Дәріс мәтіні:
Мазмұн мен пішін – бірінен-бірі ажыратып қарауға келмейтін ұғымдар. Яғни, мазмұн «шығармада не айтылды?», пішін «қалай айтылды?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Өмірді сан қырымен, әрі мейілінше нақты бейнелеуге ұмтылатын өнердегі мазмұн мен пішін қатынасы айрықша маңызды. Өнер туындыларының идеялық-тақырыптық мәні бәрінен бұрын кейіпкерлердің арақатынасы арқылы танылады. Бұл қатынастар оқиғалар, яғни сюжет арқылы көрінеді. Оқиғаның даму сипатына қарай кейіпкерлер дараланады. Мәселен, қазіргі кезеңнің өзінде «тақырып» деген термин екі түрлі мағынада қолданылады. 1) Шығармада бейнеленген өмірлік материал ұғымында; 2) Шығармада көтерліген негізгі қоғамдық проблема ұғымында. Көркем шығарманың тақырыбы авторлық суреттеудің өзегіне алынып, шығармада көрініс тапқан ақиқат болмыстағы заттар мен құбылыстардың, оқиғалардың жиынтығы болып табылады. Әрбір көркем туындыда, әдетте, бір ғана тақырып көтерілмей, бірнеше тақырыптың жүйесі (тематика) көрінеді.Егер тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея- жазушының сол өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы.
Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ - өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шыңарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкер мен қаһарманды «образ» дейміз. Көркем шығармадағы негізгі айшық – адам образы. Кейіпкер мінезінсіз шығарманың арман-мұратын танып, түсіну мүмкін емес. Әдебиеттің объектісі - өмір, ал предметі – адам. Әдебиетте адам бейнесін жасаудың амалы алуан түрлі. Көркем бейне жасауға қажетті өмірлік материалды жинақтап, әдеби тұлғаны даралауға дейінгі күрделі жолдан өткенде әдеби бейне туады. Жинақтау дегеніміз - әдеби тип жасау әрекеті. Диалог - әдеби шығармадағы екі кейіпкердің не бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі. Драмалық шығармалар түгелдей диалогқа, монологқа құрылады. Диалог арқылы кейіпкердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой толғанысынан, сөйлеу мәнерінен жан дүниесі елес береді. Көркем пейзаж жасау суреткер дүниетанымының кеңдігіне, рухани және материалдық мәдениетті жетік білуіне, бір-біріне жақындамайтын, тегі басқа, тірлігі оқшау құбылыстарды орайластырып, жымдастыруға, бір-бірнен алшақ ұғымдарды шебер қиюластыруға саяды. Пейзаж ұлттық тілдің нәзік, мөлдір, терең сырларын, сөздің музыкалық, поэзиялық, көркемдік қасиеттерін жарқырата ашуға ұйытқы болса, екінші жағынан, шығарманың ішкі мазмұнын, эстетикалық сапасын байытады.
«Жазушылықтың негізгі элементтерінің бірі – тіл, ол жазушының құралы. Ақын, жазушы тілді, ана тілін мейілінше жақсы білуге міндетті» (1, 70). Көркем әдебиет тілі туралы сөз болғанда, әдетте оны құрайтын екі компонентті ескермеске болмайды. Олардың бірі – авторлық баяндаудағы тіл де, екіншісі кейіпкер тілі. Сөздің «киелі» күші поэзияда көбірек кездеседі. Оның сөзі салмақты, әрі әсерлі болмаса, поэзия бола ма? Ақын – сезімтал, көреген сөз зергері. Ақынның «қиыннан қиыстырған» өлең жолдарында сол зергерлік өнері, құдіретті күші байқалып тұрады. Көркем әдебиет стиліне тән сөз қорлары поэзияға да ортақ. Солай бола тұрса да, поэзия тілінде жиі қолданылатын «сырты сұлу, іші алтын» сөздер болады. Көбіне нақтылықтан тұратын проза тілі сұлу сөзді көтермейді. Поэзия, әсіресе, сынға жарасатын сұлу эпитет прозаның мазмұнын сұйылтады. Шығарма әдеби – халықтық тілден тұрады.
Дәріс негізінде орындалатын тапсырмалар:
Берілген тақырыптарды талдау, дәптерге түсіру.
Шығарманың тақырыбы. Тақырып таңдау және өмір шындығын зерттеу. Тақырыптың түрлері.
Көркем шығарманың идеясы және автор дүниетанымы. Идеяның танылу жолдары және түрлері.
Тақырып пен идея бірлігі.
Троптар.
Фигураның идеялық көркемдік мәні
Кейіпкер тілі мен автор тілі.
Шығарманың жанрлық ерекшелігі және тілі.
Фигураның идеялық көркемдік мәні.
Үй тапсырасы:
Қазақ мифтерінің жинағын пайдаланып, миф мәтіндерімен танысыңыз.
М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» , «Оқыған азамат», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Қара бала» т.б. туындыларының сюжеті мен композициясына талдау жаса.
Достарыңызбен бөлісу: |