Американдықтар өз бос уақыттарын қалай өткізетіндігін осы кестеден көруге болады.
Қазіргі экономикалық ағымдар АҚШ әсері
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі онжылдықтарда АҚШ әлемнің басқа бөліктері үстінен абсолютті экономикалық үстемдікке ие болды. Бұл өндіріс аймағында, экспортты көбейту аймағында және әлемдік экономикаға әсер ете алу қабілетінде көрініс тапты. Қазіргі уақытта АҚШ өз әсерін белгілі бір дәрежеде жоғалтты. Жапония, Германия, Қытай сияқты мемлекеттер техникалық прогресс, экономикалық даму темпі және халықаралық нарықта бәсекелеске түсу жағынан АҚШ-тан қалысар емес.
Бүкіләлемдік экономикалық қатынастарға АҚШ пен қатар Батыс Еуропа елдері де үлкен әсер етуде.
Экономиканы ғаламдастыру
Соңғы жылдар ішінде әлемдік экономика ғаламдастыру үрдісін бастан кешіруде. Британ империясы басқа елдерге ақшалай қарыз беру жолымен экономикалық үстемдікке жетсе, АҚШ басқа ел экономикасына тікелей инвестиция салу жолымен кетті. Бұл дегеніміз сол елде зауыттар және басқа да өнеркәсіп орындарын салу. Осы негізде Трансұлттық корпорациялар пайда болды. Социолог Рубиннің анықтауы бойынша Трансұлттық корпорация бір елде құрылған және басқа елдерде әрекет істеуші коммерциялық кәсіпорын. Қазіргі уақытта ең негізгі он трансұлттық корпорация бар: «General Motors», «Exxon», «Ford», «Royal Dutch/Shell», «General Electric», «IBM», «Mobil Oil», «Chysler», «Texaco», «Unilever». Олардың тек екеуінен басқасының барлығы да АҚШ-та құрылған және әлемнің көптеген елдерінде бөлімдері бар.
Бұлардың барлығы дерлік АҚШ экономикасын шикізатпен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасайды. Мыс., басқа елдерден алынған: мұнай, боксит, ағаш, кофе дәндері және т.б. АҚЩ-та өңделеді.
Сол сияқты олар американ тауарларын шетел нарықтарында сату қызметімен де айналысады.
Трансұлттық корпорациялар басқа елдерде қызмет көрсету саласын дамытумен де айналысады. Мыс., байланыс, коммуникация, транспорт және т.б. салаларға қаржы салады. Өйткені бұл өз қызметтерін дамыту үшін ауадай қажет.
Сыртқы инвестиция себебі неде:
АҚШ экономикасын шикізатпен қамтамасыз ету.
Көптеген елдердегі тарифтер АҚШ-тың өзінде жасалған тауарды сату үшін қиындықтар тудырады. Сондықтан оны осы елде шығарған пайдалы. Мұндай жағдайда АҚШ өзінде тіркелген трансұлттық корпорациядан салық түрінде, тауарды өзінде шығарғаннан да көп пайда алады.
Сол сияқты осы арқылы АҚШ-тың өзінде қабылданған монополияға қарсы заңдарды айналып өтуге болады.
Экономикалық ғаламдастыру мәселелері
Трансұлттық корпорациялар халықаралық сауданың дамуына өте зор әсер етті. Сол сияқты капитал айналымы мен технология дамуына да үлкен әсер етті.
Инвестиция қабылдаушы елдер өнеркәсіп эффективтілігіне және жалақы мөлшерінің көбеюіне қол жеткізеді.
Сол сияқты шетелдік фирмалар жергілікті дәстүрлерге мойын ұсынбайды, ал бұл қоғам өміріне рационализм енгізу деген сөз.
Қазіргі уақытта американ кәсіподақтары шетелдерге инвестиция салуға қарсылық білдіруде. Олардың ойынша американ технологиясы мен капиталын экспорт жасау АҚШ экономикасын әлсіретіп, оның өзге елдерден экономикалық басымдылығына зиян келтіреді.
Американдықтардың өздерінің пікірінше (мыс. Борнишер, Чазе-Дуни, Робинсон, Смелзер және т.б.) тікелей инвестициялар, инвестиция қабылдаушы елдердің ұлттық экономикасына олар ойлағандай жақсылық әкеле қоймайды. Бұл әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне әкеледі, яғни адамдардың көпшілігі тез кедейленеді. Себебі нарықтық экономикалық даму жалақыдан гөрі пайданың тез көбеюіне әкеледі. АҚШ, Германия сияқты дамыған елдерде әлеуметтік теңсіздік тәуелсіз және халық арасында беделі күшті кәсіподақтар көмегімен тежеліп отырады. Ал дамушы елдерде кәсіподақтар көбіне мемлекетке тәуелді.
Социолог Киндлебергер, шет елдерде жұмыс істейтін кәсіпорындардың үш түрін бөліп шығарды.
1. Өз капиталының бір бөлігін шетелдік істерге салатын мемлекеттік фирма. Олар өздерін мемлекеттің бір бөлігі ретінде сезінеді, ал шетелдік коммерция олардың істерінде мардымсыз рол атқарады.
2. Әрбір елде тек сол елдің азаматтарымен жұмыс істейтін трансұлттық фирма. Олар жергілікті үкіметпен жақсы қарым-қатынаста болады және өз өнеркәсіптік іс-әрекеттерін сол ел заңдарына қатал бағындырады.
3. Трансұлттық корпорациялар. Олар ешқандай елді де өзінікі деп санамайды. Оларда ешқандай ұлттық таңдау жоқ, сондықтан олар өте көп елдерге инвестиция салады және бір ерекшелігі тез пайда алып, сол ел қоры сарқылған шамада басқа елдерге кетіп отырады. Мұндай корпорациялар іс-әрекеті өзі жұмыс істеген елдер экономикасын аяусыз қанап, олардың экономикалық негізін бұзып келеді. Бұлар өз ақшаларын бірден тез пайда әкелетін шикізатқа салады және өздері жұмыс істеп отырған елдің әлеуметтік жүйесіне қаражат салудан әртүрлі себептермен бас тартуға тырысады.
Қазіргі уақытта бүкіләлемдік экономиканың, халықаралық сауда айналымының өсуі, трансұлттық корпорациялардың пайда болуы кез-келген ел үкіметінің өз экономикалық дамуын тиімді қадағалауын жоққа шығарды. Сондықтан көптеген американ және еуропалық социологтар, экономистер, заңгерлер пікірінше бүкіләлемдік экономикалық даму логикасы әлемдік үрдістерді басқарудың қазіргімен салыстырғанда анағұрлым жетілген нысанын тауып, тез арада іске қосуды талап етеді.