәтижесінде ымыраластыққа келуге мәжбүр болған екі күресуші топтың бірлесіп өмір сүруге бағытталған шаралары дейді.
3. Ғылыми-құрылымдық айқындамалар тобы. Саясат бүкіл қоғам жетістігі үшін қажетті шешімдер даярлау, қабылдау және тәжірибелік іске асыру. Телеологиялық айқындама саясатты саналы түрдегі, мақсатты ұжымдық іс-әрекеттер дейді. Жүйелілік айқындама-саясатты қоғамның басқа салалары үстінен үстемдік құратын, басқа салаларда өзара байланыстыратын өте күрделі әлеуметтік жүйе деп түсіндіреді.
Саясат нысаны (формасы) – бұл адамдар мінез-құлқын реттеп, қоғам дамуына тұрақтылық беретін саяси институттар. Мыс., мемлекет, саяси партиялар.
Саясат мазмұны – нақты саяси бағытқа тән мақсаттар мен құндылықтарды айқындайтын шешімдерде көрініс табады.
Саяси билік түсінігі Билік өмірде ең кең таралған түсініктердің бірі. Саяси билік болса қоғамдағы басқа билік түрлерінің ең жоғарғысы. Саяси билік түсінігін анықтауда әртүрлі көзқарастар бар: 1) телеологиялық айқындама билікті алға қойған мақсаттарға жету қабілеті дейді; 2) бихевиористік айқындама бойынша билік ерекше мінез-құлық түрі, яғни біреулер бұйрық беріп ал қалғандары бағынатын қарым-қатынастар нысаны; 3) психологиялық айқындама бойынша билік адамның психологиялық ұмтылысын қанағаттандыру құралы; 4) реляционистік айқындама бойынша билік субъектісінің әртүрлі әдістер мен құралдар көмегімен объектіні толық бақылауда ұстауы.
Негізінен саяси теорияда мынадай жалпы айқындама бар: саяси билік – бұл дәстүрдің, күштің, беделдің, экономикалық механизмдердің көмегімен жекелеген адамдар мен әлеуметтік топтардың іс-әрекеттеріне әсер ету қабілеті.
Саяси билік субъектісі Саяси билік саясаттың белсенді бастамасы, яғни саяси шешімдер қабылдаушы жақ. Субъекті ретінде жеке адам, ұйым, адамдар тобы, халық және БҰҰ атынан халықаралық қауымдастық та көріне алады. Биліктік қарым-қатынас пайда болуы үшін субъекті белгілі бір қасиеттерді иеленуі тиіс: 1) билік етуге деген еркінің, талпынысының болуы; 2) өз ісінде білікті болуы тиіс; 3) атқарылып жатқан нақты іс мәнінен толық хабардар болуы тиіс; 4) өзіне бағыныштылардың көңіл-күйі мен жағдайынан толық хабардар болуы тиіс; 5) саяси билік қорларын толық пайдалана білуі тиіс; 6) беделді болуы тиіс.
Саяси билік объектісі Саяси биліктің бір ғана объектісі бар. Ол бағыныштылық. Биліктік қатынастар екі жақты мінезге ие. Егер бағыныштылық билікке тәуелді болса, белгілі бір дәрежеде билікте бағыныштылыққа тәуелді. Мұндай қағиданы түсіну өзінің саяси-тәжірибелік көрінісін азаматтық бағынбаушылық акцияларында тапты.
Бағыныштылық әртүрлі факторларға тәуелді: бағыныштының өз табиғатына; оған қойылған талаптар мінезіне; әсер ету құралдарына; нақты қалыптасқан саяси жағдайға; тұрғындардың саяси мәдениетіне.
Шын өмірдегі бағыну өте күрделі мінезге ие. Ол мынадай негіздерге сүйенеді: 1) билік алдындағы қорқыныш; 2) ұзақ жылдар бойы қалыптасқан бағыныштылық әдеті; 3) шешімдерді іске асыруға деген жеке қызығушылық; 4) билік иелеріне деген сенім; 5) билік иелерінің беделі; 6) билік пен бағыныштылық сәйкестігі.
Қорқынышқа негізделген билік өмірі әдетте ұзақ емес. Сол сияқты әдетте негізделген билікте ұзақ өмір сүрмейді. Жеке мүддеге негізделген билік анағұрлым тұрақты болып табылады. Сенімге негізделген биліктің күші идеология не белгілі бір діни қағидаларға сүйенеді.
Көптеген зерттеушілер пікірінше тұрақты бағыныштылық билік иелерінің беделіне негізделеді. Өз кезегінде бедел мынадай түсініктерге сүйенеді: ғылыми; іскерлік (біліктілігі, тәжірибесі); моралдық (адамгершілік қасиеттері); діни (әулиелігі); мәртебелік (қызметіне құрмет). Бағыныштылар мен билік иелері сәйкестігінің екі себебі бар: а) азаматтар бір мезгілде билік субъектісі де (басшыларды сайлап, оларды бақылайды) әрі билік объектісі де (с. басшылық шешімдерін орындайды) болып табылады. Мұндай жағдай демократиялық саяси жүйелерде қалыптасқан; б) бағыныштылар мен билік иелері мүдделерінің бір жерден шығуы. Мыс., ұлттық мүддені қорғау идеясы.