Рдістері, есімдер


Гүлжаһан ОРДА, филология ғылымдарының докторы



бет3/5
Дата11.04.2024
өлшемі166,26 Kb.
#200717
1   2   3   4   5
Байланысты:
қаз қаз әдеб монография

Гүлжаһан ОРДА, филология ғылымдарының докторы,


қауымдастырылған профессор


БІРІНШІ БӨЛІМ




ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫ


ХХ ғасырдың аяғы бұрынғы кеңестік республикаларда өзінің дүбірлі саяси науқандарымен, бұрын қатаң бақылауда болған идеология мен қоғамдық санадағы еркіндіктің демократиялық көріністерімен есте қалады. Сексенінші жылдары билік басына М.Горбачевтің келуімен басталған қайта құру саясаты күллі салада жылдар бойы қысылып-қымтырылып келген, жариялауға тоталитарлық жүйе тыйым салған көптеген мәселелердің ашық айтылуына әсер етті. Әсіресе, 1985 жылғы сәуір пленумынан кейін ұлттар достығының зертханасына айналған КСРО шеңберінде әр ұлт өзін-өзі басқа қырынан танып, өздерінің ұлттық болмысына қайта үңіле бастады. Бір кездері халық жауы болып атылған, жылдар бойы кеңестік жазалау лагерьлерінде жапа шеккен зиялы қауым өкілдері ақталып, олардың коммунистік идеологияға қайшы деп айыпталған шығармалары жарыққа шыға бастады. Әр республикада өзінің егемен елдігі, тәуелсіздігі туралы мәселелер ашық айтыла бастады. Халық өзінің ұлттық тегіне, тіліне, тең құқықтылығына мән беріп, сол мақсаттарын іске асыру жолындағы күреске кірісіп те кеткен болатын. 1986 жылғы Алматыдағы көтеріліс соның айқын көрінісі еді.


Бұл еркіндіктің лебі әдебиетімізде де көрініс тауып, ақындар мен жазушылар өз шығармаларында халқымыздың өткен тарихына, ұлттық болмысына терең назар аударып, жетпіс жыл бойы күллі қаламгер қауымды өз құрсауында ұстап келген социалистік реализм әдісінен бойларын аулақ салып, жаңа жол, жаңа жүйе іздей бастаған кезең болатын.
Кеңес өкіметі әлі де болса шалажансар күйінде билік ету әрекеті үстінде болғандықтан кейбір қаламгерлер өз шығар- машылықтарын қай бағытта жазуды білмей дағдарған тұс та осы кезеңге сәйкес келеді. Ал енді кейбір ақындар мен жазушылар бұрынғы коммунистік сананы ысырып тастап, ұлттық құндылықтарға шынайы мойын бұрды.
ХХ ғасырдың сексенінші жылдары әдебиетте Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Д.Әбілев, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев,
С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Әлімбаев т.б. сынды кеңестік кезеңнің барлық сынынан өткен ақындармен қатар, әдебиетімізге алпысыншы жылдары келіп, поэзияда үлкен бетбұрыс жасаған Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ф.Оңғарсынова, М.Шаханов, К.Ахметова, С.Жиенбаев, И.Оразбаев, Т.Медетбеков сияқты ақындар шығармашылық жұмыстардың шырқау биігінде болатын. Ал өз шығармашылықтарын сексенінші жылдары бастаған жас ақындар ол кезде әлі де болса еліктеу үстінде жүрді. Олардың қатарында Г.Салықбаева, С.Нұржанов, Б.Үсенов, Б.Жақыпов, Т.Көпбаев, Ж.Әскербекқызы, Т.Досымов, О.Тұржанова т.б. ақындар сол кездері өздерінің алғашқы өлеңдерімен жұрт көзіне түсе бастаған еді.
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары өз өлеңдерімен оқырмандар көкейінде ерекше сақталған ақындардың даңқтары мен дақпырттары олардан кейін шығармашылық үдеріске келген жас ақындардың тез танылуына, олардың шығармашылықтарының жоғары бағалануына біршама тосқауыл болды. Өйткені сол кездегі сыншылар мен ақындар тарапынан өз заманының мұңы мен сырын жырлаған жастар поэзиясы әлі де өсу үстіндегі, жетілу жолындағы талпыныс ретінде ғана бағаланды.
Поэзияға сексенінші жылдары келген жас ақындар негізінен ұлттық тәрбиеден сусындаған, өздерінің алдындағы талантты аға- апаларын қадір тұтатын, үлкенді сыйлап, кішіге құрметпен қарайтын буын өкілдері еді. Олар өздерінің жақсы шығармалары туралы айтылған мақтауға да, сын пікірлерге де түсіністікпен қарады. Сондықтан да олардың арасында талантты сөз зергерлері болғанымен сол тұста топтан қара үзіп шығып, жарқырай көрінгендері сирек. Кеңес дәуірінде сексенінші жылдардағы жас ақындардың арасынан атаулы сыйлық алғандары да, ерекше құбылыс ретінде бағаланғандары да бола қойған жоқ. Себебі олар әлі жас, алатын асулары алда деген пікір сол кез үшін қалыптасқан түсінік болатын. Ол тұста жас ақындардың өлеңдерінің газет бетіне шығуы, ұжымдық жинаққа кіруі деген ерекше құбылыс болып саналатын, ал жыр жарысы мүшәйра деген болмайтын, айтыс ақындарына сыйлық беру, ат міңгізіп шапан жабу өткеннің сарқыншағындай елестейтін.
Сексенінші жылдардағы жас ақындардың негізгі тақырыптары махаббат тақырыбы, туған жер, адамдар арасындағы
достық сияқты гуманистік мұраттармен ғана шектеліп жататын. Бірақ олардың сол кезеңде жарияланбаған жырларының арасында кеңестік режимнің қатал сынына қарамастан ұлттық құндылықтар мен коммунистік жүйенің қайшылықтарын батыл айыптайтын шығармалар ауызша болса да тарап жатты. Мысалы, Бауыржан Үсеновтің «Қара машина» өлеңін сондай шығармалардың қатарына қосуға болады. Ондай өлеңдер тек қана ауызша таралып, жақын адамдардың арасында ғана айтылатын. Негізінен сол дәуірдегі жас буын өкілдері саналатын ақындар өлеңдерінде тың теңеу, сұлу сурет, ерекше ой айтуға талпынған жаңалығы бар ізденістер жиі көрініп қалатын.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі бес-алты жылдың ішінде қатып қалған кеңестік жүйенің идеологиясы босаңсып, сол кездегі жас ақындар ел мен жердің тарихы туралы шындықты ашып айта алатын, ұлттың ұлылығын ұлықтай алатын дәрежеге жетті. Оған сол тұстағы газет журналдар мен телевизияда жарияланып жатқан демократиялық бағыттағы жаңалықтар ерекше әсер етті. Бұл өте қысқа уақыт аралығындағы ғаламат өзгерістер еді. Қоғамдағы идеологиялық төңкерістер жас ақындар шығармашылығына үлкен жаңалықтар әкелді. Олардың қоғамға, өмірге деген көзқарастары өзгеріп, шығармашылық тақырыптарының көкжиегі кеңейді. Бірақ қанша жерден жариялылық болса да, сол кездері тәуелсіздік, азаттық туралы айту әлі де қатерлі болатын. Оның үстіне кеңестік дәуірдегі қанды қырғындардың үрейі әлі де болса сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың саналарынан өше қоймаған еді.
Тоқсан бірінші жылы еліміз тәуелсіздік алғанда елдің еркіндігі мен азаттығын ашық жырлаған ақындар негізінен сол кезеңде қазақ поэзиясында енді-енді танылып келе жатқан жастар болды.
Тәуелсіздіктен кейінгі кезең қазақ әдебиеті үшін тың өзгерістер мен жаңалықтарға толы кезең еді. Бұл кезең елімізде жаңа идеологиялық тұғырнаманың қалыптасып, қоғамдық санада ұлттық идеяның қайта жаңғыруымен есте қалады. Аталған уақытта ұлттық сананың оянуына байланысты әдебиетіміз рухани жағынан қайта түлеп, мәдениетіміз жаңа сапада байып, көптеген поэзиялық шығармаларда кеңес дәуірінде пайда болған рухани құндылықтар теріске шығарылып, қоғамда болып жатқан әлеуметтік дағдарыстар көркем жинақталып, жаңаша сипатта суреттеле
бастады. Дін бостандығы, тіл бостандығы, жеке адамның өзін барлық жағынан еркін сезінуі ақын-жазушылар шығармаларында нақты көрініс тауып жатты.
Шығармашылық үдерісте қоғам мен жеке адам арасындағы қарым-қатынасты қайта саралау, адамзат тарихындағы жеке адамның рөлін көркем шығармалардағы тартыс сипатында, көркем образдар жүйесінде айқын бейнелеу, жеке авторлық идеяны субьективті мақсатта батыл қорғау ерекше қарқынмен дами бастады. Бұл үдеріс, әсіресе, поэзия жанрындағы адам мен қоғам, оның қоршаған ортамен байланысы мәселесін арқау еткен философиялық шығармаларда жиі көрініс беріп отырды.
Әрбір шынайы талант иесі өз шығармашылығы арқылы мына дүниеде болып жатқан өзгерістерді, тек өз танымы тұрғысынан суреттеп қана қоймай, сонымен қатар өз замандастарының дәуір жайлы, қоғам турасындағы ойларын да, өз елінде өтіп жатқан тарихи оқиларды да халық көзқарасы тұрғысынан бейнелеп көрсетуге міндетті. Өз халқының ұлттық- этникалық ерекшелігін сақтауға деген ұмтылыс ұлттық бастауларға деген әдебиеттің қызығушылығын күшейтті. Сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында пайда болған этникалық өзін-өзі тану туралы эстетикалық тұғырнамалар, біртіндеп жапыадамзаттық жаһандану жағдайында ұлттардың өзін-өзі сақтап қалуы туралы түсінікке қарай ойысып кетті. Бұл кездегі Отаншылдық, жеке адамның бостандығы туралы тақырыптар жаңа мәнге ие болды, жаңа мазмұнда жырлана бастады. Лирикалық қаһарман бұл тұста бұрынғыдай коммунистік партияның қатардағы жауынгері, қалың бұқараның бір бөлшегі болудан қалған еді. Ол өз жерінің шынайы жанашыры, қорғаушысы, атамекенінің заңды мұрагері ретінде бейнелене бастады. Осы жағынан келгенде, ол өзі мен Отаны арасындағы тарихи, рухани байланыстарды терең тарихи қатпарлардан іздей бастады. Ана тілі деген ұғым рухани жетілгендіктің белгісі болып саналды, ол тілде сөйлеу ар мен ұяттың өлшемі ретінде қабылданды. Лирикалық қаһарманның өзінің ұлтына, өз халқының өткен тарихына деген көзқарасы түбірімен өзгерді. Бұл кездегі поэзия ұлтқа деген көзқарастарды нығайтудың құралы болып қана қоймай, ұлттық бірлік идеясын насихаттайтын уағыздаушылық қызмет атқарды.
Сан ғасырлар бойы адамдардың көзқарастары, ойлары, қоғамдағы философиялық танымдары мифтер мен аңыз- әфсаналарда, кейінгі кездері ақындар мен жазушылардың шығармаларында көрініс беріп келді. Қазіргі қазақ әдебиетінде лирикалық қаһарманның бізді қоршаған әлемге қатынасының екі үлгісін атап көрсетуге болады. Бірінші үлгіде лирикалық қаһарман әлемді, ақиқат шындықты, қоршаған ортаны, табиғатты үйлесімді сипатта қабылдайды. Ол табиғаттың тілін таба біледі, оны түсінеді және өзін соның бір бөлшегі ретінде сезінеді, сондықтан да ол табиғатпен біртұтас бүтін денеге айналып кеткендей әсер қалдырады. Екінші үлгіде лирикалық қаһарман мен әлем арасында, адамзат баласы мен оның дүниетанымы арасында нақты байланыстың жоқтығы байқалады. Мұнда лирикалық қаһарманның бойындағы жалғыздығы, мына әлемнен ажырап қалған қайғысы мен қасіреті, тұрмыстың мәнсіздігі сияқты қасиеттері сипатталады.
Мұндай лирикалық қаһарманның бірінші түріне қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлерінен бүгінгі күнге дейін, атап айтар болсақ Абай, Мағжан, Ілияс, Қасымдар биікке көтерген гуманистік дәстүрді жалғастырушылар кіреді.
Бұл бағыт – ешқашан жоғалмайтын, өшпейтін өміршең бағыт. Сондықтан қазіргі поэзияда да, олардан кейін де ол жалғасын таба бермек. Ал қазіргі кезде сол дәстүрді жалғастырушы ақындар С.Нұржанов, Ж.Әскербекқызы, О.Тұржанова, Т.Көпбаев, Б.Жақып, М.Шаймаран, Д.Байтұрсынұлы, Ә.Шегебаев, Б.Шарахымбай, С.Сейітман т.б. Олардың өлең өрімдері, көбіне сол ертеректегі 7-8 буын жыр үлгісі мен қазақтың 11 буынды қара өлең түрінде келеді. Әрине, көркемдік жағынан оларда өздерінің алдындағы ақындардан ерекшелеп тұратын тың ізденістер мен өзгешеліктер жиі кездеседі. Мысалы, С.Нұржанның «Тәуелсіздік толғауы» деген өлеңінің алғашқы жолдарын оқығаннан-ақ лирикалық қаһарман көңіл-күйінің асқақтығы, ойлау аясының кеңдігі байқалады. Онда лирикалық қаһарман мен уақыт ұғымы бір мағынаға сыйып кеткен секілді. Мұндағы лирикалық қаһарман ешкімнің мүсіркеуіне зәру емес, ол – биік, ол – асқақ, ол – сол қоғамда болып жатқан ұлы
өзгерістерге батыл баға бере алатын ойшыл бейне.
Ереуіл күнді еске алдың Қоңыр да салқын төске алдың, Көз жазып қалды көшімнен – Кезеңнен мені тосқан жұрт.
Жеті қат тоңды жібіткен, Жеті тоғыс бар деміккен – Аңсатып жеттің, Бостандық!
Шаршатып жеттің, Бостандық! [1, 352].
Ақын бостандық деген ұғымды «уақыт», «кеңістік»,
«мәңгілік» ұғымдарымен қатар қояды. Бөл өлеңдегі лирикалық қаһарман өмірдегі өз орнын жақсы білетін, белсенді жан. Ол жеке өзі микрокосмос секілді. Светқали шығармасындағы уақыт пен кеңістік бейнесі – ол лирикалық қаһарман жанының тылсым сырын танытудың тәсілі, әлемді өзінше сезінудің поэтикалық көрінісі. Бостандықтың қазаққа «аңсатып», «шаршатып» жеткен киелі құндылық екенін ақын ерекше поэтикалық екпінмен суреттейді. Дәл осы сарын, дәл осы ой Жанат Әскербекқызының лирикасында да қайталанады.
Көк тулы қазағым енді азат, Шежіре боп қалды шерлі азап. Сарыарқа төсінен төгілген
Бір күйді тыңдашы сен ғажап!

Аптапта өзегін талдырып,


Көш бойы қайғысын қалдырып, Егемен елдіктің төріне
Қиырдан жетті әрең шалдығып [2, 240] – деп азаттықты халықтың зарыға күткенін өткенге шолу жасай отырып, әсерлі жеткізеді.
Азаттық тақырыбы – қазақ поэзиясындағы ерекше шабытпен жырланатын, бүгінгі халық тілегімен үндес тақырып. Ол бұрын да жырланып келген, мұнан кейін де жырлана бермек.
Тәуелсіздік, оның мәні мен маңызы соңғы жылдары жазылған лирикалық шығармаларда өзгеше биік пафоспен, іштейгі ширыққан бұлқыныспен, терең философиялық ой иірімдерімен есте қалады. Серік Сейітманның «Тәуелсіздік» өлеңі сондай жоғары эмоциялық әсерлілігімен ойда жатталып қалатын Отаншылдық рухы биік лирика.
Тәуелсіздік, биігін-ай бағаңның! Аманаттың ақ жолында адалмын. Бір сен үшін жасын сықты анам мың, Бір сен үшін басын тікті бабам мың!

Бір сен үшін отқа түсіп жан шыбын, Бақытынан безді бабам бал-шырын. Ұйықтамады, көз шырымын алды олар Маңдайына сабын тіреп қамшының


Өлең мазмұнына зейін сала назар аударар болсақ, қазір бәз біреулер айтып жүргендей тәуелсіздік бізге жайдан-жай беріле салған тәңірдің тегін сыйы емес екен, азаттық жолында ата- бабаларымыздың талай ғасыр бойы аттан түспей күрескені, бостандық үшін жанын да құрбан еткені осынау екі шумақтың өзінде әсем айшықталған. Лирикада адам сезіміне қозғау салатын ерекше өршіл рух бар, сол екпінді леп арқылы өз оқырманының сезіміне әсер етеді, санасына Отанға, елге, жерге, азаттыққа деген құрмет, құштарлық мәйегін егеді [3, 181]. Шығармашылықтың басты мақсатының өзі де осында жатса керек.
Қазіргі қазақ поэзиясында өзгеше талант иелерінің өсіп келе жатқаны, поэзияны мұрат тұтқан жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Олардың көбінің-ақ өлеңдері оқуға жеңіл, жүрекке жылы тиіп жатады. Ұйқас жағынан болсын, ырғақ мәселесі болсын ешқайсысына сын таға алмаймыз. Ақындық жолда жүріп жетілген, өлеңді техникалық жағынан шебер меңгерген, талантты, дарынды сөз зергерлерінің қаулай бой түзеп келе жатқаны расында да көңілге қуаныш ұялатады. Олардың қатарында Әлібек Шегебаевты, Ақберен Елгезекті, Қалқаман Саринді, Дәулеткерей Кәпұлын, Серік Сейітманды т.б. атап өту лайық. Бұл ақындардың көбі ақындық өнерге еліміз тәуелсіздік алған соң келген талант иелері. Оларда басқаға жалтақтау, кейбір айтылуы тиіс ойды оспақтап жеткізу, не болмаса айналып өту деген түсініктер кездеспейді. Бұлар нағыз тәуелсіздік идеясының бастауында тұрған ақындар. Олардың да тақырып ерекшеліктері әр алуан. Мысалы, Әлібек Шегебаевтың таңдап алған тақырыбы махаббат тақырыбы екен. Оның қай өлеңін оқысаң да жас адамға тән алаулаған сезім шырғалаңына тап боласыз.
Мен өзіңді сағынған шақтарымда, Терең ойға тұншығып батқанымда. Нені ойлайсың?...
Білмеймін, мен әйтеуір,
Саған теңеу қуанам тапқаныма, – дейді [4, 51]. Мұны расында да лирикалық қаһарманның шынайы психологиялық бейнесі, ақындық тапқырлық деуімізге әбден болады. Жоғарыда аты аталған ақындардың қай шығармасын оқымайық, олардың лирикаларынан осындай әсем айшықты жыр жолдарын молынан кездестіреміз. Қазіргі ақындар өлең формасын жетік меңгерген, шығармаларының мазмұны да терең, ойлы болып келеді. Бірақ сондай «мінсіз» шығармалардың көбісінің санада жатталып қалмай тез ұмытылатынына таң қаласыз. Қай жағынан қарасаңыз да ретті, жүйелі, бірақ көңілге қонбай жатады. Соған қарағанда көп ақындарымыз өлең құрауға шебер, бірақ нағыз тума талант емес-ау деген ой туады.
Сонымен қатар, қазіргі қазақ поэзиясының «жақсылық» пен
«жамандықтың» ғана тартысынан тұратын және бір жақты ғана шешім шығаратын кеңестік поэзиядан бір айырмашылығы, мазмұны жағынан күрделеніп, әр алуан қырымен, әрқилы идеялық сипатымен ерекшелене бастады. Мұны біздің қоғамдағы көптеген өмір құбылыстарына көзқарастардың құбылып, күрделеніп, кейде тіпті диалектикалық ешбір заңдылықтарға бағына бермейтін түсініксіз сипат алуымен ерекшеленеді. Қазіргі ақындар лирикасынан әсем де айшықты шынайы поэтикалық суреттерді топтап көрсетуге болады.
Тәуелсіздік алған жылдары ақын-жазушылармыздың көп қалам тартқан тақырыптарының бірі тарихи тақырып болды. Оның себебі бұрын коммунистік жүйе кезінде ашық айтылмаған халықтың ұлттық болмысын таныту, қолдан ұйымдастырылған ашаршылық, саяси қуғын-сүргін мәселелері әр алуан шығармаларға арқау бола бастады. Ол, әсіресе, прозада жиі көрініс берді. Ал поэзияда тарихи тақырыпты көтеру, сол арқылы халықтың жадынан өше бастаған ерлік, қаһармандық рухты ояту ақындардың басты мақсаттарының бірі болды. Көптеген ақындардың өлеңдерінде сонау ғұн, түркі кезеңіндегі дүниені тітіреткен ескі аңыздар мен әфсана жырлар қайта жаңғырып, халықтың намысын оятатын Отаншылдық рухта, жаңа формада
жарық көріп жатты. Мысалы, Сәулеш Шәтенова лирикасының басты тақырыбы тарихи тақырып екеніне оның жыр жинақтарын ақтара отырып көз жеткіземіз. Ақын «Ғұнның әні» деген лирикасында:
«Менменшіл» ғұнның бір тамшы қанымын, Топыраққа сіңген.
Жұмақта жүрген бабамның тастап кеткен жанымын, Қайтадан жаралған күннен –
Мен, – дейді.
Лирикалық қаһарман бойында ерте кезде өткен ата- бабаларынан қалған бір тәкәппарлық, менмендік бар. Мына елдің иесі де, киесі де мен, байтақ қазақ даласының мұрагері де мен деп өзінің тәуелсіз елдің азат азаматы екенін мақтаныш етеді.
Ал көптеген ақындар өздерінің іштеріндегі мұңын, іштегі шерін өлең өрімімен жеткізуге тырысты. Оларда адуында леп, Отаншылдық рух көп кездесе бермейді. Керісінше нәзік лиризм басым түсіп жатады. Көбіне олар өздерімен өздері сырласып, адам жанын жылы бір жылы шуаққа бөлейтіндей. Ақын Алмахан Мұхаметқалиқызының жыр шумақтарын оқи отырып осындай ойға тірелдік.
Ақындық күй!
Ақын – тiрлiк!
Мен сен үшiн ауылдан бездiм,
Кiсi киiктей жападан жалғыз күй кешiп. Даланы кездiм,
Қаланы кездiм
Өлең-өнердi тамырға нәр ғып тiлдесiп [6].
Алмаханның қай өлеңін оқысаңыз да автордың ақындық мені көрініс беріп отырады. Ол адамдар арасындағы сыйластықты, пенделік күйді, өзінің күйзелісі мен қуанышын керемет бір нәзік лирикамен әсерлі жеткізеді.
Поэзиядағы, соның ішінде лирикадағы автордың рөлі ерекше. Себебі автордың іштейгі толғанысы мен күйзелісі оқырманға әлдеқайда жақын және түсінікті болып келеді. Өйткені лирикадағы автор – ол оқырманның қиял әлеміндегі сырласы. Өлеңнің жалпы оны түсініп оқитындар үшін танымдық қана емес, тағылымдық, психологиялық қасиетінің де басым екенін есте ұстаған жөн. Поэзия өте автобиографиялық жанр. Себебі онда
автордың бүкіл ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді оқырман дәл сол секілді сезініп, онымен бірге күйзеліп немесе қуанып отырады. Лирикада автор өз позициясын, көзқарасын бүркемелеп жасыра алмайды. Поэзия – аз сөзбен мағынасы терең ой мен қарапайым сөзбен айтып жеткізу қиын сезімді бейнелеуге бейім және ыңғайлы жанр. Ал поэзияның өзі шығармашылық тұлға мен оқырман үшін таусылмас көркем материал қазынасы болып саналады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамыз әлемге айқара ашылды. Бұрын әлемдегі жаңалық атаулыны орыс тілі арқылы ғана қабылдауға мәжбүр болған халықтың қазір тікелей батыс пен шығыстың кез келген тілінен ақпарат алуына мүмкіндіктер ашылды. Әрине дүниежүзі мидай араласып жатқан мына заманда ғаламдасу үдерісінен Қазақстан шет қалып қоя алмасы тағы да белгілі. Шет елдің бізге тек инвестициясы ғана емес, олардың рухани жаңалықтары да халық санасына орнығып, ұлттық болмысымызды өзгертіп жатқанын аңғаруға болады. Жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай капиталистік елдерде жаңа ағым ретінде пайда болған постмодернизм ағымы біздің мәдениетімізге де дендеп еніп бара жатқанын байқаймыз. Ол әдебиетте әр алуан кейіпте көрініс беріп келеді.
Қазіргі эстетикалық ой жүйесінде постмодернизм әдісі кеңінен талданып, сөз болып жүр. Әрине, оны әдіске жатқызамыз ба, жоқ па, ол да әлі күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі. Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми әдебиеттерде постмодернизм бірде идеология, кейде өнердегі ағым, енді бірде өнердегі әдіс, кейде тіпті дәуір, кезең ретінде де қарастырылып жүр.
Философиялық сөздікте «постмодернизм – жаңа тарихи жағдайларға байланысты өзінің алдындағы модернизм идеологиясын реттеуге, түзеуге бағытталған ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған көркемдік және мәдени идеология» деген анықтама берілген. Мұның мәнісі, екінші дүние жүзілік соғыстан кейін модернистік бағытты әлеуметтік, саяси және эстетикалық жағынан тоталитаризм мен басқыншылық, зорлықшыл идеяларға қатысы бар, сол тоталитаризм мен билікшіл топтың сойылын соғады деп айыптады.
Постмодернизм деген сөздің шығу тегі латынша «post»
«соңғы», «кейінгі» және французша «modern» «жаңа», «қазіргі»,
«үлгілі» деген сөздердің бірігуінен пайда болған.
1947 жылы әлемге аты танымал тарихшы және философ Арнольд Тойнби: «Постмодернизм дін мен мәдениетке батыстың үстемдігінің аяқталғанын тұспалдайды», – деп мәдениеттану тарапынан өзіндік баға берген болатын.
Ал 1971 жылы әдебиеттануға постмодернизм терминін алғаш енгізген америка ғалымы Ихаб Хассан болды. Негізгі постмодернизмнің пайда болған жері де Америка болып саналады. Ол алғаш рет постмодернизмнің өнердегі жалпы сипатына шолу жасап, талдап, жіктеп көрсетті.
1979 жылы жарық көрген француз ғалымы Ж.Ф.Лиотардың
«Постмодернистік ахуал» деген еңбегінде постмодернизмнің пайда болуы мен негізгі белгілерінің алғышарттары жан-жақты қарастырылды.
Постмодернизмнің пайда болуы туралы екітүрлі көзқарас бар. Біріншілері ХХ ғасырдың екінші жартысында мәдениет пен өркениеттің құлдырауына байланысты дүниеге келген тарихи құбылыс деп есептесе, екіншілері транстарихи құбылыс, яки әрбір мәдени дағдарыс кезеңдерінде қайталанып отыратын жағдай деп түсіндіреді. Белгілі жазушы Умберто Эко өзінің бір еңбегінде әр дәуірдің өз постмодернизмі бар деп жазған болатын. Кез келген дәуір кезі келгенде бәрібір дағдарысқа ұшырайды. Өткен етектен тартып, күш көрсетіп, қанша жерден бопсаласа да тарихи авангард одан құтылғысы келеді, образсыздыққа шейін жеткізеді. Бірақ бәрінің де шегі бар. Шегіне жеткенде авангардтың да одан әрі барар жері, асар асуы қалмайды. Сонда оны постмодернизм ауыстырады. Егер өткеннің бәрін қиратып жою мүмкін болмаса, онда қайта таразылап, қарастыру керек болады. Ешқайда жалтақтамай, ирониямен елеп, екшеу керек.
Әрине, қазіргі мәдениет пен өнердегі Умбертоның орны да беделі де ерекше, бірақ ТМД елдері әдебиеттануында постмодернизмді тарихи құбылыс ретінде қабылдау басымдыққа ие болып отыр.
Сонымен, постмодернизм модернизмге балама идеология іздеуден туды деуге болады. Бұл, негізінен, өнерде жаңа образдар, жаңа материалдар мен құралдар іздеуден көрінеді.
ХХ ғасырдың 60-70-жылдары айқын байқалған құбылыстарға минимализм мен концептуалды өнердің дамуын жатқызамыз. Ал 70-жылдары өнердегі әлеуметтік бағыттың ерекше белең алып дами бастағанын байқаған болсақ, 70- жылдардың ортасына қарай өнердегі феминизм мен этникалық шағын халықтар және әлеуметтік топтардың белсенділігінің күшейгенін аңғарамыз. 80-жылдардан бастап арт-процеске жаңа технологияның дамуы айтарлықтай ықпал ете бастады. Аудио, видео және интернет жүйесі суреткерлердің өрісін кеңейтті, жаңа техникалық құралдарды пайдалану олардың мүмкіндіктерін арттырды.
Постмодернизм өнерге эклектиканы, тарихи дәйектемелер (цитат) мен бұқаралық мәдениет элементтерін қосу арқылы модернизмді жұмсартуды өзінің міндеті санайды. Ой модернистік талаптардың түпнұсқаға жақындығын (оригинальность) сынайды, постмодернистер өнерде табиғаттан тыс жаңа бір нәрсені жасау мүмкін емес дегенді үзінділер келтіру, интертекстуалдық (дәйектер мен ишаралар) және аппроприация (өзге тілді және өзге образдарды меншіктеп пайдалану) арқылы жеткізуді ұсынады.
Постмодернистердің бұрыннан қалыптасқан мәдени ұғымдарға қарсы қоятын өз баламалары бар:

  • адам – мына дүниедегі тіршілік иелері сияқты қарапайым тіршілік иелерінің бірі ғана, оны басқалардан артық жаратылған деп дәріптеу бос сөз;

  • адам дүниені (әлемді) өзгертуші емес;

  • әлем барлық тіршілік иесі үшін ортақ және шартты;

  • ақиқат плюралистенген.

Постмодернистер әлемді синергетика заңы бойынша дамиды деп есептейді. Дүние ешкімге де бағынбайды, алда не күтіп тұрғанын да ешкім болжай алмақ емес. Біздің дүниені қабылдауымыз үзік-үзік және қиялға негізделген. Олар мемлекеттік құрылым принциптерінің демократиялық сипатта болуын және әлемнің тезірек жаһандануын қалайды.
Постмодернизм тек қана Батыс Еуропа немесе Америка елдеріне ғана тән ағым дей алмаймыз. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде қоғамдық санадағы құбылыстың бір елмен шектеліп қала алмайтыны да түсінікті жайт. Сондықтан да аталған ағымның өнердегі өкілдерін өзіміздің қазақ арасынан да көптеп кездестіруге
болады. Әдебиетімізде жақсы танылып қалған Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс шығармаларындағы ұлттық құндылықтармен үндеспей жататын кейбір сарындар мен формалық ерекшеліктер соның көрінісі.
Оны заман ыңғайына қарай туындаған, жаңа бастамалар мен жаңа идеяларды танытуды мақсат ететін бұрыннан қалыптасқан өмір туралы философиялық ойларды қайта саралап, кейбір тұжырым пікірлерді теріске шығарушы жалпы өнер атаулыға тән сипат деп те қарастыруға болады. Әрине, қашан да болса жаңалық атаулы халық санасына бірден сіңіп, кірігіп кете қоймайды. Постмодернизмнің де ежелден келе жатқан ұлттық дәстүр мен ұлттық санаға қайшы тұстары жеткілікті. Сондықтан да көбінесе аталған ағымды қабылдау кей кездері дәстүрлі мәдениеттанушылар мен ғалымдар тарапынан мансұқталып, кедергіге ұшырап жатады.
Мысалы Ақбереннің «Фантасмагория» деген өлеңінде: Шытырман түстер... ұлыған иттер дауысы Қинайды мені, көз іле қалсам түн іші.
Ауаға тажал сурет сала береді, Сүп-сүйрік саусақ-қауырсын.

Шытырман түстер:


құтырған иттер күлкісі, қосбасты аттар,
төрткөзді қырдың түлкісі...
Сапарға шықсам, қолыма ұстап басымды, Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі... [7, 20].
Бұл өлеңнің мазмұнын қарапайым халықтың қабылдауы қиын. Әсіресе, дәстүрлі мәдениетпен сусындаған жұртшылық үшін
«иттің күлкісі» де, «қосбасты аттар» да, «төрткөз түлкі» де өзгеше таным, ерекше құбылыс ретінде бағалануы заңдылық. Бірақ әлемдік мәдениетте мұндай образдар қазір жеткілікті. Олар бастауын сонау грек мифтерінен алатын секілді.
Ал қазіргі поэзияда өзіндік орны бар жас талант иесі Ерлан Жүніс өзінің бір өлеңінде:
Сен мені көрмедім деші...

  • Түн бізді сатады бірде.

  • Өзінде бар ма оның өші?

  • Гүлдер!

  • Қуыршақ ойнайды өмір.

  • Құстардан хат келмей жүр ғой!...

  • Мұң деген – балқыған темір!

  • Шыңғырып жіберер бірде Ой.

  • Қабырға көрсетті тілін!

  • Айнадан біреу тұр қарап!

  • Тойлап жүр ол өлген күнін...

  • Өзін-өзі тонап! – дейді [8, 82].

Лирикаға сюжеттің қажеттілі жоқ дейміз. Сюжетсіз де өлең бола береді. Бірақ мына өлеңде сюжет түгіл ойдың да, ақын қиялымен салған суреттің де жүйесі сақталмаған. Әр тармақтағы ой ағымы әртүрлі. Өлеңді тұтас оқығанда да белгілі бір идеяны ұстап, тиянақ ету қиын. Постмодернистік ағымға негізделген туындыларды басқа шығармаларды талдайтын ескі әдіспен талдап шығу да мүмкін емес. Өйткені онда ұйқас та, ырғақ та жоқ, дәстүрлі өлең жүйесіне тән өлшемдердің ешқайсысын кездестіре алмайсыз.
Посмодернист үшін әлем ақиқат құндылықтардан ада. Олардың пайымдауынша, аса маңыздысы – автор. Суреткерге ешқандай да жауапкершілік жүктелмейді. Оның кез-келген идеалдардан бас тартуы ерлік деп саналады.
Әдебиет тарихында бағыттар мен топтар немесе поэтикалық мектептерді кезінде сыншылар өлтіре сынап, жерлеп тастаған кездері де болған. Ал солардың қатарынан кейін аттары әлемге танымал ақындар шыққан. Мысалы, В.Маяковский, С.Есениндер сондай топтардың арасынан жарып шыққан дарын иелері. Сондықтан да заман талабына сай пайда болған кез-келген бағыт пен ағымға баға бергенде абай болған дұрыс.
Қазіргі поэзияны оқып отырғанымызда тек қана діни тақырыптарға жазатын немесе керісінше шектен шыққан интимдік қылықтар мен эротикаға қалам тербейтін ақындардың да көптеп шыға бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Бұрынғы классикалық дәстүрмен және соңғы постмодернистік бағыттарға еліктейтін шығармашылық тұлғаларды да топтап көрсетуге болатын секілді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін атамекенге, яғни Қазақ жеріне әр алуан тарихи жағдайларға байланысты шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз келе бастады. Бұрын арада ешқандай
байланыс болмаған, басқа саяси ортада, кейбірі тіпті өзге формацияда өмір сүрген және соған ыңғайланып дағдыланған, дүниетанымдары да өзгере бастаған шет елде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың елге оралуы да халқымыздың рухани жағынан толысуына, әдебиетіміз бен өнеріміздің құлашын кеңге жаюына әсер етті.
Олар қазақтың тәуелсіз елінің дамып, аяғынан тік тұрып кетуіне үлкен Отаншылдық рухпен кірісіп кетті. Шет елден оралған қазақтар тек экономикамыздың дамуына ғана емес, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, өнеріміздің өркендеуіне де барынша қызу араласып, өздерінің өзге жерде жүріп алған білімдері мен үйренген өнерлерін қазақ еліне әкелді, сол арқылы елімізді әлемге таныту жолында аянбай еңбектеніп жүр. Елге оралған қандастарымыздың арасынан шыққан музыка, спорт салаларында еңбек етіп жүрген әлемдік деңгейдегі майталман өнерпаздарды көптеп мысалға келтіруге болады. Ал әдебиетімізге келіп қосылған ақындар мен жазушылар да өздерінің шығармалары арқылы қазақтың мұңы мен сырын, тәуелсіз ел ретіндегі Отаншылдық рухын ту ғып көтеріп, әдебиетімізге жаңа бір леп әкелді.
Олар – өзінің сыршыл да нәзік лирикасымен өз оқырмандарынан жоғары баға алып жүрген талант иелері. Олар қазақ поэзиясын өздерінің Отаншылдық өр рухымен, атамекенге деген сағынышты сазымен байытты. Шет елден оралған қандастарымыз біздің поэзиямызды тіл жағынан, ой жағынан жаңа сапаға көтеріп қана қоймай, өздері де жергілікті ақындар шығармашылықтарымен таныса отырып, көркемдік-эстетикалық жақтарынан әлдеқайда өсті, өлең техникасын меңгеруде де биік белестерді бағындырды дей аламыз. Сонда да болса шет елде туып, атамекенде ержеткен ақындарға ортақ бір қасиет әлі күнге шейін сақталып келе жатқандай. Ол атамекенге оралғанымен кіндік қаны тамған жерге деген сағыныш, туған өлкені аңсау сарыны олардың кез келгенінің шығармаларынан да айқын аңғарылып тұрады.
Қазіргі таңда әнұраннан кейінгі орында ресми шараларда көп орындалатын патриоттық әннің бірі – Алмасбек Ахметбектің
«Көк тудың желбірегені» [9]. Осы өлеңнің сөзіне ақын-сазгер Ермұрат Зейіпхан ән жазып, бүгінгі таңда балабақшадағы
балалардан бастап, күллі қазақ әнді сүйіспеншілікпен орындап келеді.
Көк тудың желбірегені Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені, –
деп, ақын айтса айтқандай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелейтін өлеңнің тәуелсіздігіміздің мәртебесін асқақтатыны даусыз.
Нұрхан Сұлтанбайұлы Топанби 1961 жылы Алтай аймағындағы Жеменей ауданына қарасты Қаржау ауылында дүниеге келген. Поэзия әлеміне 1980 жылдары аяқ басқан ақынның алғашқы «Поэзия суреті», «Атан», «Оң қолымды жылан шағып» тәрізді жыр жинақтары Қытай елінің басылымдары арқылы оқырманына жетті. Қытай қазақтары ақындарының «Үкілі ырғайға» жинағына енген өлеңдері үздік туындылар қатарында бағаланып өз бағасын алған. 1997 жылы ата жұртқа ат басын тіреген бауырымыз Оңтүстік Қазақстанға қоныс тепті. Жылдар бойы жырға айналған атажұрт ақынның шабытына шабыт қосты. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған жыр мүшәйрасында «Біз осындай» өлеңімен жүлделі орынды иеленсе, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Желбірей бер көгімде көк байрағым» бәйгесінде бірінші жүлдеге қол жеткізді. Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты атанған ақынның кейінгі жылдары
«Адасқақ», «Аралдағы жалғыз жан» атты жыр жинақтары шықты. Алғашқы жинаққа жазушы Толымбек Әбдірайым «Даланы сүйетін Нұрхан» деген алғысөз жазған екен. Онда ақын жырлары туралы Ханбибі Есенғарақызы, Сатыбалды Дулати мен Захардин Қыстаубаев тәрізді ақын-жазушылардың оң пікірлері келтіріліпті. Автор ақын поэзиясын талдай келіп мынадай қорытынды жасайды: «Бұл ғасыр қазақ әдебиеті айдынына шетелдегі Отандастарымыздың шығармашылық мөлдір бұлағын қосты. Бір- бірін толықтырып, күшейтіп, шуақтандырып, сәулелендіріп, дамытып отыратын әдеби дәстүр тәуелсіздіктің бізге сыйлаған асыл қазынасы, інжу маржаны! Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді деген осы!» [10, 8].
Иә, осылайша ХХІ ғасыр әдебиеті жаңа есімдермен, жаңа оқиғалармен толықты. Өз жырымен, өз үнімен келген ақын қазіргі қазақ поэзиясына өз үлесін қосты. Өзі өмір сүріп отырған бүгінгі қоғамның қол жеткізген жетістігі мен кері кеткен кеселді жақтарына бірдей көңіл аудара білген ақын жырларынан өмірдің күнгейі мен көлеңкесі қатар орын алған. Ол бірде шаттанып қуанса, енді бірде мұңға батып, тағы бірде қалың қайғының астында қалғандай әсер береді. Жеке басының емес, қалың қазағының бүгіні мен болашағына алаңдайтын ақын жырларында әлеуметтік-психологиялық күйзеліспен бірге терең ойларға жетелейтін философиялық ой басым. Соның бірі – бүгінгі замандастарына қаратыла айтылған азаматтық лирика болса, енді бірі имани құндылықтарды насихаттайтын діни сарындағы жыр жауһарлары. Ақын жырларынан қаңтардың қалшылдаған аязында дүниеге есігін ашқан лирикалық кейіпкердің өмір жолын көру оңай («Бабалардан жалғасқан»). Мал шаруашылығымен айналысып, жылдың төрт мезгілінде қоныс аударып көшіп отырған қазақ халқы өз ұрпағын қыстың суығынан, шілденің аптап ыстығынан аман алып қалғаны, асыл әжелеріміздің перзентіне деген аналық мол мейірі жыр жолдарына негіз болған. Қазақ ұландарының бойына біткен өрлік пен ерлік жөргегінде жатқанда- ақ бесікпен ат үстінде тербелгенде берілгені анық. Жинақтың беташары ретінде берілген «Сапар» атты өлең жал-құйрығы жалтылдаған күрең қасқа тұлпар мінген лирикалық кейіпкер өмір айдынында адамзат баласына ортақ ардың ақ туын желбіретіп келе жатқандай әсер береді. Ар ілімі Абай мен Шәкәрімдерде жеткізіле жырланса, ХХІ ғасыр ақындары да мәңгілік құндылықтарға аса жауапкершілікпен қарауға тырысқан. «Исра» сүресінің 82-аятында
«Құраннан иман келтіргендер үшін шипа және рахым түсіреміз»
[11] деген екен. Оның негізі – имандылық деп түсінген ақын лирикалық кейіпкерін осы жолда сынға салады. «Халық» өлеңінде
«Бір есімі Алланың – Аталады халық деп» келеді де, осы халықтың бүгінгі жай-күйінен хабар береді. Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатқан дүниенің халықтың несібесі екенін жадымызда ұстайтын болсақ, бейқам халықты алдап соғып, бір басып, екі асап жатқан замандастарымыздың қу тірлікте тоймайтын қанағатсыздығы көз алдымызға елестейді. Оны ақын:
Бейуаз халық, бей халық, Әбжыланнан құтылып.
Боласың қалай сен қарық,
Айдаһарға жатсаң жұтылып! [10, 12] – деп образды бейнелеген. «Төрт құбылам» өлеңінде Алладан безген пенделердің өз ұстанымы болмай опасыздық жасап жататынын
«Опасыздарға Отанын сату – Ойыншықтан да оп-оңай» дей келіп, Алланы танымайтындардың адамды тыңдамайтындығына көңіл аударады. Бүгінгі таңда материалдық құндылықтарымызбен бірге ар-ождан, ұят тәрізді рухани құндылықтарымыздың да ақшаға бағаланып, аяқ асты болып жатқаны жасырын емес. Байлық пен атақ-дәрежені көздеген замандастарымыздың ашкөздігіне, тойымсыздығына күйінген ол Тәңірінен медет сұрайды. Ынтымақ пен бірліктің, тұтастық пен бүтіндіктің мәнін түсінбей, оның тоз- тозын шығарған пенделеріне күйінген ақын жұмақтың сатылмайтындығымен «Хақ Тағала сатпапсың ғой, Сатпапсың ғой. Жәннатты, Соныңа мың, соныңа мың шүкірлік!» деп өзін жұбатады. «Иманың – ұятың, Арыңның – айнасы» деп түсінген ақынның лирикалық кейіпкері тарының қауызына бар ғаламды сыйдырған Хақ Тағала алдында дәрменсіз. Күннің беймезгіл күркіреуін пенделеріне жасаған ескертуі деп түсінген ол замандастарына ой салудан жалыққан емес.
Азаматтық лирикаларының қатарынан орын алатын
«Адасқақ» өлеңінде ақын бүгінгі таңдағы қаракөз бауырларымыздың ана тілін ұмытып мәңгүрт күйге түсе бастағанынан шошиды. «Адасқаны сол емес пе? Қазақты қазаққа әкеп Тілмаштыққа салғаным» деген жолдар – қазақ тілінің ХХІ ғасыр басындағы мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріле алмай отырғандығының айғағы. «Мемлекет» өлеңінің де өзіндік айтары бар. «Қойшы да тоқты торымын, Қолынан бермес итқұсқа» деген жолдар біздің мемлекетіміздің бүгінгі атқарып жатқан қызметтері жөніндегі терең ойларға жетелейді. Өзін сол мемлекеттің тарамыстай созылған көк етіне балаған лирикалық кейіпкер Отанын сатқан опасыздарды кешіре алмайды. Себебі, ол үшін мемлекет – біздің тірегіміз. Сол бәйтерегіміздің өзегіне құрт түспеуін тілеген жанның жанайқайы Отанның оттан да ыстық екенін есімізге салады.
Ақынның Отан, туған жер туралы өлеңдері қазіргі қазақ поэзиясындағы осы тақырыпты толықтырып тұр. Мәселен,
«Аманат мекен...» өлеңінде Отан-ананың қадір-қасиеті жан-жақты бейнеленген. Тәуелсіздік тұсындағы ел мен жерге деген көзқарас ақын жанын жаралағаны анық. Сондықтан да ол замандастарына:
Отансыз түйір дән де жұтылмайды, Отансыз өткен өмір түтін-қайғы.
Отанын саудалаған сайқал патша, Алланың қаһарынан,
Халықтың көз жасынан құтылмайды [10, 29], – деген терең философиялық ой салады. Отанға деген құрмет, Отанға деген адалдық жастық балдәуренін сырт елде өткізген бауырларымыздың бойында осылайша асқақтап жатқаны қуантады. Алланың бір есімі халық болса, Алланың құрығынан, халықтың көз-жасынан екі аяқты пенделердің қашып құтыла алмайтындығы рас. Ол жөнінде Йа-Син сүресінің 12-аятында:
«Адамның: үйретілген ғылым, жарияланған кітап және жасалған қайыр құрылыстарының сауабы немесе қалдырған жаман өнегелерінің күнәсі; өлгеннен кейін де амал дәптеріне жазылып отырады», – деп жазылған. Кешегі атеистердің Алламен шаруасы болмауы мүмкін, алайды ғаламды жаратқан Жаратушының бар екенін бүгінгі таңда ғалымдардың өзі ғылыми тұрғыда дәлелдеп жатқаны аян. Осыған сүйенетін болсақ, ақынның аһ ұрып отырғаны – сол пенделердің санасына ой-түрткі болу. Өмірдің мәнін дүние-боқпен өлшейтін замандастарымыздың жер-суға қол салып, «қолынан келгендері қонышынан басып» жүргені жасырын емес. Алайда, «судың да сұрауы бар» екенін әрқайсымыз жадымызда ұстағанымыз жөн. Бұл да біз өмір сүріп отырған қоғамның қасіреті болса, сол қасіретке шипа іздеген қаламгер оның дәруменін Құран-кәрімнен іздейді, оған жауап та табады. Алланың аманатқа берген мекенін көздің қарашығындай сақтау – жер басып жүрген әрбір пенденің міндеті мен парызы болса,
«аманатқа қиянат жасауға болмайтыны» да Құран-кәрімде жазылған. Кеңестік дәуір тұсындағы қазақ жерін бөлшектеу мәселесі көтерілген тұста қазақтың сүйікті перзенті, қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің үлкен ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Ақынның оны еске алуы шығарманың нақтылығы мен деректілігін арттырып тұр. Ол жөнінде академик
С.Қирабаев «Халық ұлы» деген мақаласында: «Қазақстанды бөлшектеуге бел шешіп кіріскен Н.С.Хрущев тың және тыңайған жерлерді көтеру кезінде құрылған тың өлкесін (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар облыстарын біріктірген) Ресейге қосу, Шымкент облысын Өзбекстанға беру (мақта өндіруді бір жерге жинақтау деген сылтаумен), Маңғыстауды Түрікменстанға өткізу сияқты адам ойына кірмейтін идеяларды көтерді. Алдымен осы сылтаумен ол тың өлкесі мәселесін қойды. Оған ашық қарсылық айтқан бірден-бір азамат Тәшенев еді», – деген болатын [12]. Бұл мәселе ұлттық әдебиетте біршама көтерілгені мәлім. Д.А.Қонаев туралы үш жүзден аса өлең жазған ақын Р.Ниязбеков «Димаштың Юсупов Исмаилға айтқаны» деген өлеңінде: «Ислам ака, құда боп қыз берсе де, Қазақ бұрын көршіге жер бермеген», – деген болатын [13, 36]. Иә, ел мен жер мәселесі –ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өзекті мәселе сондықтан да лирикалық кейіпкердің «Қара шаңырақ шайқалып кетер ме?!» – деп Қамыққаннан боламын Асан қайғы...» деуі орынды.
Ақынның келесі топтағы жырлары бүгінгі заманда- старымыздың кері кеткен мінез-құлықтарын түзеуге арналған. Олардың қатарынан орын алатын «Ұмытшақтық» өлеңін тілге тиек етуге болады.
Арық таза болмаса, ағынды су ақпайды, Ары таза адамды Алла өзі сақтайды.
Ат мінсе егер бір кедей, ешкімге де жақпайды, Есек мінсе бір көпес, айналасы мақтайды [10,
32], – деген жолдарды оқып отырғанда Асан қайғының «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады...» деген философиялық өлеңі еске оралады. Ақын бір шумақ өлеңде «таза» сөзін тегіннен тегін екі рет қайталап отырған жоқ. Қоқысқа толған кір, лас арықпен параллель суреттелген адам жанының тазалығы филолсофиялық ойларға жетелейді. Азған қоғам жөнінде
«Анкабут» сүресінің 30-аятында «Раббым! Маған азғын қауымға қарсы медет бер» [14] – делінген екен. Сол секілді ақын да өзі өмір сүріп отырған қоғамның кесапатынан сақтандырады. Ойлы өлеңнің біздің замандастарымыздың бойындағы адами жұтаңдықты, қазіргі таңда етек алып кеткен жағымпаздық пен тоғышарлықты, сыбайлас жемқорлықты әшкерелеп тұрғаны
белгілі. Өмірі алдау мен арбаумен өткен қуларға тұз-дәмі таусылғанда топырақтың бұйырмауы замандастарымызға ой салса, нұр үстіне нұр. Бүгінгі кер заманнан шошынған ақынның:
Арымызға құрбан ғып жанымызды, Жайнатып тірлік деген шамымызды. Жер бетінде болмаған бұрын-соңды,
Жоғалттық-ау, осындай заңымызды! [10, 23] – деген жанайқайының астында ұлттық құндылықтарға деген құрмет жатыр.
Жыр жинақты оқып отырғанда қазіргі қазақ поэзиясындағы дәстүр ұласуы ойға оралады. Оның біріншісі мазмұн мен түрге қатысты болса, екіншісі – мақал-мәтелдер мен халық әндеріне жан бітіріп, оларды қайта жаңғырту. Осындай мысалдардың қатарында
«Жақсылардың кеудесі...» өлеңін атауға негіз бар. Ақын халық әнінен «Жақсылардың кеудесі – Алтын сандық», «Кілт болмаса сандықты Кім ашады» деген тәрізді мысалдар келтіре отырып, көкірек көзі жұтаңдарға налиды. Ал, «Мәжбүрсің» өлеңіндегі
«Арқасында күріштің, Күрмек, сен де су іштің», «Бәрі әсем дейсің бе, Қыз жүгіндей жиылған» деген жолдар ақынның мақал- мәтелдерді қисынын тауып пайдалана білуіне мысал.
Ақын қаламынан туған шағын өлеңдер оның көңіл-күй лирикасын танытса, толғауларға әртүрлі мәселелер негіз болған.
«Қаратөбет» хақында» толғауын деректі толғау деп атағанына қарап, оның негізгі кейіпкері өмірден алынған адам екенін аңғаруға болады. Қазақ халқы адамдардың табиғи болмыс-бітімі мен мінез-құлқына қарап ат қоюға шебер. Ниетіне қарай
«Қаратөбет» атанған жанның пиғылы оның атынан-ақ көрініп тұрғандай. Ол туралы «Жан серігі жауыздық», «Басқаларға қимайды, жақсылықтың қауызын», «Иттен асқан иттігі», «Түп күйесі қазанның, Бұдан қара емес-ау!..», «Ол пайданың жолында, Бит тереді жазықтан», «Атасының көрін де, Алтын үшін ақтарар» деген жолдар – Қаратөбет атанған пенденің бейнесін толықтыратын жанды образдар. «Жәнібек, Жәнібек» толғауы Ер Жәнібекке арналса, «Айға шағып мұңымды...» шығармасына сезім күйлері негіз болған. Сонымен бірге, ақынның Сапиолла Баяндинға арнаған «Аға жаным Алтайда...» очерк толғауы арнаулардың қатарынан орын алады.
Жинақтың «Жүрегім тағалы аттай тасырлайды...» деп аталатын бірінші бөліміне адам-қоғам жайлы философиялық өлеңдері жинақталса, «Қызды ауылдың қызығы таусылар ма» деген екінші бөлімге махаббат, табиғат лирикалары топтастырылған. «Шындық үшін шығандап» деген үшінші бөлімде азаматтық лирика басым болса, «Кеудем толы жер мұңы, жеткізуге жаралдым» деген төртінші бөлімге негізінен толғаулар жинақталған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасын ақын «Махаббат тұзағы...», «Он сегіздің көзімен...», «Қызғалдақ»,
«Махаббаттың биігі», «Ақбота», «Сенің көзің», «Қабыл алсаң, қалқатай», «Кермаралдай кездерің», «Есіңде ме», «Ғашықтықты қастерлеп» тәрізді сырға толы сыршыл өлеңдерімен байытты.
Н.Сұлтанбайұлының «Аралдағы жалғыз жан» [15] жинағына сыршыл сезімге құрылған лирикалары, толғауларымен бірге шағын және кең құлашты оқиғаларды арқау еткен баллада, поэмалары жинақталған. «Аралдағы жалғыз жан...», «Тарғыл дауысы талайдың» толғауларында елдік мәселелерді көтерген ақын «Айдаһар», «Тас-тағдыр», «Аманат» балладаларын шағын оқиғаға құра білді. «Жұрынды тондай сақтаған, Сенімнің жұрнағын», «Аралдағы жалғыз жанның Ойы құрттай құжынап»,
«Ер батқан жауыр ат – жағымпаз, Өмір өрінде барады қайқаңдап...» деген жолдардан лирикалық кейіпкердің аралда неге жалғыз қалғаны байқалады. «Айдаһарға» атадан балаға жеткен ертегі негіз болса, «Тас тағдыр» балладасынан лирикалық кейіпкердің ғұмыр бойы тағдыр тәлкегіне ұшырап, тас қоғамдағы қаратас тағдырына кейіп, жанға медет болар дауаны Алланың ақ жолынан тапқанына куә боламыз.
Оның «Дырау қамшы», «Оң қолымды жылан шағып»,
«Анаға тағзым», «Кеңістік кемесінде», «Жол» поэмалары – қазіргі қазақ поэмасын мазмұны жағынан толықтыра түскен туындылар.
«Оң қолымды жылан шағып» поэмасында оң қолын жылан шағып, солақай болған лирикалық кейіпкердің жан күйзелісі ертеде жыланның уын қайтаратын діни сауатты молдалардың арамызда қалмағанынан хабар берсе, «Анаға тағзым» – лирикалық кейіпкердің өмір жолын толықтыратын туынды. «Адамның басы – Алланың добы» деген аталы сөзге жүгінген ақын Алтайдан шекара асып келіп, Қазығұртты мекендеп жатқан лирикалық кейіпкердің туған ана, туған жерге деген сарғайған сағынышын шынайы
бейнелеген. Поэма белгілі бір оқиғаға құрылмағандықтан оны лирикалық поэманың қатарына қосуға негіз бар.
Бүгінгі қазақ поэзиясында діни тақырыпта жазатын ақындар да бір шоғыр болып қалды. Олар мына дүниенің сырын, ақиқат шындықты ғылымнан емес, өздері таныған ислам дінінен тауып, сол арқылы көптеген адам өміріне қатысты сұрақтарға жауап іздейді.
Әдебиет, жалпы мәдениет дінмен тікелей байланысты ұғым, оның өзі сол діни таным-түсініктердің бөлшектенуі мен дамуының нәтижесінде пайда болған. Кез келген дінді трансценденттік (адам санасынан тыс пайымдау) жүйемен ғана түсіндіруге болады. Дін мәдениеттер жүйесінде идеал жасаушы фактор, дәстүрлер жиынтығы ретінде қызмет етеді. Бірақ қай кезде болмасын діннің ауытқушылыққа ұшырағанын, бұрмаланғанын, жалған мазмұнда таралуын шынайы, таза діннен ажырата білген жөн.
Діннің әлсіреуі бүкіл мәдениет атаулының ағзасының әлсіреуіне әкеліп соқса, оның жаңаруымен бірге мәдениеттің жаңа тынысы ашылады, ал діннің дағдарысқа ұшырауынан, жалпы қоғамның дін ықпалынан алшақтай бастауынан, «онымен салаласа жүретін мәдениет те өз тіршілігін тоқтатады: саяси, экономикалық бірлестіктер де құрдымға кетеді» [16, 16-17]. Дінді теріске шығарған кеңес өкіметінің жетпіс жыл ғана өмір сүріп, ыдырап, тарап кетуінің де негізгі себебі осында жатса керек. Дін әлемдік тарихтың мазмұнын құрайтын күрестер мен өз арақатынастардан тұратын мәдени-тарихи түр ретіндегі өркениеттерді жандандырады. Мәдениет те, өркениет те шынайы мағынасында
«алғашқы қауымдық құрылыстан қалған қарапайымдылық пен жабайылықты жою», «халықтардың адамға айнала бастауы» дегенді білдіреді [17, 144]. Басқаша айтқанда, адамдар өздерінің ақыл-ойы мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында табиғатқа шексіз билік жүргізіп, жаратылушыдан жасампаздыққа көтерілгенін, адамзат баласы санасының түбірімен өзгергендігін көрсетеді.
Дін кез келген мәдениеттің түпқазығы бола алады. Сондықтан да мәдениет көрсеткіштерінің басты салаларының бірі болып саналатын әдебиет те діннен алшақ бола алмайды. Олай болса, еліміз тәуелсіздік алысымен атадініміздің ерекше қарқынмен халық арасына тарала бастауы, діни көзқарастардың
қалыптасып, оның әдебиетімізде, соның ішінде поэзияда көрініс табуы заңды құбылыс болып саналады.
Поэзияның басты мақсаты өмірді көшіріп бейнелеу ғана емес, сонымен қатар ақиқат шындықтың жоғары идеялары мен жақсылықтың мәңгілік екенін адамзат баласының санасына сіңіру. Осындай қасиетімен-ақ поэзия өмірдің мәнін ашып бере алады, ұмтылыстарымыз бен жүрек қалауымен болатын құштар- лықтарымыздың сырын ашып, айнала қоршаған ортаға ой көзімен қарауға үйретеді. Поэзияның таным тарапында көтеріп жүрген жүгі жеңіл деп айта алмаймыз: ескіден келе жатқан тарихи өсиеттер, көне дәуір аңыз-әпсаналарындағы сюжеттік желілер, адамзат баласының ғылым мен философия арқылы қол жеткізген ақиқат шындықтары, өнер образдары, табиғат ғаламаттары мен адамның ішкі жан дүниесінің сыр-сипаты поэзияның қайнар бұлағы болып саналады. Осы тұрғыдан келгенде көркем шығармашылықтағы діни элементтердің мәні мен маңызы туралы ғалымдар ерте кездердің өзінде-ақ оң бағасын беріп кеткен. Дінді адамдардың ақиқат шындықты тануы мен өмір сүру дәстүрінен бөліп қарауға болмайды. Сондықтан да соңғы жылдары қазақ поэзиясында жеке ағым ретінде қалыптасып келе жатқан діни поэзия – ол да қазақ поэзиясының құрамдас бір бөлігі болып саналады. Регрессивті сипатынан арылған діни көзқарас қысқа уақыт аралығында халық санасына түбегейлі орнығып, өмірлік маңызы зор идеялық құбылысқа айналды. Жетпіс жыл бойы бұғауда болып келген ислам діні қазақ елі тәуелсіздік алысымен-ақ қоғамда үлкен сұранысқа ие болды. Халық сол дін арқылы өз тамырын, тарихи жадын қалыптастыруға ұмтылды. Жер-жерде мешіттер ашылып, діни оқу орындары көбейді. Көптеген жастарымыз мұсылмандықтың кіндігі болып саналатын араб елдеріне барып білім алып, шыңдалып қайтты. Елдегі жастар да өздері ізденіп, ата-бабалары ұстанған діннің қилы-қилы іліми қағидаларын үйреніп, оны әр алуан ортада талдап, талқылап жатты. Әрине, олардың арасында кейде адасып, белгісіз ағымдарға еліктеп, солардың жетегінде кеткендер де болды. Қалай десек те, ислам біздің ата дініміз болғандықтан ол әдебиетіміз бен өнерімізде, жалпы мәдениетімізде өз ізін қалдырмай тұра алмасы белгілі.
Тағы бір мәселе, біз исламды қалай жырлап жүрміз? Аталған тақырыптардағы көптеген лирикалық шығармаларды саралай келіп, қазіргі ақындардың діни қағидалар мен тәмсілдердің сыры мен сипатын ашуға, мына дүниедегі құбылыстардың сырын мұсылмандық пайым-түсінік арқылы жеткізуге тырысып жүргенін аңғарамыз. Діни философия ол тек бірді-екілі ақындардың меншігіндегі нәрсе емес, сондықтан да оған назар аударып, өздерінің ой пікірлерін қосып жүрген ақындар баршылық. Кейбір ақындарда ол саусақпен санарлық қана болуы да мүмкін. Бірақ сондай шағын шығармалардың өзінде адам болмысы, оның имандылық сипаты жан-жақты көрініп қалып жатады. Темірғали Көпбаев өзінің «Алла берді» деген лирикасында:
Өміріңді кім берді? Алла берді, Сеніміңді кім берді? Алла берді.
Иманыңды кім берді? Алла берді?
Дидарыңды кім берді? Алла берді.
Уақытыңды кім берді? Алла берді.
Бақытыңды кім берді? Алла берді.
Бәрін, бәрін төтелеп Алла берді.
Ар құнымен өте деп жалға берді [18, 213].
Мына дүниеде сұраусыз ештеңе де жоқ екен. Барлығы да өлшеулі, санаулы, есептеулі. Саған бақыт берсе оның да өтеуі болу керек екен. Олардың бәрі де ар құнымен өтелуі тиіс екен.
Ең жоғары сұлулық, адамзат санасында орныққан ең биік әсемдік – ол Аллаға деген сүйіспеншілік, жаратушыға деген шынайы махаббаттан туындайды. Егер поэзия сол сезімге қозғау сала алса, онда оның әсері мәңгілік болмақ. Ақын сол ақиқат шындықты тану жолында өзінің білімі мен сезімін жарқырата көрсетері сөзсіз. Қазіргі қазақ поэзиясында өзінің талантымен көрініп жүрген жас ақындарымыздың бірі Қалқаман Сарин
«Мадақтап мінсіз Алланы» деген өлеңінде қоғамда болып жатқан
әр алуан келеңсіз істердің барлығы да жаратушымыз Алланы танымаудан, өмірдің өтпелілігін ойламаудан дейді.
Шығармашылығы жоғары ақиқат шындықпен байланыстағы ақындар ғана өлеңдерінің өздерімен бірге өлмейтініне, өзінен кейінгі ұрпақтар санасында мәңгі жасайтынына сенеді. Ондай ақындардың жолдары да ауыр болып келеді. Олар өздері ғана танып біле алатын, өздері ғана нәзік сезім мүшелері арқылы ести алатын былайғы көпшілікке көп таныс емес жаратушының сездірген құпия құбылыстарының сырын шығармашылық талантымен өлең арқылы жұртқа жеткізуге тырысады.
Жер бетіндегі нала сұмдықтың, Қасіреттердің көптігі...
Олардың бәрі жанашырлықтың, Жанашырлықтың жоқтығы! [19].
Ең жоғары сұлулық, адамзат санасында орныққан ең биік әсемдік – ол Аллаға деген сүйіспеншілік, жаратушыға деген шынайы махаббаттан туындайды. Егер поэзия сол сезімге қозғау сала алса, онда оның әсері мәңгілік болмақ. Ақын сол ақиқат шындықты тану жолында өзінің білімі мен сезімін жарқырата көрсетері сөзсіз.
Шығармашылығы жоғары ақиқат шындықпен байланыстағы ақындар ғана өлеңдерінің өздерімен бірге өлмейтініне, өзінен кейінгі ұрпақтар санасында мәңгі жасайтынына сенеді. Ондай ақындардың жолдары да ауыр болып келеді. Олар өздері ғана танып біле алатын, өздері ғана нәзік сезім мүшелері арқылы ести алатын былайғы көпшілікке көп таныс емес жаратушының сездірген құпия құбылыстарының сырын шығармашылық талантымен өлең арқылы жұртқа жеткізуге тырысады.
Жаттайын тынбай аят-сүрені Мадақтап Мінсіз Алланы.
Ойсыз күндерден, оятшы мені,
Әдіре қалсын қалғаны, – деп толғанады автор
[19, 17].
Тәуелсіздік тұсында жарық көрген жыр жинақтарды қарап отырғанда қазіргі поэзиядан үлкен орын алатын діни сарындарды ерекше атау керектігіне көзіміз жетті. Кеңестік дәуір тұсында қол үзіп қалған ұлттық әдебиеттегі дәстүр еліміз егемендік алған соң, дінімізбен бірге жалпыадамдық құндылықтар мен мәңгілік
мұраттар көркем әдебиетке қайта келді. Бұл жылдары ақын- жазушылардың барлығы дерлік имандылыққа бет бұра бастағандықтан, олардың арман-аңсарлары туындыларынан да көрініс тапты. Ал, ақындардың ішінен діни тақырыпта көп жазатын Қ.Елемес пен Д.Байтұрсынұлы есімін атау ләзім. Себебі, бұл ақындар замандастарына ой салуда, имани сөз айтуда өз қолтаңбаларымен ерекшеленді. Осы уақыт аралығында Қ.Елеместің «Жұлдызды түн», «Жетінші аспан», «Жарық», Д.Байтұрсынұлының «Күнәсіз мекен», «Топыраққа сіңген нұр»,
«Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Сенің арқаң» атты жыр жинақтары шықты.
Құл-Керім «Рас» деген өлеңін былайша бастайды: Бисмиллаһир-Рахманир-Рахим!
Хаққым, Сені жырлап өту – мұратым! Жыр бер Өзің,
Нұр бер Өзің жырыма,
Құлың ем ғой жырдан тапқан мұратын?! [20, 3].
Егер көңіл-күйдің шынайылығын, әуеннің асқақтығы мен сезімнің тазалығын тек көркем шығарма ғана жеткізе алады десек, онда оның элементтері негізінен діни сипаттағы шығармаларда жиірек кездесетінін жоққа шығара алмаймыз. Діни сюжеттер поэзияның дамуы үшін өте керек, өйткені онда адамдар арасындағы имандылық пен қайырымдылық, ақаусыз әлем мәселесі барынша таза күйінде көрініс табады.
Ақынның «Жарық» жинағын парақтай отырып, оның мына пәни дүниеге көзқарасын, танымы мен пайымын танығандай боламыз. Сонымен, дін тақырыбы да қазақ поэзиясына жетпіс жылдан соң қайта келіп қосылған үлкен тақырыптардың бірі. Хадистерден алынған үзінділерді эпиграф етіп алған ақынның сөз басын «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим!» деп бастауы орынды. Осының өзі-ақ бастаған істің сәтімен болатындығына мегзейді:
Бисмилләһпен көзімді аштым – көр екем!.. Бисмилләһсыз «төр» дегенім «көр» екен!.. Бисмилләһпен екі әлемімді анықтап, Бисмилләһпен кірді қашқан берекем!.. [20, 3].
Осылайша бірде өлең жолының басқы сөздері қайталанса (анафора), енді бірде өлең жолының соңғы сөздері қайталанып келеді. Бір сөзді әр тармақта қайталау арқылы ол оқырманның
көңілін сол сөздің астарына үңілуге шақырады. Ақын шығармаларында қайталаудың алғашқы түрі көптеп кездеседі. «Ең жақсы сөз» өлеңінде ұйқастың екінші түрін қолданған:
Дүниенің бар болуы – Ләә иләәһә илаллаһ. Тілеулердің нар болуы – Ләә иләәһә илаллаһ. Дүниенің жақсы сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ. Ақиқаттың нақты сөзі – Ләә иләәһә илаллаһ...
[20, 12].
Отыз тармақтан тұратын өлеңнің жиырма сегіз жолы осы үлгімен берілсе, соңғы «Адам, сені шақырамын «осы сөзді айт, тыңда!» деп, Осы сөзсіз, адам саған, екі әлемде дым да жоқ!..» деген екі тармағы адамзат баласына үлкен ой салып, осы сөздер арқылы оларды имандылыққа шақырып тұр. Келтірілген мысалдардан көріп отырғанымыздай ақын жырларының негізгі лейтмотиві – Аллаға құлшылық, Аллаға мінәжат. Ақын поэзиясындағы осындай ерекшелігі жөнінде А.Әбдірасілқызы:
«Оның мінәжаттарының өзі еркіндігімен, ерік күшінің, жігерінің молдығымен ерекшеленеді. Бұл – сопылардың парасатты көнбістігінен де өзгерек, махаббат пен парасаттың шарпысуынан туған бір сезім», – деген болатын [20, 302].
«Сатқын», «Азғын», «Саңырау», «Ұры» тәрізді өлеңдерге дінінен айырылған адамзат баласының азғындаған тіршілікке тап болатыны негіз болса, «Құран», «Кәлима», «Дін», «Сен ғана барсың», «Хақ діні», «Хақсыз» өлеңдерінде одан құтылудың, ақ жолға бет бұрудың қажеттілігі баса айтылған. Қазақ ақындарының басынан өткерген қилы тағдырларын тілге тиек еткен ақын
«Оғлан» өлеңінде бар мадақ атаулының Хаққа ғана тән екенін айта келіп, «Оянса бауыр, Иншаллаһ, таниды бауыр бауырын!» деген түйін жасайды. ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы жаппай қудалаудың дінсіздердің қолымен жасалғанын есімізге алатын болсақ, автордың қазақ баласымен бірге адамзат баласын ақ жолға шақыруы құптарлық. «Қолқасына өзі қол салумен өзіне ылғи қылды азап», «Қыранын қалың қарғаға қансоқталата шоқытқан» деген бейнелі тіркестер өткенімізден хабар берсе, «Рухтан алса ұлысың жарасын жанға емдетпес» деген жолда болашақ туралы ой басымдық алған. Адам баласы дін жолына, ақ жолға түскенде ғана бойына көркем мінездерді жинақтай алатыны өмір шындығы. Қазіргі таңда өзіміз өмір сүріп
отырған қоғамда болып жатқан неше түрлі жантүршігерлік оқиғалардың: баланың ата-анасынан безіп қарттар үйіне тапсыруының, баласынан безген көкек аналардың шараларын әртүрлі жағдайларда тастап кетуінің салдарынан қарттар мен балалар үйінің жыл санап өсіп келе жатуы замандастарымыздың көрсоқырлығынан Жаратушысын ұмытып, пенделікке бой алдыруынан болып жатқан сорақылықтар екені белгілі. Осындай келеңсіздіктердің бірі – харам істерге, ішімдіктерге құмарлық.
«Қылау» өлеңінде аузына Алланы алудың орнына, аузы ащы судан босамайтын, ісінің берекесі жоқ жандардың жер басып жүргеніне күйінген автор оларға тіліңді кәлимаға келтір деген тілек айтады. Ондағы мақсат – ислам дінінің құндылықтарын бойына жинақтаған адамның ешқашан ешқандай жаманшылыққа бармайтындығын насихаттау. Осылайша ақын өзі өмір сүрген қоғамның келеңсіздіктеріне жаны күйіне, жабырқай қарайды. Бұл ащы болса да, бүгінгі егемен елдің шындығы. «Қасас» сүресінің 21 аятында «Раббым мені залым қауымнан құтқара гөр» [ 20] – делінген екен. Ал, ақын бұзылған адам мен қоғамды түзеу мақсатында оқырманын Хақ тағаланың ақ жолына шақырады, бар мадақ бір Аллаға ғана тән екендігін санамызға сіңіреді. Сондықтан да ақынның бұл өлеңдерін ұлттық әдебиетте бұрыннан келе жатқан мінәжат өлеңдердің қатарына қосуға негіз бар.
І.Жансүгіров поэзиясын зерттеу барысында М.Дүйсенов мынадай тұжырым жасаған болатын: «I.Жансүгіров дәл, толымды (точные рифмы) және дәл емес, толымсыз (неточные рифмы) ұйқастарды мол пайдаланады. Бұл қазақ поэзиясында ең кең тараған, жиі ұшырайтын ұйқас түрлері. Ілияс поэзиясына тән ұйқастың бірі – күрделі ұйқастар (сложные рифмы). Ұйқастың бұл түріне халық әдебиетінде мол тараған – қоссөзді, қайталау ұйқастар жатады. Ондай үлгі Ілияс поэзиясынан да көптеп кездеседі» [21, 49]. Ғалымның осы пікіріне сүйенетін болсақ, Қ.Елемес те қазақ әдебиетінде қалыптасқан толымды, толымсыз ұйқас түрлерін пайдалануда әдебиеттегі дәстүр жалғастығын сақтап отырған. Мәселен:
Иманды ұлт адам атын ұрандамас,
Түсінген қыран құлқын қырандамас.
«Аллаһ» деп, Аллаһынан бақ тапқан ел,
Хақ жолдан бұра тартып бұраңдамас [20, 93], – деген үзіндідегі «ұрандамас», «қырандамас», «бұрандамас» деген сөздер дәл, толымды ұйқастардың түріне жатса, келесі «Білдіру» өлеңіндегі мына сөздер күрделі ұйқас түріне жатады.
Иманды адам нәпсісін өзіне құл етеді, Имансыз адам нәпсісіне өзі құл болады. Иманды адамға нәпсісі өзі қызмет етеді.
Имансыз адам нәпсісіне қызмет етеді [20, 208], – деген өлең жолдарындағы «құл етеді», «құл болады», «қызмет етеді» деген тіркестерді күрделі ұйқас түріне жатқызуға болады. Себебі, мұндағы «етеді», «болады» етістіктері келер шақтық мағына үстеп тұр. Осы шумақтағы «иманды», «имансыз» адамдарды бір-біріне қарама-қарсы қою арқылы олардың болмыс- бітімі нәпсілері арқылы бейнелеген. Бір шумақта «иманды»,
«имансыз» сөзін екі рет, «өзі» сөзін үш рет, «адам», «нәпсі» сөзін төрт рет қайталау арқылы оқырман ойын осы сөздерге аударған ақын жақсылықты да, жамандықтыда өз нәпсімізден табатындығымызбен ұштастыра суреттеген.
Жыр жолдарын оқып отырғанда ақынның Аллаға деген шексіз махаббаты «Сүю», «Сен», «Махаббат па?», «Махаббат гүлі» тәрізді өлеңдерінен анық байқалады. Аллаға қаратыла айтылған мадақ өлеңдерді әдебиеттану ғылымында мінәжат өлеңдер деп атайды. Оның айтып отырған махаббаты екі адам арасындағы сүйіспеншілік емес, пенде мен Жаратушы арасындағы шексіз сүйіспеншілік. «Асығың – Аллаһ, Хаққа асық, Арыңмен Оны, ал, мақта. Аллаһың ғана жақтасып, Жеткізетұғын Жәннатқа!» деген жолдарды оқып отырғанда қазақ әдебиеті тарихында «сопылық поэзия» деп айдар тағылған діни сарындағы әдебиеттің бүгінгі ХХІ ғасырдағы заңды жалғасын танимыз. Алланы тану, оның ақ жолын тану жолындағы ақын шығармаларын: «О бастан ақын боп туған Құл-Керім Елемес он сегіз мың ғаламның Иесіне иіп сөйлегенде оның әр жолы, әр шумағы нұрға малғандай көңілге салтанат-шуағын шашыратады»,
– деп бағалайды діни сарындағы өлеңдер жазып жүрген ақын М.Райымбекұлы [20, 302].
Жаратқанға деген кіршіксіз махаббат – ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. Ол Жаратқан, ауа, су, дін, Құран, Отан біреу екеніне көңіл бөлу арқылы соңғы елшінің, яғни Мұхаммед пайғамдардың
да біреу екендігін жадында ұстап, жалпыадамдық құндылықтар арқылы ислам дінінің мәңгілік мұраттарын насихаттайды. Ақ жолдан азғырушы ібіліс-шайтандардың болатынын оқырман есіне салған ақын Шұғара сүресінің 222-223 аяттарынан мысалдар келтіріп, шайтанның азғыруына еретіндердің Алланың шарапатынан айырылып қалатынын түсіндіреді, ол туралы өз тұжырым-түйіндерін «Дініңді ұста, Дініңмен тый дінсізді. Жамандықтың қара қанын құстыр да» деп поэзия тілімен бейнелі сөйлетеді.
Әдебиетіміздегі діни поэзияның кемі он ғасырлық тарихы мен қалыптасқан өзіндік дәстүрлі жүйесінің бар екені белгілі. Ал исламдық құндылықтардың қазақ даласына кең таралып, берік орнығуы жолында сөз шеберлерінің қосқан үлесі орасан. Құран Кәрімдегі: «Сендердің араларыңда жақсылыққа (қайырлы іске) шақырып, құпталғанға бұйырып, тыйым салынғаннан қайтаратын бір топ болсын. Міне, солар – мұратына жетушілер» (Әли Имран, 104), - деген аяттың астарында әрбір мұсылман баласының арсыздық атаулыға қарсылық жасап, жақсылық атаулының жайылуына ұмтылуы тиіс екені айтылады [22, 73]. Қасиетті Құранның аталмыш аятын өмірінің өрнегіне балаған сөз ұстаған тұлғалар өз шығармашылығы арқылы да ізгілікті жұртқа жаюды мақсұт тұтты. Тіпті, бұл көптеген ақындардың басты өмірлік миссиясына айналды деуге негіз бар. Ұлттың рухани құндылықтарының дені діни-мәдени бастауларға барып тіреледі. Қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастыруда Ислам дінінің орасан ықпалы болды десек, оны орнықтыруда көш бастаған – ақындар, сөз шеберлері. Араб-парсы тілдеріндегі негізгі сюжеттік желіні далалық ділдің қалпына түсіріп, одан әрі көркемдеп дамытқан, байытқан ақындар қазақ жерінде исламдық құндылықтардың тереңірек тамыр жаюына, халықтың діни сауатының артуына айрықша әсер етті әрі олардың құрмет-беделі де дін үйретуші имам-молдалардан әсте кем болған емес. Тіпті діни сала өкілдері – имам-молдалар еңбегіне қарағанда сөз шеберлерінің қызметі әлдеқайда салмақты әрі жемісті болды деуге болады. Өйткені, көбіне көшпелі тұрмыста күн кешкен халық үшін қарапайым қара сөзден гөрі өлеңмен өрілген өсиеттің әсер-ықпалы айтарлықтай күшті болатыны ақиқат. Осыны ескерген дін мамандары да өлең-жырды халықтың ой-санасына сәуле түсірудің
ең үздік құралына балаған. Төл әдебиетіміздің теориясын жасаған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты кітабында былай дейді: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» [23, 305].
Сөйтіп, ұлттың рухани әлемінде бой көтерген діни-мәдени, дәстүрлі-ғұрыптық институттар өлең-жыр арқылы қалыптасты. Бұл – қазақтың ұлттық болмысын өзге халықтардан айырып тұратын айтулы ерекшеліктерінің бірі.
Діни поэзияның өзі әр кезеңде әр қырынан көрініп, түрлі сипатта дамып отырды. Оның мазмұндық-құрылымдық қалып- күйіне әртүрлі әлеуметтік-саяси, тарихи-психологиялық факторлардың да әсер еткенін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, қоғам тынысының ізі сөз өнерінде кескінделіп жатты. Орта ғасырларда таза дидактикалық бағытта дамыған діни поэзия жыраулар толғауларында ерлікті насихаттаумен, ХІХ ғасырдағы зар заман әдебиеті өкілдерінің шығармашылығында мұң-қайғы араласқан ызалы кескінмен, Абай өлеңдерінде терең интеллектуалдық тәпсірлеумен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүріп, «кітаби ақындар» айдарымен аталып кеткен бір шоғыр өлеңдерінде елді ағарту, оқу-білімге талпындыру сынды мәселелер төңірегінде көрініс тапты. Бұл – замана алға тосқан сан түрлі сынақтардың бәрінен Исламдық құндылықтарды қалқан етіп өтудің амал-қарекетін жасағандық. Ұлт өзінің тұғырына қайта қону үшін ата дәстүрі мен асыл дініне жүгінуге мәжбүр. ХІХ-ХХ ғасырда діни-ағартушылық ағымның қарқынды дамуына сол кездегі ел мен жердің отарлану саясатының үдей түсуі әсер етті деп ойлаймыз. Егер біз қазақ руханиятындағы ағартушылықтың бітімін бүтін қалыпта тануға талаптансақ, міндетті түрде оның астарында Ислам құндылықтарының жатқанына куә боламыз. Ал керісінше, Ислам құндылықтарына үңіле қалсақ, оның өзегінде ағартушылықтың негіз боп қаланғанына көз жеткіземіз. Шығыс халықтары үшін, түркілік таным үшін ағартушылық пен Ислам – мәндес, ұштас, ұқсас ұғымдар. Түркілік ағартушылықтың Батыс әлеміндегі ағартушылықтан басты өзгешеліктерінің бірі осы болса керек-ті. Батыста ағартушылық үдерісі діни санадан арылу арқылы, ал
шығыстық-түркілік рухани кеңістікте діни санаға оралу арқылы жүргенін байқауға болады. Яғни қазақ оқығандары ұлтты ұшпаққа жеткізуде өнер-білім, ғылым мен дінді бөле-жара қарауға болмайтынын қаперде берік сақтады. Белгілі әдебиеттанушы- ғалым Дихан Қамзабекұлы өзінің «Алаштың рухани тұғыры» атты еңбегінде былай дейді: «Қазақ әдебиеті тарихы исламды даттаған бірде-бір әпсананы, дастанды, хикаятты білмейді (біз әдейі араб негізді әдеби терминдерді қолданып отырмыз). Сонда бұл құбылысты қалай түсіндіреміз. Бірінші, жүйесіз мәжуси мен дүниеге көзқарасы бар жүйелі дінді салыстырыңыз. Екінші,
«табиғатты тыңда» деген түсінік пен «ағар, оқы, тазар» деген түсінікті салмақтаңыз. Дені дұрыс адам дін мен ағаруды қалайтындығы дау болмаса керек» [24, 38]. Мұның бәрі де қазақтың ақыл-ой тарихындағы дінисламның алар орнының аса зор екендігінен хабар берсе керек.
Алайда, имперлік мүддені бәрінен үстем санайтын әміршіл жүйе тұсында санаулы тақырыптар қатарында діни поэзияға да бұғау салынды. Елдік пен ерліктің бастаукөзі боп есептелетін әрі мәдени-рухани бостандыққа апаратын «қауіпті» тақырыптар тарих сахнасынан ғасырға жуық мерзімге аластатылды. Біз бодандық қамытын киген 70 жыл нәубетке толы кезең дегенімізбен, жүздеген жылдар бойы қалыптасып дамыған діни институттар біржола жойылып кетпеді. Әрине, тарих үшін бұл бір сәттік айтулы, азапты мезет қана. Аз уақыттық тоқтам-тыйымнан соң Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда діни поэзия қайта жанданды. Халықтың өлгені тіріліп, өшкені жанды. Ұлт руханиятында болмашы белгісі ғана қалған санаулы тақырыптар енді жаңа леппен, жаңа сипатта көріне бастады. Әсіресе, жас ақындарымыз осы тақырыпты көбірек қаузауға құштар. Исламдық ой-сана бастауы болып табылатын Құранда «Ақындар» деп аталатын арнаулы сүренің болуы діни санада ақындық өнердің, сөз өнерінің қаншалықты салмақты рөл ойнайтынын аңғартса керек.
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын қазбаламай-ақ,
бертінгі жылдарды есепке алғанның өзінде бірқатар ғалымдарымыз осы тақырыпты қаузап, әдебиетіміздегі діни мотивтердің сыры мен сипаты жайында арнайы зерттеулер жазды. Бір жағынан, советтік кезеңде бұл тақырыпты зерттеуге көп адамның батылы бармады. Бұғауланған тақырыпты зерттеуге де
жол жабық етін. Дегенмен, егемендікке қол жеткізгеннен кейін діни-ағартушылық ағым өкілдерінің шығармашылығы ғылыми қауымның арнайы зерттеу нысанына айналып, көптеген зерттеулер жазылды. Жаңаша зерделенді. У.Қалижанов. Ұ.Байбосынова, Ф.Жұмажанова т.б. сынды белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар диссертация қорғаса, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, Ө.Күмісбаев, Т.Тебегенов, Б. Әбдіғазиұлы сынды ғалымдар осы тақырыпты арқау еткен көптеген мақалалар жариялады. Бұл тақырып әлі де толыққанды қаузалып бітті деуге келмейді. Қазақ әдебиетіндегі діни мотивтерді жаңаша көзқарас аясында зерттеп-зерделеу ісі әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз.
Шығармашылығында діни сарынның бояуы бірден көрінетін ақындар қатары артпаса, кеми қоймас енді. Бүгінгі діни поэзия өкілдері – ғасырлар бойы қалыптасқан діни-мәдени дәстүрдің заңды жалғастырушылары. Қазіргі ақындар ішінде діни поэзияға соқпай кеткендердің қатары тым аз, тіпті жоқтың қасы. Басты бағыты басқа болғанымен, діни сарында жазылған өлеңін табу қиынға соқпайды. Қ.Елемес, Д.Байтұрсынұлының қатарында С.Нұржан, С.Қалиев, М.Тазабеков, С.Хасан, С.Сейітман, Е.Жүніс, А.Елгезек, А.Темірбай, Қ.Сарин, А.Қалшабек, Қ.Шарманов, Б.Әліқожа т.б. ақындарды да атай аламыз. Бұл ақындардың шығармашылығындағы діни бояу бірінде қалың, бірінде аз болғандықтан, әрқайсысы әртүрлі машыққа ие. Сайып келгенде, ақындарымыздың өлеңдері әртүрлі формада, әртүрлі жазу машығында болғанымен, олардың түпкі мақсаты бір жерге тоғысады. Ол – адамды адами қалыптан айырмау. Абай айтатын толық адам концепциясының шеңберінен шықпауға үгіттейді. Нәпсі, жақсылыққа ұмтылу, жамандықа аяқ баспау, ардың туын биік ұстап, аманатқа қиянат жасамау деген сияқты аса маңызды адами қасиеттерді ұлықтауға ұмтылдырады, құлшындырады.
Идеялық, тақырыптық айырмашылықтың болуы заңды. Сайып келгенде, түпкі финал-мақсаты, құяр арнасы бір – ізгілікке баулу, шариғат шеңберінде күн кешу. Дегенмен, көтерген мәселе- тақырыптарының алуандығы байқалмай қоймайды. Ислам діні адам өмірінің барлық қалтарысына шейін мән бергенін ескерсек, осы сарындағы өлеңдердің де тақырып алуандығы тым кең екеніне көз жеткіземіз.
Бүгінгі жастар әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері бар. Алдыңғы толқын өкілдерінің шығармашылығына ұқсамайтын қырлары аз емес. Олардың сусындайтын бұлағы да бұрынғыдай емес, аясы кеңіп, арнасы ұлғайған. Еркін ойлайды, жоқ дегенде соған деген талпыныс басым.
Сопылық поэзия бізде жақсы дамыған еді. Жалпы, діни сарын қайта бас көтерді дегенімізбен, біздің әдебиет сопылық поэзияның бар болмысымен толыққанды бой көрсетуіне әлі куә бола қойған жоқ. Әрине, там-тұмдап қана талпыныстар жасалуда. Уақыт өте дәстүрлі-діни сопылық өлең өлшемдері жаңа заманға сай жаңғыратынына сеніміміз кәміл.
Тәуелсіздік жылдарында діни сарындағы өлеңдерімен көптің көзіне түскен ақындардың бірі – Серік Қалиев. Ол өзінің
«Тұрсаңшы, елім» атты жыр жинағында былай дейді: Тырс етіп тиген әйнекке бір тамшың едім,
Маужырай бермей бекерге, тұрсаңшы, елім! [25, 22]. Міржақыптың «Оян, қазағымен», Ахметтің «Масасымен»
мазмұндас тармақтар емес пе? Серіктің ағартушылығы, негізінен, діни-мұсылманшылық қалыпқа қайта оралуға үндесе, алаштықтардың ағартушылығы, негізінен, оқу, білім алу, Еуропа елдеріне жету сынды білім мен ғылымға үндейтін сарындармен көрінеді. Кешегінің де, бүгінгінің де ақындарына тән ортақ мақсат
– ел болашағы, ұлт мұраты. Екі арна да халықтың рухани тұрғыдан бай болуына, адамгершілік, ар дейтін асыл ұғымдардың қашанда жұрт жадында жатталып жүруін қалаудан туған қадамдар болып табылады. «Тамшыдай тырс етіп әйнекке тисе», «маужырап жатқан елін оятуға» тырысса, ақын исламдық санаға қайта шақыру арқылы жүзеге асырғысы келетінін бірден аңғарасыз. Иманнан алыс күн кешіп жүрген адамдар жайында Серік Қалиев «Біреу» атты өлеңінде:
Біреулер тоқ, өмірінде мағына жоқ, Кең жайлауда жайылған мал секілді, -
деп мұң шағады [25, 70].
Исламдық-діни сарында қалам тербеушілердің арасында Серікбол Хасанның аты жиі айтылады. Ол «Ғылым дамып барады» деген өлеңінде мынадай ой айтады. Адамдар ғылым мен техниканы дамытып жатқанымен, өзінің ары мен ұятына көңіл бөлуден қалды.
Жақындаған сайын сол заманақыр, Түседі екен тілге – дақ, санаға – кір. Ғылым дамып барады, ал адамдар,
Ғаріп жанға айналып бара жатыр... [26, 37].
Дәл осындай мазмұн павлодардық ақын Қуаныш Шармановта да бар. Ол «Адаспай таниық Алланы» деген өлеңінде былайша үн қатады:
... бір-бірін талайды,
Тар санап дүниенің кеңдігін, Ұмытып көрінің тарлығын. Не деген ұғымсыз!
Шетінен білімсіз Абайдың дәуірі емес қой дәл

бүгін.

Оқыған заманда,


Дамыған ғасырда Алланы танымау..., - деп жан-

жүрегі езіледі. Ғылымы шарықтап дамыды деген бүгінгінің білімді һәм мәдениетті адамының өзін жаратқан Құдайын танымай жүруі ақылға сыйымсыз деген ой айтады. Иә, Қуаныш өлеңдерінде көркемдікпен бірге күйіну бар. Серікбол да, Қуаныш та – жүрегіне жауапкершілік жүгін артқан азамат ақындар. Онысы өлеңі – өмірбаянынан айқын білінеді. Ақын өз дәуірінің бейнесін жасап, өз дәуірі атынан үн қатады десек, жоғарыда келтірілген ой орамдарында шындық жоқ деуге келмейді. Серікбол Хасан пайғамбарымыздың (с.а.у.) қасиетті хадистерін өлеңмен өріп беруге шебер екенін көрсетті. «Кәусар» жинағын парақтағанда осыны байқадық. Мысалы, «Өсиет» атты өлеңінде хадистің мазмұнын өлең арқылы таратып жеткізеді [26, 102]. Мақсаты – адами шеңбер аясынан шықпауға үндеу. Ақындарымыз арасында жас болса да өмірдегі әрқилы құбылыстар мен ұғымдар жайлы тереңінен ой қозғап, оқырманын ойланту тәсілі – осы діни сарында қалам тербейтін ақындарға тән. Кейде олар жас ақындардан гөрі, өмірде көпті көріп, көпті түйген ересек адамдар секілді ой қозғап кететіні бар. Сөзімізді мысалмен сабақтайық. Серікбол Хасанның өмір туралы жазылған өлеңіне көз салайық.
Бұ дүниенің жаралуы текке емес, Сарқыраған судың да бар сұрауы. Өмір деген – өткелі мол көп белес,
Құлап қалсаң, бәріне өзің кінәлі... [26, 86].

Ал енді белгілі ақын Қалқаман Сарин өмір жайлы өзінің ақындық, азаматтық көзқарасын қағазға былайша қондырыпты:
Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар. Кездейсоқ кездесулер, қоштасулар. Таусылған тағдырларды теңдеп алып, Келмеске кеткен сонау көп ғасырлар [27, 17].
Ақындарымызға ашық айтумен қатар, астарлап айту да тән. Қазақ – сөз қадірін жете ұғынған халық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қысқа да нұсқа сөз орамдарымен жеткізетін және соған әбден үйренген халық. Бұл да кең жазиралы байтақ әлемде күн кешкен ұлтымыздың ойлау жүйесінің өзгелерден ерекше тұстарының бірі болса керек. Басқа түркі халықтарына қарағанда қазақ әдебиетіндегі діни сарынның басты ерекшеліктерінің бірі ретінде де біз осы астарлап айту, аз сөзбен көп мән-мағынаны ашу дейтін қасиетті айта аламыз. Ақындарымыздың өлеңдерінде осы сипат бар. Бұл –метафоролық ойлау жүйесінің жемісі. Астарлап айтудың үлгісін Алмас Темірбайдан анық көруге болады. А.Темірбай өзінің «Мұсылман» өлеңінде былай дейді:
Шақырғанын шалып қалды құлағым, Бұрын қайдан естіп едім бұл үнді!?
...Мен Құдайға жақындап ем бір адым, Құдай маған құшақ жая жүгірді... [28, 40].
Мұнда астар да бар. Драматизм де жоқ емес. Ең бастысы, бұл пайғамбар хадисінде айтылатын терең мазмұнның поэтикалық тәпсірі. Ақындар мына реалды өмірде көпшілікке белгілі ардың шеңберіндегі игіліктердің бәрін ислами көзқарас тұрғысынан таратып береді. Ислам дініндегі жоралғы-амалдардың бәрі дерлік, түптеп келгенде, ағартушылық ағымның күретамыры, түпөзегі болғанын осыдан білуге болады.
Серік Сейітманның «Домбыра» атты жыр жинағында да діни сарындағы өлеңдер аз кездеспейді. Серіктің «Жұмақбек» деп аталатын өлеңі оқырман назарын еріксіз тартады. Өлең өте қарапайым болғанмен, оған арқау болған мазмұнның жүгі ауыр. Ойландырады, тұшындырады. Ауыл адамдары «Жұмақбек» деп айдар тағып кеткен адамның өмір бойы бейіт қазумен айналысқанын, қашанда көптің көңіліне қарап, жақсылықтың жаршысы болғанын таратып келеді де, күндердің күнінде дүние салған Жұмақбектің қабірін ауыл адамдарының бірі қалмай
жабыла қазғанын әсерлі жеткізіпті [29, 206]. Серік Сейітман өлеңдерінің бір ерекшелігі – ол имани мәселелерді үнемі елдік істермен ұштастырып жеткізуге бейім. Имандылық дегеніміздің өзі Отаншылдықпен тікелей астасып жатқан ұғым деп таниды.
«Мұсылманның сипаты» өлеңінде:
Мұсылманның Отаны – жүрегінде, Тілегің де сол болсын, тірегің де. Талпын, досым, сауапқа батқың келсе,
Туған елдің төсіне гүл егуге! – десе [29, 213],

басқа өлеңінде:

Құтқарар ордан Момынға қорған


Намаз деп қана ұқпағын. Отаның құсша Жүректен ұшса,
Шариғаттан да шыққаның! – деп ағынан

ақтарылады [29, 217]. Ақындық пен азаматтық позициясының бір нүктеде түйіскенін көрсетеді. Ал Бауыржан Қарағызұлының өлеңдері жоғарыда аты аталған ақындар шығармашылыған ұқсай бермейді. Әсіресе, өлең құрылысы бөлектеу. Бірге оқиық:
Тәңірім,
Бұл да сенің әмірің.
Мұсылманның дұғасынан жаралдым, Мұхаммедтің үмбетінен саналдым.
Жаратқан,
Мақтау саған ғана-ақ тән.
Күллі әлемге сәуле шашқан Құраным, Нұр-Мұхаммед таратқан [30, 144].
Өлең құрылысы өзгешелеу әрі салыстырмалы түрде күрделі деуге болады. Бауыржан Қарағызұлында Алланы шын сағыну, өлімді сұлу қып суреттеу сынды шығыстық-сопылық ұғымдар кездеседі. Бір жағынан, өлеңдерінің мазмұндық-құрылымдық сипаты модернистік өлең түрлеріне ұқсайтыны бар.
Қазіргі діни поэзияның басты ерекшілігінің бірі – оның формалық өзгеріске ұшырауында. Діни-ағартушылық миссия қазақ сөз өнерінде эпикалық ойсана жемісі болып табылатын ірі жанрлар арқылы жүрген болса, бүгінде әдеби үрдістің талап- тілектеріне орай қысқалықты қанағат тұтқан жайы бар. Сондай-ақ

ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ даласында жақсы дамыған діни- ағартушылық ағымның ең бір арналы саласы пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның төрт шадияр-сахабалары жайындағы қисса- дастандар мен ұзақ-сонар хикаялар бүгінде жоқтың қасы. Я болмаса, құрани сюжеттерді қазақ баласына ұғынықты тілмен қара өлеңнің тезіне салып жырлау да бүгінгі ақындарда көп кездеспейтін, тіпті жоқтың қасы деуге келетін дүние. Бүгінгі діни сарындағы жырларға қысқалық тән. Сөз шеберлері көбіне-көп бір шумақ жырмен барынша көп мағына беруге тырысады. Жас болса да, қарияларға тән тілдік тіркестермен барынша көп ақыл айтуға, салмақты ой сабақтауға барын салады. Ал ХХ ғасырға дейінгі жырларда мазмұндық байлығымен қоса формалық көлемділік те бар болатын. Бүгінде эпикалық сана жемісі боп есептелетін ұзақ- сонар қисса-дастан айту дәстүрі үзіліп қалған. Оған деген сұраныстың болуы да неғайбыл. Өйткені, қазіргі қажеттілік – қысқалықта. Мұндай құбылысты тек әдеби қағидаттар қисынымен түсіндіріп беру аз. Бұл – барлық салаларда жүріп жатқан үдеріс. Қоғамдық формацияның өзі, уақыт талабы осыны туындатып отыр. Сондықтан да ақындарымыз аз сөзге көп мағына сыйғызуға ұмтылады. Бұрынғылар ұзын-сонар насихатқа салынса, қазіргі жастар сезімді тербей отырып ақылды да қозғауға талпынады. Әрине, бұл өз кезегінде жанрлық ерекшеліктердің туындауына да себеп болды. Қазіргі поэзияда бұрын өте кең тараған мысал жанрының бұлыңғырланып қалғанын байқаймыз. Яғни қоғамдық құбылыстарды, адамдар арасындағы жақсылы-жаманды мінез- ғадеттерді жан-жануарлар мен табиғат құбылыстары арқылы тұспалдап айту дәстүрі қазір азая бастаған. Мысалы, ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақындар өлеңдерінде негізінен мінәжат, насихат, ғазал, төрттаған т.б. сынды халықтық өлең жанрлары кеңінен қолданылса, бүгінгі ақындар заманауи әдеби формаларды еркін меңгергенін көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақ өлеңі жатталуға бейім боп тұрады», - дейтіні бар. Бұрынғы діни поэзия жатталуға бейім боп тұратын дәстүрлі 7-8 буынды немесе 11 буынды қара өлең формасында жазылатын болса, қазіргі ақындар ежелден қалыптасып үлгерген аталмыш өлең формаларымен бірге заманауи, жаңашыл-модернистік өлең құрылыстарын да еркін қолдануға тырысады.
Сондай-ақ, бүгінгі ақындардың тілдік қолданысында айтарлықтай айырмашылықтың бар екенін аңғарамыз. Тілдік ерекшеліктердің болуы заңды. Өйткені, ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қоғамы мен бүгінгі қазақ қоғамының тілдік қолданыс балансын салыстыруға келмейді. Өйткені, ол кезде араб-парсы сөздерінің қоғам өмірінде мейлінше көп қолданыста болған тұсы-тын. Біз түсіне бермейтін діни терминдер мен араб-парсы сөздерін көп қолданбай-ақ қарапайым қазақтың тілімен дініміздің маңызды жоралғы-амалдарын түсіндіріп, түйсіндіріп береді. Бұл оқырман үшін маңызды. Автордың оқырманмен санасуы деген – осы. Мақсат – халықтың тілін шұбарлау емес, санасына асыл діннің шуақты сәулесін түсіру.
Сайып келгенде, қазіргі ақындардың түрлі-түсті, әртүрлі жанрда, әртүрлі сипатта, әртүрлі тақырыпта жазылған өлең- жырлары жыраулар әдебиетінде орныққан «шынайы адам», сопылық поэзия өкілдері көтерген «кемел адам», Абай негіздеген
«толық адам», Шәкәрім айтатын «нәпсіні жеңген адам» деген концепциялардың төңірегіне топтасады. Яғни, қазіргі қазақ жырының жүйріктері – кешегі бабалар салған сара соқпақпен келе жатқан ізбасарлары. Келер ұрпақтың ізашарлары. Бұрынғылар халықты діни құндылықтарды қастерлеумен қоса білім-ғылымға да ерекше ден қоюға шақырса, қазіргілер негізінен Алланы тануға, Жаратқаннан қорқуға шақырады. Бұрынғыларда белгілі бір мөлшерде білім-ғылымның артта қалғанын оқырманына сезіндіріп отыру басым болатын. Қазір азаматтардың бәрі білімді, бірақ иманнан алыс секілді. Сөзімізді қазақ әдебиетіндегі діни- ағартушылық ағымның ерекшеліктерін айқындап берген ғалым У.Қалижановтың пікірімен сабақтайық. Ол: «Діни-ағартушылық поэзия өкілдері діни схоластиканы уағыздаған жоқ, олар діннің ақ жолын қоғамның даму көзіне айналдырып, мұрат тұтқан, бүгінгінің тілімен айтсақ, ағартушылық қозғалыстың басында тұрды. Олар жалпыұлттық идеяға айналды. Егер қазақ халқының соңғы 80 жылдың ішінде оқу-білімге деген құмарлығы неге сөнбей отыр десең, сол идеяның жаңғыруының, санаға сіңгенінің жемісі деп білген жөн», - дейді [31, 38].
Әдебиеттанушы Ұ.Байбосынова діни-ағартушылық ағым өкілдерінің шығармашылығын тереңірек зерттей келе мынадай қорытындыға келеді. Ол: «Мұсылмандық біліммен және
классикалық Шығыс әдебиетімен қаруланған осы молда- ақындардың шығармаларында мынадай әдеби дәстүрлер саралана қалыптасты: біріншісі – лирикалық өлеңдердің бәйіт, ғазал, қасида (қасыда), назым, төрттаған (рубаи) жанрлары түрлерінде жазылғаны; екіншісі – эпикалық қисса-дастандарында Құран сюжеттері мен Шығыстың аңыз ертегілерін арқау етіп жырлағандығы; үшіншісі – лирикалық және эпикалық шығармаларда түркілік Тәңірі, арабтық Алла, парсылық Құдай сөздерін аралас қолдана отырып, исламға қатысты қағидаларды түгелдей дерлік қолдана жырлағандығы; төртіншісі – лирикалық және эпикалық шығармаларда сопылық әдеби-әуездік мақамдық дәстүрлер жүйесінің сақталғандығы» [32, 12-13].
Біздіңше, бүгінде қазақ әдебиетіндегі діни поэзияда мынадай ерекшеліктерді байқауға болады:
а) Алланың – рас, пайғамбардың – хақтығын, Құранның – шын, хадистің – сафтығын жырлайды;
ә) ислами салт-жоралғыларды ықыласпен орындауға шақырады. (Намаз, зекет, ораза, қажылық);
б) мінәжат өлеңдер көбейді. Алла алдында арылу, тазару, кінәсін мойындау, лирикалық толғау;
в) ата-бабаларымыздың Ислам құндылықтарымен өмір сүргендігін, дініне берік болғандығын мақтаныш етіп, оқырманына ұғындыру.
Алдыңғы төртеуі абден қалыптасып орныққан салалары болғанымен, соңғы белгісі Тәуелсіздік тұсында сөз өнерінің сахнасына шыққан, халықты атадінге баулудың жаңа бір тәсілі болып отыр. Ата-бабаларымыздың ерекше иманды, Ислам туын биік ұстағаны жайындағы өлеңдер де жиі кездесуі, ұлылар ұлағатын имани сәуле арқылы жеткізу тәсілі – ағартушылықтың тиімді жолдарының бірі. Бұл да тарихты тереңірек тануға, халықтың санасының оянуына әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Түптеп келгенде, қазіргі ақындар шығармалары арқылы адамды Аллаға жақындатуды көздейді десек, ол жақындау үдерісі адам бойындағы асыл қасиеттер – адалдық, кішіпейілдік, жомарттық, мейірімділік т.б. секілді қасиеттерге ие болумен, арсыздық атаулыдан алыстаумен, қоғамға пайдалы азамат болумен өлшенеді екен. Бұрынғы осы бағыттың өкілдері адамның имани қалпының көрсеткішін оның қоғамға (жақындарына, жұртына)
пайда келтірумен өлшесе, қазір де сол сипат анық байқалады. Яғни, иман дегеніміздің өзі көпке қосылу, көпті жақсылыққа шақыру. Қоғамды түзеу. Ал қоғамды түзеу дейтін түпкі мақсат алдымен өз бойыңдағы жаман ғадеттерді жоюдан басталады. Бүгінгі діни поэзиядан біз осыны аңғардық.
Осы буынның бел ортасында Ерболат Баят та бар. Осы уақыт аралығында ол ғылыммен айналысып «Түркі-монғол эпостарының сюжеттер типологиясы» деген монография шығарды. Сонымен бірге, әр жылдары жазған өлеңдері мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жүрді. «Қазығұрт» баспасынан шыққан
«Уақыт белдеуі» [33] атты жинақ – ақынның соңғы жылдары жазған өлеңдерінің топтамасы. Жинақты қолға алып қарағанда бірінші көзге түсетіні – «Осы кітап әкем Баят Жанатұлы мен анам Гауһар Оқайқызының мәңгілік рухтарына арналған перзенттік ескерткішім» деген сөз. Ақынның ата-ана рухына жасаған тағзымы оның перзенттік борышын айғақтап тұрса, демеушісі құдай қосқан құдасы Ерлік Молдыбаев екенін де ұмытпағанымыз абзал.
Жинақтың аты айтып тұрғандай ақын жырларының дені уақыт белдеуінің төңірегінен табылып жатады. «Уақыт белдеуі немесе әкемнің сағаты», «Бір күнім...», «Сәулеге соңғы зарығып» деген өлеңдерінен бүкіл ғұмырымыздың уақытпен өлшеніп қойғанын ұғыну оңай. Лирикалық кейіпкер ғана емес, оның оқырманы да уақыт алдында есеп беруді, уақытпен санасуды түйсінеді. Сондықтан да ақын уақытты, әр минут пен секундты үнемді жұмсауға шақырады.
Ерболаттың қызыққа толы студенттік күндері Алматы қаласында өткендіктен, махаббат лирикасының дені осы қалада туғаны анық. Ақынның «асау аттай арынды жер тарпыған» лирикалық кейіпкері сексенінші жылдары Алматы қаласының көшелерінде жүргенін «Алматы кеші», «Алматы. Қараша айы»,
«Алматыны аңсау», «Ақ қайыңға оралдым аман-есен» тәрізді өлеңдерінен көруге негіз бар. «Алматыны аңсау» өлеңіндегі
«Алматының көшесі – фотосалон, Бастарыңды түсесің түйістіріп» деген жолдарды оқып отырғанда еріксіз езу тартуға тура келеді. Жеңіл юмормен берілген бұл жолдар бүгінгінің жастарына түсініксіздеу болғанмен, сексенінші жылдар студенттеріне жақын, таныс. Сондықтан да бұл өлеңдерге қызығы таусылмас студенттік шақтың естеліктері арқау болған. Он жігіттің бір табадағы тамаққа
ортақтасып отыруы, бір ай күтетін шәкіртақының он күнге жетпей қалып, студенттердің ашқұрсақтау жүретіні өмірден алынған шынайылығымен бағалы образды суреттер.
Қазақ поэзиясындағы махаббат лирикасына қосылған «Гүл... көбелек», «Жастық дәурен басымда тұратындай», «Көктем келді»,
«Қандай көктем», «Сол адам бәрінен бақытты» атты сыршыл сезімге құрылған өлеңдердің де өз айтары бар. «Қызыл гүлге қызыққан көктемдегі, Сыңар қанат көбелек секілді екем» дейтін ақын шынайы сезім, махаббат туралы «Шын сүйсе өмірде бір рет, Сол адам бәрінен бақытты» деген тұжырым жасайды.
Кім-кімге де туған жер – алтын бесік саналатыны белгілі. Ақынның қазақ поэзиясындағы атамекен, туған жер туралы өлеңдерінің қатарында «Усай, Усай!», «Бес тәңірі», «Кер беткейлі..» және басқа лирикаларын жатқызуға болады. Бес тәңіріні:
Қардан шапан жамылып қысы-жазы, басына киген Аппақ мұздан бөрік.

Салқын мінез ызбарлы түсі суық, шекесінен ұялып


күн қараған,
Қиясына бұлт іліп тұман шөгіп, өрмелейтін асқақтық
шыңға қадам, –
деп суреттесе, Усай туралы былай дейді:

Қорымыңда қоңыр аң жусап өріп, асқарында ақ иық


бүркіт ұшып.
Саба толы сары қымыз, астауда еті, иттері де кететін
іркіт ішіп.
Осы жолдардың өзі-ақ оның автордың туған жерге деген шексіз махаббатын танытып тұр.
Ақынның бірсыпыра өлеңдерін қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдердің қатарына қосуға болады. Бұл тұста «Ер Жәнібек бабамның рухына», «Ұмытпаса болды мені елім» немесе «Үмбетей жыраудың соңғы сөзі» (Үмбетей жырауға), «Ақын және ақ тырна» (Мағжанға), «Қола тұлғаң сабырлы ой қадаған» (Мұқағалиға),
«Жүрекпен жылып» (анасы Гауһар Оқайқызына) тәрізді арнаулары еске оралады.
Суреткерлердің ешкім байқай бермейтін көріністерден үлкен ой түйіп, жанды картина жасап жататыны белгілі. Ерболаттың
«Ауада...», «Түнгі вокзал» өлеңдерінен осындай суреткерлік байқалады. Ақынның тіршілікті, махаббатты, сезімді, сағынышты, өкінішті, мезгілді, уақытты ауамен бірлікте қарауы оның суреткерлігінің белгісі. Шын мәнісінде ауа – бар тіршіліктің көзі. Бірақ оған мән бере бермейміз. Ақынның:
Ауада –
Ажал бар, Өмір бар, тумақ бар, иә-иә, өлмек бар. Ауада – Бәрі бар!.. – деп отырғаны шындық.
Ұлтын сүю, халқын құрметтеу елдің бәріне бірдей дәрежеде бұйыра бермейді. Ақынның елді алаңдатқан кез келген мәселеге бейжай қарай алмайтындығын, қырағылығын баса айтқанымыз жөн. Өмірге сын көзбен қарайтын ақынның бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған қоғамға, онда өмір сүріп жатқан адамдар тіршілігіне сынай қарауы заңдылық. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның дерттерін ащына жазған ақындарды кезінде «зар заман» ақындары деп танығанымыз жасырын емес. Сондай сыншыл өлеңдердің қатарында «Ақша», «Замана», «Өмір» өлеңдерін атауға болады. Мұнда ақын бүгінгі таңда ар мен иманның, тақ пен бақтың ақшаға сатылып жатқанына күйінеді:
Ақша, ақша?!
Жаңа туған сәбиін көкек ана,
Бас жүз сомға не үшін саудалайды?!
Ақша, ақша?!
Тақ пен бақты алғандар ақшасына, Қолдан келсе Құдайды сатып алмақ.
Немесе «Адам түгіл ашқарақ қоғамымның, Темірі де телміріп ақша алады», «Тірісінде жарлыға тимеген үй, Мазар болып біреуге бұйырыпты», «Адамзаттың ақылын ақша билеп, Жауып жатыр қанды жас жер бетіне» деген жолдарды оқып отырғанда бүгінгі қоғамдағы замандастарымыздың тіршілігі көз алдымыздан өтіп жатады. Атам қазақ «Ақша қолдың кірі», «Мал бір жұттық» деп дүние жинамайтын, «Малым – арымның садағасы» деп дүниеден арды жоғары қоятын. Сондықтан да ол елдің есін аударып жатқан ақшаны «Қоңыз адам барады боқ итеріп, Сол ақшаның алдында құлға айналған» деп боққа теңесе, екінші өлеңде бүгінгі қоғам тіршілігі жөнінде «Есалаң дүние
жіберді жынды ғып, қатыгез қоғамың сағыңды сындырып» деген тұжырым жасайды.
Сандалған санаң бар алданған балаң бар, бөлінген ұлт мынау, жарылған ұлысың, –
дейтін ақын бүгінгі қу тіршілік біздің осындай қазақи ұлттық болмыс-бітімімізді өзгертіп, өз дегеніне көндіріп жатқанына алаңдап, замандастарына жаһанданудың жайын аузына түсіп кетпей тұрғанда ес жию керектігін ұғындырады. Үлкен әлеуметтік мәселелерді көтеріп, өмір, қоғам жайлы ой түйген бұл өлеңдерді философиялық өлеңдер қатарына қосуға болады.
Ақынның «Түсіме тау кіреді», «Махамбетті сағыну»,
«Сағынарсың», «Сағыныш», «Сары жұрт», «Сағыну» тәрізді өлеңдерін оқып отырғанда Төлеген Айбергеновтің «Сағынышы» еске оралады. Лирикалық кейіпкердің атажұртқа деген сағынышы («Сары жұрт») «Сарала қаз секілді көлді аңсаған, Сағынып сары жұртқа келіп тұрмын» деген жолдарға сыйып тұрса, ақын бауыры Ербол Бейілханға деген сағынышы («Сағыну») «Сағыныштың толқыны жағаны ұрсын шағаладай шарқ ұрып іздегенде» деген жолдардан менмұндалайды. «Сағына білген жанда арман бар ма, жоғалтып алғандар бар Сағынышын», немесе «Өмір деген Ұлы сөз бітеді екен, Сағыныштың ең соңғы нотасында» дейтін автордың Төлеген ақынды көп оқығандығын оның өлеңдерінің мазмұны ғана емес, құрылымы да байқатардай. Оның да өзіндік себептері бар. Себебі, Ерболат та Төлегенмен тағдырлас. Алтайда туып, Қазақстанда өмір сүріп жатқан ақын жырларында сағыныштың басым болуы заңдылық. Оның Алтайда жүрсе – Қазақстанды, мұнда жүрсе – кіндік қаны тамған жерді, Көкшетауда жүрсе – Алматыны, оңтүстік астанада жүргенде Көкшені сағынатыны содан.
Өлең құрылысының түрліше болып келуі – ақын ізденістерінің айғағы. Мәселен, «Сағыну» өлеңінің бірінші тармағы 17-18 буыннан құралса, екінші тармақ 4-5 буын болып келеді. Бұл өлең жолдары Төлеген ақын поэзиясындағы түр ерекшелігінің тәуелсіздік тұсындағы ұлттық поэзиядағы жалғасы ретінде танылары анық. Мұның өзі ұлттық поэзиядағы дәстүр ұласуының белгісі екені жасырын емес.
Қазақ поэзиясында 2 буыннан бастап 3, 6, 8, 13, 15, 17, 18 сынды әртүрлі буын үлгісімен жазатын ақындардың қатарында Төлеген Айбергеновтің есімі кеңінен танымал. Сондықтан да ол қазақ поэзиясына жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа леп алып келген жаңашыл ақын ретінде танылды. Е.Баяттың өлеңдерін оқығанда оның өлең құрылысын түрлендіре қолданатынын 3, 5-6, 7-8 (жыр үлгісі), 11 (қара өлең), 13, 14-15, 16-17 буынмен жазылған өлең жолдарынан көруге негіз бар.
Осындай жетістіктерінің қатарында ақынның образ жасаудағы шеберлігінен бірер мысал келтірген жөн. «Сезімімнің ақ бұлты» өлеңіндегі:
Аспанында Ай жатыр шалқалаған, Ұнайды екен Астана, Арқа маған. Мамық бұлты көшеді күмбезінде, Сүмбіл шашын сүйкімді жел тараған,
Немесе:
Ай арудың құшағы өртеп жатыр, Сезімімнің ақ бұлтын аймалаған, –
деген жолдардағы бейнелі сөздерден көз алдымызға әдемі сурет елестейді. Осы қатарды «Көктем қыз да көлбеңдеп өте шықты, Көрінбеді ай таңдай сырғаң анық», «Күлімдейді күннің де қас- қабағы», Сыбыр-сыбыр үн қатса жапырақтар, Сұлу толқын сүйісіп сылаңдаған», «Көрпесінде көктемнің көсілді ақ таң», «Аман жеткен құсына мұң шағады, Қанатына көктемді байлап алып», «Ақ қайыңдар арудай алқа тақса», «Қардан шапан жамылып қысы- жазы, басына киген аппақ мұздан бөрік» және басқа әдемі теңеулер, кейіптеулер, образды суреттер толықтырады.
Д.Байтұрсынұлының алғашқы жинақтарына енген шығармалары жөнінде сыншы Б.Сарбалаұлы «Ой түзеген оғлан» мақаласында: «Демек, жыр дегеніміз – ең бірінші тазалық, адалдық, яғни ақынның өтірік айтпауы, екіжүзділікке салынбауы. Ақын Қадыр Мырза Әлі әдемі айтқандай, ондай қадамға бару
«жыр көзіне шөп салу», ең қуаныштысы – Дәулетбек кітабы, барша туындылары дерлік осындай жасандылықтан, жалғандықтан ада», – деген болатын [34, 8]. Иә, айтса айтқандай, Дәулетбектің жырларын оқып отырғанда оның кіршіксіз таза көңілін, адам баласына жамандық ойламайтын ақ пейілін тану оңай.
Жинақтың беташары ретінде берілген «Сенің арқаң» өлеңін оқып отырғанда жер басып жүрген пенделердің барлығы дерлік қайдан жаратылғанына, қайдан шыққанына үңіліп, бір сәт Алланың құлы екендіктерін есіне алып, тәубасына таянып, жер басып жүргеніне шүкіршілік жасап, пенделіктерін еске алары даусыз. Ақпараттық-технология заманында құндылықтардың орны ауысып бара жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда жалпыадамдық құндылықтар екінші кезекке шығып, алдыңғы шепке материалдық құндылықтардың орныға бастағанын күн санап көріп жүрміз.
«Кедей бай, бай Құдай болсам» дегенді көздейтін замандастарымызға опасыз дүние-байлық үшін арды аттау, иманнан безу, парыз бен қарыздан аттау үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес. «Мейір қайда, іздедім мекіренген, Тапсам бұлай мұңайып өкінер ме ем!» деп замандастарының бойынан мейір-шапағат іздейтін лирикалық кейіпкердің бойындағы «менмендікті» жұпар иіс иманның жұмсартуы дау туғызбайды. Олай болса, адам бойындағы жаман қасиеттерден құтылу үшін имандылыққа бет бұру қажеттігін түсінген лирикалық кейіпкер замандастарын «Бес уақ намаз, Бақара сүре соңғы аят, Аманат қып Жаратқанның бергені...» деп Алланың ақ жолына шақыруы орынды. Тұмау тигендей дімкәс қоғамға шипа іздеп, байтақ мекеннен мейірім іздеп шарқ ұрған кейіпкердің Құранның қасиетіне бас июі, нәпсісін жеңуі қуантады. Сондықтан да ол:
Дін деген – әзіл-оспақ күлкің емес, Дін деген – жасап алар мүлкің емес.
Дін – сұхбат, дін – диалог, бейбітшілік,
Татулық, ақылдасу, рухы кеңес!, – деген түйін жасайды [34,
82].
Бір шумақта «дін» сөзін төрт рет қайталай қолдану арқылы
оған көңіл бөліп, оның ерекшелігін, қадір-қасиетін түсіндіруге тырысқан. Осы жөнінде философия ғылымдарының докторы Б.Сатершинов: «Дәукең –жаратылыстану саласында білім алып шыққанымен, жүрек қалауымен ақындықты таңдаған, физиканы лирикамен шебер жымдастыра білген ақын. Сондықтан, оның шығармашылығында «қозғалыс», «үдеу», «салмақсыздық», «өз өсінен айналу» тәрізді физикалық ұғымдар метафизикамен ұласып
жатады. Яғни жаратылыстың формуласын Жаратушының хикметімен байланыстыра біледі», – деген болатын [34, 313].
Ақын шығармаларында бүгінгі өзіміз көріп жүрген қоғам шындығы бейнеленуі орынды. Балалық бал дәурені миллиардтар елінде өткен ақынның еліміз егемендік алған соң, алғашқылардың бірі болып атамекенге оралғаны белгілі. Миллион жанның ішінде жалғыздық көріп жабырқаған оның шығармаларынан екі ел мен екі қоғамның тыныс-тіршілігі сезіледі. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сағыныш ақын шығармаларынан мол орын алды.
«Намысым бойға біткен ақыл-күшім, Киелі топырақтан даритындай» дейтін ақынның «Сағындым мөлдір тұманы...» өлеңіндегі Ақшоқы, Құр, Кесік, Аттауы, Бесқарағай, Қонақай, Мақшы тәрізді жайлауларды сағына еске алуы туған жерге деген шынайы махаббаттың көрінісі:
Сағындым бұлағыңды былдырлаған, Қосылған бір жылғаға бір жылғадан. Сәбидің күлкісіндей сыңғырлайтын,
Бұл күнде қайда қалдың бұлбұл заман! [34, 23].
Ат сауырын сипамаса тұра алмайтын қазақтарды қаланың тымырсық тіршілігі қажытып, шаршататыны, дарқан даланы аңсап өкпесі қысылатыны айтпаса да түсінікті. Лирикалық кейіпкердің түтеген ақ боранда «Осындай сәтте ойлайсың жылқы үйірін, Тұманнан шығып шұрқырап тұрса кісінеп...» деп жылқы үйірін іздеуі орынды.
Ақын жырларын оқып отырғанда оның бейнелі тіркестерді көптеп қолданатындығын байқауға болады. Мәселен, «Жүйкемді бырс-тырс болған үтіктеген», «Нәпсіні қылқындырмай жүре берсем, Біріне айналамын мен де өліктің», «Ағаштың басы ауырлық сезіп иілді, Қонған соң қардың – жапырақ болып төсегі»,
«Нәпсім үркек аң секілді», «Ат тізгінін кесем қиып, Нәпсі жаумен пышақтасып», «Жүрегім өксік, жүзім сал, Миымды сүлік сырғандай», «Терімді тесіп тентектер, Етіме қанжар қадайды»,
«Жанар-жанбас тіршілік тұр, Бықсытқандай шаланы», «Шоршиды қайранында қайран қазақ, Ажырап айдынынан балық көлдің...»,
«Мұңы жоқ көңіл – кепкен көл, Сезімі қаңсып суалған», «Беріксің сексеуілдей жарылмайсың», «Толды адамдық ауласы арам шөпке, Шырмауыққа оранған көкөністей...», «Бастағы ойлар бытысты байлауы жоқ, Алқаш қатын шашындай киізденіп...», деген бейнелі
тіркестер ақынның жаңа образдар жасаудағы ізденістерін байқатса, «қала – тұман, мекеме – мұз, үй – ақпан» деген тіркестер эпитетті орынды пайдаланғандығына мысал.
Қазақ поэзиясындағы қалыптасқан дәстүрдің бірі – арнау өлеңдер болса, осы жанрдағы ақын өлеңдері өзіндік бояуымен айшықталады. Оның үлгі тұтатын Рафаэль Ниязбеков, Төреғали Тәшенов, Құл Керім Елемес, Әбдісадық Рахымбайұлы тәрізді ағалары мен Мәлік сынды бауырлары бірінші кезекте бес уақыт Аллаға құлшылығын үзбейтін сексеуілдей беріктігімен, Раббыға құлдығын мақтан ететінімен ерекшеленеді. Ақын арнаулары адамдардың қызметі мен мансабына бағындырылмай, мәңгілік құндылықтарды үлгі-өнеге етуімен ерекшеленеді. Оның «Сенің арқаң», «Сен көрсеткен жолмен», «Кешір, Алла!» тәрізді жырлары
– жер мен көкті ғайыптан жаратушы Аллаға қаратыла айтылған мадақ өлеңдер.
Дәулетбек ақынның «Тәуелсіздікке тағзым» атты өлеңіне Шаба Әденқұлқызы ән жазып айтып жүр. Мұны оның авторының тәуелсіздікке жасаған зор құрметі деп қабылдауға негіз бар.
Атамекенге алғашқылардың бірі болып ат басын тіреген Д.Мәсімханұлы бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, белгілі ақын, талантты тәржімашы ретінде елге танымал. Д.Мәсімханұлының
«Өз аспаным өзімде» атты жыр жинағына белгілі ақын Н.Айтұлы
«Арынды жырдың алкүреңі» деген алғысөз жазыпты. Онда ақын шығармасына: «Ал жүйріктің жүйрігі, ұшқырдың ұшқыры – ақын қиялы. Себебі ақын қиялы үшін қас қағым сәтте кеңістікті көктей өтіп ғарышқа, мұнар шөгіп, мүк басқан уақыттың белінен бір-ақ аттап, ту бағзыдағы өткен күнге барып байырқалау түк те емес», – деген баға берілген [35, 13].
Оның аталған жыр жинағына соңғы жылдары жазған жырлары жинақталған екен. Алайда ақын өлеңдерін оқып отырғанда лирикалық кейіпкердің сонау балалық балдәуренінен бастап, бүгінгі жеткен биігіне дейінгі аралықтағы өсу, толығу жолын көруге негіз бар. Оның «Қойым өріп шығатын...» өлеңі сонау балалық шағын еске түсіреді. Ақынның лирикалық кейіпкерінің Шиліөзекте, Суасу, Бақалықта қой бағып жүргеніне кез боламыз:
Қоңыр таудың қойнауын сірестіріп, Саулық сайын қошақан ілестіріп.
Тал-қайыңға жырымды үлестіріп, Арманыма арымды күнес қылып – Қой бақтым [35, 104].
Әр тармақтың соңындағы «сірестіріп», «ілестіріп»,
«үлестіріп» деген бірыңғай сөйлем мүшелері өзара ұйқасып тұр. Осындай ұйқасқа құрылған өлеңнің әрбір шумағы «Қой бақтым» деген тіркеспен аяқталады. Өлеңге «...Бәрінен де қой бағып, к...н жеген озады» деген халық мақалын эпиграф ретінде алуы тегін емес. Мал шаруашылығын кәсіп еткен атам қазақ қой баққан адамның тұрмыс-тіршілігі жаман болмайтынын әуелден білген. Сондықтан қойшы болуды ұрпағына өнеге етіп, оны атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған. Сол секілді біздің де лирикалық кейіпкеріміз сонау жылдардағы қызықты күндерін сағына еске алуы орынды.
Қайталаудың әдемі үлгісін «Өмірдің өңі – өңкей жыр» шоғырлы өлеңіндегі «Қара өлең немесе менің сырым» өлеңінде
«қара», «Ақ өлең немесе менің арманым» өлеңінің әр жолында
«ақ», «Сары өлең немесе менің сарығым» өлеңінде «сары», «Көк өлең немесе менің рухым» өлеңінде «көк», «Қызыл өлең немесе менің балалық шағым» өлеңінде «қызыл», «Қоңыр өлең немесе менің жаным» өлеңінде «қоңыр», «Күрең өлең немесе менің жырым» өлеңінде «күрең», «Жасыл өлең немесе менің құштарым» өлеңінде «жасыл» сөзінің тармақ сайын, немесе бір тармақта бірнеше рет қайталануы арқылы осы сөздерге көңіл аударған. Шоғырлы өлеңдегі қара, ақ, сары, көк, қызыл, қоңыр, күрең, жасыл түстердің өздеріне тән астарлы ойлары мен бірге халық ұғымына сіңіп қалған таным-түсінігі де бар. Мәселен, қара сөзі негізінен халық, орман, қазақ, қос, нар, өлең, нан, тау, жер тәрізді сөздермен тіркесіп келгенде үлкен қасиеттің эпитеті ретінде берілсе, ақ сөзіне қатысты шаттық, той-думан еске оралады. Сол сияқты сары сөзі сағыныштың белгісі болса, жасыл жастықтың символындай әсер беретіні белгілі. Алайда, ақынның «қызыл» сөзін қызыл империямен байланыстыруы халық ұғымындағы қызыл түсті танытпайды. Қызыл түске малынған қызыл империяның қызыл ұраны да, қызыл туы да қан түсімен түстес келуі оның халықтың қанын судай ағызғанымен ұштастырылған. Осыған қарап отырып,
ақынның әр түске қатысты айтары арыда жатқанын аңғаруға болады. Оны мына жолдар растайды:
Қоңыр дүние.
Төсінде қоңыр даланың
Арқалап келем қоп-қоңыр қомын бабаның. Қоңыр төбелдеу бақытым болғаныменен,
Қоңыр қыстаудың көңіндей сорым да қалың [35, 114].
Осы шумақтағы «қоңыр» сөздеріне қарап отырып, қоңыр сөзінің қоңырқай ғана тірлікті танытатынын байқасақ, ал ақынның өз сорын қыстаудың неше қатпар көңіне теңеуі жайлау мен қыстаудың жайын жақсы білетін қазақтың ұғымына жақын сөзбен бейнелеуі – қазақтың әр сөзінің орайын таба қолдану арқылы жаңа тіркес, жаңа образ жасауға болатындығының мысалы.
Ақын өлеңдерінен ұйқастың әр алуан түрін келтіруге болады. Мәселен, «Мен – қазақпын» өлеңіндегі жеті шумақтың
«Мен – қазақпын» деп басталуынан лирикалық кейіпкердің қазақтың тәуелсіздігін, азаттығын мақтан етіп күллі әлемге жар салғанынан байқасақ, «Таңданыс» өлеңінің айтары басқа. Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін сыртта жүрген бауырларымыздың
«Отаныма туды ғой деп азат күн» («Қазақстаным, қайдасың?») деп, атамекеніне жеткенше асық болғаны бәрімізге белгілі. Ақынның лирикалық кейіпкері – жігіт болып атқа мінген шағында атамекен қайдасың деп Отанына оралғандардың бірі. Алайда кейіпкеріміздің ғұмыр бойы көкірегіне шер шемен болып қатқан арманы орындалғаннан кейінгі күйі адам жанын жабырқатары жасырын емес. Ақын сол бір жүдеу көңіл күйін «Таңданыс» өлеңіндегі «кім білген?» деген сауалмен аяқталған әрбір тармаққа сыйғызған:
Оралғанда Отанға –
«Оралман» деп бөлетінін кім білген?
«Өгей бала» көретінін кім білген? [35, 103].
Алайда ақын жырларының бәрінде мұң-шер орын алмауы қуантады. Ол бірде Махабетше «Мен, мен едім, мен едім, Алтынның буы – ем едім» деп дүр сілкініп шыға келеді де, 7-8 буынды жыр үлгісімен төпеп-төпеп жібереді. Ақынның «Қытай қорғаны» өлеңін оқып отырғанда көк түріктің өр ұландарының өткен тарихынан біраз мағлұмат алуға негіз бар. «Ол дәуірде ат пен шерік санынан, Ешкім озып көрген емес Түріктен» деген
жолдар пырақ мінген көк түріктің ат тұяғы жеткен Бағдат, Қытай, Иран, Үрім, Дон, Үндістан тәрізді жерлерді қол астына бағындырғанынан хабар берсе, «Миллиардқа мақтан болған бұл қорған – Көк түріктің ерлігінің белгісі» екеніне куә боламыз. Бүгінде қорғанымен әлемге танылған елдің сол қорғанды көк түріктен қорғану үшін салғанын ақын тарихи деректер арқылы әдемі суреттеген.
Өлең жолдарынан оның авторының қолтаңбасын тануға болады. Сол сияқты қазақ баласының Жаратқан иесіне деген наным-сенімі мен түсінік-пайымы да өлең жолдарынан орын алуы құптарлық. Мәселен, қазақ халқы құрғақшылық жылдары тасаттық жасап, Алладан жауын-шашын сұрайтыны, Хақ Тағаланың өзіне имандай сенген пенделерінің сұрағанын беретіні белгілі. Осындай оқиға «Ауыл. Шілде. Тасаттық» өлеңіне негіз болған. «Тораңғы. Жыңғыл тарбиып, Қақтана жатып қалғыды», «Жалындап, жанып тау-тандыр, Қаңырап қалды өзенің», «Қыртысы жердің қақырап, Балқып бір жатты тастар да» деген жолдар сар даланы қуырып бара жатқан құрғақшылықты көз алдымызға елестетеді. Алла Тағалаға қаратыла айтылған мадақ жырлары мен «Жаратқан ием, жаздым хат» деген екі хаттан тұратын шер-толғауында зар еңіреп, Хақ Тағаладан медет сұраған ақынның «Азаттықпен азаймады азабым, Кеше де өгей, бүгін де өгей қазағың» деген жолдарындағы өз елінде, өз жерінде отырған қазақтардың кірмелердің тасасында қалып өгей баланың күйін кешуі жасырын емес. «Азаттықпен азаймайды азабым, Кеше де өгей, бүгін де өгей қазағың» деген жолдардан күллі қазақ баласының бүгінгі хал-жағдайы менмұндалайды. «Егесіз иттей құным жоқ» деп күйінген лирикалық кейіпкердің қасқырға қойын қаратқандай күй кешуі өкінішті. Ал барлық мадақтың бір Аллаға қаратыла айты- латындығын «Мадақ жыры», «Құранға» ғана құлақ түр...» тәрізді өлеңдерінен көруге болады.
Кез келген қаламгер өзі өмір сүрген қоғамның шындығын қағаз бетіне түсіріп, оның жанды картинасын жасайды. Сондықтан да оларды өзі өмір сүрген қоғамннан бөлек алып қарауға болмайды. Ел өмірінен үлкен орын алатын тарихи оқиғалар ақын- жазушылардың шығармаларына арқау болып жатса, соңғы ширек ғасырдағы ел өміріндегі айтулы оқиғалардың қазіргі поэзиядан орын алуы да құптарлық. Суретшілер майлы бояумен сурет салса,
ақын-жазушылар қаламмен сурет салатыны белгілі. Сондай елді алаңдатқан аты шулы оқиғаның бірі – Жаңаөзен оқиғасы. «Поэзия
– жауынгер жанр» деп жатамыз, оның себебі – не жағдай болғанда да алдымен ақындардың үн қосатындығы. Оны Д.Мәсімханұлының «Жаңаөзен» өлеңі растайды. Бұл оқиға Қазақстандықтарды ғана емес, күллі әлемді алаңдатқаны белгілі. Жазықсыз жандардың қаны судай аққанын, сұрақсыз-жауапсыз тар қапасқа тоғытылғанын, бейкүнә жандардың мойнына жасамаған қылмыстардың ілінгенін көрген ақын жүректің аһ ұруы да содан. «Махамбеттің намысы боп оянған» Жаңаөзендіктердің мұңын мұңдап, олардың өр рухын қолдаған ақынның жалаң қол жауға шапқан боздақтардың қынадай қырылғанына күйініп аһ ұрды:
Қара тұман торламай-ақ көгімді, Қайғы жұттым, қабырғам да сөгілді. Оғландарым бауырына оқ атты,
Боздақтардың қаны судай төгілді [35, 34]
Біз өмір сүріп отырған қоғамның күнгейімен бірге көлеңке жақтарының ақын жырларына арқау болғаны қуантады. Бүгінгі қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі «Біздің хал», «Нан», «Біздің қоғам», «Құзғындар құрылтайы» тәрізді өлеңдерге арқау болған. Қазіргі таңда «Мұнай аққан, астық тұнған өлкенің Адамына нан қайғы!» екені жасырын емес. ХХІ ғасырда адам баласының пиғылы бұзыла бастауы, «азаттықтың» ауызда ған айтылып, күніміздің үрейге толы болуы, қорқаулардың күн санап көбеюі, жарлыға жаны, бай-манапқа пұлы қайғы болуы, заң қызметкерлерінің заңды бұзуы, тоғышарлық пен жемқорлықтың мемлекеттік дәрежеге көтерілуі, жетім-жесірлердің баспанасыз өз елінде босып жүруі – бәрі де қоғам өмірінен алынған өмір шындығының шынайы көрінісі. Осындай қоғамда безбүйрек болып кеткен жандарды қасапшының жалғыз ұлын базарда сойып сатып жатыр десе де шошытпайтындығы қорқынышты. Ақын қоғамдағы осындай келеңсіздіктерді тілге тиек ету арқылы біздің сан ғасырлар аңсаған азаттығымыз кім үшін, не үшін керек деген заңды сауал тастайды. Ал, «Азатпыз. Ел қабағы жайдарырақ... Тіл жатыр есеңгіреп, сайда құлап» деген жолдар бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілдің хал-жағдайынан хабар берер көркем деталь.
Мемлекеттік тілдің қатынас тілінің тасасында қалып, өз мәртебесіне ие бола алмай жатқаны жасырын емес.
Ақынның біраз өлеңдеріне ән жазылып, белгілі әншілердің орындауымен көпшілік тыңдарманға ұсынылып жүр. Олардың қатарында көпшілікке танымал «Ауыл кеші көңілді», «Арайлым»,
«Теңізде», «Кел, Жаңа жыл», «Наурызым – мерекем», «Тау кешінде», «Ән сал, жаным», «Елігім-еркем», «Бал бөбек», «Ақ жеңешем», «Сағым бақыт», «Мұзбалақ», «Жайлауым – әнім», «Ақ құсым», «Жиырма бес», «Махаббатың тұмары», «Тау бұлттары»,
«Азамат жыры», «Аймен бірге аяңдап» тәрізді ән-өлеңдерін атауға негіз бар.
Сонымен бірге ол Бернард Лоррейн, Ли Бай, Ай Чиң, Юй Гуаңчжұң, Чжау Лихуа, Чын Дұңдұң, Гу Чың тәрізді ақындардың жырларын қазақша сөйлету арқылы ұлттық әдебиетті әлем әдебиетінің жыр жауһарларымен байытты.
Осы қатарды толықтыратын ақынның бірі – Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Қалибекұлы. Оның
«Үш тоғыс» [36] атты жинағына соңғы жылдарда жазған өлеңдері, толғаулары мен дастандары жинақталған екен. Ол Баянауыл ауданының 180, Астана қаласының 10, Қасым Аманжоловтың 100, Сәкен Иманасовтың 75, Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдығына арналған жыр мүшәйраларының жүлдегері, «Қазақ әдебиеті» газетінің 70 жылдығына арналған мүшәйраның лауреаты атанды.
Ақын жарларынан да негізгі орын алатын – туған жер, атамекен туралы өлеңдер. «Атамекен, қасиетіңнен айналдым»,
«Туған жерді сағыну», «Құлпытас» өлеңдерін оқып отырғанда шекараның екі бетінде тұрып жатқан қазақ бауырларымыздың мұң-шері аңғарылады. Домбыраның қос шегіндей тартылған бұл екі тақырыпты бірінсіз бірін сөз ету мүмкін емес. Оның бірі – кіндік қаны тамған туған жер болса, екіншісі – ата-баба қонысы атамекен. «Туған жерді сағынудың көкесін, шетте қалған атам маған үйретті» дейтін лирикалық кейіпкер – Қазақстаннан сырт жерден тұрып жатқандардың жиынтық бейнесі. Сыртта жүргендіктен де оларда туған жерге, атамекенге деген сағыныш басым. Киелі жерге кіндігінен байланған лирикалық кейіпкердің туған жерін Жерұйыққа балауы дау туғызбайды. Кімге де болса, туған жерден ыстық жер жоқ. Сондықтан да ескен желден елге сәлем жолдап, «қайтқан құстың қанатына жармасып» өскен жерге
жетпек болған қарияның сүйегі жат жерде жатқанмен, оның басына Атажұрттың бір тасы бұйырса деп Алматыдан апарып қойылған бұжыр тас туған жерге деген сарғайған сағыныш пен шексіз құштарлықтың символындай бейнеленген. Тамыры жоқ болғанымен тағдыры бар көк тасты «Көтөбеден көшіп келген серек тас, Үндідегі Тәж-махалдан мың артық» деп бейнелеуі туған жердің түйір тасы Перғауынның пирамидасынан, жаһандағы жеті кереметтен артық бағалануы оның құндылығын айғақтайды. Бұл – ғұмыр бойы туған жерге жете алмай, арманда кеткен жанды
«Атажұртқа жетіп өлді!» десін деген ойдың көрінісі. Лирикалық кейіпкер туған жердің бір уыс топырағына зар болған әке рухына
«Атамекен топырағы деп осы тас, Атамекен шың-құзы деп білгейсің» деп тағзым жасайды. Лирикалық кейіпкердің ұғымындағы Отан – баға жетпес құнды ұғым. Ол үшін оттаннан артық ешқандай байлық та, бақыт та жоқ. Сондықтан да ол Отан үшін от кешуге, әз басын өр өлімге тігуге даяр:
Отаным менің, құрыштай мығым сомдайды, Отаннан кетсем, мен үшін, әне, сол қайғы. Отанын қорғау – азамат үшін абырой, Отанын сатқан оңбайды! [36, 67].
Қазақ поэзиясындағы арнау өлеңдердің қатарына қосылатын Хан Кенеге («Қайран бабам ер еді»), Есен қарияға («Етікші Есен»), О.Бөкеевке («Мұзтаудың мұзбалағы оралмады»), С.Мұратбековке («Қайырлады жағада қара сөздің қайығы»), Ж.Самитұлына («Жақаң тауы»), Ғ.Жайлыбайға («Қоңыр»), Даму Долдаға («Сағыныш») арнаған өлеңдерін ерекше атаған ләзім. Осылардың ішінде «Қайран бабам ер еді» өлеңінің айтары арыда. Хан Кененің рухымен сырласқан ақынның «бассыз қалған қырғызға, бассыз қалған орысқа, басың керек болған ғой» дегенінен орыс пен қырғыздың қазақ батырына жасаған опасыздығы мен мұндаласа, Көкжал Барақтың басы мен Шыңқожа батырдың бір саусағы қан майданда – ұрыс даласында қалғандығы қазақ батырларына жасалған қиянат емес, мұсылман баласына (ислам дініне) жасалған қасірет еді. Ислам дінінде өмірден өткен жандарды арулап жөнелту деген салт атадан-балаға мирас болып жеткен.
Әкем басы Балқанда, апам басы Қалқада, інім басы Қытайда,
ағам басы Арқада [36, 11], –
деген өлең жолдарынан бір отбасы мүшелерінің әр жақта жатқанын байқаймыз. Сол замандардың ел, халық тарихынан алатын орны байқалады. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткен тарихын саралай келіп ақын «Басын кесіп алса да, рухын жоя алмады» деген тұжырым жасайды. Мұның өзі – жауынгер, батыр халықтың өршіл рухын ешкімнің жоя алмағандығының көрінісі.
Ал, «Етікші Есен» өлеңінің этнографиялық бояуы қалың. Мұнда етікші Есеннің өмірінен хабар берген ақын осы өнердің бүгінгі таңда ұмыт болып бара жатқанын тілге тиек ете отырып, қарапайым етікшінің ағаштан түйін түйген ұста, қасқыр терісінен ішік киген кәнігі аңшы екенін айта келіп, жеті өнерді бойына жинақтаған қариялардың ескінің сарқытындай жоғалып бара жатқандығына алаң. Бір қарағанда, ауылдағы қарапайым ғана етікші шалдың өмірі тәрізді көрінгенмен, сол қариялармен бірге ұлттық өнеріміз бен кәсібіміздің жоғалып бара жатқаны жасырын емес.
Арнаулардың бірсыпырасына әр дәуір ақындарына қаратыла айтылған ой-толғамдар жинақталған. О.Бөкеевке арналған
«Мұзтаудың мұзбалағы оралмады» өлеңінде ақынның болмыс- бітімімен бірге оның шығармалары да тілге тиек болады. «Қайда жүр құлдырыңдап «Қасқа құлын», жеміне айналды ма аш тағының» деген жолдардан «Қайдасың, қасқа құлыным» шығармасы еске оралса, «шекеден қарайтұғын қайран көкем»,
«қасқайып тұрғаны да ерек еді» деген бейнелі тіркестер оның болмыс-бітімін көз алдымызға елестетеді. Арнау өлеңдердің ішінде бір тармаққа көп мағына сыйғызу басым. Мәселен
«Қайырлады жағада қарасөздің қайығы» деген жолдар прозаның шебері С.Мұратбеков қаламының тоқтағанынан хабар берсе, үндемей жүріп көп іс тындырған Ж.Самитұлына берілген «Атағы жоқ, даңқы бар, «Жақа» дейтін бір таусың!» деген жоғары баға олардың бейнесін толықтырып тұр. Ал, «Қоңыр» өлеңінде Арқаға сыймай, ұлы дала төсіндегі Сарыарқадан келіп, Алматыдан тұрақ тапқан ақын Ғ.Жайлыбайға «Нағыз ақын ақпан туар, бәлкім, Мұқағали туған күн туылыпсың», – дей отырып, оның табиғи болмысы мен ақындығына мынадай баға береді: «Қыздан зият мінезі, қылдан нәзік, Қоңыр өлең жазатын қоңыр қазақ!» [36, 44]. Үрімжідегі ақын інісі Даму Долдаға арналған «Сағыныш»
өлеңінде Алтай мен Сауыр тауына деген сағыныш басым. «Туған жерді сағынғанда егілем, Сен де бекер өзіңді-өзің алдайсың!» деген жолдар лирикалық кейіпкердің туған жерге деген сағынышымен бірге ақын ініге деген алаңдаушылығының белгісіндей.
Ақын жырларынан үлкен орын алатын келесі топтағы жырлар – махаббат лирикасы. Кез келген ақын жырларынан үлкен орын алатын бұл тақырып Ғ.Қалибекұлының да жан сырынан хабар береді. «Қызыл алма» піскен алма секілді сұлу бойжеткеннің өмірінен хабар берсе, «Жұмбақ қыз» өлеңінде төгілген қара бұрымы тірсегіне соғылған Қатиманың арыстай азаматқа күйеуге шықпай, кемпірі өлген шалға тиіп кеткеніне тап боламыз. «Сырға қалған беткейде сыр қалады», «Сүйесің бе? – деп сұрама»,
«Шыңға біткен шынарымсың» – лирикалық кейіпкердің махаббатынан сыр шертіп тұрған сыршыл өлеңдер.
Шағын лирикалық өлеңдерімен бірге «Көшкен елдің көз жасы», «Бұлбұл», «Шекара», «Апа», «Ата», «Күнделіктегі көлеңке», «Мұқағалимен мұңдасу» тәрізді толғаулар мен дастандар жазды. «Көшкен елдің көз жасы» толғауына ХХ ғасыр басындағы туған жерден үдере көшкен қалың елдің қайғылы қасіреті «Қыранның қос топшысы қайырылды, қылыштың өткір жүзі майырылды. Уыздай ұйыған ел бір-ақ күнде, жерұйық – Атажұрттан айырылды» деп бейнеленген. Қазақ халқын қыран мен қылышқа теңеген ақын олардың қайырылуы мен майырылуы арқылы халық басына түскен қасіретті күнге жан бітірген. Ұлттық ойлау жөнінде М.Дүйсенов: «Бірдеңені әсерлі түрде ұғындырғысы, суреттей айтқысы келсе, әр халық өзінің күнделікті өмірінде көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген үйреншікті құбылыстарға байланысты айтады да, оның өзі сол халыққа соншалықты түсінікті, соншалықты ыстық та көрінеді. Әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік психикалық пішінінің бір қыры осы ұлттық ойлау ерекшеліктеріне байланысты», – деген болатын [21, 441]. Осы пікірге сүйенетін болсақ, қыран да, қылыш та қазақ халқының күнделікті өмір тіршілігінде көріп, ұстанып жүрген жандарына жақын заттар. Бұл тұрғыда ақын қазақты көк тәңірісі қыран мен қару-жарақтың жарамдысы қылышқа балап отырғаны рас. Туған жерден жоқтау айтып, үріккен аң секілді аш-жалаңаш көшкен елдің арттарында қалған қора-қора мал, жиналмаған
дастархан олардың мүшкіл халдерінен толыққанды ақпарат беріп тұр. «Қырылдың, қаның ақты бұлақ болып, Жауыңды қызыл қолмен қыра алмадың» деген жолдар елі мен жері үші жау жағасынан алған қазақтың жалаң қолмен оққа төтеп бере алмағанын байқатса, «Түбі бір түріктерге разымын, бордай тозған қазаққа пана болған» деген жолдар Гималай, Тибет, Кашмир асқан қазақтарды түркі халқы бауырына басып, оларға қоныс бергенін көрсетеді. Толғауда ХХ ғасыр басында тоз-тозы шыққан қазақтың сол ғасырдың соңында, еліміз егемендік алған соң, Атамекенге ат басын тіреуімен, қауымымен қауышуымен аяқталады. Бұл – сол бір қиын кезеңдерді басынан өткерген, атажұрттан шерменде күйде айырылған бауырларымыздың сан жылдар бойғы қасіретіне жан бітірген толғау. Атамекеннің қадір-қасиетін тарыдай шашылып сыртта жүрген қазақтардың терең түсенетіні осы толғауда ашық көрінген. «Шекара» толғауына Алтайды мекендеген қазақ ауылы шекара бөлінгенде екі жаққа бөлініп қалғаны, бір атадан туған бауырлардың арасын шекара сызығы бөліп тастағаны жөнінде болса, «Апа» мен «Ата» – ақынның ата- анасына сөзден соғылған ескерткіші. Мұнда лирикалық кейіпкердің жүрегіне сызат түсірген жат елдің содырлы саясаты мен соңдарынан қалмаған қуғын-сүргін зардабынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға тап боламыз. Мұсылман халқында өмірден өткен жанды соңғы сапарға жөн-жоралғыларымен арулап шығарып салу дәстүрі қалыптасқан. Ал, анасын соңғы сапарға солай шығарып сала алмаған жанның жүрек жарасын түсінуге болады. Сондықтан да «Қуанышқа құндақтаймын өзімді, Өзгені де қуанышқа бөлеймін» [36, 102] дейтін ақын жер жүзінің жетімегін есіркеуге даяр. Ал, атасы туралы «Сәуегейлік ақылың мұхиттайын», «Темірқазық жұлдызы екеніңді, Күйкі басым кезінде сезе алдым ба?» деген тіркестер оның болмыс-бітімін танытуға қызмет етсе, «Нағыз ұлтшыл» элемент» деген сөз Қытай халық республикасындағы Мәдени төңкерістен хабар беріп тұр. Анасымен, атасымен сырласқан лирикалық кейіпкердің өмір туралы толғаныстары олар өмір сүрген уақыт пен бүгінгі заман арасындағы алшақтықты танытып тұр.
Ақынның жекелеген композиторлардың әнімен айтылатын
«Қазағым – елім» (Еркін Ергенұлы), «Оспан батырдың өсиеті» (Еркін Ергенұлы), «Боздала» (Дүйсентай Құсыманұлы),
«Анашым» (Сейфуллин Жолбарыс), «Армысың, достар» (Сайламқан Мұстақиұлы), «Ағады Ертіс қамығып» (Жарылқасын Дәулет) тәрізді ән-өлеңдері көпшілік тыңдарманға таныс.
Б.Жылқыбекұлы –балалар поэзиясының өкілі. Ол қазақ поэзиясына «Жалғыз төбе» [38] атты жыр жинағымен бірге
«Айжарық», «Қос құлыншақ», «Ай анаға сәлем» тәрізді балаларға арналған поэзиялық топтамаларын, «Қазақ өлеңінің дәстүр жалғастығы» атты көмекші оқу құралын ұсынды.
Ақынның сыршыл сезімге құрылған лирикалық өлеңдерінен қияны бетке алып («Қия бетте»), жалғыз төбеге жайғасқан («Жалғыз төбе»), зымыраған уақыт керуенінде («Уақыт-ай») әр қадамын аңдап басып келе жатқан («Аяңдау») лирикалық кейіпкердің өмір жолы менмұндалайды.
Жаным менің жалғыз төбе – аласа... Қыңқ етпедім қыс төбеті таласа.
Көктемнің гүл қанатымен қабырғам, Жыбырлап тұр мейрам күнгі қалаша [38, 9], –
деген жолдар лирикалық кейіпкердің қоңырқай тіршілігінің жанды картинасы. Тағдыр тауқыметін тартқан жанның қыс төбеті деп отырғаны образды бейне. Сол сияқты бойындағы қуанышты мейрам күнгі қарбалас тірішілікке балауы да оның образды сурет жасауадағы ізденістерінің көрінісі.
Балаларға арналған өлеңдерінің ішінде төрт түлік малға қатысты, табиғат құбылыстары жөніндегі өлеңдерді, санамақтарды, жұмбақтарды кездестіруге болады. «Сандар сыры» өлеңіндегі:
Санның басы – бір, Көз алдымда тұр. Егіз сан – екі,
Бірден басым оның десі. Үшем сан – үш,
Үшеу қосылса, зор күш. Төре сан – төрт,
Төрт бар жерде жоқ дерт... [39, 34], – деген тармақтар қазақ әдебиетіндегі балаларға арналған санамақтардың заңды жалғасы ретінде танылады. Бірден онға дейін балаларды санатудың жолын осындай үлгімен беру балалардың танымын кеңейтіп, олардың поэзияға деген құмарлығын арттыруға қызмет
етеді. Болашақ ұрпақты адалдыққа, тазалыққа тәрбиелеу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу барша адамзаттың міндеті болса, балалар ақынынынң осы жолда көтерер жүгі көп. Оған ақынның «Қарағай» өлеңін мысалға келтіруге болады:
Көкке ұмтылып қарағай, Түрленіп тұр баладай.
Егер түзу өспесе ол, Ешнәрсеге жарамай, Ошаққа отын болады,
Сынып қалған шаладай [36, 18], – деген жолдар балаларға үлкен ой салады. Олар да осы қарағай тәрізді болып қалмас үшін өмірден өз орнын табуға ұмтылады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен міндеттер атқаратын жұмбақтарды балалардың ой-танымын кеңейтіп, олардың зейінін арттырады. Балалардың қиялын арттыруға көмегі тиетін жұмбақтардың үлгісін ауыз әдебиетінен бастап, әдебиеттің әр дәуірінен келтіруге болады. Санамақ пен жұмбақтарды әсіресе балалар ақындарынан молынан кездестіреміз. Б.Жылқыбекұлының да бұл жанрда біраз еңбек еткеніне оның жұмбақтары мысал.
Қазіргі қазақ поэзиясына үлес қосып жүрген ақынның бірі – Иманғазы Нұрахметұлы. Ақын шағын лирикалармен бірге кең құлашты эпикалық поэмалар жазып жүр, сонымен бірге, ол ұлттық әдебиеттану ғылымына «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке дейін», «Көне мәдениеттің жазба ескерткіштері» тәрізді зерттеу еңбектерін қосты. Оның «Топыраққа түскен сәулелер» атты жыр жинағына К.Салықов «Жұлдызы биік ақын» деген алғысөз жазған екен. Алғысөзде ақынның шығармашылығына: «Бірде қанаты қатып, шалғысы жетілген қырандай биікке самғап, тереңге кетсе, бірде әрі желісті, әрі шабысты, әрі әсем аяңшыл аттай сан түрлі өлең формаларымен құбыла жөнеледі, жүрісінің жүйесін тапқан жорғадай мүдіріссіз, кідіріссіз тайпалады», – деген баға берілген екен [40].
Ақынның «Топыраққа түскен сәулелер» атты жыр жинағына соңғы жиырма-жиырма бес жыл көлемінде жазылған туындылары топтастырылған. Шағын лирикаларды мазмұны мен түріне қарай топтап қарағанда, бірінші көзге түскені – туған жерге, Отанға деген шексіз махаббат. «Ермен көрсем Тәңірімдей, Тағзым етем
тік тұрып» («Киелі шөп»), «Топырағы-ай жұртымның көң сасыған, Ізін көрем бабамның әр тасынан» («Туған жер»),
«Анадан қалған махаббат» – Отан-ана, туғар жер туралы өлеңдерінің жиынтығы іспеттес. Ақын елге, жерге деген махаббаттың ана сүтімен берілетіндігі жөнінде мынадай тұжырым жасайды:
Мына бізге жүкті болған кезінде, Топыраққа жерік бопты анамыз. Жерік асын тоя жеген анадан,
Топыраққа ғашық ұрпақ тараған [40, 45].
Екінші бер ерекшелік – табиғат құбылыстары мен мезгіл суреттері туралы өлеңдерде адам мен табиғаттың бірлікте жырлануы. «Қар» өлеңіндегі ұлпа қарға деген сезім күйлері ерекше. Салмағы жоқ. Жеп-жеңіл ұлпа қарлардың қайдан келіп жатқанына таңданған лирикалық кейіпкер «Періштелер кеудесі бар, басы жоқ, Әкелді ме қанатына қондырып» деп оларға жан бітіре жырлайды, адам сияқты сырласады. Кейіптеудің осындай үлгісін бірнеше өлеңнен келтіруге болады. «Сырдың суы аққан баяу шымырлап, Толқындарын әкеткендей жын ұрлап. Қалқақ қағып бара жатыр бұлдырап, Ұлы айдында мың сан бояу, мың ырғақ» («Сыр жағасында»), немесе «Бұйра қарын мама бұлттың үрпінен, Қанша тамшы таңдайыңа тамды екен» («О, Қара жер»),
«Болымсыз ғана дірілің, Деп тұрғандай тірімін» («Тамшы»),
«Жапырақтар қалтылдайды дәрменсіз, Бұтақтардың саусағының ұшында» («Күз»), «жел тербеген түннің қара шашының, Әр талынан мұңлы, сырлы күй ұғам» («Түн»), «Бұлттар қашып, арқасынан аспанның, Самал тербеп, дала шөбін жас, балғын» (Жаз кеші») деген жолдар ақынның жансызға жан бітірудегі шеберлігіне мысал бола алады.
Келесі ерекшелік – ұқсас заттардың қасиеттері арқылы философиялық ой түю. Мәселен, «Жел» өлеңінде табиғат құбылысы туралы айта отырып, екі аяқты пенделер арасындағы сыпсың сөздердің желдей гулеп сала беретініне көңіл аудару арқылы жел мен жел сөздің арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты түсінеміз. «Тастар» деген өлеңінде тастармен сырласқан лирикалық кейіпкер сан ғасырдың ізі қалған тастарға қарап отырып, тастар мен жүрегі арасындағы ұқсастыққа көңіл аударады. Адам жүрегінің тастай болып қатып қалуы, оған да
тағдыр тауқыметінің сызаттарын салуы – бір қарағанда құптарлық дүние.
«Жұлдыздар», «Ай», «Нажағай», «Үркер – менің жұлдызым» тәрізді аспан денелеріне арналған өлеңдердің де айтары әр қалай. Ақын Айды аспанның төбедегі серісіне, жұлдызды көктегі бикешке, нажағайды тілінен от бүріккен періге балап олармен сырласады, оларға екі аяқты пенделердің пендешілігін айтып мұңын шағады. Бүгінгі егемендігіміздің қадір-қасиетін түсінетін ақынның «Аққан суға ғашықпын, көшкен бұлтқа, Ғашықпын мен өйткені бостандыққа» деуі де содан.
И.Нұрахметұлы шағын оқиғаға құрылған «Үкінің көз жасы»,
«Үш күшігімен қолға түскен көкжал», «Ертіс жағасында»,
«Кесіртке», «Түйе тайған қияда», «Айыр сақал ақын туралы қауесет» тәрізді балладаларымен бірге «Құстың сүті», «Есалаңның есебі», «Заманақырдан кейін», «Алтай» атты поэмалар жазды. Оның поэмалары түрі жағынан лирикалық поэмалар қатарына жатады. Алайда, ақын поэмаларының бірі аңыз-әңгімелерге, енді бірі қиял-ғажайыпқа құрылған. Мәселен, «Құстың сүті» поэмасында киікті аңдып жатқан аңшыны бүркіт алып кететін ертегіні тыңдап жатқан кейіпкердің қиял әлемімен түсінде ертегілер еліне барып қайтқанына куә боламыз. Мұнда кейіпкер түсін жору арқылы оның болашағын болжау бар. Түсті «Сен түс емес, «сәуле» көрген екенсің» деп жору – кейіпкердің болашақ өмірінен хабар берер көркем деталь. Ал, «Есалаңның есебі» – өзіміз өмір сүрген қоғам шындығынан сыр шертетін поэма. Ел ішінде жүрген есалаң жігіттің өміріне лирикалық шегініс жасаған ақын әкесінің «халық жауы» ретінде атылып кеткенін, «әкесінің қанын ішкен антұрған, Шешесіне сөз салыпты бір күні» деп, шешесінің жауына арын таптатпай оны ала жығылғанынан хабардар етеді. Сырт көзге есалаң болып көрінген жанның тегі мықты екенін «Жасып жүрген тәлкегімен тағдырдың, Тұқымы ғой бір қара көк – тектінің» деген абыз қарттың сөзі растайды. Қазақ елі егемендік алған кезде әлгі жігіт ерекше шабыттанып, атамекенге ат басын бұруды көздейді. Әкесінің сүйегін елге ала кетпек болған кезде түсіне аян беріп, үш кісінің бір жерде жатқанын айтады. Жігіт әкесінің сүйегін қалай танимын деп тұрғанда оның ойына қанның кемікке сіңетіні есіне түседі. Осылайша үш мәйіттің ішінен әкесінің сүйегін қан арқылы тауып
алады. Поэмада сыртта жүрген бауырларымыздың тағдыр тәлкегіне ұшырауы, олардың қазақтың тәуелсіздігін қуана қарсы алуы менмұндалайды. Ал «Заманақырдан кейін» поэмасының айтпағы арыда. «Өсімдіктер мен жануарлардың әрбір тұқымы көздің қарашығындай қорғалсын, олардың бірде-бірінің тұқымы құритын болса, экологиялық тепе-теңдік бұзылады», – деген радиодағы хабарламаға ерекше көңіл аударған автор сол қоғамдағы адамзат баласының тыныс-тіршілігінен хабардар етеді. Біз өмір сүріп отырған қоғамда адамнан гөрі материалдық құндылықтардың жоғары бағаланатыны арқылы екі аяқты пенделердің өсімдік, жан-жануар құрлы болмағанына күйінесің.
Біздің бұл жыртқыш ғасырда, Кім ұғар арды, намысты.
Топырағын, жердің тасын да,
Түк қоймай қылғып тауысты [40, 173].
Елі мен жерін сүйетін, тауы мен тасын баға жетпес құндылыққа бағалайтын, Отанын шынайы сүйетін патриоттардың қазіргі тірлігі поэмадағы Делқұл бақсының сарынындай сөз жүзінде қалып бара жатуы біз өмір сүріп отырған қоғамның ащы шындығы екені жасырын емес. Ақын заманақыр заманда өмір сүріп жатқан замандастарының мұң-шерін Делқұл бақсының бойына жинақтап, өз қоғамынан орын таппаған екі аяқты пенделердің есалаң күйін шынайы суреттеді.
Ал, «Алтай» поэмасы – арғы-бергі тарихымыздан сыр шертетін туынды. Қазақ «Еркек тоқты құрбандық» дегенді ел басына күн туған қиямет-қайым заманда, елі үшін басын ер өлімге тіккен боздақтарына қарата айтқаны осы туындыда таратыла суреттелген. Аталған поэмаларға жетпей жатқан бір мәселе – оқиғаның шынайылығын аша түсетін эпизодтардың жетіспеуі, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер бейнесінің толық ашылмай қалуы деп айтуға негіз бар.
О, туған жер, сенде бардың бәрі маған бағалы, Болса-дағы мал жемейтін боз қурайдың сабағы. Ниеті жат, бөгде біреу жұлса бір тал шөбіңді, Сүйек қақсап, төбе құйқам шымырлайды,
шағады [40, 89], – деп жырлаған ақын жырларын қорытындылай келгенде айтарымыз, елін сүйген патриот ақын өлеңдерінің негізгі лейтмотиві – туған жерге, Отанға деген махаббат. Ол табиғат
құбылыстарын жырласа да, туған жерін жырға қосса да негізгі көздегені – туған жердің амандығы, бір тал шөбінің жат қолында кетпеуі.
Соңғы ширек ғасырдағы қазақ поэзиясына келіп қосылған жаңа буын өкілдерінің бірі – Ләззат Игісін. Ақынның «Сезімдер менің моншағым», «Ақтолқын» тәрізді жыр жинақтары жарық көрген. Соңғы жинағына Д.Байтұрсынұлы «Ақтолқын» – жырдың моншағы» деген алғысөз жазған екен. Онда ақын шығармасына:
«Ләззат жырлаған әр тақырып, әр ой көгерген жайлаудай, жемісі мәуілжіген ағаштай көз тартады. Кітап ойсыз, нәрсіз сөздермен және де қобыраған шумақтармен қабатын қалыңдатпайды. Қайта, көлеміне өлеңі лайық, санына сапасы куә!», – деген баға берілген [41]. Қазақ поэзиясындағы ақын апаларының артынан еріп келе жатқан ақын қыздың «Сенерім – Алла! Сенімім – иман. Бақытым – отбасым. Байлығым – өлеңдерім» деген өлең жолдары оның да өз замандастары тәрізді Жаратушыға бас иген имандылығын байқауға болады. Ақынның Аллаға деген махаббатын төрінен Құранның кетпейтінінен, Аллаға шүкірлік етуінен және басқа мысалдардан байқалады.
Сыршыл сезімге құрылған ақынның бір топ өлеңдері махаббат лирикасынан орын алады. Бұл қатарды «Қош айтпай...»,
«Жақсы көру», «Сарғайды қыз», «Мендегі көктем», «Аңсау»,
«Деміңмен емде», «Күтемін сені», «Ән сал, жаным», «Ағыттым, жаным, ақыры» т.б. өлеңдері толықтырады.
«Тағдырмен сырласу», «Тоңдырма суықтарыңа» дейтін жырындағы «Қаңғырып талған сезімдерімді, Бұралқы иттерге бақтырттың» дейтін образды сурет жолы жіңішке ақын қыздың өмір жолынан хабар береді.
Осы қатарды толықтыратын ақынның бірі – Мағиза Құнапияқызы. Студент шағынан көзге түсе бастаған ақын жырлары «Талбесік», «Жас толқын» тәрізді жас ақындардың жинақтарына енген. ҚХР «Тұлпар» әдеби сыйлығының иегері, сонымен бірге ол 2000 жылы өткізілген жыр мүшәйрасының жеңімпазы, «Артығали», Таңжарық Жолдыұлы атындағы, Бекет атаның 265 жылдығына арналған жыр мүшәйраларынан жүлделі орындарды иеленді.
Халықаралық және республикалық жыр мүшәйлаларынан жүлделі орындар иеленіп жүрген ақынның «Ай жүзіне көп қарап
...» [42] жыр жинағына соңғы жылдары жазған өлеңдері топтастырылған. Кітаптың беташары ретінде берілген «Екі жерде» атты өлеңде шекара сызығының арғы бетінде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың Отанға, атамекенге деген сағыныш сезімі менмұндаласа, «Өр Алтайда өскенбіз» өлеңі Алтайды мекен еткен өршіл қазақ халқының кешегісі мен бүгінгісінен хабар береді. Өр Алтайда кіндік кесіп, ата-жұртқа ат басын тіреген бауырларымыздың атамекенге деген сағыныш сезімдерін жеткізген ақын жырларында Отанға, елге деген құрмет басым. Атажұртқа Алтайдан келген лирикалық кейіпкердің жырдан жасау тиеп алып келгені оның бұған дейін де еліне, жұртына танылып қалған ақын екенін аңғартады. Ел мен жердің сәлемін арқалап келген лирикалық кейіпкердің мойнына жүктелген міндет те көп еді. «Сағыныштан у ұрттадым» өлеңінде оның Мұхтар Әуезовтер жүрген қалаға келгеннен кейінгі көңіл құлазуына жолығамыз.
Ол үшін қазақтың кең жазира даласының бәрі ыстық. Мәселен, «Маңғыстау» өлеңінде Алтай менен Атыраудың арасын мекен еткен қазақтың кең жазира даласын, Алтай менен Маңғыстаудың арасын жыр жолдарымен жалғағанына куә боламыз. Осылайша ақын жырларының географиясы кеңіп, Алтай мен Атыраудың арасын қамтығанын мына жолдардан көруге негіз бар «Жүректердің сезімін жалғар шақта, Екі елдің арасын жалғап жүрмін...» [42, 67].
Ақынның туған жер туралы өлеңдерінің қатарында «Біздің жақтың тауына», «Туған жерге махаббат», «Атажұрт», «Сар дала»,
«Туған жер», «Қом-Қанас», «Қызыл қайың» тәрізді өлеңдерін атасақ, табиғат лирикасына «Көктем лебі», «Қараша күз», «Күзгі бұлт», «Ақша қар», «Қыс», өлеңдерін жатқызуға болады.
Қыста ақ, жазда барсаң жасыл мекен, Айналдым, алтын бесік асыл мекен. Көктемде көп жауған ақ жауының, Шашу ма екен, төгетін жасың ба екен?! Қалай саған оралмай тұра аламын,
Әкемнің де, бабамның «басы қалған» [42, 115] – деген жолдарға туған жерге деген махаббаты сыйғызған. Таусыз жерде тұра алмайтын лирикалық кейіпкердің «Жабыла кеп үймелеген басына, Ақша бұлттан тауларымды сағындым» деп тауларын бұлттан қызғануы, қызыл қайыңға, даласы түгіл күл
төккен күресінге деген сағынышы оның туған жерге деген ыстық сезімін толықтырып тұр.
Махаббат лирикаларын «Жомарт күзде таныстық»,
«Оралмаймын», «Күрсінесің жиірек», «Ғашықтар тілегі», «Сен деп қалам», «Тұлғаңды көрі бір арман», «Осының бәрі», «Енді мені күттірме», «Бәрін де ұмытамын», толықтырып тұр.
Сонымен бірге, оқиғаға құрылған балладаларды да атауға негіз бар. «Қазық бау» балладасына негіз болған оқиға мал шаруашылығымен айналысқан қазақтың бала тәрбиесіне қатысты сырларынан хабар берер штрих.
Балалық шағы өр Алтайда өткен лирикалық кейіпкердің Алатауға тұрақтап қалғанмен туған жерге деген сағынышы басым. Себебі кіндік қаны тамған мекеннің кім-кімге де ыстық болатыны дау туғызбаса керек. Балалық балдәурен, қызыққа толы жастық дәуренін поэзияға алып келген Мағизаның лирикалық кейіпкері келе-келе отбасылы болып, бала тәрбиелеген ана ретінде толысып толады. Ақын міне осындай белестерді бағындыру барысында өмірден көргені мен түйгенін жырға орап, сыршыл сезімге толы шағын лирикаларын ұсынды. Ол жаңа тіркестер, жаңа ұйқастар іздеп әуре болмайды, төңірегінде өтіп жатқан өмір белестеріне жан бітіріп, оны көкірек көзінен бір сүзіп өткеріп оны сырлы сөзбен сырлай береді, жырлай береді. Ақын жырлары қарапайым ұғым- түсініктерімен ерекшеленеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет