Тістің сынығы. Тіс сауыт және түбір деңгейлерінде сынуы мүмкін. Тіс сауыты әртүрлі деңгейде сынған кезде науқас тісінің әртүрлі тітіркендіргіштерден ауыратынына шағымданады. Қарап тексергенде тіс сауытының сыну нәтижесінде ақауланғанын көреміз. Бұл жағдайда тіс ұлпасы ашылмаса, композиттік материалдардың көмегімен тісті қайта қалпына келтіреді. Пломбының тұруына жағдай болмаса, ұлпамаңдық (парапульпарлық) штифтердің көмегімен тіс сауытын қалпына келтіреді. Ол үшін уақытша жансыздандырғаннан кейін сынық алаңында тіс қуысына қатар (параллельді) бір немесе екі (тіс сауытының диаметріне байланысты) жасанды өзек жасап, анкерлі штифтер отырғызады да тістің пішінін қалпына келтіреді.
Жарақаттан сынған тістің ұлпасы ашылса, міндетті түрде уақытша жансыздандырғаннан кейін ұлпаны алып тастап, түбір өзегін пломбылайды. Сынған тіс сауытын қалпына келтіру тиімді әдістермен (анкерлік штифтерді қолдану, штифті тістер дайындау, жасанды сауыт кигізу) жүзеге асырылады.
Тіс мойын деңгейінде сынған болса, қалған түбір өзегінен ұлпасын алған соң әртүрлі мақсатта пайдаланады: анкерлі штифт қойып, тіс сауытын композиттердің көмегімен қалпына келтіреді немесе өзекті тістер дайындау арқылы. Ол үшін түбір өзегінің түбір ұшы бөлігін (өзектің 1\3 – 1\4) ғана пломбылайды, қалған бөлігі штифтер орнату үшін пайдаланылады.
Түбірдің сынуы көлденең, ұзынынан, қиғаш және көпсынықты (оскольчатый перелом) болады (сурет). Ең ыңғайсыз болып келетіні – ұзынынан, қиғаш және көпсынықты сыну. Бұл кезде түбірді тіреу ретінде пайдалануға мүмкіндік болмайды.
Көлденең сыну кезінде сынық деңгейін анықтаудың үлкен маңызы бар. Егер сынық тіс түбір ұзындығының мойынына жақын 1\3-1\4 деңгейінде немесе ортасында болса, тістің электрқозғыштығын анықтайды. Егер электрқозғыштық көрсеткіші қалыпты жағдайда немесе аздап төмендеген болса (20-30 мка), тіске тыныштық жағдай жасайды, қажет болса шендейді және бақылауда ұстайды. Ұлпасы тірі тіс түбірінің сынығы өз бетімен бітеді. Егер ұлпа қозғыштығының көрсеткіші 100 мка жоғары болса, тісті шендегеннен кейін (аздаған қозғалмалылығы болса) ұлпасын алып тастап, сынықтарды түбір өзегін металдан жасалған арнаулы штифтермен пломбылау арқылы біріктіреді. Ол үшін кламмер сымын да (кламмерная проволока) пайдалануға болады. Ұлпасы тірі тіс түбірінің сынықтары ұлпаның екіншілік дентин құруы, периодонт жағынан цемент құрылуы нәтижесінде бітеді. Ұлпасы алынған тісте тек периодонт жағынан цемент құрылуы нәтижесінде бітеді. Сынық деңгейі түбір ұшына жақын орналасса, ұлпасы зардап шекпеген жағдайда тіске шайнау күшін түсірмей, орнында қалдырады және біраз уақытқа дейін бақылауда ұстайды. Ұлпасы өліеттенген тістің сауытын трепанациялап, ұлпасын ыдырамай тұрып алып тастайды және қатты немесе жұмсақ материалдармен пломбылайды. Мүмкіндік болса, түбір ұшы сынығын а болмаса, түбір ұшы сынығын орнында қалдыруға да болады.
Достарыңызбен бөлісу: |