«Қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқарады!»
– Өмірбаяныңыз туралы жазылған деректерге қарасақ, көп бастықтармен сыйыспай, қызметпен қош айтысып, кетіп қала беріпсіз? Неге?
– Мемлекет мүддесін жүзеге асыруда принципсіздік көрсететін, қарамағындағы адамдардың дұрыс ісін қорғай алмайтын бастықтың қарауында жұмыс істегенше қаңғып кетуді артық көремін.
– Сонда бастық қандай болу керек? Басшының бойынан қандай сипатты көргіңіз келеді?
– Жақсы бастық – жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені, ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді. Ойсыз бастық оқып келген маманды надан етеді. Ал менің қолымнан келетіні ұқыптылық, ыждағаттылық қана. Тапсырылған істі тапжылтпай орындау ғана. Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі деп түйдім сонда.
Ауылда сынықты сипап отырып орнына түсіретін сынықшылар болады. Сол сияқты ақылды командирлер де ақырмай-ақ сені ырқына көндіріп, түзетіп алады. Түзетпесе сол қисық күйінде кәдеге жаратады. Өйткені, олар қылыш қайқы болса да өз қызметін түзу атқаратынын біледі.
– Сіз соғыста өз жауынгерлеріңізге бұйрық бергенде қандай әдісті қолдандыңыз?
– Командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені, жауынгер командирден бұйрық қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек.
– Адам жігерін жану жауынгерді қаншалықты батыр етеді?
– Атақты Холм жорығында, бір деревняда алдынан танк шыға келгенде тайсақтап кейін шегінген жауынгерге: «Анаңнан ұл боп туғаның рас болса, ана танкті құртқын!» деп бұйрық бергенім есімде. Содан кейін ол жігіт қайта ілгері ұмтылып, танкті құртты.
Мінеки, сөз шындығының күші деген осы. Мен оның анасын айтқанда алғашында қаймығып қалған жауынгер жігерленіп кетті. Сөйтті де танкті құртты. Бұйрығыңды айтып, оның үстіне жаңағыдай жанды жанитын жігерлі сөздерді қоссаң, жауынгерге сол жетеді.
Бұйрықты орындауға кетіп бара жатқан ол сенің қайратты сөзің есіне түскенде, күліп те алады. Ал күлкі кісіге қайрат береді. Жауға қарсы жылап жылжыған солдат жыраққа жете алмайды. Күліп ілгерілеген солдат қана игілікті іс тындырады. «Күліп» дегеннің солдаттың жынданған кісіше өз-өзінен қарқылдап күлуі емес, бұйрықты орындауға іштей жігерленіп, қайраттанып баруы деген сөз екені түсінікті ғой саған?
– Түсінікті! Ендеше, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның сарбазына қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Офицер психолог, адам жанын сезгіш болуы қажет. Идеялық жағынан суаатты, жан-жақты білімді болу – әрине, оның өз борышы. Шен алу мен шекпен жаңарту жағын ең алдымен ойламай, өзінің әскери және саяси салада өсуі үшін күш салуы керек. Ал шен мен лауазым офицердің жеке іскерлігіне берілген әділ баға есебінде өзінен-өзі келеді.
Өзінің қолындағы техниканы, дастарқан үстіндегі қасықты жұмсағанындай, жақсы игеріп, жұмсай алатын саналы, намыскер, инициативты, белсенді жауынгер – міне, нағыз жауынгер тұлғасы осы.
– Сіз өз бойыңыздағы тағы қандай мінезді, нендей жақсы сипатты мақтаныш етесіз?
– Мінез деген басы қатты жүйрік қой, қарағым. Әр адамның мінезі – астындағы тұлпары. Соның ағынымен адамдар өмірден зымырап өтіп жатады ғой, әйтеуір.
Еркекті бұзатын екі құмарлық – арақ пен әйел болса, жас кезімде осы екеуінен де аулақ болғанымды мақтанышпен айта аламын.
– Бір сөзіңізде ерлік есептің ырқына көнбейтінін айтыпсыз? Мұның сыры неде?
– «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық – есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы.
Ерліктің негізі сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай ерлік жасаған мен емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің ешқандай есепке көнбейтіні де сондықтан!
ӨЗ ПӘТЕРІН КЕЙУАНАҒА БЕРГЕН…
Бауыржан Момышұлына: «Кімді қадірлейсіз?» – деген сауал қойылғанда: «Ардақты ананы қадірлеймін», – деп жауап бергені бар. Батыр Бауыржан атамыз бұл сөзін ісімен де дәлелдеген біз біліп-білмейтін ғибратты оқиғалар көп. Соның бірі – өзіне алған пәтерді кейуанаға бергені туралы оқиға жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» (қараңыз: 32,33-беттер) баяндалған. Оқып көрелік:
«Бауыржан бұрын Дзержинский көшесінде, шағындау пәтерде тұрса керек. Қалалық советтен кеңірек пәтер сұрайды. Бір күні оған қалалық советтің қызметкері телефон соғып, сіздің өтінішіңіз орындалды, келіп кең пәтердің ордерін алыңыз дейді. Пәтерімді көрейін деп жаңа үйге барса, есік алдында мұңайып тұрған қартаң орыс әйеліне кездеседі.
– Неге мұңайып тұрсыз, шешей? – дейді ойында ештеңе жоқ Бауыржан әйелдің қасына тоқтап.
Әйел қалалық советтің осыдан екі бөлмелі пәтер бермек боп уәде етіп келгенін, бірақ дәл ордер берерде ол уәделерінен тайып қалғандығын айтады.
– Маған деген үйді бір үш бөлмелік пәтермен біріктіріп, бір полковникке беріпті. Қайтейін, менің де балам соғыста өліп еді. Әрине, ол солдат еді, – дейді.
Мұны естігенде Бауыржанның барлық түгі сыртына теуіп шыға келеді. Жирен мұрты едірейіп, электр сымының біріне бірін жақындатқан екі ұшындай болып, шытыр-шытыр ете қалады.
Мұңаймаңыз, шеше, қазір ордер беретін жерге барыңыз – пәтеріңіз өзіңізге тиеді, – дейді де Бауыржан мініп келген машинасына отырып алып, қайтадан қалалық советке тартады.
– Мен маған біреуге берілген пәтерлерді бер деген жоқпын, – дейді ол бағана қолына ордер ұстатқан қызметкерге келіп. – Мына ордерді жыртыңыз да, пәтерде бұрын уәде етілген адамдарға беріңіз!
Осылай деп ол қолындағы ордерді қайтарып береді. Қалалық совет қызметкері қалбалақтап:
– Ол адамдарға пәтер кейінірек беруге ұйғарылған еді. Сіз пәтер сұраған соң сол екеуін қосып, сізге қамқорлық жасайық деген едік…
– Молчать! – дейді Бауыржан көзі ежірейіп, мұрты одан сайын тікірейе түсіп. – Маған мұндай қамқорлықтың керегі жоқ. Жиырма минуттан кейін маған телефон соғып, бұл пәтердің бұрынғы иелеріне берілгендігін хабарлаңыз. Понятно вам?!
– Түсінікті, түсінікті, жолдас Момышұлы. Тек сіздің берген пәтерден неге бас тартып тұрғаныңыз түсініксіз.
– Ол солдаттың анасы ғой!.. Енді ұғынықты ма сізге?
Қызметкер басын изейді. Расында да ол бірсыпыра уақыттан кейін Бауыржанның үйіне телефон соғып, жаңа пәтердің бұрынғы иелеріне ордер жазылып бергенін хабарлайды.
– Ордер алғанда олардың қуанышында шек болған жоқ, – дейді қызметкер. – Әсіресе қарт ана қатты қуанды. Сіздің Бауыржан Момышұлы екеніңізді білгенде… ол жылап жіберді…» деді.
Содан бірсыпыра уақыт өткеннен кейін Бауыржанға Фурманов көшесінен басқа пәтер берілген екен…»
Алла Тағала өзгеге мейірім көрсеткен пендесін Өз мейіріміне бөлейді дегені осы.
Достарыңызбен бөлісу: |