Отырар ауданы
Отырар ауданы – Оңтүстік Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. 1935 жылы құрылған. Жер аумағы 18,1 мың км2 (облыстың 15,4%-ын қамтиды).
Тұрғыны 55,2 мың адам (2004).
Аудандағы 43 елді мекен 11 ауылдық округке біріктірілген. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылы. Аудан жері негізінен жазық. Оның басым бөлігін Қызылқұм құмды алқабы және Сыр өзенін бойлай жатқан Шардара даласы алып жатыр. Ауданның биік жері Қарақтау жотасында (Қарамола тауы, 388 м). Ол оңтүстіктен солтүстікке қарай доғаша иіліп 50 км-ге созылып жатыр. Қызылқұмда көптеген құдықтар (Қасымбет, Дүйсебай, Дәуренбек, т.б.) мен мал жайылымына қолайлы қоныстар (Алтынжал, Үрме, т.б.), қыстаулар (Есенгелді, Босаға, Орынбай, т.б.) көп. Қарақтаудың батысын және Қызылқұмның шығысын сексеуілді тоғай көмкерген. Отырар ауданының жер қыртысы Тұран плитасының эпигерциндік құрылымынан түзілген. Оның бетін төрттік жүйенің аллювийлі шөгінділері жапқан. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған. Ауданның қысы жұмсақ, қысқа. Қантар айының жылдық орташа температурасы –3-5 С, шілдеде 27-29 С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 170 – 300 мм. Желдің басым бөлігі оңтүстіктен және оңтүстік-шығыстан соғады. Оның жылдық орташа жылдамдығы 4-6 м/с. Аудан арқылы Сырдария және оның оң саласы Арыс өзендері ағып өтеді. Солтүстігінде жазда құрғап қалатын шағын тұзды көлдер (Ұзынқұдық, Арыстанды, т.б.) мен батпақты (Шошқакөл) жерлер кездеседі. Арыс өзенінен Арыс каналы және бірнеше шағын тоғандар тартылған. Жер асты және грунт сулары 2-5 м тереңдікте (Сырдария, Арыс өзендері аңғарында), Қызылқұм өңірінде 5-8 м, кейде 8-12 м тереңдікте кездеседі. Артезиан сулары палеоген-неоген қабаттарында 30-50 м, кейде 80 м тереңдікте жатады. Ауданның топырақ жамылғысы негізінен сұр топырақты, Сыр және Арыс өзендері аңғарында шалғынды сұр, құмдауытты сұр топырақ қалыптасқан. Оларда шөлге тән баялыш, күйреуік, теріскен, көкпек, құмды өңірлерде сексеуілді тоғай, өзен аңғарларында шілікті-жиделі тоғай қалыптасқан. Құмтөбелер арасындағы грунт суы жақын жатқан жерлерде шұраттар кездеседі. Дәрілік өсімдіктерден дәрмене жусаны (Арыс өз. аңғарында) қара меңдуана, тұмаршөп өседі.
Аудан тұрғындарының негізін осы өңірдің байырғы халқы – қазақтар (99,7%) құрайды. Халық негізінен Сыр бойы және ауданның шығысындағы Арыс өзені аңғарында қоныстанған. Тұрғын халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 3,0 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Шәуілдір (8,8 мың адам), Темір (4,3), Көксарай (4,2), Арыс (3,0), Балтакөл (2,9), Маяқұм (2,6) т.б. Аудан негізінен мал шаруашылығына маманданған. 1996 жылға дейін етті-сүтті бағыттағы 8 кеңшар, 1 асыл тұқымды мал зауыты болған. Бұрынғы кеңшарлар негізінде аудандағы барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің саны 3420-ға жетті (2003). Оның ішінде заңды тұлғалар саны 487, жеке тұлғалар 2933, шаруа қожалықтары 2569, жеке кәсіпкерлер 364. Ауданда ауыл шаруашылығына жарамды жердің аумағы 1692 мың га, оның ішінде жыртылатын жер 15,8 мың га, көп жылдық ағаштар 256 га, шабындық 15,5 мың га, жайылым 16,48 мың га болды (2003). Ауданда өнеркәсіп өндірісінде 13, ауыл шаруашылығында 590, құрылыста 1, көлік және байланыс саласында 3, саудада 180 және басқа кәсіпкерлікпен айналысатын 16 шаруашылық субъектілер тіркелген (2003). Шаруашылықтың барлық санаттары бойынша 2003 жылы егіс аумағы 15,8 мың га болды; оның басым бөлігін мақта (7905 га) мен жүгері (3269 га) құрайды. Ауданда 2004 жылдың 1-қаңтарында 19,1 мың бас ірі қара, 163,5 мың қой мен ешкі, 5,4 мың жылқы, 1264 түйе болды. Халыққа білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау салалары бойынша ауданда 1 кәсіптік-техникалық мектеп, жалпы білім беретін 45 мектеп, 11 клуб, 1 мәдениет сарайы, 1 музей, 1 мектеп-интернат, 15 кітапхана, 9 аурухана, 28 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 ауылдық амбулатория болды (2003). Аудан аумағында көне қалалар мен қорған орындары көптеп кездеседі. Әйгілі “Арыстанбаб” кешені осы Отырар ауданының аумағында орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |