Реферат «Қазақ тілі және оның ұлттың мәдени кодын сақтаудағы рөлі.»



Дата14.12.2023
өлшемі94,5 Kb.
#196762
түріРеферат
Байланысты:
14 СӨЖ Мадениеттану


Реферат «Қазақ тілі және оның ұлттың мәдени кодын сақтаудағы рөлі.»

Мәдениеттану

Реферат

«Қазақ тілі және оның ұлттың мәдени кодын сақтаудағы рөлі.»



Орындаған:Болатбек Нұрхан

Ұлттық код дегеніміз не?Бұл туралы түрлі пікілер айтылады. Интернетте қоғамдық ақпарат жүйеде көпшілік ұлттық кодқа тіл, дін, әдет-ғұрып тәрізді айырмашылықтарды жатқызады.

Жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев:

«Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты» деп жазса, ал қоғам қайраткері Әлихан Байменов:

«Менің пайымдауымша, ұлттық сана, ұлттық код деп – біздің әрқайсымыздың жеке, кейде қоғам ретінде әлемді қабылдауымызға, дүниетанымымызға, түйсігімізге әсер ететін, ғасырлар бойы қалыптасқан факторлар жиынтығын айтуға болады» – дейді.

Қорыта айтқанда, ұлттық код дегеніміз – әрбір ұлттың басқалардан айырмашылығын көрсететін ерекше қасиеттері, ішкі және сыртқы көріністері және солардың пайда болу факторлары. Ұлттық код әрбір ұлттың ерекшелігін ашып, оның сыр-сипатын түсінуге мүмкіндік береді. Ұлттық код қазіргі кезде қолданылып жүрген құлыпты ашатын құпия кілт (код) тәрізді. Басқа ұлт өкілдері құлыпты ашқандай осы кодты біліп, дұрыс пайдалана алса қандай халықтың болса да ниет-көңілін ашып, сенім құшағына еркін еніп, толық сіңісіп кете алады. Қазаққа тұрмысқа шыққан көптеген басқа ұлттың қыздарының осылай қазақ тілін үйреніп, дінін қабылдап, салт-дәстүрін еркін меңгеруі арқылы қазақпен бірігіп, сіңіп кетті. Мысалы ХYІІ ғасырдағы Қазақ хандығын нығайтуға үлкен үлес қосқан қазақтың алғашқы бас пірі әулие Мүсірәлі жоңғардың қонтайшысы Ғалден Сереннің сүйікті кенжесі Мариямға саяси мақсатпен үйленген. Мүсірәліге келген соң Мариям өзінің жұбайылық табиғи міндетін орындап, мұсылмандықты толық қабылдап, қазақ арасына сіңіскені сонша, ерінің ең сүйікті жұбайына айналады. Олардан қазақ пірлерінің бірі әулие Қосым туып, халық өміріне өзінің үлкен рухани әсерін берген /1/. Қай заманда болса да осындай мысалдарды көптеп табуға болады.

Ондай адамдар – қазақ халқының ұлттық кодын қабылдап, анасының құшағына енгендей, халықпен бірігіп кеткендер. Ал сіңісе алмағандар – ұлттық кодты меңгермеген, не болмаса меңгергісі келмегендер. Қазіргі кезде Қазақстанда туып-өсіп әлі күнге дейін қазақ тілінде өз екі ауыз сөз құрастыра алмай, қоғам тыныштығын бұзып жүрген адамдар осылардың қатарына жатады.

Қазақтың алғашқы ұлттық болмысын білдіретін коды – оның қонақжайлығы, ақкөңілдігі, мейірімділігі, достыққа тұрақтылығы, ержүрек-қайраттылығы, адал-шыншылдығы, сабырлылығы, дүниеге байланбаушылығы тәрізді ежелден қалыптасқан мінез-құлықтары болып табылады. Әрине қазақтың бұл ұлттық қасиеттері уақыт өте келе өзгеріске түсіп, халық өзінің ұлы қасиеттерінен айырыла бастағанына дау жоқ. Сондықтан қазақты осылай дәріптеуіміз асыра сілтеушілік тәрізді болып та көрінуі мүмкін. Бірақ олай ойлауға асықпайық, себебі ежелгі қазақтың қадыр-қасиеті шынында да осындай болған. Ал бұл мақаланың мақсаты соны дәлелдеу болып табылады. Бүгінгі мәселе – ежелден қалыптасқа сол ұлы қадыр-қасиеттерімізді қайтадан қалпына келтіруде. Елбасымыздың рухани жаңғыру мәселесін көтерудің өзі осы мәселені шешу, бұзыла бастаған ұлттық кодымызды қайтадан қалпына келтіру үшін екені белгілі.

Ұлттық болмыс ғасырлар бойы қалыптасып, бірақ уақыт пен өмір сүру жағдайларына байланысты өзгеріп, жаңа сипат алып, жаңғырып отырады. Бұл өзгерістердің заңдылығын білу бүгінгі күнімізді дұрыс түсіндіріп, болашақ өмірімізді бағдарлауға мүмкіндік береді.

Қазақ халқының өзіндік болмысы ертеден, көшпенді дәуірдің алғашқы кезеңінен қалыптасып, бекем орныққан. Ал адамзат тіршілігі көшпенді дәуірден басталады. Ендеше қазіргі кездегі көшпенді дәуірден келе жатқан қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері әлемдік рухани мұраға, бүкіладамзаттық кодтың негізіне жатады. Олар адамзат қоғамының алғашқы құндылықтары. Қазақтың ұлттық коды – көшпенділер коды болып табылады.

Оған дәлел – ежелгі адам тіршілігі. Ежелгі адам тіршілігікөшпенді өмірден басталып, артынан көптеген жылдардан кейін ғана жер шарының кейбір жерлерінде отырықшылыққа өте бастағаны тарихтан белгілі /2/. Ал қазақ халқы бүгінгі отырықшы өмірге ХХ ғасырдың басында ғана Кеңес дәуірінің ықпалымен ауысты. Осылай тағдыр халқымызды отырықшылыққа өткен соңғы халықтардың бірі етіп, көшпенді өмір салтының мұрагеріне айналдырды. Қазақ халқының дүниетанымы, ежелден келе жатқан көптеген әдет-ғұрпы, мейрамдары, табиғат пен әлемге қатысты түсінік-пайымдары мен ұлттық ойындары адамзаттың өткен өмірін еске салып, бүгінгі күндері олардың тұрмыс-салтын көрсеткендей болады. Осы себептен де қазақ халқының кейбір ұлттық ерекшеліктерін бүгінгі күндерге дейін сақталып келе жатқан бүкіладамзаттық құндылықтардың қатарына жатқызуға болады. Ол құндылықтардың арасында қазақ халқының өзіндік мәдениеті және салт-дәстүрлерімен бірге, қазақтың ұлттық ойындары қыз қуу, көкпар, ат шабыс, тоғызқұмалақ, музыка аспабы домбыра, киіз үйі сол ежелгі көшпенді өмірден келе жатқан ұлттық кодтың көріністері екеніне дау жоқ.

Қазақтың ұлттық кодының тарихы ежелгі адамның көшпелі дәуірінен басталатын өте көне, сонымен бірге ол бүкіл әлем үйлесімділігінен пайда болған.

Қазақ халқының ойлау жүйесі, мінез-құлқы мен салт-дәстүрлері тәрізді негізгі ұлттық коды көбіне алыс-беріс арқылы қалыптасқан. Бүкіл көшпенді өмірге ортақ, қазақтың да өзіндік құпиясы осы алыс-берісте жатыр.

Алыс-беріс дәстүрі. Қоғам өмірі адам жетілуінің негізгі себебі. Өмірді дұрыс пайдаланып қана рухани жаңғыру жолына түсуге болады. Адамзат өмірі – адамдар арасындағы алыс-беріс көрінісі. «Адамның күні адаммен» деген халық даналығы бар. Алыс-беріс мал-мүлік тәрізді заттық құндылықтар ғана емес, жақсы сөз, адал ниет, өзара қамқорлық тәрізді адамгершілік қасиеттермен алмасу арқылы да болады. Сөйтіп, алыс-беріске дүниелік қана емес, рухани байлық та жатады. Мұндай қоғамда өзара сыйластық, жан тыныштығы, жақсы көңіл-күй мен бейбіт өмір орнығады. Рухани байлықтың дүниелік байлыққа қарағанда үлкен айырмашылығы бар. Дүниелік байлық беру барысында азаятын болса, ал рухани байлық, керісінше, молая түседі, сонымен бірге олар өзара байланысты.

Әлемдік тепе-теңдік заңы бойынша босаған орын бос қалмайды, басқа жолдармен қайта толады, яғни бір нәрсе орын ауыстырса, оның орнын басқа басады. Адамзаттың көшпенді өмір салты үнемі қозғалыста – ол осының бір дәлелі. Егер орын ауыстыруды беру дейтін болсақ, онда босаған орынды қайта толтыру – бұл алу болып табылады. Әрбір адамның алуы үшін де әуелі беруі керек екені белгілі. Берген нәрсе түрлі жолдармен қайта келіп, адам өзіне керегін әрқашан да таба алады. «Береген қолым алаған» деген сөз тегін айтылмаған. Осындай табиғи заңдылықты өмірден жиі көруге болады. Берген адамға оның керегі өмір ағымымен өздігінен келіп жатады. Бұл әлемдік тартылыс заңына байланысты: ұқсастар бір-біріне тартылады. Адамның қасиеті жоғары болса, оған ниет-қалауына байланысты соған сәйкес байлық келеді.

Алыс-беріс дәстүрі қазақ халқының көшпенді өмірінде оның ұлттық кодын қалыптастыруда үлкен орын алған. Оның қонақжайлық, ашық мінезділік, сыйластық, адамды құрметтей білу тәрізді өзіндік ұлттық мінез-құлықтары осы алыс-беріс дәстүрі арқылы қалыптасты. Түрлі жорықтарға қатысып, алыстан қыз алып, не болмаса қыз беріп, құда-құдандалы болып, не болмаса мал бағу барысындағы көшіп-қону тәрізді әрекеттер кезінде халық үлкен қоғалыста болды. Алыс сапарында әркімге де жолшыбай біреудің үйіне түсіп, қонақ болуына тура келеді, яғни сый-құрмет көреді. Қонақ күткен адам сый-құрметті өзінің барын беру арқылы көрсетеді. Осындай таза ниетті сый-құрметті алған адам енді өз кезегінде де үйіне келген қонаққа сондай сый көрсетуге ұмтылатыны табиғи қасиет. Алыс жолдан келген күтпеген қонақты қазақ «құдайы қонақ» деп аса зор ылтипатпен қарсы алған. «Біреу келіп қалар» деп асының құндысын сақтап отырған. Осылай мейірімділік, адалдық, берегенділік тәрізді адами қасиеттер қалыптасты. Әсіресе, қазақ халқының қонақжайлық қасиетін осымен түсіндіруге болады. Келген қонақтан жөн сұрасып, оның көрген-білгенін естіп, өзі де қонаққа білгенін айтып, осылай білуге құштарлық пайда болып, ой-өрісі дамыған. Адамдар барыс-келіс арқылы бітеқайнасқан. Көшпенді қазақ кейде өзі барып, кейде оған келіп, өзара алыс-беріс қатынас орныққан. Нәтижесінде көшпелі елдерде түрлі халықтардың әдет-ғұрпы, дүниетанымы, тілі бір-біріне әсер етіп, араласа сіңісіп, өзара байыта отырып, ұқсас және жалпыға бірдей мәдени орта пайда болған.

Яғни алыс-беріс дәстүрі көшпенділердің үздіксіз қозғалысындағы барыс-келісі арқылы болды.Барыс-келіс қозғалысымен болған алыс-беріс дәстүрі қазақ халқының тілі және дінін қалыптастыруда да үлкен орын алған. Түркі халықтары қазіргі уақытқа дейін бір-бірін тілмашсыз-ақ түсіне береді. Ал көлемі қазақ жерінен көп кішкене Германияда бір аймақтың немісі екінші аймақтың адамын түсіне алмай жатады. Оларда әрбір аймақтың өз диалектісі бар. Қазақтың кең байтақ даласында диалект деген жоқ, сондықтан, қазақ тілі еліміздің барлық түкпірінде де бірдей.

Алыс-беріс дәстүрін қазақтың көптеген салт-дәстүрінен де көруге болады. Мысалы, соғым сойғанда, түрлі той-домалақ кезінде, тіпті адам өлімінде де қазақтар елді жинап қолындағы барын беріп, халықты риза етуге ұмтылады. Наурыз мейрамында бір-бірін жеті тағамнан құралатын «наурыз көжемен» сыйлайтын салт бар. Алыс-беріс барысында қонақжайлық қасиет нығайып, ол әдет-ғұрыпқа айналды.

Көшпенді қазақ табиғаттың төл баласы ретінде онымен үйлесімді, өмірде қандай құбылыс болса да оны тартыссыз қабылдап, болмыспен бірбүтін болып өмір сүрді. Өзін табиғаттың бір бөлігі ретінде санаған адам қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Көшпенділер табиғатты баласындай аялап қорғады, сонымен бірге, салт-дәстүрді де өте қатаң сақтаған. Шыңғысхан дәуірінде аққан суды былғамас үшін оған шомылуға, кір жууға өлім жазасымен тиым салынған. Ал батыс ойлы адамдар бұл салтты «Көшпенділер жуынбаған, үнемі ылас болып жүрген» деп түсіндіреді. Қазіргі заманда ыластанбаған өзен-көл жоқ. Ал көшпенділер табиғатын аялап, қоршаған ортасын сақтай білді.

Мұндай үйлесімді өмірді тек қана сырттан келген себеп қана өзгертуі мүмкін. Тұтас өмір сырттан ештеңені қажет етпейді. Көшпенділік өмір осы біртұтастың бір бөлігі. Адам баласы көшпенді өмірде толық табиғат аясында болғандықтан, ол өзінің қарабас қамын көп ойламайды. Табиғат не берсе соған қанағат. Оған заттық дүниені керегінен артық жинаудың қажеті жоқ, сондықтан дүние-мүлікке тәуелді болмай, еркін өмір сүрген. Сол себептен көшпенділер затқа көп байланбаған. Олар табиғаттың бір бөлігі ретінде өте төзімді, қиындықтан тайсалмайтын, өзіне керегін еркін тауып алатын ер мінезді, қайратты болған. Бірақ табиғи апаттар болса, онда отырған жерін тез ауыстырып, көшіп жүре береді. Отырықшы елдерді оңай жаулап алып, олардың іріп-шіріген ортасын құртып, жаңа қоғам орнатуға мәжбүрлеп отырған. Адамзат өмірінің құлдырауына мүмкіндік бермей, оған үнемі осындай серпіліс, жаңа тыныс беріп отыру өте қажет еді. ХІІ ғасырда Вильгелм Руйсбрукский деген саяхатшы көшпенділер туралы «бұл өмірдің дүниесіне аз көңіл бөледі, олар жер өңдемейді, үй салмайды, олардың өзіндік ішкі болмысы жер кезіп, ұзақ жол жүруге мүмкіндік жасайды» деп жазады.

Қоршаған ортаға сүйіспеншілік және үздіксіз жорықтар адамды адалдыққа баулиды. Жаман ойлы адам табиғатпен біріге алмайды. Көшпенді қазақ халқының адалдығы, кеңпейілдігі, жомарттығы және ерлік қасиеттері қалыптасты.

Қазақ халқының өзіндік рухани болмысы, ұлттық коды осылай пайда болды.

Өкінішке орай, қазіргі кезде көшпенді өмірді кемсітетін евроцентристік көзқарас басым. Соның әсерімен кейбір қазақ азаматтары өздерінің ата-бабаларының көшпенді ел болғанына разы болмай, тіпті арланатын тәрізді. Ғалымдардың кейбірі қазақтарда ертеден бері қала болғанын дәлелдеп, қазақтың көшпенді өмірінен сырт айналғысы келеді. Олардың бұл дәлелі, әрине, қазақ халқына абырой бермейді. Қайта евроценристік көзқарасты күшейте түседі. Отырықшы елдерде қала саны көшпенділерден әрқашан да көбірек. Ендеше қалалар санын көрсетіп қазақтың бұрынғы өмірін көтермелеу дегеніміз бос әурешілік.

Қалаларды санамай-ақ көшпенді өмірдің отырықшылықтан артық болғанын түсінуге болады. Ол үшін бұл екі өмір салтын бүкіл адамзат болмысымен байланыстырып, әріден қарастыру керек. Олардың бір-бірінен айырмашылығын біліп, пайда болу тарихын анықтау керек. Сол кезде көшпенді өмір отырықшылыққа қарағанда артық және үйлесімді өмір екеніне көз жетеді. Осылай халқымыздың ұлттық кодының тарихын біліп, евроценрлік ойдан арыламыз.

Ата-бабамыздың ұлы қасиеттерін түсініп, қабылдамай халқымыздың ұлттық кодын қайта қалпына келтіруге, рухан жаңғыру жолына түсу мүмкін емесін ел президенті де ескертті. Өткен өмірімізді дұрыс түсінгенде көшпенді қазақ өмірі әлемдер үйлесімділігінің бір көрінісі екеніне және ұлттық кодымыздың негізі сол өмір болғанына көзіміз жетеді. Себебі көшпенді өмір әлем үйлесімділігінің бір бөлігі.

Әлем үйлесімділігі. Бүкіл әлем энерго-ақпараттық кеңістік көрінісі болып табылады. Әрбір заттың өзі энергияның бір түрі екенін ғылым дәлелдеп отыр.

Әрбір жан иесі энергияның бір түрі және ол басқа түрлі энергияларды қабылдап, қорытып, өзгертіп өзінен қайта шығарады. Ол энергияларды басқа жан иелері қабылдайды. Осылай алыс-беріс арқылы қуат алмасуы болып, қуат бір түрден екінші түрге айналып, әлемнің түрлі ағымдарын, қабаттарын құрайды. Түрлі қабаттар бір-бірімен тығыз байланыста және үнемі қозғалыста. Көшпенді өмір осы қозғалыстың бір түрі. Әлем өмірін басқарушы Алла тағала, Құдай тағала, Абсолют, Космостық сана деген тәрізді әртүрлі есіммен аталуы мүмкін, бірақ түпкі мағнасы бір. Бүкіл әлем өмірін басқаратын бір Қуат.

Әлемдегі алыс-беріс арқылы болатын энергия айналымын қысқаша былай суреттеуге болады. Бір Абсолюттен шыққан рухани қуатты әуелі Күн алып, өзінен жылу мен жарық ретінде Жерге береді. Оларды жер бетіндегі өсімдіктер қабылдайды, ал өсімдіктермен жануарлар қоректеніп, өздерінің денесін құрастырады. Олардың денесіндегі сүтін, жүнін, күшін тағы басқадай қажеттіліктерін алып адам өзінің пайдасына жаратады. Адамдар аруақтарға, жоғарғы Күшке олардың көмегі үшін құрбан шалып, тасаттық беріп, дұға оқып ризашылықтарын білдіреді. Адамдардың жіберген жақсы ой-өріс, ризашылықтарын жоғары әлемдердегі жан иелері қабылдайды. Жерден шыққан қуат жоғары әлемдердің қорегі болып табылады. Жер бетіндегі жан иелерінен қорек алған аруақтар мен рухтар өздерінен жоғары тұрған періштелерге қызмет етіп, жоғарылай береді. Ал періштелер ол алған қуатты Ең Жоғарғы Жаратушыға бағыштап, Оған қызмет етеді. Өз кезегінде жоғары әлемдегі аруақтар жерге жылу, жаңбыр жіберіп, жер бетіндегі тіршілікті қамтамасыз етеді. Осылай түрлі қуаттардың үздіксіз айналымы арқылы бүкіл тіршілік иелері өмір сүріп, бүкіл болмыстың мақсаты орындалады. Ал болмыс мақсаты – жан иелерін жетілдіру арқылы, Абай сөзімен айтқанда, Түп Иеге қайтару. Нәтижесінде осылай барлық жан иелерінің қуаты айналып келіп өзінің шыққан көзіне – Жоғарғы Жаратушыға келіп тоғысады. «Түбінде барлығы да Алла тағалаға қайтады» [Құран, 21-93] деген Қасиетті Құран сөзі осыны білдіреді. Қысқаша айтқанда, бүкіл болмыстың мақсаты барлық жан иелерін, оның ішінде адамдарды да, Жаратушыға қайтару. Бұл үрдіс әрбір жан иесінің қуат алмастыруы арқылы болатындықтан, ол қуаттар түрлі қабаттар жасап, бүкіл әлем айналымын құрайды. Түрлі қабаттардың байланысы мен олардың үздіксіз үйлесімді қозғалысы – әлем көрінісі.

Әлем болмысы Абсолют көрінісі болғандықтан, оның өмірі де абсолютті – ешқандай кемшіліксіз. Ендеше әлем айналымының көрінісі көшпенді өмір де кемшіліксіз. Осылай көшпенді өмір салты әлемнің ақпарат-энергетикалық қуатын айналысқа келтіріп отыратын үйлесімді өмір екеніне көзіміз жетеді. Ал адамзат қауымы әлемнің бір бөлігі және әлем айналымының маңызды қуаты /3/. Ендеше көшпенді өмірде ешқандай кемшілік болмау керек, адам тіршілігі үшін барлық жағдай бар. Бірақ заттық әлемнің әсерімен адамдар жалпы мақсатты ұмытып, өздерінің тек тіршілік қамымен кеткенде, адамзаттық код өзгеріп, қоғам іріп-шіріп, өзінің табиғи міндетін дұрыс орындай алмайды. Адамдар өздерінің негізгі міндеттерін ұмытқандықтан, жоғарғы әлемдермен байланыс үзіледі. Осылай әлемдік айналысқа нұқсан келеді. Сол кезде үзілген байланысты қайта қалпына келтіру үшін жоғарғы әлемдер түрлі жолдармен адамдар өміріне араласып, оны жөнге салуға мәжбүр болады. Соның бір көрінісі ежелгі адамның аруақтармен үзілген байланысын қалпына келтіру үшін оны отырықшылыққа көшіру болды.

Енді қазақтың ұлттық кодының тарихын тереңірек түсіну үшін көшпенділер өміріне үңілейік.

Көшпенді өмір салты. Ежелгі адамдар өмірін зерттейтін ХХ ғасырда пайда болған палеоантропология ғылымы бойынша адамзат өмірі жүздеген мың жылдарға созылған көшпенділіктен басталған /2/. Әуелде жеміс-жидек теріп, балық аулап, аңшылық құрып көшпенді өмір сүрген адамдар кейіннен малды қолға үйретіп өмір сүрген. Алғашқы отырықшы өмір Таяу Шығыста тек соңғы 10-13 мың жылда басталып, Еуропада соңғы 4-5 мың жылда жалғасқан. Өмірінің көпшілігі көшпенді болғандықтан, адамзат тарихы негізінен көшпенділер тарихы болып табылады. Бұған тіпті бізге көрші Ресей мен Украина тарихы да дәлел бола алады. Бұл елдердің тарихы «алғашқы» адамдардан кейінгі 5000 жылдан артыққа созылған көшпенділер тарихы болып табылады. Жер бетіндегі басқа да көптеген халықтар жүздеген мың көшпенді өмірден соң отырықшылыққа жуырда ғана, яғни бірнеше ондаған мың жылдар бұрын ғана көше бастаған.

Көшпенді қоғамның беріктігінің және оның бүгінгі күндерге дейін отырықшы елдердің қысымына шыдап, төтеп берген осындай ұзақ өмірінің құпиясы неде? Оның құпиясы көшпенді адам өмірінің табиғатпен ішінара біріккен, болмыс үйлесімділігінде жатыр. Көшпенді өмір болмыс үйлесімділігімен сәйкес, сондықтан оны өзгертудің қажеті болмады. Көшпенділіктен отырықшылыққа ауысу қажеттілігі адам өмірінің табиғат үйлесімділігінен ауытқи бастаған кезінде ғана пайда болды.

Көшпенділердің адамзат тағдырына ықпалы Евразия тарихынан жақсы көрінеді. Европа елдеріне шығыстан келген көшпенділердің, оның ішінде түркі тектес халықтардың ықпалы өте үлкен болды. Бұған көзімізді жеткізу үшін Евразия тарихына көз жіберіп көрелік.

Түркі тектес Ғұн тайпалары, оның ішінде қазіргі қазақ, қырғыз халықтарының бабалары, б.д.д. ІҮ ғасырдан бастап Алтай өңірінен Батысқа қарай көшкені тарихтан белгілі. Бұл көш б.д. ІҮ ғасырында аяқталып, 800 жылға созылып, адамзат тарихында Ұлы Көш деп аталады. Көшпенділер сонау Еуропаға дейін жетіп, осы үлкен кеңістікте өзіндік сипат алды.

Түркі тектес халықтар алғашқы евразиялық мемлекет құрды. Түрік Қағанаты ҮІ-ҮІІ ғасырларда Сары теңізден Қара теңізге дейінгі үлкен аумақты алып жатты. Оларға сол кездегі ең бай және жетілген мемлекеттер Византия, Иран, Қытай салық төлеп тұрғаны тарихтан белгілі. Түріктерде өздерінің жазулары болды. Олар мал шаруашылығымен бірге егін де еккен және темір рудасын өңдеп, құрал-саймандар жасай білген. Бүгінгі түркі тектес халықтар Орталық Азия кеңістігінде, Кавказда, Жерорта теңізі маңында, Оңтүстік-Шығыс Еуропада және әрі қарай Шығыс Сібірге дейін орналасқан. Сонымен бірге олардың топтары Батыс Еуропада, Америкада және Қытайда да бар.

Сонан кейінгі көшпенділер қозғалысы ХІІІ ғасырда басталған монғол жорығы болды. Монғолдар саны бір миллиондай ғана болса да, өздерінен жүз есе артық халқы бар елдерді бағындырып, бүкіл Евразия кеңістігіне билігін жүргізді. Шыңғысхан ұрпақтары құрған Индиядағы Ұлы Могол империясы тек ХҮІІІ ғасырдың аяғында ғана ағылшын басқыншылығы ықпалымен ыдырады.

ҮІ ғасырдан бастап ХҮІІ ғасырға дейін арабтардың ықпалы өсіп, олар батыста Франциядан шығыста Индияға дейінгі аумақта билігін жүргізді. Олар құрған Ислам Халифаты осы кең аумақты бір ортаға бағындырып, бүкіл адамзаттың мәдени ошағына айналды.

Евразияның үлкен кеңістігінде билігін жүргізіп, империялық мемлекеттер құрған халықтардың барлығы да көшпенділер еді. Олар осылай жершарындағы халықтарға бейбіт өмір берді. Осы қысқа шолудың өзінен адамзаттың негізгі өмірі көшпенділікпен байланысты болғанын көреміз. Көшпенділер евроцентристердің ойындай «варвар» емес, адамзат өмірін бағыттап отырған негізгі күш болғанын білеміз.

Қазіргі заманда көшпенді өмір сирек кездеседі. Оның себебі неде?

Адамның көшпенді өмірден отырықшылыққа өту себебі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап палеоантропология ғылымында «неолитикалық революция» деген термин пайда болды. Бұл термин көшпенді өмірдің отырықшылыққа ауыса бастаған кезін білдіреді. Адамзат тіршілігі аңшылық пен жабайы өсімдік өнімдерін жинаудан жер өңдеу мен мал шаруашылығына ауысты. Басқаша айтқанда, неолитикалық революциядан кейін әлемнің бірсыпыра жерлерінде адамдар өмірін күрт өзгертіп, көшпенді өмірден отырықшы өмірге ауысты. Бұл ауысу адамзат тарихы бойынша есептегенде өте қысқа мерзімде, бар жоғы 200-300 жылдың ішінде болып өткен екен.

Бұл өзгеріс не себептен болды? Не себептен бір мезгілде және тарихи қысқа мерзімде адамдар жер кезіп көшуді қойып отырықшы өмірге ауысты? Палеоантропологи ғылымы адамзаттың қысқа мерзімде отырықшылыққа көшкенін дәлелдеді, бірақ себебін түсіндіре алмайды. Адамзат өмірінің бұл маңызды құбылысын төменгі және жоғарғы әлемдер байланысын қарастыратын теология ғылымы ғана жауап бере алады. Ресейдің дінтанушы-тарихшы ғалымы Зубов А.Б. да бұл ойды қолдайды /2/. Ол адамзаттың отырықшы өмірге өтуіне олардың діни көзқарасы әсер етті деген ой тастайды. Оның ойы бойынша адамдар мен аруақтардың байланысы адамдардың өмір салтына үлкен әсер еткен. Адамзат пен жоғары әлемдердің арасында қуаттар айналысы үздіксіз болып, алыс-беріс арқылы болмыста үйлесімділік орнайды. Адамдар қарабас қамымен аруақтар ұмытыла бастаған кезде әлемдер арасындағы алыс-беріс қатынасы нашарлап, әлемдер байланысына қауып төнеді. Осындай жағдайда әлем өмірін үйлесімге келтіру үшін аруақтар адамзат өміріне араласуға мәжбүр болады. Ата-бабалардың аруақтарын тірі адамға жақындатып, оларды ұмытпай үнемі есте ұстап, тіршіліктің бір бөлігі ету керек. Осылай аруақтар адамдарға әсер еткен. Енді адамдар өлгендерді өздері отыратын, не болмаса ұйықтайтын балшықтан жасалған орындықтардың, төсектердің астына жерлеген. Адам жерленген бейіт тұрғын үйден алыс болмау керек болғандықтан, көшуді қойып, енді бір орынға орныққан.

Бірақ кейбір ғалымдар бұл ойға үлкен күмән келтіреді. Олардың ойынша – ештеңеге байланбай еркін өмірге үйренген тиімді көшпенді өмірден тиімсіз басқа өмірге ешкім де өз ықтиярымен ауыспайды.

Жаңа өмір адамға ешқандай артықшылық бермегендіктен, адамға отырықшылыққа өз еркімен ауысуға ешқандай себеп те болған жоқ. Ол кезде жер бетінде адам саны өте аз, ал қоршаған орта өте бай болды. Жабайы аңдар мен өсімдіктер, көптеген өзен-көлдердегі мол балық көшпелі адамға өзіне керегін еркін табуға мүмкіндік берді. Ендеше өмірін өзгертуге адамды зорлықпен мәжбүр еткен.

Адамның осындай тиімді өмірді тастауына сырттан келген үлкен себеп болған. Ол қандай себеп? Бұл сұраққа А.Б. Зубов та, басқа ғалымдар да жауап таба алмаған. Тіпті бұл сұрақтың жауабын ешқандай заттық ғылым таба алмайды деуге болады. Себебі, ол жауап қатар нәзік әлемдерде жатыр. Ал заттық ғылым тек қана көрнеу әлемді ғана зерттей алады. Сондықтан бұл сұрақтың жауабын табуға ол әлсіз.

Бұл сұраққа аруақтар әлемін зерттейтін спиритуализм ілімі жауап бере алады /3/. Сондықтан спиритуализм ілімі бойынша адамның отырықшы өмірге ауысу себебін іздеп көрелік.

Әлем біртұтас дедік. Біртұтас әлемде оның әрбір бөлігі бір-бірімен тығыз байланыста болады. Бұл туралы мәліметті Шәкәрім ілімі бойынша толық бергенбіз /4/. Байланыс үйлесімділігін жоғарғы әлемдер қадағалап, бұзылған үйлесімділікті кезінде қайтадан қалпына келтіріп отырады. Жоғарыда айтқанымыздай, әлем үйлесімділігі жан иелерінің ниеті жалпы біртұтастықтан ауып, тек өзінің тіршілік қамына ауысқан кезде бұзылады. Сол кезде жоғарғы әлемдер адамзат өміріне араласып, оны жөнге салады.

Неолитикалық революцияның алдында көшпенділерде осындай әлем үйлесімділігін бұзатын бейберекет өмір болса керек. Адамдар өлген ата-бабаларының аруақтарын ұмытып, өз қамдарымен кеткен. Артындағы қалған ұрпағынан ешбір көмек алмаған соң қатар әлемдегі аруақтар рухани ашығып қиналысқа түскен. Өткен өмірден байланысын үзген олар әрі қарай көтеріле алмайды. Әлемдер байланысына нұқсан келе бастаған. Қиналысқа түскен аруақтарға өздерінің ұрпақтарын жөнге салу керек болды. Оны қалай жасау керек? Ол үшін адамды көшпенді өмірден отырықшылыққа ауыстыру керек. Бірақ отырықшылық адам өмірі үшін қолайсыз. Сондықтан отырықшы өмірге еріксіз ауыстыру керек. Еріксіз деген сөз зорлықты білдіреді. Яғни аруақтар адамды отырықшылыққа зорлықпен ауыстырған. Бүгінгі қазақ халқын отырықшылыққа Кеңес Үкіметі де зорлықпен ауыстырғаны белгілі. Себебі, жаңа қоғамға егін егу, малды шоғырландырып, өнімін арттыру керек болды. Осы зорлық саясаты кесірінен ежелгі адамдар тәрізді қазақ халқы да отырықшылыққа өтіп өзінің ұлттық кодын өзгерте бастады. Ал көп адам аштықтан қырылып, немесе басқа елдерге тарыдай шашырады. Сол шашылған қазақ бауырларымызды әлі күнге дейін жинай алмай жүрміз.

Сонымен, адамзат қауымы көшпенді үйлесімді өмірден отырықшы өмірге зорлықпен өтті. Зорлық түбінде агрессия жатыр. Сондықтан отырықшы өмірдің негізі агрессия болып табылады. Агрессия жасау үшін қару керек. Осылай бүгінгі адамзат қоғамы қару-жарақ қоймасына айналып, бұрынғы бейбіт өмір енді қақтығыс-соғыс алаңына айналып отыр.

Көшпенділерді отырықшылыққа ауыстырған төменгі аруақтар болуы керек /3/. Спиритуализм ілімі бойынша, көптеген аруақтар нәзік әлемнің төменгі сатысында орналасқан. Қарапайым өмір сүрген адамның аруағы қатар әлемдерге өткен кезде оның болмысы жердегі қалпынан көп ауытқымай, өзінің бұрынғы құндылықтары мен әдетін сақтайды. Бұл қажеттіліктерін аруақ өзінің ұрпақтары арқылы алады. Сондықтан ондай аруақтар ата-бабасын ұмытқан ұрпақтарына өздерін олардың есіне салып, ал түсінбей, не болмаса қарсыласқандарды жазалап, жөнге салуы да мүмкін. Сонымен бірге, жауын жаудыратын, желді басқаратын табиғат күштерін басқаратын жоғарғы аруақтарға (періштелерге) да адамдардың көмегі керек. Жаңбыр жаудырып, жылу беру арқылы өздеріне керекті өмір қажеттіліктерін беріп отырған жоғарғы аруақтарға адамдар кезінде тасаттық, құрбандық жасап, құран бағыштап, ризашылығын білдіріп, өздерінің рухани қуаттарын жібереді. Рухани қуат ұрықта, өсімдіктердің дәндерінде шоғырланған. Дәндегі рухани күш жерге түскен соң өсімдік болып, тағы көптеген дәндер береді. Ол дәндерді адамдар аруақтарға бағыштайды, ал риза болған олар жаңбыр беріп, өсімдіктерге жағдай жасайды. Аруақтарға дәндерді бағыштағанда оларды отқа салу арқылы, не болмаса ол дәндермен қоректенген жануарларды құрбан ету арқылы да жасауға болады. Осылай кейбір елдерде (Индия) отқа дән салу салты болса, мұсылман елдерінде малды құрбандыққа шалу салты қалыптасқан. Құрбандық арқылы әлемдер арасында байланыс орнап, жер бетіндегі өмір қамтамасыз етіліп, әлемдер байланысы үзілмейді. Бұл үрдіс бұзылғанда жоғарғы рухтар жаңбыр бермейді, сондықтан жер бетінде құрғақшылық пен аштық басталып, адамдар да, басқа жан иелері де зардап шегеді. Осындай қиын кездерде тасаттық беріп, жоғары күштерден жаңбыр тілейтін салт қазақта бұрыннан бар. Егер тасаттық тәртібі дұрыс орындалса, аруақтар разы болып, жаңбыр жаудырады. Әлемдер байланысының, міне, осындай маңызы бар. Бұл байланыс үзілгенде тіршілік үйлесімділігін қалпына келтіру үшін жоғарғы рухтар қоғам өміріне араласып, адамдардың өмір салтын да өзгертуі мүмкін. Ең жоғары тұрған рухтар бұған араласпайды. Олар төменгі аруақтарды басқарып, өздеріне қажетті рухани күшті жоғарғы әлемдерден алады. Жоғары әлемдегі аруақтар жер бетіндегі адамдарға тәуелді емес.

Отырықшы өмірдің аруақтардың ықпалымен болғанын қазба жұмыстары да дәлелдейді. Археологтар алғашқы отырықшы адамдардың мекенін көп жерлерде тапқан. Қазба жұмыстарына қарағанда алғашқы отырықшылар өлген адамдарды сүйекті еттен тазартқан соң үйдің ішіне, еденнің астына, тіпті өздері ұйықтайтын балшықтан жасалған төсектерінің астына жерлейтін болған. Кейде өлген адамдарды жерлейтін арнайы үйлер салған. Олар өздері тұратын үйлердің қасында орналасқан. Өлген адамның басын жерлемей, оны арнайы балшықтан жасалған мүсінге орналастырып, оған табынған. Оларға тамақ беріп, шомылдырып, өздерінше күтім жасаған. Қазба кезінде тұқым сақтайтын қойма табылған. Зерттеушілердің тұжырымы бойынша, ол кезде әлі егіншілік болмағандықтан, бұл қоймалар жабайы өсімдіктердің тұқымын сақтауға арналған.

Осы көріністердің барлығы аруақтардың адамға ықпалын білдіреді. Аруақтар алғашқы отырықшыларды өздеріне өсімдік дәндерін ұсынуға мәжбүр еткен, ал өздерін ұмытпай үнемі естерінде сақтау үшін үйдің ішіне көмдіріп, бас сүйегін табыну бейнесіне айналдырған. Аруақтардың адамға әсері үлкен болады.

Неолитикалық революция құпиясын осылай түсіндіруге болады. Енді тағы бір маңызды сұраққа келейік. Жер бетіндегі қоғамдардың бір-бірімен байланысы жоқ болса да өте қысқа мерзімде отырықшы өмірге қалай өте алды? Бұл сұраққа былай жауап беруге болады. Аруақтар үшін заттық әлемнің бөгеті болмайды. Оларға ешбір зат және қашықтық бөгет емес, сондықтан олар көптеген жерге өте қысқа мерзімде бірден әсер ете алады. Жер бетінде көптеген қоғам өздері де түсінбей отырықшы өмірге осылай ауысқан. Себебі, өсімдіктер дәндерін жинап оларды бір жерде ұзақ уақыт сақтау, кейіннен жабайы өсімдіктерді қолда өсіруге үйреніп, дәнді көбейту тек қана бір жерде отырғанда ғана мүмкін еді. Сонымен бірге, ата-бабаның қабырлары да үнемі жақында болып, оларды ұмытпай есте сақтап отыруға жағдай болды. Осылай ұрпақтар мен ата-бабалардың байланысы қайта қалыптасып, әлемдер байланысы қалпына келді.

Бірақ отырықшы өмірге бүкіл адамзат түгелдей өткен жоқ. Жер бетінің Африка, Азия және Америка құрылықтарының кейбір аумақтарында көшпелі өмір сақталып қалды, олардың ішінде біздің қазақ және қырғыз халықтарының ата-бабалары бар. Мұның құпиясы неде? Оны да түсіндіруге болады. Аруақтармен байланысын үзбеген қоғамдардың жағдайын жоғарғы әлемдер өзгертпеген. Көшпелі қоғамдарда өздерінің ата-бабасын, жоғары аруақтарды үнемі есте сақтап отыратын салт-дәстүр, діни ұғымдары болған. Мысалы, түркі халықтары Тәңірге бағынған. Тәңір бір жаратушы күшті білдіреді, сонымен бірге, Ол Көк Тәңірі болып табиғат күштерін басқаратын жоғары рухтарды да қамтиды. Сонымен бірге, қазақ салтында әлі де келе жатқан түркілік ұғым аруақтарға бағыштау болған. Қазақта адам о дүниеге өткеннен бастап, оның аруағын ұмытпай үнемі тасаттық беріп, құран бағыштап отыратын салт бар. Осылай ұрпақтар байланысы үзілмей, бір-бірін қолдап отырады. Жауға шапқанда «Аруақ!» деп ата-бабасының көмегіне жүгіну де осының бір көрінісі. Үлкен істі бастағанда да аруақтың көмегін сұрайды. Сондықтан, аруақтармен байланысын үзбеген қоғамдарды отырықшылыққа ауыстырудың қажеті болмай, олар өздерінің бұрынғы салтымен өмір сүре берген деп пайымдауға болады. Қазақ халқының табиғи өмірін бұзбай, соңғы дәуірге дейін өздерінің үйреншікті өмірін сақтау құпиясы, міне, осында жатса керек. Қазақтардың түркі ата-бабалары соңғы заманға дейін адамзат қоғамының көш басшысы болып, өзінің үлкен ықпалын беріп отыруы да олардың көшпенді өмір артықшылығын сақтай білуінде болса керек. Яғни олар өздерінің ұлттық кодын ұзақ сақтап, бүгінгі күндерге дейін жеткізіп отыр.

Аруақтар көшпенділердің өміріне бағыт беріп, басқарып және оларға көмегін беріп отырған. Көшпенді өмір салты үйлесімді өмір болғандықтан, адамның рухани жетілуі үшін отырықшылықтан артық еді. Көшпенді «жабайы» халықтың отырықшы «өркениетті» халықтарды оңай жаулап алу сыры осында жатса керек. Жан құмары тән құмарынан жоғары. Рухы таза адам тән құмары шырмауындағы адамды оңай жеңеді. Бірақ батыс ғалымдары бұл сырды білмейді, не болмаса білгісі келмейді. Сондықтан көшпенділердің батыс елдеріне жасаған үлкен ықпалы олар үшін түсініксіз сыр. Көшпенділер отырықшы елді өздерінің озбырлығы, аяусыз қатігездігімен жаулап алды деп түсіндіреді. Атилладан бастап, Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Бабур, Акбар сынды көшпенділердің көсемдерін озбыр ретінде суреттейді. Көшпенділерді отырықшылардан төмен қойып, оларды жабайы деп бағалайтын қазіргі кездегі пікір осылай қалыптасады.

Ескертетін жағдай. Аруақтармен байланыстың да өз мөлшері, өз құпиясы бар. Діндер арасында көптеген түсініспеушіліктер, талас тудыратын бұл үлкен мәселе. Сондықтан бұл мәселені дұрыс түсінудің маңызы өте зор.

Аруақтар Алла тағаланың ықпалымен өмір сүретін, мұсылманша айтқанда, Оның бұйрығын орындайтын қатар әлемдердегі жан иелері. Егер тек қана аруақтарды еске алып, солардың ықпалымен ғана өмір сүргенде, бүкіл әлем Жаратушысы, барлық діндердің негізгі мақсаты болып табылатын Алла тағаланы естен шығарып, ұмытып кетуге болады. Ондай жағдайда аруақтар ешқандай көмек бере алмайды, себебі олар Алла тағаланың бұйырығынсыз ештеңе де жасамайды. Сөйтіп қоғам құлдыру жолына түседі. Адамзат тарихында бұған арабтар өмірі жақсы мысал бола алады. Исламға дейін арабтар ата-бабаларының аруағына ғана табынған. Әрбір тайпа өздерінің аруақтарына мүсін жасап, Бір Жаратушыны ұмыта бастаған. Сөйтіп, Жоғарғы Күшпен байланысын үзіп, рухани қуаттан айырылған елде бірлік болмай, тайпалар бір-бірімен үнемі соғысып, адамдардың өмірі бейберекетке айналған. Адамгершілік қасиет аяққа басылғаны сонша, тіршілік өз бағасынан айырылып, жаңа туған қыз баланы тұрмысқа шыққанша масыл болады деп тірідей жерге көму салты болған. Сол кезде Алла тағала ұмытылған діни қағиданы қалпына келтіру үшін Өзінің елшісі Мұхаммед пайғамбарды арабтарға жіберді. Осылай ислам діні пайда болып, бытыраған елді жинап, арабтар күш алып, жаңа дін әлемнің көптеген аумағына тарады да, адамзатты құлдырау жолынан алып шықты.

Арабтар өздерінің көшпенді салтын сақтап қалды. Себебі, Бір Жаратушыға табыну Оның жаратқандарын да қамтиды. Сөйтіп Алла тағаланың жаратқандары болып табылатын аруақтар да риза болып, өздерінің ұрпақтарына көмегін аямайды. Діннің аруақтар арқылы тарайтынына христианда да, исламда да көптеген дәлелдер бар. Бір мысал келтірейік. Исламның жаңа тарай бастаған кезінде бірде Мұхаммед пайғамбар қуғыншылардан құтылу үшін үңгірдің ішіне кіреді, сол кезде қуғыншылар да келіп жеткен. Бірақ үңгірдің кіреберісі өрмекшінің торымен жабылғанын көрген. Қайран қалған қуғыншылар үңгірде ешкім жоқ деп пайымдап әрі қарай жүріп кеткен екен. Сонда үңгірді өрмекші торымен кім жапты? Әрине, аруақтар. Бірақ аруақтар Алла тағаланың қызметшісі, Оның бұйрығын орындаушы болғандықтан, бұл Алла тағаланың ісі деумен бірдей.

Ислам дінінің көптеген елдерге су тасқынындай тез жайылуы Алла тағаланың бұйрығымен аруақтардың жасаған әрекеттерінен болса керек. Осылай әлемдер байланысы қалпына келтірілді.

Ежелгі көшпелі адамдарға бүгінгідей діннің қажеті жоқ еді, себебі олардың жетілуі үйлесімді өмірде табиғи түрде болды, яғни олардың өмірінің өзі дін көрінісі болып табылады. Ал көшпелі өмір салты бұзыла бастағанда үйлесімділікті қалпына келтіру үшін адамға діннің көмегі керек. Адамзатқа осылай түрлі діндер берілді. Түркі халықтарының Көк Тәңірге бағынуы табиғат көріністеріне бағынып, әлеммен үйлесімді өмір көрінісі еді. Сондықтан тәңіризм бүгінгі діндердей емес, ол өмір салты болды. Ислам қабылдағанға дейінгі қазақ тіршілігі де табиғатпен біртұтас болып қабысқан осындай табиғи өмір еді. Қазақтың мызғымас ежелгі ұлттық коды да осында жатса керек. Бұл код бүкіл көшпенділерге ортақ, болмыстың түпқазығымен байланысқан мәңгілікті күш. Ендігі мақсат – сол кодты қалпына келтіріп, жоғалтқан асыл құндылықтарымызға қайта ие болу. Осылай көшпелі дәуір берген болмыстың шын мәнін қамтитын дүниетанымымыз, ой-өрісіміз, мінез-құлқымыз, салт-дәстүріміз, яғни ұлттық кодымыз қайта қалпына келіп, рухани жаңғырудың сара жолына түсуге мүмкіндік туады.

Енді отырықшы өмір қалай келді және ол адамзатқа не берді деген мәселеге келейік.

Отырықшы өмір салты. Ғылыми деректер бойынша дәнді дақылдарды егуді адам отырықшылыққа көшкен соң 1-3 мың жылдан кейін ғана үйренген, ал малдарды қолға үйрету одан да кейін болған. Көптеген палеоантропологтар отырықшылар шектеулі жерде қоныстанғандықтан бастапқы кездерде өмір өте нашар болды, тамақ жетіспеді деп есептейді және өмірлері де қысқа болған. Осылай олар отырықшылық көшпелі өмірге қарағанда адам өмірі үшін тиімсіз болғанын дәлелдейді.

Отырықшы өмір салты мен жабайы аңдарды қолға үйрету адамның өмірін ғана емес, оның дүниетанымын да, яғни кодын да өзгертті. Жер барлығына ортақ тегін емес, енді ол егін егетін бір, не болмаса топ адамның меншігіне айналды. Осылай жерге бұрын болмаған жеке меншік пайда болды. Баспана, адамдардың жерленуі, егін егу әрекеті адамды жерге байлады. Жеке меншік сезімі күшейіп адам енді қоршаған ортаға бейімделуден, керісінше, оны өзіне бейімдеуге ұмтылды. Жер бетінде адамдар саны күрт көбейе бастады. Осылай адамның көңілі бұрынғыдай қоршаған табиғатқа емес, өзінің күнделікті тіршілігіне ауысты. Олар террастар, каналдар мен су тасқынынан қорғандар салып қоршаған ортаға әсерін ұлғайтып, оны өзгеріске түсіре бастады. Сонан соң алғашқы қалалар, алғашқы мемлекеттер пайда болып, адамдардың бір-бірін қанауы, жоюы, патшалар мен саясаткерлердің дінді бұрмалап жеке қарабас қамына пайдалануы тәрізді бүгінгі күнге дейін созылып келе жатқан көріністер өріс алды. Осылай әлемнің бүгінгі жағдайы адамның сол кезден бастап көшпенді өмірден отырықшы өмір салтына ауысу салдарынан екенін көреміз.

Отырықшы адам егін егіп оның өнімін алу үшін, оның өзі жер тырмалап жұмыс істеуі керек. Егін өнімі оның өзінің еңбегіне байланысты. Сондықтан ол өзіне ғана сенеді. Қалай жұмыс жасаса – солай еңбегі өнеді. Енді оның табынатыны табиғат емес, адамның өзі болды. Енді адамға барынша жақсы жағдай жасау керек болды. Сол үшін қолдан көптеген жаңа материалдар, технология, құралдар жасала бастады. Осылай бүгінгі күндердегі техникалық өркениет өріс алды. Ал оның нәтижесі – жер бетіндегі ауаның температурасы жоғарылап Мұзды мұхиттың мұздарының еруі, табиғат апаттарының көбеюі, ауа райының өзгеруі тәрізді құбылыстар. Осының барлығы жүздеген мың жылдарға созылған адамзат тарихындағы отырықшылық өмір тудырған небәрі 400-500 жыл қамтитын техникалық өркениет жемісі.

Жоғарғы Жаратушының бір көрінісі – табиғат. Табиғаттан бөлінген адам енді Жоғарғы Жаратушыны да ұмыта бастады. Осылай енді өзіне ғана сенетін қоғамда Құдайды жоққа шығаратын атеизм күшейді. Атеизмнің күшейген кезі техникалық өркениеттің тез қарқынмен дами бастаған ХІХ ғасыр еді. Осылай «адам маймылдан жаратылған» дейтін дарвинизм тәрізді атеистік ағымдар пайда болды. Адам көшпенді дәуірде өмір көріністерін жүрек арқылы қабылдаса, енді отырықшылыққа ауысқан соң мимен қабылдай бастады. Оның өмірін бұрынғыдай жүрек емес, енді ақыл басқарды. Ақыл болмыстың тек қана сыртқы сымбатын қабылдай алады. Сондықтан, енді адамның көңілі өмірдің сыры емес, оның сымбатына ауды. Өмір құбылыстарының ішкі мәнін түсінбей, оның сыртқы көрінісіне үңіліп, әр нәрсенің сырына емес, оның сымбатына құштарлану адамды ішкі рухани байлықтан айырды. Осылай қазіргі техникалық өркениет өріс алып, адамның жүрегі тастай қатты, ал адам өзі жасап шығарған құрылымдарының бөлігіне айналды. Алыс-беріс дәстүрі бұзылып, оның орнын талас-тартыс басты. Адамдар адамгершілік қасиеттерінен айырылып, жансыз механизмге ұқсай бастады. Жоғарғы Жаратушыны ұмытып әлемнің үздіксіз үйлесімді өмірінен алшақтаған адамның ішкі дүниесі тоған суындай лайланып, бүліне бастады. Отырықшы өмірге өтудің салдары, міне, осындай.

Осы қысқаша шолудың өзінен отырықшылық – адамгершілік қасиеттерді қорлау болса, ал көшпенділік еркіндік пен жетілу кепілі екенін көруге болады

Ал енді қазіргі қазақтың жағдайына келетін болсақ, оның да көптеген өзгерістері отырықшылыққа ауысудан екенін көреміз. Біз отырықшылыққа өте қысқа мерзімде (мөлшермен 1920-1930 жж. арасында) өтіп, бүгінгі күнге дейін өмір сүріп жатырмыз. Яғни, отырықшы өмірімізге әлі 100 жыл да толған жоқ. Осы қысқа мерзімнің өзінде қазақтың ұлттық коды көп өзгеріске түсті.

Адамның мінездері күрт нашарлады. Бүгінгі қазақтың «ер мінезді» болудан қалып, «қой мінезді» атанып өзінің ежелгі қайрат-жігерінен айырылды. Елдегі өріс алған коррупция, парақоршылық, қағазбастылық сияқты келеңсіздіктен қоғамның құлдырауы, міне, соның салдары деуге болады. Егер қазақ бұрын да «қой мінезді» болса, онда Шыңғысхан тұқымдарымен бірігіп Евразияның басым жерін жаулап алуы мүмкін болар ма еді!? Ол кезде қазақ «нағыз жігіт», басқа сөзбен айтқанда «жауанмәрт» болған.

Әрине, бұл айтылғандардың барлығы «Бұрынғы ұлттық кодты қалпына келтіру үшін қайтадан көшпенді өмірге көшу керек» дегенді білдірмейді. Ол мүмкін емес. Заман өзгерді. Уақыт артқа жылжымайды. Жаңа өмірге бейімделе білу керек. Ендігі мақсат – өзіміздің өткен тарихымызға үңіліп, бүгінгі өмір талабына сәйкес өзгерген ұлттық кодымызды қайта қалпына келтіру. Бұл үшін әрбір азаматтың үлкен талабы, қажыр-қайраты керек екені белгілі.

Рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды қалпына келтіре алсақ, сонда ғана Мәңгілік Ел болуға мүмкіндік тумақ.

Дәйек көздері:

1. Д. Омаров, Е. Иманбаев. Сопы Мүсірәлі (қазақ халқының алғашқы бас пірі). – Шымкент, 2016. – 100 б.

2. Зубов А.Б. История религии. Доисторические и внеисторические религии. М. 2012. – 350 с.

3. Омаров Д. Единая основа мировых религий. Астана. 2014. – 352 с.



4. Омаров Д. Шәкәрімнің «Үш анығы» (ұлы ойшылдың «Үш анық» шығармасына түсініктемелер). Дүниетаным. – Алматы, 2008. – 224 бет.

http://emirsaba.org

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет