Ғаламтор және бала денсаулығы Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының дәлелдеуінше, бүкіләлемдік ғаламтор желісі жеткіншектерге физикалық, психологиялық жағынан айрықша зиянды. Ең алдымен, баланың көру қабілеті төмендейді, себебі, бұлшық еттері қатаймаған жасөспірімнің көздері шаршайды. Сондай-ақ, компьютер алдында көп отыру жас балдырғанның омыртқа сүйегін зақымдайды. Қозғалыссыз отыру, қолмен ғана бірыңғай жұмыс істеу, содан ағзаға салмақ түсуі баланың жүйке қызметін бұзып, мойнына тұз бен суықтың жиналуына (остеохондроз) әсер етеді. Және де жамбас сүйектің үнемі қозғалыссыз қалуы қабынуы (простатит) мен тоқ ішектегі тамырдың кеңеюі (геморрой) ауруына ұшыратады. Британдық биологтар арнайы зерттеу жүргізе келіп, мынандай қорытынды жасап отыр: «Әлеуметтік желілерде үнемі отыру ми қызметіне де кері әсер етеді, гормональдық тепе-теңдікті бұзады, иммунитетті нашарлатады, мұның бәрі адамның жүйкесі мен ой-санасына белгілі бір мөлшерде ауыртпалық түсіреді». Өздеріңізге белгілі, жүйкеге салмақ түсуі дегеніңіз - ойлау қабілетінің төмендеуі, көңіл бөлу мен есте сақтаудың кемуі, бас ауруы мен ұйқысыздық, көңіл күйдің құлазуы. Ғаламтор жеткіншектер үшін реферат, музыка мен фильмдер, суреттер, ойындар көшіріп алу, бір-бірімен хат жазысу үшін қажет. Олар өздерін мазалаған сұраққа да ғаламтордан жауап іздейді. Алайда ғаламтордың қаупі де аз емес. Мысалы, ресейлік ғалымдардың айтуынша, бүкіләлемдік шырмауық-торда экстремистік және террористік сипаты бар, қырықтан астам сайт жұмыс істеп тұр. Ал оның жастарымыздың ой-санасы мен дүниетанымын теріс жолға бағыттап, оларды қылмысқа азғыратыны мәлім. Жазғы демалыста жеткіншектердің ғаламторды пайдалануын зерттегендер айтады: «Биыл жасөспірімдердің 4 пайызы жыныстық қатынасты көрсететін әлемдік желілерді көрген, 14,5 пайызы беймәлім адамдармен кездесуге келіскен, 19 пайызы парносайттарға енген, 38 пайызы зорлық-зомбылық туралы ақпараттарды тамашалаған, 16 пайызы нәсілшілдік мазмұндағы сайттарға кірген» - деп [6]. Мінеки, қазіргі таңда көптеген жеткіншектердің өзіне-өзінің қол жұмсауының бір сыры осында жатқан тәрізді. Жеткіншіктер үшін ғаламтордың бір зиянды жағы: мұнда әр түрлі құмар ойындары, зиянды бағдарламалар көп. Алаяқтар мен хакерлер жастарды ғаламторға тәуелді етіп, бұлыңғыр қарым-қатынас, жыныстық байланыс жасауға шақырып, виртуальды әлемге қызықтырып, ақыл-ойы әлі қалыптаспаған ұл-қыздарымызды еліктіріп, есінен айырады. Әрине, қазіргідей техникалық-ғылыми прогресс дамыған заманда компьютердің, ғаламтордың дұрыс пайдалана білген адамға пайдасы зор. Ол талас туғызбайтын ақиқат. Тек оған біздің көптеген жастарымыздың таным-түсінігі жетпей жататыны болмаса...