Беғазыдағы ескерткіштер тобы.
Беғазыдағы ескерткіштер тобында біртектес алты қоршау бар, көлемі жағынан бұлардың екеуі көзге түседі. Беғазы құрылыстарының негізі- кіретін дәлізі, айналма галереясы мен тіреуіш тас бағандары бар аралас тұрпатты құрылым. Барлық ескерткіштердің іргелері 0,8-1,2 метрдей тереңдікте жерге көмілген. Беғазы монументтері бір немесе екі бөлікті төрт бұрышты құрылыстардан тұрады; ал төрт бұрыштың төрт жағы әлемнің төрт жағына қарай бағдарланған, тігінен қойылған жалпақ гранит тақталармен қапталған немесе қырлы тастардан көлденең қаланған. Соңғы жағдайда қаланған тас арасы құрылымы өте тығыз ерітіндімен бекітілген. Құрылыстың көмілген бөлігінің жиегінен жоғары, жер бетінде, биіктігі бір метрдей дуал бар. Ол сыртынан тігінен қатарластырып жерге қазып орнатылған, бір-біріне тығыз қиюластырылған үлкен-үлкен гранит тақталармен түгелдеі қапталған. Беғазы ескерткіштерін салу үшін сұр түсті граниттың өте үлкен кесектері іріктеліп алыныпты; мұндай гранит құрылыстарға жақын жерден шыққан. Құрылыстың кейбір тік бұрышты тақталарының салмағы үш тоннаға дейін жетеді. Дуалдар берік әрі орнықты болуы үшін бұл тақталардың биіктігінің үштен бірі жерге көмілген, соның өзінде олардың жазық жерден биіктігі 2-2,5 метрдей.
Жақсылап қырланған, төрт бұрышты ұзын тас бағандар тік тіреулер мен қосымша тіреулер етіп орнатылған. Тігінен қойылған қаптама тақталардың түйіскен жерлері , ішкі және сыртқы қоршаулардың бұрыштарының жалғасқан жерлері солармен нығайтылған. Оның үстіне дуалдармен бірге олар бейіттік құрылыстың ауыр тас төбесін тіреп тұр. Үлкен қоршаулардағы мұндай бағандардың саны 14-ке жетеді. Құрылымы мен орнатылу мақсаты жағынан олар қола дәуіріндегі тұрғын үй құрылыстарының тіреуіш ағаш бағандарына ұқсайды.
Беғазы кешеніндегі ең ірі құрылыстардың бірі-шаршы түріндегі тақтатас қоршау; оның сыртқы орамасы 9,6х9,6м, ішкі орамасы 6х6м. Қоршаудың ішкі дуалдары қапталып 0,7 метрдей қазылып орнатылған. Дуалдың жалпы биіктігі 2,1 м, ал жер бетіндегі бөлігінің биіктігі 1,3 м. Екінші, сырттағы дуалдың да биіктігі сондай-1,3 м. Қаланған қаптамамен екі арадағы қуыс тастың сынықтарымен толтырылған, лай құйылып, әбден тығыздатылған. Осы екі метрдей дуалдың мұкият тегістелген үстіңгі беті қыш ыдыстарды және басқа заттарды қоятын сөре болған. Сынықтардың тым көптігіне қарағанда, сөреде ондаған жұқа керамикалық ыдыс тұрса керек. Құрылыстың сыртқы дуалдарын қаптаған үлкен гранит тақталар сөрені жауып тұрған. Солардың және ішкі қоршаудың төбесі еседінен үйдің бүкіл айналасы бойынша айналма галерея жасалған. Құрылыстың барлық дуалдарын төрт қырлы қатар- қатар тірек бағандар ұстап тұр. Ішкі үйдің төбесі бірнеше қатар тақтатастармен жабылған. Төбені жабу үшін қолданылған тақтатастар
мөлшері жағынан ішкі үй тіректерінің аралығына сай келеді, ал ішкі үй тас бағандар арқылы үш метрлік екі бөлікке бөлініпті. Кесененің шығыс жағындағы кіреберіс ірі, биік, «қошқар» тақтатастармен қапталған; бұл- мәжусилік бейіт тамның маңыздылығын білдіретін болған.
Беғазыдағы бай кесенелердің көңіл қоярлық бай ерекшеліктерінің бірі- діни ғұрыптық заттарды қою үшін және құрбандық шалу үшін арнайы істелген мехрап орны. Бірінші қоршауда бұл-құрылыстың астына ор қазғанда қалдырылған жер үстел немесе сөре. Ішкі үйдің батыс өабырғасына жалғастырылған керте үстелдің үстіне үш тас баған орнатылған. Олардың айналасындағы үстел бетіне май мен органикалық қылдықтар сіңген. Мұнда толық жатқан қой сүйектері түрінде құрбан шалудың және ас берудің іздері сақталыпты. Құрбан шалу үстеліне көптеген қыш ыдыс қойылған. Әр түрлі керек жарақтарда, сәндік заттар мен қару-жарақ та осында тұрған.
Шаруашылықтың көшпелі қалыпқа бейімделуімен кейінгі даму кезеңінде бәр кезде жоғары дәрежеде болған Беғазы-Дәндібай мәдениеті жаңа сатыға көшеді. Өткен замандағы күрделі бейіттік құрылыстардың орнына қоршаусыз ірі тас жәшіктерден жасалған қарапайым құрылыстар пайда болды. Бұлар Қарқаралы маңының Кент тауларындағы, Айдарлы, Бұғылы-2, құрылыс алқаптарындағы ескерткіштер. Қыш ыдыстарда өткен уақыттағы дәстүрлер әлі сақталады. Бірақ қазан сияқты, бүйірі өте шығыңқы, мойны қысқа, ернеуі сыртына қайырылған көзелер, жағалы деп аталатын, ернеуі сыртына қарай кеңейтілген, ақырында мойнына білеулеп балшық жапсырылған ыдыстар көбейе түседі.
Беғазы-Дәндібай заманының төлтума мәдениеті бар тұрғындары Қазақстан даласында ертедегі темір дәуірінде қалыптасқан жаңа этникалық мәдени құрамдардың бір компоненті болды.
Достарыңызбен бөлісу: |