Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата26.06.2018
өлшемі40,5 Kb.
#44915
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

ЖУРНАЛИСТ ҺӘМ ПУБЛИЦИСТ - ҒАЛЫМ

Журналистиканың қай қоғамда да арқалайтын жүгі ауыр. Әр қашанда шындықтың талабынан шығып, әділдікті ту қылып ақпарат жинайтын, оны тұла бойынан сіңіріп, жан -жүрегімен жұртқа жария ететін мамандық иесінің қызығы мен шыжығы мол еңбегі атан түйеге жүк болардай салмақты екенін көкірек көзі ояу жан айрықша сезініп - түйсінері хақ. Журналистиканың қоғамдағы орны жайлы Қазақстан телерадио корпорциясы қызметкерлерімен кездескен кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мынадай құнды пікірді тілге тиек еткені бар: «Мемлекет қауіпсіздігі үшін бұқаралық ақпарат құралдарының күші елдің қарулы күштерінен де күшті. Сондықтан да журналистер халыққа жоқ, санаға сақ болсын». Ұлттың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ғылыми тұжырымымен төркіндес пікір төл мамандығымызға берілген жоғары баға болуымен ғана емес, бет алысымызды бағамдайтын бағдаршам екендігімен де аса маңызды.

Әңгімені журналистиканың жай-жапсарын баяндаудан бастап отырғанымызда бір мән бар. Осы жұрт Тұрсекеңнің, Тұрсынбек Кәкішұлының о баста таңдап алған мамандығы журналистика болғанын біледі ме екен? Білсе, қазақтың маңдайына біткен киелі шаңырақ - Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің журналистика факультеті түлегінің еңбек жолы журналистикадан бастау алатыны көбіне айтылмай, қалыс-қала беретіндігі қалай? Ағайындар-ау, шындығына келсек, журфак шәкіртінің таудай талабы мен бармақтай бағы өзі таңдаған төл мамандықпен тығыз байланысты екенін кім жоққа шығара алады? Оқып жүріп аты алты алашқа мәлім «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің бөлім мегерушісі қызметін абыроймен атқарғанын, кейіннен Қазақтың мемлекеттік оқу педагогикалық баспасының аға редакторы міндетін мүлтіксіз орындағанын айтпағанда, бүткіл саналы ғұмыры қазақ журналистикасы ғылымымен тығыз байланысты, егіз өріліп келе жатқаны сөзіміздің жаны бар екенінің нақты айғағы. Бір «Садақтың» өзі неге тұрады? Қолжазба журналдың ізіне шырақ алып түсіп, жоғалтып ала жаздаған құнды мұрасын халқымен қайта қауыштыруы ғылымға қосылған шоң жаңалық, әлі бағасын келер ұрпақ берер, ерлікке пара-пар еңбек десек, әсіре айтып, ауа жайылғандық болмас. Бұдан басқа да қазақ баспасөз тарихын толықтыра түгендеуге сүбелі үлес болып қосылған ерен еңбектерін зерттеп, зерделеу болашақ еншісіндегі міндет деп білеміз.

Журналистиканың кең өрісі, шығар биігі публицистика екені бесенеден белгілі. Көсем сөз – біздің пайымдауымызша, сөз өнерінің қос қанатты бірегей тумасы. Бір қанаты – ғылыми зерттеушілігі десек, екінші қанаты – шалқар шабытқа негізделетіндігі. Осы екі қасиет Тұрсекеңнің тұла бойынан молынан табылады. Әз-ағаның терге малынған еңбек жолынан терең бойлап сыр ұқсақ, оған айқын көзіміз жете түседі. Қаламгерді көсемсөз шебері еткен журналистика болса, айтулы ғалым деңгейіне көтерген - публицистика. Бұл пікірімізбен Бас кейіпкеріміз келіспейді деп әсте ойламаймыз.

Түгесе түгел талдап жатпай-ақ, оған баспадан жарық көруіне үлесіміз бар еңбегі – «Мағжан мен Сәкен» ғылыми эссесі жайлы сыр суыртпақтасақ та көзіңізді айқын жеткізе аламыз. Бұл кітап айрықша публицистикалық пафоспен, қалың оқырманын ерекше елітіп, еліктіріп әкетер көркемдік қуатпен жазылуымен ғана емес, құнды ғылыми дерек, дәйектерді ортаға салуымен бағалы дер едік.

Осы орайда, кезекті бір кандидаттық диссертация талданып жатқан Ғылыми кеңесте қорғауға ұсынылған еңбектің «бір міні – публицистикалық стильде жазылуы» деген сынға қарсы Тұрсекеңнің мынадай бір уәж айтқаны ойға оралады: «Айналайындар-ау, ғылым кімге, не үшін жазылады? Ізденушінің жаңалығын көптің білуі үшін, қажетіне жарату үшін емес пе. Ал ол публицистикалық стиль арқылы жүзеге асса ше? Ендеше әлгіндегі пікір айтушының таңып отырған міні ғылыми жұмыстың кемшілігі емес, артықшылығы дер едім. Бір қалыптап шыққандай қасаң тілмен жазылған еңбек кімге керек, кім оқиды оны? Одан да жұрт қызығатындай ойы орнықты, анық та әсерлі болып қағазға түсірілсін, бұл публицистиканың арқалайтын жүгі, сонда еңбектің қайтарымы да молырақ болары хақ». Көңілге қонымды ескертпе ғалымдар тарапынан қолдау тауып, мәйегі бар сөз негізге алынғанының осылайша куәсі болған жағдайымыз бар.

«Мағжан мен Сәкен» - міне, дәл солай, публицистиканың шоң жанры эссенің тылсым табиғатына терең бойлап, ерекше ыждаһат, ерік - жігерімен жазылған, оқырманын ә дегенінен қызықтырып әкететін, автордың күйініш, сүйініш сезімдерін бірге бастан кешкендей күйге бөлейтін сегіз қырлы, бір сырлы туынды. Бізді, әсіресе, ерен таң қалдырғаны – автордың ерінбей еңбек етуге деген ерекше ерік - жігері. Қазақ көркем сөзінде мәңгілік өлмес қолтаңба қалдырған қос алыптың әр бір адымынан сыр іздеп, іздеріне түсіп, көбіміз ұсақ-түйек деп мән бере бермейтін пендешілік іс-әрекеттеріне қатысты дерек тауып, ой өрбітіп, оны шыр-пыр боп дәлелдеп, қолмен ұстатқандай көзіңізді жеткізуі – айтуға ғана жеңіл көрінгенмен, шындығында, ұшы-қиыры жоқ телегей теңіз еңбек, екенің бірінің шыдамы жете бермейтін мехнет. Ал ол не үшін қажет? Шындық үшін, соны қалтқысыз қамтамасыз етуге тиіс ғылым үшін. Тұрсынбек аға ғылыми мектебі жетістіктерінің, біздіңше, бар сыры осында. Жас ғалымдар үйренер үлгі, алар өнеге де осы болуға тиіс.

Тілге тиек етіп отырған еңбектің бізді тәнті еткен тағы бір құнды тұсы – автордың ғылым үшін шындықтың алдында бас иуі, ақиқатқа тағзым етуі. Ол үшін өзін жазғырудан да бас тартпайды: «... менде болсын, не Сәкенді зерттеп, кітап жазғандарда болсын еш кемдік, қателік жоқ демеймін. Біздің әсіресе, Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайлов, Серік Қарабаев, Рымғали Нұрғалиев, менің Коммунистік идеологияға бой алдырып, онсызда қызыл Сәкенді онан әрі қызылдандыра түсуіміз аз болған жоқ. Сәкеннің кеңес үкіметін басқаруда партия тарапынан жасалып жатқанды түсіне алмай талай бұлаңдағанын, алаш қозғалысына қатысқан ағаларына жалтаңдай қарап, қажетті жерінде демесін жасағанын, большевиктік тор қыспақтан шықпақ болып бұлқынғанын көріп отырып көрмедік, біліп отырып айтпадық, қызыл бояуды баттита жағу қажет деп таптық»/1/ .

Біздер, баспасөз тарихын зерттеушілер бір жақтылыққа ұрынудан аса абай болғанымыз лазым. Оның ауадай қажеттігін ғылым дәлелдеумен келеді. Бұл жөнінде ел тәуелсіздігінің елең-алаңында, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта белінде жазған кандидаттық диссертациямда дұрыс бағыт ұстанғаныма қазір қуанып отырған жайым бар. Онда мынадай ой түйіндеппін: «Олардың (кеңес дәуіріндегі ғалымдардың) зерттеулері бүгінгі талап тұрғысынан шындықты бүркелемегендей болып көрінгенмен, кезінде ағынға қарсы тоған іспетті тотаритарлық жүйенің тар шеңберіне сыймай, сіреспе таптық идеологияның сынына ілігіп, қараланып отырғанын ұмытпауға тиістіміз»/2/. Осы ойды «Мағжан мен Сәкен» авторы одан сайын нақтылап, шегелей түседі. Жоғарыда тілге тиек еткен кемшілік сырын мынадай нақты дерекпен соқырға таяқ ұстатқандай айқындап береді: «Бұған айрықша әсер еткен себеп жоқ емес. «Тар жол, тайғақ кешу» орыс тілінде жарияланар алдында, 1984 жылы З. С. Кедринаның Д.А. Қонаев басқарып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне «Ұлттар достығына зияны тиетін кітап» деп мәлімдеме жасауы, оның пенделік жолмен қабылдануы, жандайшап болған хатшы Н. Жандилдин әкімшілік жолмен Сәкен даңқына тосқауыл қоймақ болған әрекеті «Сәкеншілердің» артығырақ сілтеуіне себепкер болған еді. Оның алғашқы көрінісі Сәбит Мұқановтың 1964 жылы 23 мамырда мерейтой үстінде әлеуметтік ашу қысып жасаған баяндамасы болды: «Қайталап айтқанда, шегелеп тұрып айтқанда, нығырлап негіздеп тұрып айтқанда қазақ совет әдебиетінің негізін қалаушы бірден бір Сәкен Сейфуллин болды»,- деген тезисті тістене тұрып айтқаны тегін емес-ті. Осы позиция кейінгі зерттеулерге кілт, аттанар өріс болды. Оған әркім әр тараптан әкеп өз бояуларын қосты. Соның ішінде мен жаққан алқызыл бояулар, ойлар аз болмаса керек»/3/.

Әрине, бір мақаламен көлемі жиырма сегіз баспа табақ еңбектің, онда да дерегі мен дәйегі, талдауы мен ой түю арнайы ғылыми-зерттеуге жүк болатын кітаптың бар қадір – қасиетін толық ашып берем деу бос әурешілік болар еді. Біз оны алдымызға мұрат етіп алғанымыз жоқ. Мақсатымыз Тұрсекеңнің жеке дара зерттеуді, зерделеуді қажет ететін, кейінгі жас ұрпаққа үлгі алар тәжірибесі, берер өнегесі мол, ізденіске толы журналистік және публицистік тұлғасынан сыр түю, ой өрбіту болатын. Бұл бағытта атқарылар іс жаңа басталып келеді деп түйіп, оның жалғасын табарына сеніміміз бек кәміл екенін білдіргіміз келеді.



Жүз жасаңыз, қамын жеген қазақтың қариясы!
1. Кәкішұлы Т. Мағжан мен Сәкен: Ғылыми эссе -Алматы: Қазақ университеті,1999, 26-27 б;

2. Сақ Қ. Ұлттық сана ұйытқысы: Оқу құралы,- Алматы: Қазақ университеті, 2000, 9-10; б;

3. Кәкішұлы Т. Мағжан мен Сәкен: Ғылыми эссе - Алматы: Қазақ университеті, 1999, 26-27 б.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет