1.3 Ғылыми танымның құрылымы Ғылымды - эмпирикалық тексеру немесе математикалық дәлелдемелерге негізделген дүние танымның ерекше рационалды әдісі деп таниды.
А.А.Горелов, аңызға айналған Ньютон ашқан бүкіл әлемдік тартылыс заңның ашылуың мысал ете отырып ғылыми танымның құрылымын оригиналды түрде талдап қарастырды. Осы аңыз бойынша Ньютонның басына кенеттен алма құлап, сол мезетте Ньютонның ойында бір керемет ой пайда болып, ол бүкіл әлемдік тартылыс күші туралы заңды ойлап тапты деп саналады. Бұл жерде алманың Ньютонға дейін көптеген адамдардың бастарына қанша түссе де, олардың ойларына ешқандай ойдың кірмегендігі қарастырылмағандығын көрсеткен дұрыс.
Сонымен эмпирикалық факт – яғни алманың түсу оқиғасын қарастырайық. Бұл жерде көрсетілген оқиға ғылыми зерттеудің бастапқы нүктесі болып ғылыми фактіге айналды. Шынымен де алмалар үнемі құлап тұрады ма жоқ па деген сұраққа келесі алманың құлауын күтуге де болады. Біздің бұл әрекетімізді зерттеудің әдісі немесе тәсілі деп қарастыруға болады. Бұл тәсіл бақылау деп аталып, жаратылыстанудың кейбір салаларында ол зерттеудің жалғыз эмпирикалық әдісі болып табылады. Мысалы, астрономияда.
Алайда алманың өздігінен құлауын күтудің ешқандай да қажеттілігі жоқ. Оның орнына алма ағашын сілкіп, яғни тәжірибе жүргізіп зерттеу объектісінің реакциясын бақылауға болады. Тәжірибе жүргізу барысында біз табиғатқа сұрақ қойып, одан бізге түсінікті жауап күтеміз. Ғылыми эксперименттің ерекшеліктерінің бірі – оны зерттеуші кез келген уақытта жүргізе алады.
Алма ағашын сілкілеп көру сияқты қарапайым тәжірибенің нәтижесінде біз барлық алмалардың бірдей екендігін байқаймыз. Бірақ физикалық заңдылықты ашу үшін тек алмалар ғана жеткіліксіз. Ол үшін бізге басқа да денелерді қарастыру қажет және олардың неғұрлым бір – біріне ұқсамауы соғұрлым тәжірибе үшін пайдалы.
Байқап қарасақ, барлық денелер оларға белгісіз бір күш әсер ететіндей Жерге құлайды екен. Бірақ Жерге барлық денелер құламайды. Мысалға Ай, Күн және басқа да Жерден алыс аса ірі және салмағы үлкен аспан денелеріне қатысты жағдай мүлдем басқаша. Яғни біз бұл жерде әртүрлі денелердің бір-бірінен ерекшеліктерін анық байқаймыз, бұл әрине ойланатын жағдай. Сыртынан қарағанда мүлдем бөлек көрінетін денелердің өзара ортақ белгілері бар ма? Әртүрліліктерінен ұқсастық табу – бұл ғылыми зерттеудің міндетті кезеңі. Бірақ барлық денелермен эксперимент жүргізу мүмкін емес.
Денелердің айырмашылықтарындағы аналогияларды іздестіріп табу- ғылыми зерттеулердің ең қажетті кезеңі. Барлық денелерге дерлік тәжірибе жүргізуге болмайды.
Егер де біз, бәрібір де тәжірибе қажет деп табатын болсақ, оны модельдермен, яғни мөлшері мен массасы дененің өзімен салыстырғанда пропорционалды түрде бірнеше есе кішірейтілген денелермен жүргізуге болады. Модельді эксперименттің қорытындысын кәдімгі қалпындағы денелер үшін пропорционалды түрде қолдануға болады.
Модельді эксперименттен де басқа, яғни ойша тәжірибе жүргізуге де болады. Ол үшін, шынында жоқ денелерді ойша елестетіп, оларға ойша тәжірибе жасау қажет.
Бұдан соң эмпирикалық зерттеулердің қорытындысын жазу, яғни зерттеу қорытындыларын қағаз бетіне түсіру қажет. Бірақ қорытындыларды жазу, зерттеудің нәтижелерін жалпылап, түсініктер мен терминдердің мәнін қолда бар теориялық білімнің негізінде түсіндіру қажет.
Түсініктер қалыптастыру - зерттеудің келесі теориялық деңгейіне жатады, бұл деңгей эмпирикалық емес, теориялық болып табылады. Ғылымда түсініктер мен терминдер ерекше рольге ие. Терминді түсіндіру (басқа сөзбен айтқанда түсінікті анықтау)- қарастырылып отырған заттың мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді. Ғылыми терминдер мен белгілер – бұлар толық қолданылса өте көп орын алатын, сол себепті шартты түрде қысқартылған түсініктер.
Ғылыми ережелердің фальсификациялануы қағидасы, яғни олардың тәжірибеде тексеріліп және жоққа шығарылуы, ғылымда қарсылықсыз қабылданып отырған жағдай.
Танымның бір саласына қатысты бірнеше заңның жиынтығы теория деп аталады. Тәжірибеде дәлелденген теория осы мәселе жөніндегі белгілі эмпирикалық фактілерді ескі теорияға қарағанда жоғарырақ деңгейде түсіндіретін жаңа теория шыққанға дейін, сондай – ақ осы теорияны жоққа шығаратын жаңа эмпирикалық фактілер пайда болғанға дейін дәлелі болып есептеледі.
Ғылыми танымның құрылымдық схемасын төмендегіше беруге болады: эмпирикалық факт ғылыми факт бақылау реалды тәжірибе модельдік тәжірибе ойша тәжірибе зерттеулер қорытындысын эмпирикалық деңгейде бекіту эмпирикалық жалпылау қолда бар теориялық білімді қолдану гипотеза құру оны тәжірибе арқылы тексеру жаңа түсініктерді қалыптастыру терминдер мен белгілерді енгізу олардың мәнін анықтау заң шығару теория ойлап шығару оны тәжірибеде тексеру қажет болған жағдайда қосымша гипотезалар жасау.
Сонымен біз ғылымның – бақылау, тәжірибе, гипотеза, теория және аргументтерден құралатындығын анықтадық. Өз кезегінде ғылымның мазмұнын қарастыратын болсақ, бұл – бақылау және тәжірибемен дәлелденген эмпирикалық жалпылаулар және теориялар жиынтығы. Сондай ақ, бұл жерде теория мен аргументтерді ойлап шығарудың шығармашылық процесінің тәжірибе мен бақылаудан кем рөл атқармайтындығын көрсету керек.
Жоғарыда айтылғанның нәтижесінде ғылыми зерттеудің құрылымы өте күрделі деген қорытындыға келеміз. Ғылымда қүдіретті күштің көмегімен ешқандай құбылыс жүзеге аспайды, осыған сәйкес Ньютонның басына алма құлауы мен оның бүкіл әлемдік тартылыс заңын ашуының арасында аса үлкен ара қашықтық бар. Бұл қашықтықты тек табиғатта орын алып жатқан құбылыстарды ұзақ уақыт бойы бақылау, тәжірибе жүргізу, болып жатқан процестерге байланысты ой қорыту, жаңа түсініктерді ойлап табу және т.б әрекеттерді жүзеге асыру арқылы ғана игеруге болады. Бірақ ғалым күрделі ойларға шомып, ұқсас процестерді салыстырып отырғанда оның басына алманың құлауы, ғылыми жаңалықтың аяқ асты пайда болуына ықпал етуі де мүмкін.