БАЯНДАМА
Тақырыбы:Жаңа қазақстандық патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу бойынша КТД ұйымдастыру ерекшеліктері.
Орындаған:Мәліков.А.Қ
Группа:ФК-2Б(9)
Тексерген:Мусабаева.Г.В
Өскемен қ,2021
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік мәдени трансформация ескеріле отырып әзірленді.Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған.
Тұжырымдамалық негіздер Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде тәрбиенің даму перспективасын, басым бағыттарын, тәрбие мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және тетіктерін анықтайды.
Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді.
Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет.
Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттық-мәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру – адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады.
Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр.
Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық – қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, егеменді даму жылдарында барша қазақстандықтарды біріктіретін және ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Жолдауда бұл құндылықтар атап көрсетілген: Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы; қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім; зайырлы қоғам және жоғары руханият; индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім; Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы; тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы; еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Президент сонымен қатар, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беретін белсенді, білімді және дені сау азамат қалыптастыру міндетін қойды.
Патриот, білімді, дені сау, жауапты және жігерлі, инновациялық экономика жағдайында табысты қызмет ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, қазақ халқының жалпыадамзаттық құндылықтар мен мәдениетті бойына сіңірген, толерантты, дүниежүзіне танымал және мәртебелі – 2020 жылғы қазақстандық жастар осындай болады.
Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген аз уақыт ішінде әлемдік қоғамдастыққа толық құқылы және беделді мүше болды, әлемдік экономикалық және мәдени кеңістікке белсенді түрде кіріге бастады. Қазақстандық жастар жаһандану процесіне кірігуі аясында қарқынды білім беру, ақпараттық және мәдени өзара алмасудың белсенді қатысушысы болды.
Қазіргі қазақстандық балалар мен жастарда сапалы білім алу уәжінің өсуі, әлеуметтік белсенділігінің артуы, жаңа кәсіптерді және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды меңгеруге ұмтылысы, коммуникативтілік, мәдениетаралық қарым-қатынасты жандандыру сияқты жаңа позитивті трендтер пайда болды. Өз елінің тарихына, мәдениетіне және дәстүрлеріне, халқының мәдени мұрасына қызығушылықтарының артуы негізінде ұлттық өзіндік сананың өсуі байқалады. Жаңа қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікке бағдарланған дүниетаным қалыптасу процесі жүріп жатыр. Елдегі оң өзгерістер білім беру ұйымдарының тәрбие процесінде көрініс тапты. Тәрбие практикасында жалпықазақстандық менталитет, мәдени, ұлттық-тарихи дәстүрлер ескерілген ұлттың зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жаңғырту үшін жағдайлар жасалуда.
Қазақстанның білім беру жүйесінде оң метапәндік және тәрбиелік әлеуеті бар «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы (Бағдарлама идеясының авторы – С.А. Назарбаева) іске асырылуда. Бағдарлама білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының барлық салаларын қамтиды және тиісінше іске асырылған жағдайда қоғамда ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды жаңғырту механизмдерінің мықты катализаторы рөлін атқарады.
Халықтық педагогиканың көпғасырлық тәжірибесіне негізделген, заманауи тәрбие теорияларының шабыттандыратын идеялары қолданылған «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының (бұдан әрі – АРБ) әлемдік білім беру кеңістігінде теңдесі жоқ. Ол балалар мен оқушы жастардың адамгершілік-рухани тәрбиесінде білім берудің барлық деңгейлерінің үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз етеді. Жалпыадамзаттық мәңгілік құндылықтарға бағдарланған «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы ізгі ниетті, адамгершілік қасиеттері бар лайықты азамат тәрбиелеуге ықпал етеді, және Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін іске асыруда басты механизм болып табылады.Азаматтық тәрбие мәселелері антикалық дәуірде Платон, Аристотель, неміс педагогы Г.Кершенштейнер есімдерімен тығыз байланысты. Кеңестік педагогикада В.А.Сухомлинскийдің «Азаматтық тәрбие беру» еңбегінде кеңестік кезеңдегі азаматтық тәрбиенің теориясы мен тәжірибесі қорытындыланған.
Патриоттық тәрбие-оқушыларға жан-жақты тәрбие беру жүйесінің іргетасы және тәрбиенің басқа құрамдарының орны мен ролін анықтайтын ең шешуші буыны. Әсіресе, қазіргі күрделі өткір патриоттық жағдайда жас жеткіншіктерге саяси оқудың ролі бұрынғы кездегіден де арта түседі. Мектеп оқушыларға жүйелі патриоттық тәрбие беру арқылы оқушылардың саяси саналығын және қоғамның белсенділігін іске асырады. Тәрбиенің патриоттық бағытындағы тұтас педагогикалық процестің тиімділігін қамтамасыз етеді. Адамдардың патриоттық санасы, мінез-құлқы терең гуманистік адамгершілік мәнімен сипатталады.Мектеп-патриоттық тәрбие мен адамгершілік тәрбиесінің бірлігі-оқушылармен жүргізілетін бүкіл идеологиялық жұмыстың мазмұнына адамгершілік сипат бергенде ғана іске асады.
Патриоттық тәрбие бүкіл жан-жақты тәрбие процесінің өзегі болып табылады.
Балаға патриоттық тәрбие беру алғашқы мектеп жасына дейінгі және мектеп есігін ашқаннан кейінгі балғын кезеңінен басталуы шарт. Ол тәрбие бірыңғай идеялық бағытқа тәрбиелеу ісінен ғана емес, сонымен бірге арнайы әдістерімен де жүзеге асады.
Патриоттық тәрбие жұмыстарының басты міндеттерінің бірі-жас ұрпақты патриотизм рухында, ұлтаралық қатынастар мәдениетін меңгеруге тәрбиелеу.
Ұлтаралық тәрбие- халықтар арасындағы достық сезімді, барлық ұлт еңбектеріне сыйластық, құрмет рухында тәрбиелеу, дамыту.
Ұлтаралық тәрбие мен патриотизм-бір-бірімен ажырамас бірлікте қарастырылатын егіз ұғым.
Патриотизм адамдар өмірінің әлеументтік-экономикалық жағдайынан тарихы түрде туындайды. Ол жаңа тұрпатты патриотизм. Оның ең маңызды сипаты халықтың Отанды, оның қоғамдық және мемлекеттік құрылысын барынша сүю, оған шексіз берілгендік болып табылады.
Ұлтаралық тәрбие-барлық елдердің халықаралық ынтымағы, халықтардың ұлт-азаттығы мен әлеументтік прогресс жолындағы күресі мен ынтымақтастығы.
Мектеп практикасында оқушылардың патриоттық қызметінің әртүрлі жолдары мен бағыттары қолданылады: саяси хабарламалар, пікірталастар, әңгімелер, баяндамалар,конференциялар, кездесулер, зерттеу жұмыстары, саяси үйірмелер, «дөңгелек стол» басында кездесу, саяси тақырыпқа арналған сұрақ-жауап кештері, т.б.
Оқушылардың ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыруы мақсатты әрі жүйелі түрде бағыттау керек. Сондықтан да ғылыми жоба технологиясының тиімділігі күннен күнге артуда. Жобалау технологиясын қолданудағы негізгі мақсат – оқушылардың қызығушылық ынтасын дамыту, өз бетімен жұмыстарын жүргізу арқылы білімдерін жетілдіру, ақпараттық бағдарлау біліктілігін қалыптастыру және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру арқылы оқушыны болашақта әр түрлі жағдаяттарда, әр түрлі қоғамдық ортада өзін-өзі көрсете білуге бейімдеу. Егер оқушы ғылыми жобасы тақырыбын дұрыс таңдай отырып, жоспарлай білсе, оны дұрыс орындай алса - ол болашаққа дұрыс бейімделген тұлға болып қалыптасады. Әр түрлі жағдаяттарда дұрыс шешім қабылдай отырып, әр түрлі адамдармен тіл табыса отырып, әр ортада дұрыс бағыт – бағдар бере алады.
Сонымен, оқушының ғылыми жұмысының тиімділігі – көзбен көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып, оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мәселелерді шеше білуге, жаңа ғылыми ізденіске жетелеуде.
Достарыңызбен бөлісу: |