Құрметті жарысқа қатысушы оқырман!
Айдар Темірбекұлының «Қашаған қара» шығармасының осы
электронды нұсқасын таратуға рұқсат бермеймін. Бұл шығарма
kitapjaris ұйымдастырған кітап сайысында оқытылды. Ӛзіңіз ғана
оқыңыз. Еңбегімді бағалаңыз. Аманатқа қиянат жасамайсыз деп
сенемін.
Қос жастықты қолтығы тола қысып, қалың кӛрпеде жамбастай
жатқан Қаршал жұтынып қойып сӛзін жалғады:
– Бала күннен бірге ӛскен құрдасым едің, бір қалауымды бер.
Жақсы аттың құнын мен де білемін. Қашағанның тӛрт аяғына тӛрт қара
тіктім! – деді. Қарашал сӛздің тоқетерін айтқанда, үй іші тым-тырыс
бола қалды. Енді елдің назары үй егесі Сағынайға ауды. Сағынай
тумысынан сабырлы кісі болса да осы жолы сыр беріп қалды. Қимасын
қолқалаған құрдасын жақтырмай шекесі шибарқыттай тырысқанын
айнала отырғандар анық байқады. Артық ауыз сӛз айтпаса да, орнынан
қомпаңдай қозғалақтап, тықыр басын сипалай берді. Біршама
үнсіздіктен соң Қарашалға бұрылып:
– Қалауың болсын құрдас, – деді. – Тӛрт қараңды да алмаймын.
Бірақ қояр шартым бар. Қашаған қара үйге қашып келетін болса ӛзімде
қалады. Қайтып сұрамайсың! – деді. Мұны естіген Қарашалдың кӛзі
жайнап кетті. Бұлай тез келісе қояр деп ойламаса керек, орнынан жеңіл
кӛтеріліп құрдасын құшақтай алды.
– Мынау елдің алдында абыройымды түсірмей айтқанымды
бергеніңе рахмет. Уәде, уәде болсын. Қашағаннан айрылсам қайтып
сұрамаймын. Аяулы досымның қимасын қолқалағаным үшін ат, шапан
айыбымды тӛлеймін. Жағдай қалай болса да, ат орнына әкелген тӛрт
қара сенің қораңда қалсын!
Екі құрдас осылай мәмілеге келісті. Қашаған жүйрікті жетектеп
Қарашал кетті. Қимай, қимай Сағынай қалды.
Қашаған қара ат біткеннің естісі еді. Сүліктей қара сұлу мүсінімен,
желдей жүйріктігі қараған қазақты «пай!» дегізбей тұрмайтын. Қашаған
аталу себебі, Сағынайдан басқаға саурын сипатпайды. Әбден бір қолға
үйренген жануар ӛзгеге ұстатпайтындығынан «Қашаған қара» атанған.
Қарашал да ат қадірін білмейтін адам емес. Сән салтанатымен ат
мініп, аздап болса да сері атанып жүрген азамат. Елге атын шығарып
«Қос торы» атанған жүйріктері де бар. Солай болса да, Қашағанды
кӛргеннен есі кетіп, ат құмарлығы қозып ауырып жүрген. Бүгін сәті
келіп қолына түсірді. Енді айрыла қоймас.
Қарашал қашағанды қанша баптаса да алаңдауын бір қоймады.
Аспанға шапшып арқырай кісінеп, кейде қос құлағын тіктеп иен далаға
тесіле қарап тұрып қалады. Иесімен ӛрісін сағынған жануарды Қарашал
да түсінеді. Бірақ ат құмар кӛңілі қимайды. Ел алдында айтылған уәделі
сӛзде мұның Қарашал атына сын еді. Осылай атпен арпалысып жүрген
күндердің бірінде Қарашалдың үйіне қонақтар келді. Келгендерге
аттарын кӛрсетіп бір мақтанып алу Қарашалдың сүйікті істерінің бірі.
Ат қораны айнала тұрғандардан секем алған Қашаған бар екпінімен
ышқына секіріп ағаш белдемеден ытқып ӛтті. Елдің бәрі «ат қаштылап»
шулап кетті. «Қап!» деп қалған Қарашал да: «Енді бұл тіке үйіріне
тартады, Қос торымен қуыңдар», – деп бұйырды. Бірақ жағдай бірден
олар ойлағандай бола қоймады. Қашаған қара арқырай кісінеп қораны
айнала шауып жүріп алды. Қуғыншылар қос торыны ертеп мініп
шыққанша алыстап кетпеді. Есті жануардың қылығынан секем алған
Қарашалдың іші «қып» ете қалды. «Мынау мені ел алдында сынамақ
па?» деген ой санасына сап етті.
Қарашалдың күдікті кӛңілі алдамапты, Қашаған қара қуғыншылар
шыға зымырады. Жұрт ойлағандай еліне тіке тартпай кӛз кӛрім
қашықтықта қыстақты айнала шауып жүр. Қарашалдың мақтаулы қос
торысын маңайлатар емес. Қыр басына шыққандар аламан бәйге
кӛргендей тамашаға қарық болды да қалды.
Биік қырды үш айналғанда тоқ қарын қос торы да сыр берді. Енді
жете алмасын түсінген қуғыншылар ат басын тартуға мәжбүр болды.
Қашаған мұнымен де тынбады. Қарашалға қыр кӛрсеткендей
жалғыз ӛзі биік қырды тағы бірнеше айналып, арқырай кісінеп батысты
бетке алып тартып отырды. Жігіт болып атына кір келмеген Қарашал
аттың соңынан тесіле ұзақ қарады. Қашаған кӛз ұшында жалғыз қара
ноқат болып сары даланы сызып бара жатты.
***
Сағынай кӛк тӛбенің басына күнде бір шығып қайтады. Созақтың
кең даласына айнала кӛз тігіп, әлдебір қарайған кӛрінсе кӛңілі алаңдап
қалады. Сағынайдың күткені – Қашаған қара жүйрігі. Қарашалдың
атынан айрыла қоймайтын азамат екенін білсе де жылт еткен бір үміті
жоқ емес. Қарай-қарай кӛзі талып үйіне қайтады. Бүгін болмаса
ертеңдері шаң беріп қалар деп ӛзін жұбатып қояды.
Осылай күндер ӛте берді. Арада жылға жуық уақыт ӛтіп, Сағынай
да аттан күдерін үзген. Қашағанның орнына тағы бір жақсы тай байлап,
қолы боста соны ермек етіп жүрді. Шоқтығы биік жануарым тайпалған
жорға болады деп мақтап қояды.
Бірде Сағынай ӛзіне ұнай бастаған тайын кӛруге ат қораға
бұрылды. Қораға кірді де сілейіп тұрып қалды. Ӛз кӛзіне ӛзі сенер емес,
«шынымен сол ма?». Сасқалақтап қорадан шығып қайта кірді. «Иә, дәл
ӛзі» деп күбрілеп қояды.
Тумысынан сабырлы Сағынайды мұнша таң қалдырған жағдай –
Қашаған қараның қайта оралуы еді.
Тӛрт аяғын кезек суытып ат қорада алаңсыз тұрған Қашаған иесі
келгенде мойнын да бұрмады. Жақындап барған Сағынайды
жақтырмағандай келідей басын кекжите кӛтеріп сырт айналып тұрды.
Бұрынғыдай еркелеп тұсығын иығына қоймады, қант бер деп қалтасын
тістелемеді. Сағынай қай жағынан келсе де сырт айналып қашқақтай
берді. Атын сағынып қалған Сағынайдың кӛңілі су сепкендей басылды.
Есті жануар ғой, жат қолға жетектетіп жіберген иесіне әбден ӛкпелі
екенін Сағынай жақсы түсінді. Амалсыз атының артқы жағынан келген
Сағынай сауырынан сипай келіп құлақ тұсын қасығанда барып Қашаған
келідей басын иіп тұмсығын мұның кеудесіне тықты. Қол тигізбей
жирылып тұрған денесі босап, жануардың кӛзінен мӛлт-мӛлт еткен қос
тамшы жас ағып түсті. Мұны кӛрген Сағынайдың да кӛңілі босап кетті.
Бір-біріне бауыр басқан ат пен адам осылай сағынысып табысты.
Сағынай енді атына барлай қарады. Іші тартылып қамшыдай
қатқан жануардың шүңірейген екі кӛзінен жол азабын тартқаны
байқалады. Жанына жақындай келген торы тайға шатынай қарғанынан
әлі де болса үй жығардай екпіні бардай кӛрінді. Еңкейіп шашасыннан
ұстап кӛріп еді сорғалай аққан тердің сортаң ұлпасы қолына тӛгілді.
Сағынай Қашағанның қанша күн жол басқанын ойша есептей
бастады. Сонау Арқаның даласынан Қаратауға дейін тӛтесінен
салғанның ӛзінде айға жуық жүрген болуы мүмкін. Аттың қатты
арығанынан солай топшылады. Жолда Бетпақтың шӛл даласымен Шу
ӛзенінің қос арнасын кешіп ӛтуде ӛте қауіпті. Оған қоса сырт кӛзден
сақтанып күндіз жасырынып түнде жортып отырған болар. Ӛйткені
Қарашалдай мықтыдан құтылған Қашаған қайта құрыққа түспеудің
жолын іздейді. Есті жануар ғой, айға жуық жүрсе де елге аман жетуді
ойлаған болар.
Сағынай атының мойнынан құшақтай тұрып «енді жат қолдың
жетегінде жібермеспін!» деп ӛзіне серт берді. Қашаған да мұның ойын
түсінгендей басын шұлғи оқыранып алдыңғы аяғымен жерді тарпып-
тарпып жіберді.
«Қайтқан малдың қайыры бар» дегендей Қашағанның қайтуы
Сағынайға құт болды. Ешкісіне дейін егіз туып шаруасы дӛңгеленіп
жүре берді. Қашағанның арқасында аты шығып Сағынай мырза атанды.
Қорасы малға толды. Есіктегі басы тӛрге жетті. Қашаған қара
Қаратаудың күнгей, теріскей бетінде бәйге бермейтін айтулы жүйрікке
айналды. Енді Сағынай бәйге таңдап, Қашағанды алдына тоғыз қара
тіккен үлкен аламандарға ғана қосатын болды.
Осылай атының бабымен бағы қатар шауып айдарынан жел есіп
жүргенде арада ондаған жылдар ӛте шықты. Жалғыз атты Сағынай еді,
алдына үйірлеп жылқы айдаған бай болды. Қашағаннан аумайтын
сүліктей қара құлындар Сағынайдың желісін толтырды. Атақ, абыройға
әбден құнығып алған Сағынай атын бәйгеден бәйгеге салып қартайған
Қашағанға тыным бермеді. Арыны қатты Қашағандай арғымақты да
ауыздықтай алатын «уақыт» деген күштің барын Сағынай естен
шығарып алды.
Созақтың кең жазығында қарқұрым адам жиналған үлкен бір ас
болып жатты. Ат айдаушының саңқылдаған дауысын естіген Сағынай
да аламанға жиналған топқа беттеді. Дүбірлі топқа жақындағанда
Қашаған тайсақтай берді. «Аламанға шаппаймын» дегендей шатқаяқтай
бұрылып қияс тартты. Аламанның алдында жайнаңдап шыға келетін
жануар мінез кӛрсетіп, жүз қарадай жиналған дүбірлі топқа қосылмай
қойды. Ӛмірі атының мұндай мінезін кӛрмеген Сағынай ішінен секем
алып қалды. Дереу кіші баласын алдырып Қашағанды ауыздықтап
мінгізіп қойды. Әдетте бәйгені құр ӛзі шауып келе беретін Қашаған
ауыздықталып үстіне бала мінген соң амалсыз ат айдаушыға қосылып
кете барды.
Аламан бәйгеге айдалған аттар қайтатын уақыт болып елдің бәрі
қыр басына жиналысты. Сағынайдың кӛңілі қатты алаңдаулы. Бәйгеден
келер атаққа қызығып, қартайған Қашағанды аламанға зорлап қосып
жібергеніне енді қатты ӛкініп тұр. «Жануар қалай болар екен?» деп
қояды ішінен. Қарашалдың құрығынан құтылып келгенде бетін зорға
бері қаратып еді, енді мұнысын кешіре қояр ма екен?..
«Алдыңғы аттар кӛрінді!» – деп шу етісті кӛпшілік. Ат келер тұсқа
Сағынайда кӛз тікті. Қырағы кӛзі алыстан баран болып кӛрінген үш
атты шалды. «Я, әруақ» деп күбір еткен Сағынай Қашағанды күтіп алуға
мәреге қарай ұмтылды.
Сайын даланың шаңын шығарған жүйріктер кӛз жетім тұсқа
жақындай түсті. Топ жүйріктің алдыңғы легінде келе жатқан үш
қараның қайсысы Қашаған екенін кӛрермен жұрт ажырата алмай дал
болысты. Ӛйткені үш қара да бір-бірінен аумайтын ұқсас еді. Тіпті
судың қос тамшысындай дерсің.
Мәреге жақын қалғанда Қашағанды қос қара қуып жетіп
қатарласа берді. Тіпті екуі де алға озып Қашағанның танауына шаң иісі
келе бастады. Ӛмірінде шаң қауып кӛрмеген Қашаған қанша барын
салса да қос қараға жете алар емес. Ӛз шамасын білген есті жануар енді
айлаға кӛшті. Құрықтай мойнын тӛмен салып жіберіп, қос құлағын
жымита ұмтылып қос қараның оң жақ қапталын ала шапты. Қашаған
айғырдың айбарын сезген қос қара іркіліп қалды. Айғырдың қақпайына
бағынып оң жақ қапталдан ығысып артта қала берді. Үстіндегі
шабандоз балалар қанша тебініп, қамшыласада қос қара қайтып
Қашағанның алдына шықпай қойды.
Бұл бәйге алдында келе жатқан үш қараның ӛзіндік сыры бар.
Қашағанның қақпайына бағынған қос қара да Қашағаннан түскен
құлындар еді. Елдің ажырата алмай қалғаны да содан. Қос қара да
Қашағанның кӛшірмесі дерсің. Тай күніне дейін үйірде жүріп, Қашаған
айғырдың шашау шығармайтын қатал тәрбиесіне үйренген жас қаралар
әке тәртібін әлі де ұмыта қойған жоқ. Қашаған тірі тұрғанда оларды алға
шығармайды. Әкеге тартып туған қос қара да тым есті жүйріктер еді.
Әне-міне дегенше алдыңғы аттар да мәреге жетіп келді.
Әтеттегідей Қашаған қара бірінші ӛтті. Тек, бұл жолы жеке дара келе
алмады. Кәрі денесін сүйретіп, соңғы күшін сарп етіп, естілігімен
амалдап әзер келді. Күншілік жерден шаптырған аламан бәйгеге күштеп
салған, ӛзінен атақ, абыройды артық кӛрген иесіне деген ӛкпесі де бар.
Ӛмірінде алдына қара салмай, бар жастық күш жігерін иесіне арнаған
Қашағанның бұл дүбірлі алман соңғы шабысы еді.
Қиқулаған кӛпшіліктің алдынан абыроймен шауып ӛткен Қашаған
Сағынай тұрған тұсқа келгенде кілт тоқтады. Тоқтады да, тосын мінез
кӛрсетіп тулай жӛнелді. Арқырай кісінеп аспанға шапшығанда үстіндегі
Сағынайдың қарғадай баласын қалпақтай ұшырды. Артынан ӛңмеңдей
ұмтылған иесіне бұрылып та қарамады. «Қош!» дегендей арқырай бір
кісінеді де Қаратауды бетке алып тартып отырды. Сілейіп тұрып қалған
Сағынай Қашағанның енді қайтып оралмасын жақсы түсінді. Түсінді де
«Қош» деп күбір етті. Соңынан қумақ болған балаларын да тоқтатып
тастады. Ұзақ жыл бірге жүріп әбден сыралғы болған ат пен адамның
қоштасу осылай тым қысқа болды. Иә, тым қысқа әрі ӛкінішті.
Қашаған сол кеткеннен мол кетті. Қайтып оралмады. Не ӛзін, не
ӛлігін кӛрдім, білдім деген жан болмады. Жалғаннан кӛңілі қалған
жануар жалғыз жүргісі келді ме, я болмаса жас күнінде атағын ғана
малданған адамзаттың алдында қартайғанда қадірінің болмасын түсінді
ме екен, кім білсін?..
***
Бозала таң. Құзар шың. Қаратау жотасының шырқау биігінде
тастай суық таңғы ауаны кеудесін кере тыныстап жалғыз қара айғыр
тұр. Бұл – ендігі ӛмірін адамзаттың қолына қаратуды бойына ар санаған
Қашаған қара тұлпар еді. Қаратау қырандарының қартайғанда тышқан
аулап күнелтеуге арланып ӛзін-ӛзі тасқа соғып ӛлтіретін қасиеті бар.
Кӛк биігіне шырқай кӛтеріліп тӛменге қарай құлдилай құлаған қыран
бүркіт тасқа соғылып барып жан тапсырады. Мұндайды «қыран ӛлім»
деп қастерлейді қазақ. Қашаған шың басына шығарда тап осындай
абыройлы ӛлімді мақсұт тұтқан еді.
Құзар шыңның биігіне кӛтерілгенде келе секірмей сәл аялдап
тұрды. Мына жарық дүниені соңғы рет кӛріп қалайын дегендей сонау
тӛмендегі тоғайға, одан басын кӛтеріп кӛк аспанға қарады. Алдыңғы
аяқтарын тасқа тірей кӛтеріліп арқырай бір кісінеп алды жануар. Кәрі
тірсектері дірілдегендей болды. Ырқына бағынбай тұрған аяқтарын бүге
түсіп, ытқи секіргенде серіппедей атылған қос тірсек нар тұлғалы
тұлпарды шың басынан лақтырып жіберді. Енді бір сәтте шырқау
кӛктен ӛзін-ӛзі тастаған тау қыранындай құлдилай ағып құлап бара
жатты.
***
Қашағанның ӛмірі дүбірлі аламанға толы болды. Ақ кӛбігі
атқылап, жан алысып, жан беріскен жарыстарда қазақтың қазан
аттарынан оза шабуда мыңнан бірге ғана бұйырар бақ еді. Азулыға
алдырмай, тұяқтыға оздырмай, мына жалған дүниеден маңдай бағы
жарқырап ӛткен Қашаған жүйріктің тағдыры осылай аяқталды. Ӛр
кеудесін бастырмай, кәрілікке қор болмай туған жердің топырағына
айналды. Заманында алдына қара салмай, ӛз дәуірінің еркесіне айналған
тұлпардың ӛлімі тұяқты да тектіліктің ӛлшемін кӛрсетіп кетті. Оның
абыройлы ӛмірі мен нағыз тектілерге тән ӛлімі атақ қуған пенделердің
алдында әлде қайда асқақ тұрды.
Достарыңызбен бөлісу: |