Құрметті көпшілік! Қадірменді қауым!



бет3/3
Дата25.06.2018
өлшемі203,5 Kb.
#44200
1   2   3

Ардақты ағайын!

Елбасы биылғы Жолдауында ұсынған «Мәңгілік Ел» бағдарламасы өткен тарихымызды өркендетумен сабақтасып жатқаны ақиқат.

Осыған орай, «Ұлы Жібек жолы» бойына орналасқан көне Тараз шаһарын қайта түлету жоспарлануда.

Ондағы мақсатымыз – облысты туристтік аймаққа айналдыру.

Өткен жылы облысқа туристік сапармен келгендердің саны 2012 жылға қарағанда 28%-ға, қызметтердің жалпы көлемі - 27%-ға артты.

Өңірге отандық қана емес, шетелдік туристерді тартуға «Ежелгі Тараз» қалашығында басталған қазба жұмыстары мүмкіндік берері анық.

Қазірдің өзінде 2550 шаршы метр аумақта 4 құрылыс қабаты зерттеліп, тұрғын үй жайлардың және 2 монша орны анықталды.

Көне дәуірге жататын әртүрлі 33 мыңнан аса құнды бұйымдар табылды.

Биылғы жылдың басында Шахристан базарында сауда жасап жүрген азаматтарды басқа базарларға ұйымдасқан түрде көшірдік. Бұл базардың орнында да қазба жұмыстары жүргізілетін болады.

Тараз қаласының тұрғындарына осы іс-шараның маңыздылығына түсіністікпен қарағандары үшін алғысымды айтқым келеді.



Ендігі жерде, біз Тараз қаласына туристердің айрықша қызығушылығын арттыру үшін «Ежелгі Тараз» қалашығын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени Мұра Тізбесіне енгізуіміз қажет.

2017 жылға дейін қалашық орнында «Археологиялық саябақ» салу жобасы әзірленуде. Ол өз кезегінде Қазақстанның танымал брендтерінің бірі болады деп ойлаймын.

Осы орайда Астана қаласында өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің әлеуетін пайдаланбақпыз.

Бұл шараға 5-6 миллионға жуық шетелдіктер келеді деп күтілуде. Сол қонақтарға тарихи шежіресі мол, мұрасы бай Тараз қаласын да көрсету жолдарын бүгіннен бастап ойластырудамыз.

Археолог ғалымдармен бірге «Археологиялық саябақ» төңірегінде туристік инфрақұрылым нысандарын дамыту тұжырымдамасы әзірленуде.

Үстіміздегі жылы «Ежелгі Тараз» қалашығындағы қазба жұмыстары тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізсек дейміз.

Келешекте бұл аймақта халықаралық талаптарға сай, заманауи қонақ үйлер, ұлттық асханалар мен мейрамханалар, мұражайлар, дүкендер, қолөнер шеберханалары, ішінде бірнеше кинотеатры бар ойын-сауық орталығы, спорттық-туристік кешендер, тұрмыстық және қызмет көрсету орындары, ақпараттық қызмет орталығын салу көзделуде. Мұнда көптеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туады.

«Ежелгі Тараз» кешені орналасқан Төле би даңғылын Тараздың Арбатына айналдырсақ деген ойдамыз. Өйткені, негізгі тарихи, мәдени мұралар, ескерткіштер, саябақтар қаланың осы күретамыр көшесінің бойында орналасқан.



Осы орайда, құрметті Нұрлан Жамбылұлы, Сізден, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесінің директорлар кеңесінің Төрағасы ретінде, облысымыздың 1 млн-нан астам халқы атынан Тараз қаласын көрме Бағдарламасына енгізуге ықпал етуіңізді сұраймын.

Бұған қажетті инфрақұрылымдар дайындалуда.

Өткен жылы 4,8 млрд.теңгеге «Әулие ата» әуе жайымыздың ұшып-қону жолағы қайта жаңғыртылды.

Енді бұл әуежай әуе кемесінің барлық түрлерін қабылдауға дайын.

Халықаралық стандартқа сай, 300 жолаушыға арналған терминал жаңартылып, 2-ші тоқсанда пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.

Енді біз Ресей, Қытай, Араб, Түркия қалаларына ұшатын әуе бағыттарын ашуға жұмыс жасайтын боламыз.

Елбасының бастамасымен іске асырылып келе жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега жобасын көпшілігіңіз пайдаланып жүрсіздер.

Бүгінгі күнге бұл жолдың 332 шақырымы бойынша көлік қозғалысы ашылды.

2015 жылы халықаралық көлік дәлізі толығымен аяқталса, Еуразия континентінің екі басын қосатын күре тамыр, нағыз Жібек жолы болмақ және өңірді, оның ішінде туризмді, қарқынды дамытуға берер мүмкіндігі зор.

Бұл мүмкіндікті біз толық пайдалануымыз керек.
Облыстың бірнеше аудандары мен көптеген елді мекендердің үстінен өтіп жатқан жол бойына биылдан бастап, шағын бизнес нысандарын салуды бастаймыз.

Жол бойындағы көптеген қонақ үйлер, асханалар, жанармай құю стансалары мен түрлі қызмет көрсету сервистік құрылымдар табыс көзіне айналары сөзсіз.

Әрі бұл транзиттік жолаушылар мен көлік жүргізушілердің тынығып, демалуына мүмкіндік беріп, жол –көлік оқиғалары санын азайтуға әсерін тигізеді.
Облыстың мәдениет саласы үшін де өткен жыл жемісті болды. Облыс өнерпаздары Оңтүстік Қазақстан облысы мен Польша астанасы Варшавада Жамбыл облысының мәдениет күндерін үлкен табыспен өткізіп қайтты.

Ұлы бабамыз Төле бидің 350 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. Төле би бабамыздың еңселі ескерткіші орнатылды.



Жалпы, өткен жылы жергілікті бюджеттен мәдениет саласын қаржыландыруда 3,2 млрд.теңге игеріліп, 2012 жылғыдан 11,8%-ға артты (2,88 млрд.теңге).

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 9 мәдениет нысаны күрделі және ағымды жөндеуден өтті.



Оған 293,3 млн.теңге республикалық бюджет қаржысы жұмсалды.
Қадірменді қауым!

Біз әрқашан соғыс және еңбек ардагерлеріне үлкен құрметпен қараймыз.

Олар біздің асыл қазынамыз, баға жетпес байлығымыз.

Бүгінде ардагер ағалар жастар тәрбиесіне үлкен ден қойып, облыстағы қоғамдық-саяси шараларға белсенді атсалысуда.



Осындай игі істері үшін ардагерлерге үлкен алғысымды білдіремін.

Қазіргі таңда облысымызда 320 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оларға түрлі әлеуметтік жәрдемдер қарастырылған.

Алда Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесі келе жатыр.

Маңызы зор бұл шараға дайындық жұмыстары басталып кетті.

Осы мерейлі мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін барлық әлеуметтік салымдардан босатуды қолға алып отырмыз.
Еліміздің ертеңі - жастардың қолында. Сондықтан оларға барлық қолайлы жағдайлар жасалуда.

Жастар саясатын қаржыландыру жылдан-жылға артып келеді. 2012 жылы жергілікті бюджеттен 214 млн.теңге бөлінсе өткен жылы 350 млн.теңге бөлініп, көлемі 64 пайызға артты.

Қазіргі таңда бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі - студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету.

Бүгінде Тараз қаласындағы 5 жоғарғы оқу орнында 14 мыңнан аса студент күндізгі бөлімде оқыса, олардың бір мыңға жуығы ғана жатақханамен қамтылған.



(Тараз МУ, Тараз ПИ – бар, ал ЖГТУ, ТИГУ, ТарТИ- жоқ).

Осыған байланысты, алдағы уақытта жоғарғы оқу орындарының ректорларымен бірлесіп, жатақхана мәселесін шешуді қарастыруымыз керек.


Құрметті жиналысқа қатысушылар!

Қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып қалуда.

Ішкі істер департаментін жергілікті бюджеттен қаржыландыруға өткен жылы 4,7 млрд. теңге бөлінді (2012 жылы 4,7 млрд.теңге), оның ішінде 591 млн.теңге материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалды.

Есепті жылы полицияға қосымша 69 бейнекамера, 49 автомашина, басқа да бай­ланыс және қорғаныс құралдары алынды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде аса ауыр қылмыстардың санын 14,5 пайызға төмендетуге қол жеткізілді (228-ден 195-ке дейін).

Адам өміріне қатерлі ауыр қылмыстар саны төмендеді.

Мысалы, адам өлтіру 12,5%-ға, қарақшылық 10,5%-ға, қорқытып алушылық 43 пайызға төмендеді.

Сонымен бірге, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 13 пайызға және бұрын қылмыс жасағандармен жасалған қылмыстар 28 пайызға төмендеп отыр.
Өткен жылы бейне бақылау камераларының көмегімен 105 қылмыс ашылып, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.

Дегенмен, 2013 жылы облыс бойынша 16,8 мың қылмыс тіркеліп, бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 44,3 пайызға өсіп отыр. Бөтен мүлікті ұрлау қылмыстары 46,1 пайызға өсіп, олардың ашылуы небары 23,0 пайызды құрап отыр.

Ауылда мал ұрлығы, қалада пәтер тонау кең белең алуы тұрғындарды қатты алаңдатып, құқық қорғау органдарына деген сенімділікті азайтуда.
Қалыптасқан ахуалды ескере отырып, ішкі істер департаментіне түбегейлі шаралар қабылдауды, әсіресе мал ұрлығын тоқтатуға пәрменді шара қабылдауды тапсырамын. Прокуратура органдарына осы мәселелерді қатаң бақылауға алуды ұсынамын.

Соңғы үш жылда облыс бойынша сыбайлас жемқорлық көріністерінің өскені байқалады.

Өткен жылы 81 мемлекеттік қызметшіге және оларға теңестірілгендерге қарсы 284 қылмыстық іс қозғалған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 60 пайызға өскен.

Сонымен бірге, 195 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген (2012 жылы 176 болған), яғни 11 пайызға өскен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының орындалуы барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы басым міндеттің бірі болуы тиіс.

Барлық жерде алдын алу іс-шараларын жандандыру және құқықтық насихатты күшейту керек.


Облыс әкімінің 2012 жылдың қорытындысы бойынша берген есебінде тұрғындар тарапынан көтерілген өтініш - тілектердің 16-сы арнайы іс-шаралар жоспарына енгізіліп, бақылауға алынған болатын. Оларды жүзеге асыру мақсатында тиісті жоспар қабылданып, аталған іс-шараның бүгінде 12-сі өз шешімін тапты, қалғаны орындалу үстінде.

Биылғы жылы облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 58 мыңға жуық тұрғындардың қатысуымен 535 есеп беру кездесуін өткізді. Жалпы 1421 ұсыныс енгізілді.

Ұсыныстың көпшілігі әлеуметтік сипатта, негізінен, сумен қамтамасыз ету, энергетика, байланыс, автомобиль жолдары, жер мәселесі, жалпы білім беру, медициналық және басқа да қызмет көрсету жөніндегі өзекті мәселелерге қатысты болды. 

Барлық ұсыныстар бақылауға алынып, кезең-кезеңмен шешілетін болады.

Қадірлі жамбылдықтар!
Қорыта айтқанда, өңірдің даму қарқыны және резервтерді іске қосу бағытына терең экономикалық талдау жасау қажет.

Бүгінгі күнге облыстық бюджеттің 80 пайызын республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер құрайды. (187,3 млрд.теңгенің 151,1 млрд.теңгесі).

Егер 2020 жылға дейін облысқа бөлінетін субвенция көлемін 50 пайызға түсірген болсақ, онда өңірде 2030 жылы көптеген салаларды өзіміз қаржыландыруға қол жеткіземіз. Жалақы көлемі де ұлғайған болар еді.

Сондықтан, Жамбыл облысының 2016-2020 жылдарға арналған Даму бағдарламасын қабылдаймыз. Оған дайындық, зерттеу жұмыстарын биылғы жылдан бастау қажет.

Бағдарламада бизнесті дамыту бойынша 5 басым бағытты - химия өнеркәсібін, ауыл шаруашылық кешенін, құрылыс материалдарын өндіруді, көлік логистикасын және туризмді қамту мақсатын қойып отырмыз.

Осыған орай, облыстың барлық салалық жоспарларына нақты өзгертулер жасалатын болады.


Ардақты ағайын!

Халқымызда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз бар.

Біздің алдымызда шұғыл шешуді қажет ететін ауқымды міндеттер мен өзекті мәселелер тұр.

Барлық күш-жігеріміз көзделген мақсаттарға жетуге, салмағы сара Жолдауда белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыруға жұмсалатынына сенемін.

Бәріміздің аянбай еңбек етуіміз өлкеміздің өркені, еліміздің берекесіне бағытталады деп ойлаймын.
Елбасы биылғы Жолдауында да ең алдымен елдің бірлігін, халқымыздың амандығын, жеріміздің бүтіндігін айтып отыр.

Олай болса, оны атқару жолында шын жанашырлық танытсақ, бітпейтін іс, алынбайтын асу жоқ деп ойлаймын.


Құрметті қауым! Назарларыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет