27. Казревкомның құрылуы мен қызметі
Қазақ революциялық комитеті, Қазревком – Кеңес өкіметінің азамат соғысы жылдарында құрылған уақытша органы. Қазақ өлкесін басқару үшін РКФСР ХКК-нің “Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы” қаулысы бойынша 1919 жылы 10 шілдеде құрылған. Оның алғашқы құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғашин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Әр түрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдеев, Ғ.Әлібеков, Б.Қаралдин еңбек етті.Шын мәнінде ревком өкіметтің Қазақстандағы осынау төтенше органының әр түрлі саладағы орасан көп жұмысты атқаруына, Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезін әзірлеп, өткізуіне тура келді. Азамат соғысының қиын да күрделі жағдайы Қазревкомның төтенше жағдайда жұмыс істеуін талап етті. Қазревком қызметінің әскери-азаматтық сипатын осы соғыс анықтап берді. Қазревкомның басқа бір маңызды міндеті – қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылды. Сонымен бірге Қазревком армияны азық-түлікпен қамтамасыз ету, астықты және басқа да тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АКСР-на жеткізу яғни “соғыс коммунизмі” саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты. Қазревком 1919 жылы шілдеден бастап 15 ай бойы жұмыс істеді. Сол уақыт ішінде Қазревком қазақ елінің кеңестік автономиясын жария етуге байланысты қыруар әзірлік жұмыстарын жүзеге асырды.
Достарыңызбен бөлісу: |