Үйге тапсырма беру: Горизонталь орналасқан үшбұрышты призманың фронтал және профиль проекциялары, вертикаль орналасқан төртбұрышты призманың фронтал және горизонталь проекциялары берілген (121, а-сурет). Үшбұрышты призманың горизонталь проекциясын және төртбұрышты призманың профиль проекциясын салып, олардың қиылысу сызығын тұрғыз.
Сабақ: №
Сабақтың тақырыбы:
Нәрсенің өлшемдерін сызбаға түсіру туралы.
Сабақтың мақсаты:
а) Білімділік: Нәрсенің өлшемдерін түсіріп, сызбаға орналастыруға үйрету,
өз беттерімен ізденіп жұмыс жасауға дағдыландыру,
өздерінше ой қорыта білуге, таным мүмкіндігін анықтап,
сауатты, сызбаларды көркем түсіре білуге үйрету.
ә) Дамытушылық: Шығармашылық жұмысты іздену барысында білімдерін
тереңдетіп, ой-қиялдарын, өз бетімен шешім қабылдау,
белсенділігін, танымдық қабілетін дамыту.
б) Тәрбиелілік: Өзіндік және логикалық ойлау қабілеттерін арттыру,
оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге, жетекшілік қасиетін
дарытуға, эстетикалық әсемдікті тани білуге үйрету.
Сабақтың көрнекілігі: А4 пішіміндегі қағаз, қарындаштар, сызғыш, өшіргіш, шеңберсызар және т.б.
Сабақтың өту барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Үйге берілген тапсырманы тексеру.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Тапсырмаларды орындау.
Сабақты бекіту.
Үйге тапсырма.
Сабақтың барысы:
Сызбаға өлшем түсірудің жалпы ережесі өткен тақырыпта (§ 5) баяндалған болатын. Өлшемдер нәрсенің кескіндерін толықтырады және көріністердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Шынында да цилиндрдің өлшемдерін көрсетпесек, оның бір проекциясы (103, а-сурет) жеткілікті болмас еді. Енді қандай өлшемдерді сызбаға түсіру керектігін қалай анықтайтыны туралы айтайық.
Нәрсенің өлшемдерін екі топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа нәрсе элементтерінің пішінін анықтайтын өлшемдерді жатқызады. Өзімізге белгілі геометриялық фигуралардың пішінін анықтайтын өлшемдерді қарастыра кетейік. Түзу кесіндісі ұзындығымен анықталады. Дөңгелек пен шардың пішіндері де бір өлшеммен, яғни олардың диаметрлерімен анықталады
(122, а-сурет). Үшбұрыштың пішінін анықтау үшін үш өлшемді, яғни үшбұрыштың үш қабырғасының ұзындығын (122, ә-сурет) немесе екі қабырғасының ұзындығы мен олардың арасындағы бұрышты (122, б-сурет) көрсетуге болады. Теңбүйірлі үшбұрыш екі өлшеммен (табаны мен биіктігі), ал теңқабырғалы үшбұрыш бір-ақ өлшеммен анықталады. Конус екі өлшеммен (биіктігі және оның табанындағы дөңгелектің диаметрімен) (103, ә-сурет), тік параллелепипед үш өлшеммен (ені, ұзындығы және биіктігімен) анықталады. Табаны теңбүйірлі үшбұрыш болатын призма үшін үш өлшем көрсету жеткілікті (122, в-сурет). Егер призманың табанындағы үшбұрыш теңбүйірлі болмаса, сызбада төрт өлшем керсету керек болар еді. Дұрыс төртбұрышты пирамиданың сызбасына екі өлшем (122, г-сурет), ал қиық конустың сызбасына үш өлшем (122, (5-сурет) түсіру керек. Жоғарыда біз координата осьтерін көрсетпейді дегенбіз. Осьтерді көрсетпесек, проекция жазықтықтарының орнын анықтауға болмайды. Сондықтан сызбаларда берілген нәрсе текшенің жақтарынан (проекциялар жазықтықтарынан) қандай қашықтықта орналасқанын анықтауға болмайды. Осыған байланысты, бір нәрсенің горизонталь және фронталь проекцияларының арақашықтығы, сол сияқты бас көрініс пен сол жақ көріністің арақашықтығы сызбада көрсетілмейді.
Екінші топқа нәрсе элементтерінің өзара орналасуын анықтайтын өлшемдер жатады. 123-суретте диаметрі 30 мм болатын өткерме тесігі бар цилиндр кескінделген. Сызбада 4 өлшем түсірілген. Олардың екеуі (50, 60) цилиндрдің пішінін анықтайды. Тесік те цилиндр тәрізді болғандықтан, оның пішіні екі өлшеммен анықталуы керек. Бірақ тесік өткерме болғандықтан, оның ұзындығы берілген цилиндрдің диаметріне тең. Сондықтан тесіктің пішіні диаметрімен (30) ғана анықталады. Төртінші өлшем (30) цилиндр мен тесіктің өзара орналасуын анықтайды. Тесіктің осі цилиндр осімен тік бұрыш жасап қиылысатыны сызбадан көрінеді. Тесіктің осі цилиндрдің төменгі табанынан 30 мм қашықтықта орналасқан. Екінші мысал ретінде 124-суретте параллелепипедтен және конустан тұратын нәрсенің сызбасы келтірілген. Алдымен параллелепипедтің пішінін анықтайтын өлшемдерді түсірейік. Олар үшеу: 70, 50 және 10. Конустың пішінін екі өлшем анықтайды. Бұл екі өлшемнің біреуі (30) сызбаға қойылған. Конустың биіктігі сызбада көрсетілмеген. Бірақ оны оңай анықтауға болады. Ол үшін 50-ден параллелепипедтің биіктігі 10-ды шегереді. Сонда конустың биіктігі 40-ка тең екен. Ал 50 деген қандай өлшем? Ол габариттік өлшем. Сызбаға габариттік өлшемдерді түсіру керек. Габариттік (сырт- шек) өлшемдер дегеніміз - берілген нәрсенің шекті шамасын анықтайтын ең үлкен өлшемдер. 124-суретте көрсетілген нәрсенің габариттік өлшемдері: 50, 50 және 70. Енді параллелепипед пен конустың өзара орналасуын анықтайтын өлшемдерді түсірейік. 20 мен 30 - осындай өлшемдер. Бұл өлшемдер конустың осі параллелепипедтің артқы жағынан 20 мм, ал оң жағынан 30 мм қашықтықта орналасқан вертикаль түзу екенін анықтайды. Әрбір өлшем сызбада тек бір-ақ рет көрсетіледі. Мысалы, егер үстіңгі көріністе (123-сурет) цилиндр табанының өлшемі 50 түсірілсе, онда бас көріністе оны қайталап көрсетудің қажеті жоқ. Сонымен сызбада нәрсенің өлшемдерін мына ретпен түсіреді.
1. Нәрсені ойша қарапайым геометриялық денелерге ажыратады (талдайды) немесе толықтырады. Талдау және толықтыру әдістері жоғарыда (§ 29) қарастырылды.
2. Қарапайым геометриялық денелердің пішіндерін анықтайтын өлшемдерді сызбаға түсіреді.
3. Нәрсенің қарапайым геометриялық денелерден тұратын бөліктерінің өзара орналасуын анықтайтын өлшемдерді сызбаға түсіреді.
4. Габариттік өлшемдерді түсіреді.
5. Габариттік өлшемдерді түсіргеннен кейін кейбір өлшемдер артық болып қалуы мүмкін. Ондай өлшемдерді өшіреді.
6. Түсірілген өлшемдерді тексеріп шығу керек. Тексеру кезінде шығару және өлшем сызықтары қиылыспауын қамтамасыз етіп, қайталанатын өлшемдерді алып тастау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |