Иманжүсіптің өмірі мен шығармашылығын зерттеудің екінші кезеңі 1960 ж. кейінгі уақытты қамтиды. Батырды ату жазасына бұйырғанда оған төрт түрлі айып тағылады. Олар: банда- шайкасының басшыларының бірі, көтеріліске жан-жақты мəліметтер жинақтаған, шайқастарға қатысқан жəне банда-шайкаcқа мылтығын сатты деген айыптар. Ешқандай кінəсі дəлелденбеген ақын осы айыптар бойынша атылған. Арада жиырма тоғыз жыл өткен соң, 1960 ж. 25 ақпанда Жамбыл облыстық сотының шешімімен Иманжүсіп ақталған. Бірақ оның ісімен танысуға отыз жылдан кейін ғана рұқсат берілген. Иманжүсіптің аты-жөнін, артына қалдырған əндерін айту осы уақыттан кейін басталады.
Жұмабай Орманбаев Иманжүсіптің көзін көрген, дəмдес-тұздас болған. Қаламгердің «Жұлдыз» журналында «Бір сапарға шыққанымда» деп аталатын Иманжүсіп пен Сəкен Сейфуллиннің достық қарым-қатынасы жайында мақаласы, 1972 ж. «Тұзақталған шортан» [7] атты жинақта «Үлкен аға аузынан» деген атпен əңгімелері жарық көрді. Кейін «Бір сапарға шыққанымда» деген əңгімесі «Тұғыры биік тұлға» кітабында «Аяулы аға шылауында» деген атпен басылып шықты. Бұл əңгімелерде Иманжүсіптің көпқырлылығы, адами ізгі қасиеттері суреттеледі. Сонымен бірге Жұмабай Орманбаевтың «Дала перзенттері» атты құнды қолжазба табылды. Жанры жағынан — роман, көлемі — бес жүз бет. Романға Иманжүсіптің қилы да қиын тағдыры өзек болған. Роман баспа бетін көрмеген, болашақта жарыққа шығады.
Өнердегі Иманжүсіп бейнесі мен өмірдегі Иманжүсіп өмірін сабақтастыра бейнелеуге ден қойылған мақалалар көптеп дүниеге келді. Жалпы алғанда, бұл мақалаларда Иманжүсіптің даралық келбетін нақты талдау басшылыққа алынған. Кейіпкердің түр-пішінін, адами ізгі қасиеттері мен талантын сипаттау түрлі үлгіде беріледі. Кейде мақала авторлары Иманжүсіптің сырт кескін- келбетін, мінез ерекшеліктерін толық келтіреді, енді бір тұста оның бойындағы қасиеттерді екінші бір адамның көзімен бағалау — жазушы шеберлігінің бір қыры. Иманжүсіпке қатысты жазылған поэзиялық көркем шығармаларда батыр ерлік пен бостандықтың нышаны, жазықсыз жапа шеккен күрескер тұлға, бойындағы дарынын туған еліне бағыштаған сері ретінде сипатталып суреттелсе, мақалаларда ел перзенті, кемелденген жастағы асқақ тұлға, жүйрік ат, алғыр тазы, қыран бүркітті серік еткен адам ретінде баяндалады. Журналист Ж.Орманбаевтың «Үлкен аға аузынан», «Аяулы аға шылауында», Ə.Тəжібаевтың «Палуан аға», Ғ.Слановтың «Сезімі өрен ақын дос», Ə.Қоңыратбаевтың «Иманжүсіп» мақала, əңгіме, естеліктері Иманжүсіпке арналады [10].
Жазушы Жұмабай Орманбаевтың «Үлкен аға аузынан» жəне «Аяулы аға шылауында» атты мақалаларында сөз болған мəселе — Сəкен Сейфуллин мен Иманжүсіп Құтпанұлының достық қарым-қатынасы. Оқиға 1927 ж. болған.Республика астанасы — Қызылорда қаласына Ұлы Октябрьдің он жылдық мерекесіне Сəкенді іздеп Иманжүсіп келеді. Əңгімелердің мақсаты — рухы биік, ел жадындағы елеулі азаматтардың достығы мен сыйластығын көрсету. Иманжүсіптің түр- тұлғасы мен мінез қырлары авторлық баяндау арқылы беріледі. Осы тұста оның келбеті даралана елестейді: «Иманжүсіп зор, асқақ денелі кісі екен, сонан ғой дедім, шар тартқан нағыз тұлғасы кесек, жуантық емес сидалау, қапсағай көрінді. Қолмен қойғандай иегіне ғана біткен селдірлеу ұзынша сақалы, жебелі мұрты көк бурыл тартыпты. Жанары таймаған үлкен көзді, сəл шолақтау қыр мұрынды, ат жақты ашаң қара сұр жүзді байсалды да ойлы тəрізді. Ел аузында аңыз болып жүретін шежіре адамның алғашқы байқауда көзге түскен сырт көрінісі осы іспетті еді». Сол жылы Иманжүсіп алпыс жеті жаста екен. Бұл уақыттағы батырдың ермегі мен өмір серігі — əн, домбыра, жақсы ат, жүйрік ит, қыран құс. Осы сапарында олар жиналып, «Телкөл сапарына» шығады. «Үлкен аға аузынан» атты əңгімеде осы жайт сөз болады. Екі ағаның қасына Мұқажан, Əшірбек, Жұмабай деген жігіттер еріп шығады. Думанға толы сапар болады. Бірақ Иманжүсіп Қараөткелден кеткен соң өлеңді де өр мінезді де тастағанын айтады: «Ұмытылып еді ғой бұл қызық, көңіл шіркін тоқырап, басылып еді ғой, — деді сүртініп тұрып. — Сəкенжан, сол көңілді сен көтердің, басқа мəнде көтердің, семірдім, көңілім толды саған, шаршауды ұмыттым. Денеме тың күш, сезім кірген тəрізді. Жүрген- тұрғандай емес, мен де қуанып қалдым, — деп Сəкен де серги сөйледі». Иманжүсіп өмірінде кездескен жандардың ішінде ұнағаны да — Сəкен. «Иманжүсіпке Сəкен де ұнады. Жасым үлкен, өткендігім бар, ел-жұрт біледіні бұл қарттан естіп байқамайсыз. Көне қазақ Имекеңнің осы мінездерін Сəкен де қымбат бағалады. Бұл да өзіне тəн осы қасиеттерімен Сəкенге ұшырасқан бір ғана кексе қазақ». Осы сапардан кейінгі кездесу, той-думандарда Сəкен мен Иманжүсіп кездесіп тұрады. Иманжүсіп көп кешікпей дүние салады. «Бұдан соң да Сəкен Иманжүсіппен болған жерлерден, оны білетін адамдардан, мұрағат Имекең жөнінде көп материалдар жинаған еді. Бірақ нəсіп болмады. Сəкен Иманжүсіп жөнінде жазбақ үлкен еңбегін жарық көрсете алмай кетті». 1927 ж.
С.Сейфуллин И.Құтпанұлын Қызылорда қаласында өтетін кеңес үкіметінің он жылдық мерейтойына шақырғаны — тарихта бар оқиға.
Қалың бет, бура түсті, қара нардай, Жұп-жұмыр жуан діңгек, бойшаң нардай. Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде, Айбынды жолбарысқа болар пардай, — деп Сəкен Сейфуллин баға берген Қажымұқан «Имекеңнің қамшысын да жеген». Əңгімеде ол оқиға былай суреттеледі: «Қояндының базары қызып жатқанда бір кесір шалға тілім тиіп кетіпті. Шал маған қамшы сілтемек болғанда, мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін. Күлген жұрт зəресі ұшқан шалды үйден түсіріп алып, қайта аттандырып жіберіпті. Ызалы қарт сол бетімен Иманжүсіпке барыпты... Үйдей кері атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Содан соң тепсіңкіреп кеп қамшымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, əйтеуір аман екем. Көзім қарауытып барып əрең жығылмай құладым. Əзірейіл Имекеңнің қамшысының ұшында десетін онда жұрт. Қайда ондай ағалар, бөлек жандар еді ғой олар». Ə.Тəжібаев қаламынан туған «Палуан аға» əңгімесі сыршылдық, ойшылдығымен, оттылығымен ерекшеленсе, жазушы Ғабдол Слановтың «Сезімі өрен ақын дос» естелігі терең нəзіктігімен тəнті етеді. Қасым Аманжоловтың Иманжүсіп əндеріне жоғары баға беріп, ұйып тыңдайтыны — естелікке арқау. «Иманжүсіптің белгілі əні мен Құрманғазының «Аш бөрі» секілді сөздері ірі əнін ұйып тыңдап, ерекше бір дарқан шыққан өлең шумақтарына келгенде мəз болып, қозғалақтап күлімдеп кететін. Əсіресе Иманжүсіп пен Құрманғазының үндестігі Қасымды мейлінше риза қылатын. Иманжүсіп патшаның айдауында жүргенде:
Сарыарқаны жайлаушы ем қаздай көшіп, Сол бір күндер отыр ғой еске түсіп.
Арғынның бар қатыны ұл туса да, Барлығы бола бермес Иманжүсіп, —
депті. Осыны естіген Қасым Құрманғазының «Аш бөрі» əнінде айтылатын:
Бастан өтті жан шошыр талай майдан, Шыққан жоқ атқан серкем терең сайдан. Өзіммен ұлы дауға бір түсетін,
Ұл туар мендей жігіт қатын қайда! [12] —
деген бір сөздерін ең алғаш білгенде, ағасы базардан келген баладан артық қуанып, мəз болғанын көзіммен көргем», — дейді жазушы Ғ.Сланов.
Достарыңызбен бөлісу: |