Этнопедагогика – халықтық тәлім-тәрбиені, оның тәжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы.
Г.Волков, К.Кожахметовалардың басқаруымен жарық көрген «Қазақстан халқының этнопедагогикасы» авторлар ұжымы еңбегінде «Біз этнопедагогиканы педагогикалық ғылымдардың құрамдас бөлігі ретінде қарастырамыз. Ол этнография, этнофилософия, этникалық мәдениет және этнопсихология ғылымдарының тоғысында қалыптасқан педагогика ғылымының бір саласы. Этнопедагогиканың зерттеу пәні отбасі өмірінде және білім беру мекемелеріндегі ұздіксіз іске асатын этникалық сананы, ұлттың психикалық ерекшелігін, мәдениеті, тілі мен дәстүріндегі өзіндік ерекшеліктерді есепке алу деп түсіндіреді. Демек, қазақ этнопедагогикасы ғылым саласында қазақ этносының тарихи даму сатысында оның наным-сенім, мәдениет, тілі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі әсерінен қалыптасқан, қазақтың этникалық тәрбие ерекшеліктерін зерттеу деп түсінуіміз керек екен.
Осындай байланыс тұрғысында білім беру үрдісі күрделі тарихи және этнопедагогикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Ол тарихи, әлеуметтік, психологиялық, этномәдениеттік құбылыстар бірлігі, оқушы тұлғасынан қалыптасуы өз этносы және өзіндік ұлттық ерекшеліктері негізінде әлемді қабылдауы болып табылады.
Ең бастысы, халық педагогикасы ғылыми педагогиканың ережелерімен заңдылықтарының қалыптасуына бастау бұлақ болған. Демек, қай ғылымның болсын, логикалық құрылымымен бірге тұрақты ғылыми терминдері бар. Олар – шәкірт, ұстаз, оқыту, тәрбие беру, өзін-өзі тәрбиелеу, үлгі-өнеге көрсету, ақыл-өсиет айту, әдеттендіру, жаттықтыру және т.б. ал тәрбие түрлеріне мыналар кіреді: дене, еңбек, экономикалық, ақыл-ой, әсемдік, экологиялық, адамгершілік, ерлікке ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұл және қыз тәрбиесі.
Профессор С.Қалиев қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда зерттеп анықтауды П.Плеханов ұсынған төмендегідей әдіснамалық қағидаларды басшылыққа алған жөн деп есептейді. Олар мына төмендегілер:
Идеялардың (ой-пікірлердің) жалпы қоғамның әлеуметтік даму үрдісіне тәуелді екендігін анықтау;
Ғылымның, әлеуметтік психологияның, әдебиеттің, өнердің даму тарихын қоғамның даму үрдісімен ұштастыра қарастыру;
Тарихтың әр кезінде ғылымның даму барысы біркелкі болмайтынын және әр елдің саяси, экономикалық, кәсіби, мәдени психологиялық өзіндік ерекшелігінің бар екенін ескеру.