Патологиялық анатомиясы. Қатты тіндердің некроздануына беткейлік деминералдану ошақтарының пайда болуы тән. Поляризациялаушы микроскоппен шлифтерді тексерген кезде ақ дақ ошағында кіреукенің сыртқы қабаты сақталған, астыңғы қабатында өзгерістер байқалады. Ретциус жолақтары ашық көрінеді, орталық қараңғы белдеу жиектерінде байқалған жарық аймақтар бастапқы тісжегі кезіндегі өзгерістерге ұқсас болады. Сондықтан кіреукенің некроздануын өте қарқынды дамитын тісжегіге тән үрдіс деп те ұйғаруға болады.