Нигметова Самал Адилбаевна 3-деңгейлі мұғалім портфолиосы В2 есебі
№3 қазақ тобы
Атырау қаласы
Тізбектелген сабақтар топтамасынан алынған сабақ бойынша бір рефлексивті есеп
Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқытуға негізделген тәсіл кең тараған. Сындарлы оқытуды дәстүрлі дайын білім беруге негізделген оқыту тәсілдерімен салыстырағанда, дәстүрлі оқытуда механикалық есте сақталған мәліметтерді оқушы өмірде тиімді пайдалана алмайтыны, ал сындарлы оқыту – оқушының алған білімдерін кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету болып табылатыны дәлелденген. Сындарлы оқыту оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының білім - біліктілігін дамытуға әсер ететін міндеттерге сай ұйымдастыруды талап етеді. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние - кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы, бірегей тәсілдермен меңгертетіндігін жете түсінуі. Бұл жағдайда оқушының мәселені түсіну деңгейін анықтап, оның түсінігін толықтыруға немесе қайта құруға көмектесу мұғалімнің міндеті болып табылады делінген (6,7-б).
Мектептегі тәжірибе кезінде осы идеяларды жүзеге асыруды ойладым. Бұрын бір сабақтың ғана жоспарымен жұмыс жасасақ, енді тізбектелген төрт сабақтың жоспарын жасау керек еді. Менің мақсатым сабағыма бағдарламаның жеті модулін енгізу еді. Себебі, модульдердегі негізгі идеялар сабақта пайдаланылатын стратегиялар мен тәсілдер сияқты өзара байланыста болады [12 б.]. Ол жоспарға бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыру да оңай іс емес екен. Осы орайда маған әріптестерімнің көмегі көп болды. Қазақ әдебиеті пәнінен 6 «А» сыныбына орта мерзімді жоспар жасақтадым. Бағдарламаның бірінші бетпе - бет кезеңінде алған білімім мен үйренген әдістерімді еске түсіре отырып, бірлескен оқуды жүзеге асыру үшін орта мерзімді, сонан соң қысқа мерзімді жоспарымды құрдым. Бір айта кетерім, «Бетпе - бет» кезеңінің бірінші айында кейбір жете түсінбегендерімді мектептегі тәжірибе кезінде оқушымен қарым - қатынас жасау барысында жаңа тәсілмен сабақ бере отырып түсіндім деуге болады. Сабақ - мұғалім мен оқушының өз қажеттіліктеріне орай білімді меңгерту мен меңгеру, машық пен дағдыны қалыптастыру, ізденіске баулу, шығармашылық пен талапты ұштап, дамытуды қажет ететін мақсат пен міндеттер тұрғысынан бірлесіп жұмыс істейтін ынтымақтастық алаңы. Сабақ тек жалаң білім беруге ғана құрылмай, оқушының шынайы қызығуы мен өз сұранысын қамтамасыз етерліктей шығармашылық ізденіс қабілетіне орай құрылуы қажет. Сондықтан сабағымды «Қалай өткіземін?», «Бұл тақырып несімен қызық?», «Оқушыға қажеттілігі неде?», «Оқушы қажетіне жарата ала ма?» деген сұрақтарға жауап іздеумен үндестірдім.
М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» тақырыбындағы сабағымды жоспарлағанда бағдарламаның жеті модулін кіріктіру үшін әріптестерімнің кеңесіне сүйендім. Оқып үйренудегі мақсатым: шығарманың мазмұнын меңгерту, шығарманың тақырыбы мен идеясын ашу. Міндетім: көркем шығарманы қызыға оқуға деген ынтасын арттыру;
Өз ойын еркін жеткізіп, дәлелдерін қорғай білуге баулу;
Ынтымақтастыққа, топтық жұмыс жасауға үйрету;
Күтілетін нәтиже:
Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесінің мазмұнын түсініп, балалардың қиын өмірін сезіне алады, тапсырмаларды түсініп қабылдайды, табысқа жетуге ұмтылады.
Сабаққа сілтеме ретінде білім стандарты, қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасы, орта мерзімді жоспар, 6-сыныптың қазақ әдебиеті оқулығын алдым.
Бірінші сабағымда оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер модулі бойынша «Қалай оқу керектігін үйрену» тәсіліне сүйендім. Бұл модулінің атауы «өзін-өзі реттеу» үдерісіне жататындығын [1] (44- бет) ескере отырып, сыныпқа топ ережесін жасатып, сол ережеге бағыну керектігін алдын ала түсіндірдім. Ал метасана арқылы оқушыларға оқуды өз бетінше жалғастыра алатынын түсінуге көмектестім. Сабағымда әдіс-тәсілдердің тиімді және табысты кіріктірілуіне ерекше мән беріп, «Блум таксономиясы» бойынша жасақтадым.
Алдымен ынтымақтастық атмосферасын құру мақсатында оқушыларды ортаға шаттық шеңберіне жинап, қол ұстастырып:
Доспыз, татумыз
Күндей күлеміз.
Бәріміз біргеміз,
Берік іргеміз – деген өлең жолдарын бірге айтқызып, сыныпта қолайлы жағдай жасауды көздедім. Содан соң, оқушыларды топқа бөлу үшін оларға шар, әуе шарлары, гүлдер, қолдан жасалған гүлдердің суреттерін тараттым. Соған байланысты сол суретке қарай отырып 4 топқа бөлінді. Топқа бөліну әдісін бұрын білмейтіндіктен оқушылар әрі – бері шауып, орындарына орналасуы біраз уақытты алды. Түрлі суреттер арқылы бөлсем де ұлдар бөлек, қыздар бөлек отырып алды. Оқушылар өте алаңдаулы, әрқайсысының көзінен таңырқау мен «Не болар екен?» сұрақты байқауға болатын еді. Әр топтың алдына арнайы критерийлер жазылған бағалау парақшаларын тараттым. Топ ішінен өздеріне топ басшысын сайлап, ол сабақ барысында топ мүшелерін 3 баллдық жүйемен бағалап отыруы керектігін түсіндірдім. Бағалауға төмендегідей талап қойдым:
0 ұпай – тапсырманы орындау барысында үдеріске қатыспаса;
1 ұпай – топ ішінде пікір айтып, тапсырманы орындауда өз ойын қосса;
2 ұпай– сынып алдында өз пікірін қорғап, бірақ аздаған кемшіліктер жіберсе;
3 ұпай – тұжырымды пікірлерін айтып, оны өз дәрежесінде дәлелдей алса.
Ақпараттық - коммуникациялық технологиялар оқушыларға ғылыми ұғымдарды түсіндіруді және олардың түсінуін жеңілдетуге мүмкіндік беріп, мұғалімдерге де сабақ беруде көмектесетін маңызды құрал болып отыр [61-бет]. Осы тұжырымға сүйене отырып, Блум таксономиясының «Білу» бөлімінде жаңа тақырыпқа түспес бұрын интерактивті тақтадан Ұлы Отан соғысы және жетім балалар туралы ролик көрсеттім. «Не ұқтыңдар?» «Екеуінің арасында қандай байланыс бар?», «Бүгінгі сабағымызға қандай қатысы бар?» деген сұрақтар қойдым. Балалар екі бейнероликтің арасында қандай байланыс бар екенін бірлесе талқылай отырып тапты. А. соғыс тақырыбында жазылған Б. Момышұлының «Жауынгер тұлғасы» әңгімесін еске түсірді. А. «Жетімдер» киносын көріп, үйіндегілер түгел көзіне жас алғанын айтты. Н. Соғыс кезінде ата – аналарынан айырылған жетім балалардың көп болатынын айтты. Осылай топта және жұптаса отырып, өзара бір - біріне өз ойын айту арқылы жетістіктерге жетіп, жаңа тақырыптың да соғыс мезгіліндегі жетім балалар тағдыры туралы болатындығын өздері айтты. Оқушылардың сыни ойларын жинақтап, диалог арқылы бір арнаға тоғыстырып жаңа сабаққа түсуді көздеген болатынмын. Бірақ сұраққа тек озат оқушылар жауап беріп отырды да, диалог өз дәрежесінде өрбімеді. Неге? Себебі, мен көбіне жабық сұрақтарды пайдаланғанымды кейін білдім. Диалогты қалай өрбітемін? ? Ол үшін ашық сұрақтарды дұрыс қоя білуді үйренуім керек екен. Мұны келесі сабағымда ескеру керектігін ұқтым. Шығарма авторы Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы туралы мағлұмат беріп өттім.
Келесі Блум таксономиясы бойынша «Түсіну» бөлімінде көзбен шолу адамның ұзақ мерзімді жадының маңызды аспектісі болып табылатынын [79-б] ескеріп, «Дайындал. Назар сал. Оқы.» әдісімен төрт топқа шығарманы оқу үшін бөліп бердім. Әр топтан үш оқушыға өз түсінігін 5 сөйлеммен жеткізуге тапсырма бердім. Бұл жерде оқушылар өздеріне бөлініп берілген оқулық беттері бойынша жұптасып жұмыс жасады. С. қасындағы Ә-ге, С. М-ға, Ш. Г-ге түсіндіріп отыр екен. Мені бұл оқушылардың өз бетімен оқымай отырғаны ойландырса, бір жағынан біріне - бірі көмек көмектескендері қуантты. Айтқандай, осы оқымай отырған оқушылар шығарма мазмұнын баяндауда кейбір эпизодтарды қате айтып кетті. Неге бұлай болды? Себебі, олар сол жерде берілген тапсырмаға атүсті қарап, топтағы оқыған оқушылардың көмектесуі бойынша ғана жауап берді. Дегенмен, оқушылардың ойлауын дамытуда олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады дегендей [6 бет] оқушыларым бірлесіп жақсы жұмыс жасауға ұмтылды. Өзім бақылап жүрдім және топ басшысының балаларды қалай бағалағандарын бақыладым. Блум таксономиясының «Қолдану» бөлімінде «Кубизм» әдісі бойынша кубик лақтыру арқылы тапсырмалар таңдаттып, топтық жұмыс жасады.
1.Зертте. Ауыл адамдарының тұрмыс –тіршілігі, өмірге көзқарасы
2.Суретте. Ауылға келген алты бала
3.Салыстыр. Ауыл адамдары мен алты жетім бала
4.Қолдан. Шығарманың мазмұнына жоспар құр - деген тапсырмалар бойынша өз топтарына берілген тапсырма бойынша топта талқылап, ойларын постерге түсірді, білімдерін жинақтап постер қорғады. Г. ауыл адамдарының немен айналысқанын, нені жек көріп, нені ұнатқанын дөп басып айтып берсе, С. ауылға әкелінген алты баланы суреттеп берді. Бұл оқушылардың алғашқы сабақта - ақ бедсенділік танытуы мені қуантып тастады. Себебі, Г. аздап тұтығатындықтан көп ашыла бермейтін, ал С. орташа оқитын оқушы болатын. Оқушылар постер қорғауда жаңа сөздерді қамтып, суретке барлығын бейнелеп, сыни ойлап, өз ойларын еркін әрі ашық айтты. Берілген тапсырманы орындап, қорғау барысында, оқушылар метатану үдерісі арқылы түсіну, бақылау және оқу тәжірибесіне қадағалау жүргізу сияқты қабілеттерін дамытты. Алғашқы кездері сыни тұрғыдан ойлау тәсілдерін жоғары сынып оқушыларына байланысты қолданған. Бірақ уақыт өте келе кішкентай жастағы балаларды осыған дағдыландыруға болатындығы дәлелденген. [49-б]. “Талдау” бөлімінде повестің мазмұнын басшылыққа ала отырып «Екі жақты түсіндірме күнделігі» стратегиясы арқылы берілген үзінділерге өз пікірлерін жазды. Ойларын бір арнаға тоғыстырып, ойларын жинақтап жаңа сабаққа деген қызығушылықтары артты.
1-топқа тапсырма.
Сіздерден жасыратын несі бар, тегі жаман неміс. Бұл баланың орны детдом емес еді, әке-шешеден бірдей айырылып, панасыз қалған соң алынған екен.
Шал тізгінді тартып солға қарай бұрды да, қатты тебініп қап, бұрын өзінде жоқ, тіпті қазақта болмаған әдетпен ауылды қақ жарып шаба жөнелді.
2-топқа тапсырма.
Балаларды тартқан Зекен бе, Зекеннің апасы алдарына қоятын тостаған толы май, бидай ма, әлде тұлпар даңқы бар жирен қасқа ат па, тек осы арасын ажырату қиындау еді.
Аттан жығылмаған қазақ жоқ, аттан жығылып өлген қазақ тағы жоқ. Әйткенмен айылын берік тартып, таралғыға аяқ салмауын қатты тапсыратын.
3 - топқа тапсырма.
...Апарып қайта өткіз. Көзін құрт. Әйтпесе сен де жаусың. Халық
жауысың!..
Әлдекім Ахмет шалды сыртынан көрсетіпті. Ұлттар достығына
қайшы келетін сөздер айтып, еңбекшілердің арасына іріткі салып
жүр депті, - деген үзінділерге өз пікір - пайымдарын білдіріп, алдымен екеуден жұптасып, кейіннен тапсырмалар реті бойынша топтасып жұмыс жасауда сыни тұрғыдан ойлана отырып жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жерде жұптық, топтық жұмыстарды қолданудың нәтижесінде жаңа тақырыпты оқушылардың жақсы түсінгенін байқадым. Сабақ барысындағы әлеуметтік өзара іс-әрекеттер оқуда маңызды рөл атқаратынын, оқушы мен оқушы арасындағы қарым-қатынас түсінікті дамыту мен
мағынаны ашудың елеулі бөлігін құрайтынына көзім жеткендей болды.[29- бет]
«Жинақтау» бөлімінде әр топқа шығарманың композициялық құрылысына талдау жасауға тапсырма бердім. Арнайы кестеге топ болып талқылай отырып, оқиғаның басталуы, байланысы, шиеленісі, шарықтау шегі , шешуін талдап жазды. А-дың тобы берілген тапсырманы тиянақты, өз дәрежесінде орындапты. Ә-дің тобы да аздап қателескені болмаса, барынша бір шешімге келуге тырысқаны байқалды. Бірақ, олардың бір-бірінен үйренуге, басқалардың идеясын құрметтеуге дағдылана қоймағаны байқалды. [42 бет].
Сабақтың соңғы «Бағалау» бөлімінде асықпай ойланып жауап беруіне мүмкіндік жасадым. Бұл тәсілдің тиімділігі оқушыларға:
-Шығарманы сен қалай атаған болар едің?
-Авторға шығарманың қай жерін өзгертуді ұсынар едің?
-Шығарма мазмұнына сәйкес мақал - мәтел айт, - деген сұрақтар мен тапсырмалар беріліп, авторға өз ойларын білдіріп хат жазды. Оқушыларға сұрақ қойғанда сұраққа оқушылар ойларын еркін, сыни ойлану арқылы дәптерге түсірді. Тіпті үлгерімі төмен оқушы С. те барынша ойланып, жазып бергеніне риза болдым. Ол автордан Дәуренбекті мейірімдірек етіп суреттеуін сұрапты. А. Нартай мен Ертайға жанашырлық білдіріп, «әкелеріне аман табыстыру ойыңызға неге келмеді?» деген кері сұрақ қойған екен. Бірақ уақыттың жетпейтіндігінен кейбір жай оқушылар ойларын қағазға түсіріп үлгере алмады. Бұл мен үшін кедергі болды. Осы жерде маған «осы тапсырманы ауызша зертеушілік әңгіме түрінде неге өткізбедім?» деген ой келді. Зерттеушілік әңгіме барысында оқушылар өз сыныптастарымен шағын топтарда жұмыс істейді. Оларда ортақ проблема болады, бұл мәселе бойынша бірлескен түсінік қалыптастырады; идеялармен пікір алмасып, бір- бірінің идеяларын талқылайды, баға береді; ұжымдық білім мен түсінікті қалыптастырады. Басқаша айтқанда, оқушылар бірге ойланады. Керісінше дәптерге жазуда әр оқушы өзімен-өзі болып, тек сыныптағы жақсы оқитын оқушылар ғана сөйлеп үлгерді. Ал «Жетім көрсең, жебей жүр», «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», «Сыртқы түр - перде, ішін айт» деген мақал - мәтелдер шығарма мазмұны бойынша тауып айтылған сыни қорытынды пікір болды. Шығармадығы халықтар достығына, бірлікке, татулыққа байланысты да мақалдар айтқан оқушылар болды. Үйге «Біз соғысқа қарсымыз» тақырыбында эссе жазуға бердім. Жаңа бағдарламаға сәйкес оқушылардың білімін топ басшысына және сыныптасына бағалатып отырдым. Топ басшылары асығыс ұпайларын есептей бастады. Бағалауды кейбіреуі дұрыс пайдаланбағанын байқадым. Мысалы: Э. деген оқушым жақсы оқиды, жақсы жауап берді, бірақ топ мүшелерін бағалауда дұрыс пайдаланбаған. Өзін 4 –ке бағалаған. Сабақ қорытындысында топ басшылары тобының мүшелерінің бағалау парағына салған ұпай санын айтып, сол ұпайларды басшылыққа алып, жиынтық баға шығарып, сабақты қорытындыладым. Оқушылар бір-бірін бағалаған кезде тек жақсы деген бағаларды қойды. Бұл бағалау бұрын болмағандықтан, оқушылардың бірін-бірі бағалауды әлі толық түсінбегенін білдім. 23 оқушының 14-ін бағаладым. Бірақ журналға оқушылардың қойған бағаларының бәрін сол күйінде қойған жоқпын. Қалған оқушыларға не үшін бағаланбағандарын түсіндіріп, әлде де дайындалу керек екенін айттым. Сабақтың соңында оқушылармен не біліп, нені білгісі келетінін анықтау үшін және сабақтан алған әсерін білу үшін кері байланыс жүргіздім. Бұл келесі сабақты жоспарлауға, осы сабақта кездескен кедергілерді жеңуге көмектеседі. Сабақ барысында кемшіліктер мен кедергілер де болды. Алғашқы кезде оқушылар абыр-сабыр болып, өз ойларын еркін түрде жеткізе алмады. Бұған сыныптағы оқушы санының көптігі және сабаққа көп мұғалімдердің қатысуы себеп болған секілді. Оқушылар сабақта әрнеге алаңдап, ойларын бір арнаға жинақтай алмады. Себебі, сабақта қолданылған стратегиялар, топтық жұмыс балаларға таныс емес еді және тапсырмалар шамадан тыс көп қарастырылды. Менің ойымша, тапсырмалардың өте көп кірістірілуі менің де кемшілігім деп ойлаймын. Себебі, мен оқыту модульдерінің барлығын дерлік бір сабаққа кірістірмекші болған сияқтымын. Оқушылар топпен жұмысты жете түсінбегендіктен топтың емес, өз пікірлері көбірек айтылып отырды және бұл сабақта көбінесе, бұрын сабаққа белсене қатысатын А., Д., А., Ш., Б., Ә. сияқты оқушылар ғана сөйледі.
Келесі сабақты жоспарлауда жақын арада даму аймағына [28-бет] айналуым керек екендігін және менің сұрақ қою үлгім «бастама –жауап-кейінгі әрекет» (БЖА) нысаны бойынша қойылған сұрақтар үлгісінде болғандықтан сыныпта диалогтік сұхбат құруға еш мүмкіндік болмағандығын білдім.[ 41бет]. Өзім осы сабақтарды жоспарлау барысында біраз нәрселерден мағлұмат алдым деп айта аламын. Себебі, сабаққа бұрынғыша атүсті дайындалмай, белгілі бір нәтижеге жету үшін көп жұмыстануым керек екенін ұғындым. Сол себепті, әр сабағымды жаңаша өткізуде мынадай мақсат қойдым:
«Диалог негізінде оқыту және оқу» әдісін міндетті түрде қолдану;
Сыни тұрғыдан ойлауға қатысты тапсырмаларды жиі және жүйелі беру;
Формативтік бағалауды түсіндіру және енгізу;
Ақпараттық – коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану;
Дарынды, талантты балалармен жұмысты жүйелі жүргізу;
Оқушылардың жас ерекшеліктерін тапсырма беруде ескеру;
Көшбасшы бола білу;
Жалпы, осы жеті модуль идеяларын тұрақты пайдалану арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын түсіндім. Алдағы уақытта сабақтарымда оқушыларды бақылай білуге, бақылағанын талдауға, одан қорытынды шығара білуге баулу. Өзім де дамыту жұмысының көшбасшысына айналу және қабілеті бар оқушыларымды дарынды, талантты оқушыға айналдырсам деген ойым бар. Оқытуды, әдістерді және осы мүмкіндіктерді іске асыру түрлерін жақсарту мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған формативті немесе оқыту үшін бағалауға оқушыларымды үйретсем, олардың сабаққа қызығушылығы артады .
Cілтеме:
1. «Мұғалімге арналған нұсқаулық» НЗМ үшінші басылым 2012жыл
Достарыңызбен бөлісу: |