Орта жүзге көмегі
Райымбек батырдың тағы бір үлкен жорығы ретінде Орта жүз еліне көмекке баруын атаймыз. Қабанбай батырдан оралған шапқыншы Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынасуға мүмкіндік бермеу туралы ұсынысын әкелгеннен кейін Райымбек батыр бірден атқа мінеді. Сарытау, Үйгентасты азат етуге атсалысып, Ілені бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады. Дәл осы дерек Шыңжаңдағы Зейнолла Сәнік зерттеуінде де бар» дейді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Албанның Алжан руынан шыққан көкжал Хангелді батырдай атасынан тәлім алған Райымбектің жаужүректігі жастайынан байқалған. Жиендерінің жанарынан от байқаған Жалайыр Орақ батыр ұрпақтарынан бәсіреге жүйріктің тұқымын, қолға ұстарға шымболаттан құйылған қылыш сыйлауы содан болса керек. Әке, баба, нағашы жұрт ортасында бұлаң салған баланың бәйгіде өз атын өзі ұрандағаны жұртқа аян. Осы өр рух кейіннен жоңғарға қарсы алдаспан боп сермелді. 17 –інен Көкойнағын ойнатып, қалмаққа қырғын салған Райымбек Түкеұлы ерліктерінің арасында ерекше аталатыны қазірде Алматы-Нарынқол тасжолының 167 шақырымында тұрған Ойрантөбеде қалың қалмақты кезек жекпе-жекке шақырып, бөрі тиген қойдай дүрліктіруі.
Бадам өзені туралы естігендер көп. Бірақ, соның Райымбек батырдан жеңілген қалмақ нояны Бадам-бахадүрдің есімімен байланыстырылатынын көп адам біле бермейді. Кеген деген жер атауы да калмақ тайшысы Гегенге телінеді. Бір деректер Геген діни лауазым дейді. Райымбек батыр 1729 жылы Аңырақайдағы шайқаста Наурызбай, Өтеген, Қабанбай, Бөгенбай сынды қазақ ерлерімен үзеңгі түйістіре отырып, Сары Мыңжаның әскерін талқандаған. Ал, Итембес өзенінің бойында Шона Доба жасағы жер жастанды.
Достарыңызбен бөлісу: |