Қайдасова Гүлназ Серікбайқызы
Ақтөбе қаласы
«№78 жалпы білім беретін орта
мектеп-гимназиясы» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Мақалдың мәні – мәңгілік
Мақал – сөздің мәйегі. Әр бір айтар сөзіңізге сұранып тұрған мақалды қосар
болсаңыз, сөзіңіздің әрі кіріп, мағынасы молая түсері анық. Мақал – бірнеше ғасырдан бері
өлмей келе жатқан өміршең өнегелі сөздер, ата-бабамыздың әбден ойдың елегінен өткізіп
айтқан бағалы мұрасы. Қысқаша айтқанда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Кез-келген
мәселеге байланысты шешімді мақалдан табуға болады. Демек, мақал – халқымыздың
ұлттық конститутциясы десек еш қателеспейміз.
Қазіргі білім саласында күнде бір жаңалықтың қосылып жатқаны баршаға аян. Соның
ішінде ең өзекті болып тұрғаны – үш тілде білім беру. Бұл тақырып аясында түрлі дау-
дамайдың туындағаны да жасырын емес. Қазақ тілі өзге тілдің көлеңкесінде қалып қоймай
ма деген күдікті ойдың көпшіліктің көңілін толқытып жүргенін де білеміз.
Ағылшын тілін білу – заман талабы. Көштен қалмау үшін бұл тілді де меңгеруіміз
керек. Осы орайда көптен бері көкейімде жүрген үнімді мен де қосқым келеді.
Мектептерде өтетін әр пәннің соңында оқушыларға қазақ тілінде бір мақал айтып,
қорытындылауды сабақ жоспарына қоссақ. Ол қандай пән болса да. Мақалмен жаңа
тақырыпты бекітуге де болады. Қазақтың мақал-мәтелдері кез-келген тақырыпты қамти
алады. Бір жағынан оқушының мақал-мәтелдерді жаттау арқылы өзінің тіліне деген
құрметі артады, сөздік қоры молаяды, ойлау қабілеті артады. Тақырыпқа сай мақалды
тапқан оқушы сол сабақты меңгергенін көрсетеді. Логикалық шапшаңдық артады. Айта
берсек, пайдасы артпаса, зияны тимейді. Бұл үнемі дағдыға айналып, барлық мұғалім
бірдей талап етсе, оқушы да осыған қалыптасады. Мақалды көбірек меңгерту арқылы
шешендікке, жүйелі сөйлеуге баули аламыз. Ал өзге пәндер үшін қазіргі пәндерді
кіріктіріп өткізу әдістемесінің бір парасын қолданған секілді болады. Баланың құлағына
жастайынан мақал-мәтелдерді құя берсек, ол ешқашан өз тілін ұмытпайтын болады. Кез-
келген нәрсе тамырынан бастау алады. Түп тамыры мықты, берік болса оған ешқандай
балтаның жүзі өтпейді.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты
мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге
шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді
табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру
елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге,
рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра
алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын
болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен
халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-
дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын,
болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» - деп атап көрсеткендей, бұл да ұлтымыздың
жадын жаңғыртуға қосқан үлестеріміздің бірі болар еді деп ойлаймын.
«Білім айнасы» 2021 ж.
28
Достарыңызбен бөлісу: |