Жамбыл 1919 жылы Жетісу халық ақындары бас қосқан слетке қатысты. 1934 жылы республикалық өнер шеберлерінің тұңғыш слетінде жыр толғап, тағы бір көзге түсті. «Замана ағымы», «Белсенділерге», «Қазақстан тойына», «Жастар алдындағы сөз» сияқты арнау, толғаулары осы тұста жырланды. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде оның дауысы бұрынғыдан да асқақ естілді. Ежелгі данышпан жырауларша Жамбыл 1930–1940 жылдар аралығында мемлекеттік мәні бар мәселелерді көтеріп, қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлайды, замана жайында толғайды. Мұндай толғауларында қарт жырау, көбінесе, ертедегі болмысты суреттеп, көне тарихқа көз жүгіртеді, өз дәуірінің асқарынан дана абыз болып замана ағымын шолады, мезгіл мен өмір туралы ойланады, соларға мінездеме береді. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнға байытып жеткізді. Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Үмбетей, Бұқар жырау сияқты Жамбылдың да қалың жұртшылық алдында мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтереді.
Ұлы Отан соғысы тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құрылған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. Оның Украинаны, Мәскеуді, Кавказды, Ленинградты (қазіргі Санкт-Петербор) қорғаушыларға арнап, солардың рухын көтере, ерлікке шақыра жыр төккені де – жыраулықтың үрдісі. Ол замана туралы толғап, дәуірге сипаттама береді, өтіп жатқан оқиға-құбылыстарға өз бағасын айтады. Осы орайда ақыннын өлеңдері мен дастандарын тізіп жаза кетуді жөн көрдім.