Шаруашылығы мен мәдениеті
Қазақ хандығы – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан феодалдық мемлекет болды.
Оның көшпелі және жартылай көшпелі далалық өңірінде патриархалдық – феодалдық қатынас басым болды, ал отырықшы, егінші аймақтарда феодалдық қатынас қалыптасты. Қазақ хандығында облыстық басқару жүйесі емес, ұлттық (ру-рулар бойынша) басқару жүйесі қолданылды. Басқару жүйесінде ру-тайпалық тәртіп сақталып отырды. Туыстығы жақын он шақты түтін бір ауыл, ал жеті атадан тараған бірнеше ауыл бір ата (аймақ) болды. 13-15 атадан қосылатын аймақтар бір ру болды. Осы рулардан тайпа құралды. Қазақ қауымы үш жүзге бөлінді. Ол қазақ хандығына бағынды. Хан – қазақ хандығының азаматтық, әскери, әкімшілік және сот құқын қолына ұстады.
Жүздерді кіші хандар, ұлыстарды сұлтандар, тайпаларды билер, руларды ру басылары, аймақтарды (аталар) ақсақалдар, ауылдарды ауыл ағалары басқарды. Бұл жеті сатылы басқару жүйесі көшпелі екінші қазақ қоғамында тым ертеден келе жатқан тәртіп болатын.
Мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар далалық өңірлерде қой, жылқы, түйе және сиыр өсірді. Мал – жылдың төрт маусымында табиғи жайылымдарда бағылды. Талай ғасырлық тәжірибеден туған шаруашылық басқару тәсілі жайылымдарды маусымға қарай пайдалану тәртібін қалыптастырды.
Бұл: жаздағы жайлау, қыстағы қыстау, көктемдегі көктеу, күздегі күзеу.[5]
Көшіп-қону өрісі түрліше болды, малы көп, әсіресе түйесі мен жылқысы бай малшылар алысқа көше алды (кіші және орта жүз жерінде жылына 700-1000 шақырым артық жерге көшіп отырды), 200-300 шақырым жерде әр түрлі жайылым жерлер кездесіп отыратын Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда көшіп-қону әлдеқайда шағын болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Басқа рулар қол сұға алмады. Малдың дені қой мен жылқы болды. Қазақтар көбінесе еті семіз, қылшық жүнді, құйрықты қойлар өсірді. Қой еті негізгі тамақ болды. Қойдың сүтінен құрт, ірімшік, сүзбе, айран, сары май алды. Қой ең бағалы шикізат – жүн, тері, елтірі өнімдерін берді.
Оңтүстік Қазақстан өңірі ертеден бері егіншілік мәдениетінің бесігі болған орын. Қазақ хандығы тұсында бұл аймақтардың дәстүрлі егін шаруашылығы үздіксіз өркендеп отырды.
Сырдария Арыс, Шу, Талас өзендерінің алқабында суармалы егін шаруашылығы жақсы жолға қойылды. Өзен суларын тартып жер суландыратын каналдар мен арықтар болды. Қазақ егіншілері арпа, бидай, жүгері екті. Егіншілік саймандары тесе, кетпен, қарапайым соқа, тіс ағаш, тырма, қол орақ болды.
Үй кәсібі мен қолөнер дамыды. Өрмек тоқу, тері илеу өнері, қойдың жүнінен шидем, түйенің жүнінен шекпен тоқылды. Ұсақ мал терілерінен тон-шалбар, жарғақ киім жасалды. Ірі қара терілерін илеп, кебіс-мәсі, саптамалар тігілді. Торсық, саба істелді. Киіз басу, текемет, сырмақ жасауға қой жүнін пайдаланды. Мүйізден қасық, түйме, шақша жасады.
Едәуір кең тараған қолөнер ұсталық еді, олар темірден тесе, күрек, балта, шот, орақ, пышақ, қырғыш, таға т.б. жасады. Өндіріс саймандарынан басқа соғыс қару-жарақтарын: қанжар, қылыш, семсер, айбалта, найза, жебе, сүңгілер соқты. Алтын-күміс сияқты асыл металлдардан әшекейлі бұйымдар: білезік, жүзік, сырға, кемер белбеу, ер-тұрман саймандарын жасайтын шеберлер – зергер деп аталды.
Орман тоғайлы жерлерді мекен еткен қазақтар ішінде ағашшылық қолөнері өріс алды.
Қазақтар көктемде 22-наурызлы күн мен түннің теңелетін кезеңін «наурыз тойы» –деп атап өтуді әдетке айналдырған.
XV-XVII ғасырларда қазақтар арасында ислам діні тарады. Алайда, ислам діні еңбекші халық арасында терең тамыр жойған жоқ. Оған себеп дүркін-дүркін жүргізіліп отырған қақтығыстар, соғыстар т.б. Сондықтан халықтың бір бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.
XVI-XVII ғасырларда ауыз әдебиеті кең өріс алды. Ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын жасаған, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған халық арасынан шыққан дарынды-ақындар, сал, серілер, жыраулар еді.
Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVI ғ.), Жиембет (XVII), т.б. жыраулар. Қазақтың батырлар жыры мысалы: Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып келе жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік – тұрмыстық дастандары да (Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз-Жібек т.б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.
Халық арасында ана тіліндегі жазба әдебиет діни және тарихи мазмұндағы кітап түрінде тарады.
“Тарихи-и Рашиди” – Орта Азия мен Қазақстанның XIV ғ. II-жартысынан XVI ғ. басына дейінгі тарихы баяндалған шығарма. Бұл шығарма 1541-1546 жылдары жазылған. Оның қолжазбасы екі дәптерден құралған. Бірінші дәптерде Шағатай әулетінің тарихы баяндалады, екіншісінде XV-XVI ғ. Шынжаң өлкесінде, Орталық Азияда, Үндістан мен Ауғанстанда өткен тарихи оқиғалар баяндалады. Онда қазақ тарихына қатысты құнды деректер бар. XV ғасырырдың ортасында батыс Жетісуда қазақ хандығының құрылуы, қазақ-қырғыз, өзбек халықтарының қатынасы. Шығыс Қазақстанның қоғамдық шаруашылық жағдайы берілген.
Ол еңбекті жазған Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) тарихшы, әдебиетші. Ол араб, парсы тілдерін жетік білген. Хан сарайында сақталған құжаттарды пайдаланған.
“Жамих ат-тауарих” (Жылнамалар жинағы) – ерте кездегі қазақ тілінде жазылған тарихи шығарма. Онда: ерте кезден бері қазақ даласын мекендеген қаңлы, жалайыр, қыпшақ, найман, керей, қоңырат, алшын, т.б. тайпаларының шежіресі беріледі.
XI ғ. Орта Азия мен Қазақстан территориясында өмір сүрген қарахандар әулетінің, оғыз-қыпшақ тайпалар одағының дәуірінен бастап 1600 жылға дейінгі тарихы баяндалады.
Әсіресе XIII ғ. мен XVI ғ. арасындағы қазақ жерінде болған ірі тарихи оқиғалар баяндалады.
Қазақ қоныстанған жерлердің жағдайы, ондағы қалалар, қазақ хандығы мен хандардың өмірбаяны, қазақ хандығының заңды ережелері жайында деректер берілген.
“Жамих ат-тауарих” кітабыныің жазушысы Қадырғали Қосынұлы Жалайыр (1530-1605) Сырдария бойын мекендеген жалайыр тайпасынан шыққан, сол себептен “Жалайыр” аталған.
Ол қазақ хандығының орда-сарайында ханның ақылшысы және ханзадалардың тәрбиешісі болып қызмет істеген. Бұл еңбек алғаш рет 1854 ж. Қазанда жарық көрген
Дереккөздер
1.https://kk.wikipedia.org/wiki/16-17_%D2%93%D0%B0%D1%81%D1%8B%D1%80%D0%BB%D0%B0%D1%80%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B_%D2%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D2%9B_%D1%85%D0%B0%D0%BD%D0%B4%D1%8B%D2%93%D1%8B
2. https://e-history.kz/kz/history-of-kazakhstan/show/8619/
3. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы, 4-бөлім
Достарыңызбен бөлісу: |