Құрметті отандастар! Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері!


ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ



бет2/7
Дата22.09.2022
өлшемі51,26 Kb.
#150328
1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Жолдау

ЕКІНШІ БАҒДАР. НАҚТЫ СЕКТОРДЫ ДАМЫТУ.
Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек. 
Геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажет.
Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын.
Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн.
Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр.
Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады.
Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет.
Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі.
Келесі мәселе. Бұған дейін айтылғандай, мемлекет өзінің экономикаға араласуын біртіндеп азайта береді.
«Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады. 
«Самұрық-Қазына» қоры жеке инвесторлар дербес жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға инвестор ретінде қатыса алады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды.
Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру.
Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады.
«Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады. 
Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр.
Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.
Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.
Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді. 
Келесі мәселе. Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие. Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп.
Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін
2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын.
Әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілердің схемасы көрсетілген функционалды интерактивті картасын жасау керек. Жер кадастрында өнеркәсіптік мақсатқа арналған жер телімдерінің картасын қолданыстағы көлік және коммуникация инфрақұрылымының схемаларымен толықтырып отыру қажет.
Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді.
Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.
Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды.
Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет.
Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыруда. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет